ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ ЕСІМІ ТАРИХ БЕТТЕРІНЕ АЛТЫН ӘРІПТЕРМЕН ЖАЗЫЛАТЫНЫ СӨЗСІЗ

Кеше, 2019 жылғы 19 наурыз күні, кешкі сағат 19-да Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз (Ұлт көшбасшысы) Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев республикалық телеарналар арқылы еліміздің халқына арналған мәлімдеме жасап, өзінің Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдағанын жеткізді.

Еліміздің қол жеткізген жетістіктері мен табыстарын біз Елбасымыздың есімімен байланыстырамыз.

Осындай сәтте Елбасымыздың Мақтаарал ауданына, жалпы Мырзашөл өңіріне деген көңілі ерекше екенін дәлелдейтін аз-кем мәліметтер келтіргім келеді.

1992 жылдың 30 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев түбі бір туысқан түркі елінің тарихи тұлғаларының бірі, Түркия Республикасының сол кездегі Премьер-министрі Сүлеймен Демирелді қасына ертіп, Түркістан қаласы мен Байқоңырға арнайы ат басын тіреген болатын.

1992 жылдың 30 сәуіріндегі осынау арнайы іссапар кезінде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың және Түркия үкіметінің басшысы Сүлеймен Демирелдің жанында бір топ отандық және шетелдік журналистермен бірге – Қазақстан Республикасы Президенті аппараты Баспасөз қызметінің жауапты қызметкері Шәкизада Құттаяқов, «Түркістан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Дидахмет Әшімханұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі Коммунар Табей, ҚазТАГ-тың тілшісі, кейіннен «Казахстанская правда» газеті бас редакторының орынбасары болған Мұрат Бөлдекбаев, ҚазТАГ-тың фототілшісі А. Павский және біз – республикалық жастар мерзімді басылымының меншікті тілшісі Мырзантай Жақып бірге болған едік.

Президенттік ұшақпен алдымен Алматыдан – Шымкентке, сосын тікұшақпен Шымкенттен – Түркістан қаласына, сосын қайтадан ұшақпен Шымкенттен Байқоңыр ғарыш айлағына бардық.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Сүлеймен Демирелдің бірге талқылап, ортақ шешімдер қабылдаған тарихи сәттерге куә болдық.

1993 жылдың 17 мамыры мен 2000 жылдың 16 мамыры аралығында Түркияның президенті болған Сүлеймен Демирел сонау 1967 жылы қараша айында Мырзашөл өңірінде болып, «Мырзашөлқұрылыс» тресінің естеліктер кітабына:

«Мырзашөлдің Қызылқұммен ұштасып жатқан осындағы он миллион гектар жері Сырдария суымен қоректендіріліп, бай, жайнаған өлкеге айналдырылып жатқаны мені ерекше бір сезімге бөледі.

Даланың бұл дарқандығына табиғаттың тылсым күштерінің мүмкіндігін дұрыс пайдалану арқылы қол жеткізіліп жатқаны анық.

Осындағы құрылыстардың жоспарын, жобасын жасаған және оны жүзеге асырған инженер-техниктердің, жұмысшылардың, басшылардың еңбегі жоғары бағалауға лайық, сондықтан оларды құттықтаймын.

Арал теңізіне ағып жатқан Сырдария суы бүгінде ғылым мен техникаға, адамның мойымас қажыр-қайратына мойынсұнды. Дала гүлденген аймаққа айналып барады», - деген жүрекжарды сөздерін жазып кеткен екен.

Ия, біздің «Түркістанда – туыстарымды, Байқоңырда – бауырларымды таптым...» атты мақаламыз сол кездегі жастар газеті «Жас Алаштың» 1992 жылдың 5 мамырындағы №87 нөмерінде жарияланды.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 1991 жылғы 6 маусымдағы №329 Жарлығымен Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті құрылды.

1992 жылы 1 мамырда болған Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Түркия Республикасының Премьер-министрі С. Демирелдің кездесуінде Түркістан университетіне «халықаралық университет» мәртебесі берілді.

«Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті туысқан екі халық арасындағы байланысты нығайтып қана қоймайды, ол белді ғылым шаңырақтарының қатарына қосылады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев осы сапары кезінде.

Ал С. Демирел: «... Ұлы ойшыл бабамыз Қожа Ахмет Ясауиге топырағы бұйырған қасиетті ата қонысымыз – Түркістанда шаңырақ көтерген бұл университет әлемдегі ең озық ғылым мен білім ордаларының біріне айналатынына кәміл сенемін», - деген болатын.

