АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ САБАҚҚА ҚАТЫСУЫН БАҚЫЛАУДА ҰСТАП ОТЫР

Алматы облысының ұстаздар қауымы балалардың 90%-ын қосымша біліммен қамтамасыз етіп, еліміз бойынша орташа көрсеткіштен те жоғары нәтижеге қол жеткізді

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» тақырыбы бойынша мемлекеттік грантын іске асыру аясында білім беру ұйымдарына бармайтын балаларға, оның ішінде босқындар мен мигранттарға мониторинг жасау мақсатында Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің директоры, қауымдастырылған профессор (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD) Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП арнайы іссапармен Алматы облысының білім беру ұйымдарында болды.

2013 жылдың желтоқсан айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Балалар Қоры «Қазақстандағы балалардың және әйелдердің жағдайын талдау» атты арнайы есеп жариялады.

Бұл талдауда балалардың әл-ауқатына қатысты аймақтардағы соңғы бес жыл ішіндегі ең маңызды зерттеу және талдаудың нәтижелерін пайдаланып, Қазақстандағы балалардың жағдайына шолу берілген.

Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымы және оның даму саласындағы серіктестері 2008 және 2013 жылдар арасында Қазақстандағы балалардың құқықтары саласында өткізген ұлттық және жергілікті шенеуніктермен және тұлғалармен бірқатар сұхбаттардың, әрі негізгі есептерді, зерттеулерді, сауалнамаларды және бағалауларды қарап шығудың нәтижесі.

Аталған осы есептің «Балалар еңбегі» атты бөлімінде мынадай деректер келтірілген:

«Халықаралық Еңбек Ұйымының тапсырысымен жүргізілген зерттеуге сәйкес Қазақстандағы кейбір балалар ауыл шаруашылығындағы балаларға зиянды жұмысқа араласады. Олар көбінесе күніне 10-13 сағат жұмыс істейді.

Балалар еңбегін темекі егу саласында пайдалану деңгейі Алматы облысында жылдам төмендеді».

Сілтеме: https://www.unicef.org/kazakhstan/kk

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 20 шілдедегі «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні Қазақстан Республикасының орындауы туралы екінші кезеңдік баяндаманы бекіту туралы» № 435 қаулысы қабылданған.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне белгіленген тәртіппен Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні Қазақстан Республикасының орындауы туралы екінші кезеңдік баяндаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жіберу жүктелген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 20 шілдедегі № 435 қаулысымен бекітілген «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні Қазақстан Республикасының орындауы туралы екінші кезеңдік баяндамада» Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі комитеттің 2010 жылғы 3-21 мамыр кезеңінде өткен 44-сессиясында берілген қорытынды ескертпелерде берілген ұсынымдарды іске асыру нәтижелері баяндалады.

Баяндамада 27-ші ескертпе ұсынымды іске асыру былайша сипатталған:

- Еңбек инспекторлары тексерулер барысында 2016 жылы жұмысқа кәмелетке толмаған балаларды тарту арқылы еңбек заңнамасын бұзудың 17 фактісін анықтаған (Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қ.);

- Балалар еңбегінің ең жаман түрлерін жою бойынша жұмыстағы елеулі нәтиже Қазақстанда темекі өсіруді балалар еңбегі пайдаланыла отырып, өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдары тізімінен алып тастау болып табылады (ақпарат көзі: АҚШ-тың Еңбек жөніндегі мемлекеттік департаментінің есебі);

- Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге әсер етуші экономикалық тетіктерді қолдана отырып, балалар еңбегінің ең жаман түрлерін барынша азайту тәжірибесі бар. Мәселен, «Филип Моррис Қазақстан» компаниясы фермерлермен (шаруа қожалықтарымен) жасаған келісімшарттарында Алматы облысының темекі плантацияларында балалар және мәжбүрлі еңбекке жол бермеу шарттарын көздеген.

Сілтеме: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1700000435

Бізге Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» тақырыбы бойынша мемлекеттік грантын іске асыру аясында білім беру ұйымдарына бармайтын балаларға, оның ішінде босқындар мен мигранттарға мониторинг жасау кезінде «Алматы облысының Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі мынадай ресми мәліметтерді ұсынды:

Алматы облысы бойынша 760 жалпы білім беретін күндізгі мектеп, 9 жеке мектеп, 8 кешкі мектеп жұмыс жасайды. Күндізгі мектептерде – 410 329 оқушы, жеке мектептерде – 2450 оқушы, кешкі мектептерде – 739 оқушы білім алады.