1994 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Журналистика» бөлімі ашылды.

Оқу жоспарына сәйкес 2-3 курс студенттеріне «Түркі елдері журналистикасының тарихы» пәні енгізілді.

Осы пәннің мазмұнын жүйелеп, оқу-әдістемелік бағдарламаларын жасау және пәнді оқыту жауапкершілігі бізге жүктелген болатын.

Біз осы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Халықаралық журналистика кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет істей жүріп, 1997 жылғы 29 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «10.01.10 – Журналистика» мамандығы бойынша К.14.А.01.19 Диссертациялық кеңесінде «Туркестанские ведомости» газетінде патшалық Ресейдің Мырзашөлді отарлау саясатының жазылуы (1870-1917 жылдар)» атты тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты (PhD) ғылыми дәрежесін алғанымызды мақтаныш тұтамыз.

Кезінде Түркістандағы осы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Жетісай қаласында арнайы бөлімі ашылып, Мырзашөл өңіріндегі білімге ұмтылған жастарды үлкен қуанышқа бөлеген болатын.

Өкінішке қарай, кейін Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Жетісай бөлімі жабылып қалды.

Мүмкін, осынау халықаралық мәртебесі бар жоғары оқу орнының Мырзашөл төріндегі бөлімін қайтадан ашу мәселесін тағы да ой елегінен өткізіп көргеніміз жөн шығар?

Түркістан топырағында жүріп өзіміз жүрегімізбен сезінген, еліміздің жаңа кезең тарихындағы ендігі елеулі оқиға – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың арнайы Жарлығымен 1998 жылдың – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жариялануы еді.

Мемлекетіміздің басшысы 1998 жылдың 17 наурызда өткен еліміздің өнер, мәдениет және ғылым саласындағы шығармашылық зиялы қауымының танымал өкілдерімен кездесуінде сөйлеген «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» атты сөзінде:

«...Қазақ тарихында қазақ ұялататын ештеңе жоқ. Біз бірде-бір соғыс өртін бастаған емеспіз. Біз бірде-бір елдің жерін жаулап, даламызға қосып алған емеспіз. Қайта осы мәселеде қапы қалып кеткен тұстарымыз бар. Мұны айтқанда біз көршімізден жер даулағалы тұрған жоқпыз. Қалыптасқан шекараларды қайта қарауға қарсымыз.

...Қазақ тарихы тек осы Қазақстан жерімен шектелмейді. Ресейдің шекаралас облыстарына, Өзбекстанның Бұқара, Жызақ, Ташкент облыстарына, Қарақалпақстанға тарихи, этнологиялық экспедициялар шығару керек.

Моңғолиядағы, Қытайдағы, Түркіменстандағы, Ирандағы қазақ диаспорасының фольклорлық мұрасын жазып алу да ойда болсын», - деген болатын.

1998 жылдың 27 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Түркістан қаласында болып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы-профессорлар қауымымен өткізген кездесуіне біз де қатысып, Елбасымыздың:

«...Қазір ғана Ташкенттен келе жатырмыз. Осы жерде Орталық Азия Одақтастығының тағы да бір тарихи бас қосуы болды. Біз болашаққа арналған үндеу қабылдадық.

Бұл үндеуде ата-бабаларымыз қалдырып кеткен қасиетті үлгі-өнегені алға тартып, Орталық Азиядағы егемен елдердің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту, ХХІ ғасырда нағыз интеграциялық бірлік, ынтымаққа апаратын экономикалық байланыстарды күшейту туралы ойларымызды білдірдік.

Өзбекстанмен шекарамыз арқылы әрі-бері өту жайы ылғи да оңай шешілуі үшін екі елдің арасында қалыптасқан қарым-қатынасты өркендете түсуге ерекше назар аудардық.

Мысалы, бүгін таңертең ғана біз Оңтүстік Қазақстан облысы үшін күрделі мәселелерді шештік. Сонау Шардарадан, Мақтаарал ауданынан бері қарай өтетін жолдың бәрін Қазақстанның басқаруына алып, елге жақсылық жасап отырмыз. Бұдан былай бұл жерде – ешқандай бөгет, жолда – тосқауыл болмайды.

Сондай-ақ Ташкенттен Самарқанға өтетін, Қазақстанның жеріндегі жиырма шақырым жолды оларға бердік. Осылайша, көліктердің тоқтаусыз өтуі қамтамасыз етілді.

Аймақтағы барлық мемлекеттер су мәселесі жөнінде консорциум жасадық. Көксарай су қоймасын салып, бұдан былай сумен жабдықтау ісіндегі тәуелсіздігімізді орнату жайын да ойластырып отымыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды көп ұзамай бастаймыз.

Осындай шаралардың барлығы да Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасын өркендетуге зор пайдасы болады деп ойлаймыз», - деген сөздерін өзіміздің қойын дәптерімізге жазып алған едік.

Елбасымыздың Түркістан төрінде айтқан осынау жарқын сөздері бізге де шығармашылық шабыт беріп, 1998 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде студенттерге сабақ бере жүріп, Түркістаннан – құнды құжаттар жатқан Ташкентке, одан Жетісайға тынымсыз барып-келіп жүріп, журналистика тарихы бойынша жинақталған сирек деректер негізінде «Мырзашөлім – мырза елім» атты арнайы монография жазып, жарыққа шығардық.

1998 жылдың 1 қарашасы күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміздің қиыр оңтүстігіндегі Жетісай қаласына жасаған ресми іссапары кезінде біздің осы монографиямызбен тікелей өзі танысып, кітаптың ғылыми мазмұнын оң бағалағаны – біз үшін үлкен мақтаныш.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің «Мырзашөлім – мырза елім» атты ғылыми еңбегімізбен танысып тұрып, Оңтүстік өңіріндегі Мақтаарал ауданының 70 жылдық мерейтойында Мырзашөл аймағының халқы мен жері туралы айтқан:

«...Қазақстанның, қазақтың жүрегі болып саналатын Оңтүстік өңірінде, оның ішінде Мырзашөл халқымен бүгін қуанышты жағдайда кездесіп тұрмын. Бүгін Мақтаарал ауданында бас қосып тұрмыз. Бұл – еңбекпен барлығын табатын елдің жері, өте қиын жұмыстың жері. Суармалы жерді қолдану арқылы мақта мен күріш өсіру – ауыл шаруашылығында ауыр еңбек екенін жұрттың бәрі біледі...

Мақтаарал, Мырзашөл өңірі – өз Отанының не екенін білетін қазақтың ішіндегі бірден-бір өлке. Жұртқа паш етер де осы Оңтүстік өлкесі, соның ішінде Мақтаарал өлкесі. Жаңағы айтып кеткен Оңтүстік Қазақстан, әсіресе, сіздің ауыл – қазақтың жүрегі деген сөз менің жадыма кірді. Мен соны өте жақсы қабылдаймын...

Сіздер өздеріңізді түкпірде жатқан өңірміз деп ойламаңыздар. Мақтаарал өңірін ешуақытта біз естен шығармаймыз», - деген жүрекжарды сөздері біздің де көңілімізді көтеріп, өне бойымызға ерекше қуат беріп келеді, жанымызды жадыратып, шуақ болып құйылып келеді.

Иә, Елбасымыздың есімі тарих парақтарында алтын әріптермен жазылып қалатыны сөзсіз.

Өзі айтқандай, елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі ретінде қызмет ете беретін Елбасымыз халықтың өзекті мәселелерін шешу жолында әлі де күш-жігерін аямай, еңбек ете беретініне сеніміз сол.


Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.


Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.


Жаңалықтар

16.09.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Бала құқықтары декларациясының қабылданғанына – 60 жыл, Бала құқықтары туралы Конвенцияның қабылданғанына – 30 жыл толуына орай еліміздің ең қиыр оңтүстігіндегі Мырзашөл өңірінің Асықата кентінде (Түркістан облысы) 2019 жылғы 25 қыркүйекте «Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелері» атты Республикалық конференция өткізуді жоспарлап отыр
13.09.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің мектепке дейінгі ұйымдары (балалар бақшалары), орта білім беру ұйымдары (мектептер), техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары (колледждер) және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (университеттер) педагог қызметкерлері арасында мектеп оқушыларына арналған «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» оқу пәні бойынша білім беру бағдарламасын (одан әрі – Білім беру бағдарламасы) әзірлеу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.
11.09.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары (мектептер мен колледждер) оқушылары арасында «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» атты тақырыпқа эссе жазу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.