Алматы облысының Білім басқармасы тарапынан оқушылардың күнделікті сабаққа қатысуын бақылау мақсатында ай сайын №2 нысанында тізімдік есеп қабылданып, аудандық, қалалық білім бөлімдері мен ішкі істер басқармасымен бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Атқарылған жұмыстар бойынша есеп 3 ай сайын Білім және ғылым министрлігіне тапсырылады.

Бүгінгі күні 3 оқушы басқа мемлекетке кету себебімен сабаққа қатыспай жүр.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» («Серпін») жобасы аясында елдің түрлі аумақтарындағы жұмыс күшінің тең бөлінісін қамтамасыз етуді, еңбек күші мол өңірлерден кадр тапшылығы сезілетін, түрлі өндіріс орындары мол аймақтарга жас мамандарды тарту көзделген.

Осыған орай, Алматы облысының Білім басқармасы «Серпін» жобасы аясында оқу бітірген жастарымыз сол өңірде мамандықтары бойынша жұмыспен қамтылуы қажет деген ұсыныс жасап отыр.

2018 жылы Алматы облысының жастары арасынан солтүстік өңірлердің жоғары оқу орындарына – 359, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына – 63 талапкер оқуға қабылданып, білімдерін жалғастыруда.

Алматы облысында жыл сайын маусым айының 1-12 аралығында бала еңбегін пайдалану проблемасына қоғамның назарын аудару мақсатында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн күрес» Ұлттық ақпараттық науқаны өтеді.

Ағымдағы жылы Ұлттық ақпараттық науқаны «Еңбек етуден бос балалық шақ» ұранымен өткізілді. Шара барысында «Бала еңбегін қанаудың бала психикасына әсері», «Бала еңбегінің ең нашар түрлері», «Мы за прекращение тяжелых видов детского труда» тақырыптарында эссе, сурет байқаулары, тәрбие сағаттары еткізіліп, баяндамалар оқылды.

Науқан аясында Алматы облысының барлық өңірлерінде бала еңбегінің ең нашар түрлеріне балаларды тартуды болдырмау мақсатында ата-аналар жұртшылығы, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» кең ауқымды рейді, сонымен қатар, т.б. шаралар ұйымдастырылды.

Жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында қосымша білім беру жүйесінде 40 қосымша білім беру ұйымы (оның ішінде 8 жеке меншік және 32 мемлекеттік) және 30 сауықтыру лагерлері жұмыс істейді. 

Жалпы білім беретін мектептерде сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін 5143 спорт секциясы жұмыс істейді, онда 146779 оқушы, 11124 қызығушылықтары бойынша үйірмеде 280538 оқушы шұғылданады. Балалар аула клубтарының саны – 158, онда қамтылған бала саны – 3953, 41 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 35620 бала спортпен шұғылданады.

Балаларды қосымша біліммен қамту оқушылардың жалпы санының 89,6%-н құрайды (2016 ж. – 69%) (балалар саны үйірмелер, қосымша білім беру ұйымдары және спорт мектептерін қоса алғанда), республикалық көрсеткіш – 82,8%.

2019 жылғы жоспарға сәйкес облыста 1213 сауыктыру лагері мен алаңы жұмыс істеді (478 – тамақтандырылатын, 547 – тамақтандырылмайтын, 27 – қала сыртындағы, 178 – палаталық, спорттық, киіз үй, 1 – жыл бойғы лагерь). Демалыс және сауықтырумен 1-10 сынып арасындағы 369 703 оқушының 354 567-сі қамтылды, бұл жалпы бала санынан алғанда 95,9% құрады.

2-ші бағыт – балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану бойынша 361243 оқушы қамтылды, бұл 97,7% құрады.

Әлеуметтік аз қорғалған санаттағы балалар жазғы демалыспен бірінші кезекте қамтылады, осы санаттағы балалардың 99,3% қамтылды (39660 баланың 39378-і). Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 99,1% (2250 баланың 2230-ы), аз қамтылған отбасы балаларының 100% (35043 бала), мүгедек және мүмкіндігі шектеулі балалардың 88,9% (мектепте отырған 2367 баланың 2105-і).

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 413 млн. 228 мың теңге жұмсалды. Оның ішінде бюджет есебінен – 256 млн. 588 мың теңге, демеушілер есебінен – 141 млн. 465 мың теңге, кәсіподақ есебінен – 15 млн. 175 мың теңге.

Жаппай мектеп туризмін дамыту бойынша 5-8 маусым аралығында Алматы облысының Панфилов ауданында «Менің Отаным – Қазақстан» атты жас туристердің облыстық слеті өтті, оған 300 оқушы қатысты, осы мақсатқа облыстық бюджеттен 2,3 млн. теңге бөлінді.

Алматы облысында алғаш рет 23-26 шілде аралығында оқушыларды жүзуге үйрету, суда өзін-өзі қалай ұстау керектігі, судағы қауіпсіздік шараларын түсіндіру және су туризмін дамыту мақсатында Алакөл ауданының Ақши ауылында облыстық байқау ұйымдастырылды, оған 300-ден астам бала қамтылды, бұл мақсатқа бюджеттен 2,5 млн. теңге бөлінді.

2019 жылы жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан аз қамтылған және әлеуметтік қорғалмаған отбасы балаларына материалдық көмек көрсету үшін 1,7 млн. қаржы бөлінді, оның ішінде ыстық тамақпен қамтамасыз етуге – 1,3 млн. теңге, киім-кешек және оқу құралдарына – 149,9 млн. теңге, жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуға – 197,3 млн. теңге, қаржылай көмек көрсетуге – 37,3 млн. теңге, спорттық және мәдени шараларға қатысуға – 4,2 млн. теңге қаражат бөлінді.

Жыл сайын өткізілетін «Қамқорлық» республикалық акциясы аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына материалдық көмек көрсетіледі. 2019 жылы аталған акция барысында 22990 балаға – 257 млн. 485 мың теңге көлемінде (оның ішінде 5489 балаға – бюджет есебінен 94 млн. 311 мың теңге, 17501 балаға – демеушілер тарапынан 163 млн. 174 мың теңге) көмек көрсетілді.

Алматы облысында 76 колледж жұмыс істейді, оның 43-і мемлекеттік, ал 33-і жеке меншік. Колледждерде оқып жатқан студенттер саны – 33 078, оның ішінде мемлекеттік колледждерде – 23113, жеке меншікте – 9965. Жоғары руханиятты, білімді де білікті маман тәрбиелеу мақсатында жан-жақты жұмыстар жоспар бойынша жүргізіледі.

«Алматы облысының Білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, студенттер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстық әрекеттерге бару жағдайы да кездеседі. Олардың мұндай әрекеттерге баруына көп жағдайда отбасындағы қолайсыздық, сабақтан себепсіз қалу және тағы басқа әлеуметтік факторлар әсер етеді.

Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын-алу, оны болдырмау мақсатында қоғам – отбасы – мектеп – колледж арасындағы тығыз қарым-қатынасты қалыптастыру, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру және үкіметтік емес ұйымдармен байланысты жандандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі.

Оқу жылының сонында студенттер мемлекеттік емтихан тапсырып, колледжішілік бұйрықпен келесі курсқа көшіріледі. Ал бүгінгі күні колледждерде сабаққа мүлдем келмейтін студенттер жоқ.

Қорыта айтқанда, Алматы облысының Білім басқармасы оқушылардың күнделікті сабаққа қатысуын бақылауда ұстап отыр.

Сонымен бірге Алматы облысының ұстаздар қауымы балалардың 90%-ын қосымша біліммен қамтамасыз етіп, еліміз бойынша орташа көрсеткіштен те жоғары нәтижеге қол жеткізді.

 

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің қоғаммен байланыс қызметі.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

07.11.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары (мектептер мен колледждер) оқушылары арасында «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» атты тақырыпқа эссе жазу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.
04.11.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің мектепке дейінгі ұйымдары (балалар бақшалары), орта білім беру ұйымдары (мектептер), техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары (колледждер) және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (университеттер) педагог қызметкерлері арасында мектеп оқушыларына арналған «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» оқу пәні бойынша білім беру бағдарламасын (одан әрі – Білім беру бағдарламасы) әзірлеу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.
28.10.2019
Мырзашөл өңірінде балалар және білім беру саласындағы заң жобалары мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік