ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНДЕ ЖАҢА НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ОБЛЫСЫ ЖӘНЕ НҰРЛЫКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚҰРЫЛҒАНЫ ЖӨН

Ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күні қарсаңындағы толғаныс

 

 

Жақында, 2018 жылғы 28 қараша күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның VIII Азаматтық форумы аясында азаматтық қоғам белсенділерімен өткізген арнайы кездесуіне Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының арнайы шақыруымен біз де қатысқан едік.

Сондай-ақ, 2018 жылғы 30 қараша және 1 желтоқсан күндері Астана қаласынан Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарына арнайы іссапармен барып, жергілікті ұстаздармен және азаматтық қоғам белсенділерімен жүздесу барысында Мырзашөл өңірінің тұрғындарын 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтай отырып, елі сүйген, елін сүйген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылғы 21 қарашада жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақстанның қиыр оңтүстігінде жатқан Мырзашөл өңірінің игерілу тарихын терең зерттеуге кеңінен жол ашып отырғаны жөніндегі ойларымызбен бөлісіп қайттық.

Осынау кездесулердегі қалың жұртшылықтың Президентімізге деген ыстық ықыласынан туған ой-тұжырымдарын саралап, таразыға сала келіп, қарапайым қара халықтың және саясаттанушы-сарапшылардың пікірлері негізінде Мырзашөл, Шардара, Сарыағаш, Келес өңірлеріндегі қала, аудандар есебінен Елбасымыздың құрметіне жаңа Нұрсұлтан Назарбаев облысын және Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінің негізінде Нұрлыкент қаласын құру қажеттігі туралы Үкіметке арнайы ұсыныс білдіргенді жөн көріп отырмыз.

Бәрімізге белгілі, мемлекетіміздің басшысы Н.Ә. Назарбаев өзінің 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын Қазақстан халқына жолдауының «III. Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» атты бөлімінің Екінші тармағында: «Еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізуді қамтамасыз ету қажет», - дей келіп, Үкіметімізге 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді; сонымен бірге практикалық шараларды жүзеге асыру үшін нақты іс-шараларды, жобаларды және қаржыландыру көлемін көрсете отырып, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 ақпандағы № 74 қаулысымен бекітілген Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасындағы перспективалық экономикалық әсер ету және әлеуеттік даму аймағындағы елді мекендерінің аумақтарына Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандары енгізілмеген.

Біз Елбасымыздың бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы шешімін жан-тәнімізбен қолдаймыз.

Сонымен бірге кейбір деректер бойынша халқының саны 500 мың адамнан асып жығылатын Мырзашөл өңіріндегі ағайындарымыз Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығына барып-келу үшін мың шақырымға жуық жол жүруіне және тек қана жолға екі күн уақытын жұмсауына тура келіп отырғанын да ескеріп, назардан тыс қалдырмауды өтінеміз.

Бұл жөнінде біздің еліміздің ықпалды бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген талдамалы-сараптамалық мақалаларымыз бен сұхбаттарымызда жан-жақты баяндалған.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының 3-ші бабына сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға аумағында өнеркәсiп орындары, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын, халқының жалпы санының үштен екiсiнен астамын жұмысшылар, қызметшiлер және олардың отбасы мүшелерi құрайтын елдi мекендер жататынын ескере келіп, Мырзашөл өңіріндегі Мырзакент, Атакент және Асықата кенттеріне қала мәртебесі берілгені жөн.

Өйткені ресми мәліметтер бойынша бүгінде Мырзашөл өңіріндегі Атакент кентінде – 18 мыңнан астам, Мырзакент кентінде – 15 мыңға жуық, Асықата кентінде – 12 мыңнан астам халық тұрады.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», - деп жазғанындай, Мақтаарал ауданындағы 1998 жылғы 11 тамызына дейін Ильич поселкесі деп аталып келген, 1924 жылдың қазан айында «Мақтаарал» мақта шаруашылығының аумағында іргесі қаланған, қазіргі Атакент кенті орналасқан Мырзашөл өңірінің тереңде жатқан тарихының кейбір парақтарына тоқтала кеткіміз келеді.

Қазақ даласының оңтүстiк бөлiгiнде жатқан, батысында – Шардарадан – Жызаққа жалғасатын, оңтүстiгiнде – Нұрата тауларымен және Түркiстан жоталарымен, шығысы мен солтүстiк шығысында – Сырдариямен шектесетiн, аумағы он мыңдаған шаршы шақырымға жететiн Мырзашөл аймағы 1867-1917 жылдар аралығында Түркiстан генерал-губернаторлығының Сырдария және Самарқан облысының құрамында болды.

Түркiстан өлкесiндегi Сырдария облысы патша өкiметiнiң 1867 жылғы 11 шiлдедегi «Жетiсу және Сырдария облыстарын басқару туралы ережеге» байланысты құрылып, осы ережеге сәйкес оған Қазалы, Перовск, Түркiстан, Шымкент, Әулиеата, Ташкент, Қожент және Жызақ уездерi енгiзiлдi.

Қазақ даласының оңтүстігіндегі Мырзашөл аймағы аумақтық-әкiмшiлiк бөлiнiс жағынан Қожент және Жызақ уездерiне бағынышты едi. Самарқан облысының Қожент және Жызақ уездерi батысындағы Сырдария өзенi арқылы Ташкент алқабынан бөлiнiп тұрды. Солтүстiгiнде – Сырдария облысының Шымкент уезi, батысында – Бұқар хандығы мен Сырдария облысының Әмудария бөлiмшесi жатты, солтүстiгi мен батыс жағында Қызылқұммен шектестi. Мырзашөл даласындағы қазақтар пайдаланып келген жер 37.228,92 шаршы верст аумақты алып жатты.

Ал, «Түркістан жинағынан» алынған 1906 жылғы ақпан айына дейiнгi деректер бойынша Мырзашөл аймағында 9 поселке, 377 шаруа түтiнi, қоныстанып үлгермеген 174 отбасы, жалпы 2532 орыс тұрғыны болған [НВ. – 1906. – 28 ақпан]. 1906 жылғы желтоқсан айы мен 1907 жылғы наурыз айы аралығында Мырзашөлдегi отарлау қорының есебiндегi 26 отбасына арналған жерiнде 20 отбасы ғана қыстап шыққан. 1907 жылдың көктемiнде хуторлық учаскелерге 65 түтiн қоныстандырылып, олардың әрқайсысына 10 десятинадан жер берiледi [ТК. – 1911. – 25 тамыз]. Егер 1903 жылы Түркiстан өлкесiнде барлығы 99 орыс поселкесi болса [ТВ. – 1903. – №85. – 22 маусым], 1914 жылы 20 қарашада Г.К. Ризенкампф жүргiзген санақ мәлiметтерiне сүйенсек, Мырзашөлде ғана 11 орыс поселкесi, 1201 шаруашылық, 5919 адамның 10667 гектар пайдалы жерi болған.

1914 жылы Сырдария темiржол стансасына жақын тұста Славянка поселкесi қалыптасып, өркендей бастайды. Түркiстан генерал-губернаторлығына қарасты Самарқан облысының әкiмшiлiк-тiркеу хаттамасына қарағанда, Славянкое поселкесi алғашқыда 344 түтiнге арналып жобаланады. Алайда, iс жүзiнде, 1915 жылғы 29 желтоқсандағы деректер бойынша бұл поселкеде 302 түтiн, 1916 жылы 124 үй өмiр сүредi. Самарқан облыстық 2-ші ауданы халықтық училищелер инспекторы М.С. Андреевтiң ұсынысы бойынша 1916 жылғы маусым айында екi кешендi приходское училище ашу жөнiнде шешiм қабылданады.

Зерттеушi Х. Арыстанбековтiң деректерiне қарағанда, 1914 жылға дейiн қазiргi Түркістан облысының Мақтаарал ауданының аумағында 12-14 орыс поселкесi, 1100 жеке шаруашылық болған, суармалы егiстiк көлемi 12 мың гектарға жеткен, оның iшiнде 5500 гектар мақталық алқаптан өнiм жиналып тұрған.

1914 жылғы деректер бойынша аумағы 37 228,92 шаршы верст болатын Мырзашөл даласындағы ресми тiркелген 278 әкiмшiлiк ауылда 26 849 ер адам, 20 376 әйел, барлығы 47 225 көшпелi халық тұрған. Оның 97,1 процентiн – қазақтар, ал, небары 2,9 процентiн ғана өзбектер құраған.

1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін негізінен қазақтардың атақонысы болған Мырзашөл өңіріндегі Иіржар болысы Ташкент уезінің он болысымен, Мырзашөл уезінің екі болысымен, Самарқан облысының алты болысымен бірге (барлығы 18 болыс) Сырдария облысының құрамына қаратылды.

Түркістан өлкесінде кеңес өкіметі орнаған соң, бірнеше айлардан кейін, 1918 жылдың бас кезінде Халық Шаруашылығы Жоғарғы Кеңесінің жанынан Мемлекеттік құрылыс комитеті құрылып, оған басқа міндеттермен бірге су шаруашылығы жүйелерін салу да жүктелді. Бұл кезде жұмыс істеген мамандардың қолдарында Мырзашөл өңірін суландыру жөніндегі жобалар да бар еді.

Халық Шаруашылығы Жоғарғы Кеңесі арнайы Декреттің жобасын әзірлеп, оны В.И. Лениннің төрағалық етуімен өткізілген осы Кеңестің төтенше комиссиясы мәжілісінің қарауына ұсынды. Соның нәтижесінде 1918 жылғы 17 мамырда В.И. Ленин Түркістан өлкесін суландыруға 50 миллион сом қаражат бөлу және осы жұмыстарды ұйымдастыру туралы Декретке қол қойды.

Бұл Декрет бойынша сол кезде Самарқан облысының Қожент уезіне бағынысты болған Мырзашөл атырабының 500 мың десятина аумағын суландыру жөніндегі жұмыс жоспары да бекітілген еді.

Бұл кезде Мырзашөл уезіне Романов, Иіржар, Славян, Сырдария, Черняев (Қауас), Бекабат және Дальверзин болыстары қаратылып, 65 ауыл, село мен қыстақ бой көтерді.

ХХ ғасырдың бас кезінде отырықшылыққа бейімделе бастаған Сырдария облысындағы Иіржар болысының көшпелі малшы қазақтары көптеген қиындықтарды жеңе отырып, Мырзашөл даласына орнығып, қоныстанып, егіншілікпен айналысуға кірісті. Мырзашөл қазақтарының күшімен бұрынғы Ильич, қазіргі Атакент кенті орналасқан аумақта 1919 жылы ұзындығы 9,5 шақырым болатын арық қазылды.

1921 жылы 1500 адам Мырзашөл суландыру жүйесін отыз күнде тазалап шықты. Сол жылы Славян және Иіржар елді мекендерінің тұрғындары ұзындығы 9 шақырым арық қазуының нәтижесінде 750 десятина жерді суландыруға мүмкіндік туды.

Түркістан Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен 1921 жылы құрылған Мырзашөл суландыру жүйесін пайдалану жөніндегі басқарма (қысқаша «Упрагол») құрылып, оның алдына бұзылып, тозығы жеткен бұрынғы су жүйелерін қалпына келтіру міндеті жүктелді.

Мемлекетте жүргізілген жаңа экономикалық саясатқа байланысты 1922 жылы Мырзашөл өңірінде игеріліп жатқан жаңа жерлерді жалға алуға рұқсат етілді. Жерді жалға алудың түрлері мемлекеттік, кооперативтік және жеке меншік болып бөлінді. Түркістан мақта комитеті Мырзашөл жерлерін жалға алушыларға несие қаржы бөле бастады.

Қазіргі Мырзакент (бұрынғы Славянка) кентінің төменгі тұсында Иіржар су бөлу жүйесі құрылып, егістік алқаптарының аумағын кеңейтуге, болашақ «Мақтаарал» мақта шаруашылығының алқаптарына су жіберуге жол ашылды.

1922-1923 жылдары тұрғындардың отырықшылдыққа көшірілуі жеделдете жүргізіліп, Мырзашөлге жан-жақтан қоныс аударушылар көбейді. 1923 жылы мұндағы шаруашылықтардың саны 5490-ға жеткенімен, оның жартысы ғана жергілікті қазақтарға тиесілі болды.

1922 жылғы 23 желтоқсанда Түркістан Республикасы Жер Халық Комиссариаты мен Грузин КСР-інің Экономикалық өкілдігінің арасында Сырдария облысына қарасты Мырзашөл уезінің Иіржар болысы аумағындағы 11 918 гектар (10 мың десятина) жерді жалға беру туралы келісім-шарт жасалды. Осыған сәйкес Грузин КСР-і жағы бұл жерді суландырып, игеріп, мақта және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіріп, өндіруге міндеттеме алды.

Он бес жыл мерзімге жалға берілген бұл жердің орталық мекені Сырдария теміржол стансасынан жиырма шақырым қашықтықта орналасты. Оған қоныс тепкен жаңа шаруашылық «Грузинская аренда» немесе қысқаша түрде «Грузаренда» деп аталды.

«Грузаренда» шаруашылығын ұйымдастыру арқылы Солтүстік магистралды каналдың оңтүстігінде, су бөлу жүйесінің 101-ші шақырымында суландыру құрылыстарын жүргізу көзделген болатын. 1923 жылдың көктемінде оған дейін жұмыс істеп тұрған су бөлу каналы одан әрі «Грузаренданың» күшімен қазылып, 9,6 шақырымға дейін жеткізілді. Бұл арқылы 4 254 гектар жерді игеруге мүмкіндік туды.

1924 жылғы жазда осынау су бөлу жүйесінің ұзындығы 11,3 шақырымға дейін ұзартылды. Ескірген арықтар қалпына келтіріліп, жаңадан су жүйелері тартылды, шаруашылықтың суландырылатын аумағы 5 136 гектарға жетті.

Алайда, одан әрі ауқымды жұмыстар атқаруға «Грузаренданың» мүмкіндігі мен шама-шарқы жетпеді. Қажетті құрал-жабдықтардың тапшылығынан, жұмыстың нашар ұйымдастырылуынан көлемі үлкен алқапты өз күшімен игере алмайтын болғандықтан бұл шаруашылық жерлерінің көптеген бөліктері мақта егіп, жинау үшін жергілікті халыққа жалға берілетін болды.

«Грузаренда» шаруашылығының әкелген пайдасына қарағанда шеккен шығыны көбейіп кетті. Құрылған екі жылдың ішінде зиянға белшесінен батқан оның басшылары жұмысты талапқа сай жүргізе алмағандықтан, 1924 жылдың соңғы айларында жалға алынған жерлерінен бас тартып, Түркістан мақта комитетіне кері қайтарып берді.

1924 жылдың 1 қарашасында Түркістан мақта комитетінің арнайы бұйрығымен бұрынғы «Грузаренданың» негізінде, сол «Грузаренда» пайдаланып келген жерлердің есебінен «Мақтаарал» мақта шаруашылығын құру туралы шешім қабылданды.

«Мақтаарал» мақта шаруашылығының құрылуы Орта Азия Республикаларының ұлттық межеленуімен тұспа-тұс келді.

Мырзашөл даласының солтүстік-батыс бөлігі, оның ішінде «Мақтаарал» шаруашылығы Қазақстанның қарамағына, Сырдария губерниялық жер басқармасының басқаруына өтті.

Қазақ жеріндегі мақта өндіретін ірі шаруашылық болғандықтан «Мақтааралға» сол кездегі республика басшылары ерекше назар аударып отырды.

Түркістан Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы Тұрар Рысқұлов және тағы басқалар 1923 жылғы тамыз айының алғашқы аптасында Мырзашөл уезін аралап, сол тұстағы «Грузаренда», болашақ «Мақтаарал» мақта шаруашылығының жағдайымен танысты.

1925 жылғы 1 желтоқсанда мұнда 137 мың 025 пұт, үш фунт мақта жиналды.

1927 жылы «Мақтаарал» мақта шаруашылығы аумағында Мырзашөл тәжірибе стансасының бөлімшесі құрылды. Арада бес жыл өткен соң бұл бөлімше өз алдына жеке отау тігіп, дербес ғылыми-зерттеу стансасына айналды.

1926 жылғы қазан айында Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесі Мырзашөлді суландыру туралы қаулы қабылдап, 326 мың 050 гектар жерді игеру көзделді.

Мырзашөлдегі алғашқы ұжымдық шаруашылықтар 1928 жылы пайда болды. 1929 жылы олардың саны 20-дан асқанымен, егістік алқаптары мен жұмысшылары аз еді.

Соған қарамастан, «Мақтаарал» мақта шаруашылығының жағдайы жақсарып, табысы арта бастады. Шаруашылықтың жер көлемі 1928 жылы 11 мың 398,06 гектарға жетіп, 3271 тонна мақта тазартуға қуаты жететін мақта тазарту зауыты іске қосылды.

1929 жылғы 27 қарашада Я.Э. Рудзутактың басқаруымен өткізілген КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде Мырзашөлде жаңа жерлер игеру және мақта шаруашылықтарын құру мәселесі қаралды.

Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің арнайы тапсырмасымен Қазақ Су шаруашылығы басқармасы 104 мың гектар жерді суландырудың жобасын жасады.

1926-1934 жылдары игерілген жер көлемі 31 мың гектарға артып, 132,8 мың гектарға, ал егістік көлемі 23 мың гектарға өсіп, 75,8 мың гектарға жеткізілді.

1931 жылы 48 мың 625 гектар жерге мақта егілді.

Осылайша, Мырзашөл аймағы ауқымды ауыл шаруашылығы өңіріне айналды. Жергілікті қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттігіне байланысты 1936 жылы мұнда Мырзашөл, Велико-Алексеевский, Сырдария, Жызақ, Мақтаарал және Баяуыт секілді барлығы алты ірі мақта тазарту зауыты салынып, іске қосылды.

Мырзашөл өңіріне қоныс аударушылардың саны күрт өсіп, мұнда 1917 жылы 16 мың адам тұрса, 1936 жылы жергілікті тұрғындардың саны 128 мың 058 адамға жетті.

Осылайша, кезінде атақ-даңқы бүкіл әлемге танылған «Мақтаарал» мақта шаруашылығының әкімшілік орталығы орналасқан бұрынғы Ильич, қазіргі Атакент кенті де ресми түрде сонау 1924 жылы елді мекен ретінде бой көтеріп, күн өткен сайын өсіп-өркендей берді.

Кеңес үкіметінің кезінде уақыттың ырғағы мен қажеттілігіне қарай, сол тұстағы саяси жағдайға байланысты социализм көсемдері Ильич пен Сталиннің есімдерін жаңадан ұйымдастырылып жатқан ауылдар мен аудандарға беру жаппай үрдіс алды.

1941 жылғы 27 қарашада Қазақстан (б)КП Оңтүстік Қазақстан обкомы мен еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесі атқару комитеті қазіргі ірілендірілген Мақтаарал ауданының аумағында «Жаңадан Сталин ауданын ұйымдастыру туралы» №122/1540-В-44 қаулы қабылдады.

Мырзашөл өңірінде Сталин ауданын құру мынадай қажеттіліктен туды.

Сол жылы Тоғай тармақтарын игеруге келген колхозшылар мен жер аударылған неміс ұлты өкілдерінің есебінен Киров және Мақтаарал аудандары тұрғындарының саны едәуір артты. 1942 жылы егістіктің, әсіресе, мақталық алқаптардың көлемін көбейту көзделді.

Мақта егісінің аумағы Киров ауданы бойынша 18310 гектар, ал Мақтаарал ауданы бойынша 18000 гектар болып бекітілді. Осы екі ауданның мақта өндіру жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы үлес салмағы 34 пайыз болды.

Табиғаттың өте ыңғайлы жағдайына қарамастан, Киров және Мақтаарал аудандарының көптеген колхоздарындағы мақта жинау көрсеткіштері төмен деңгейде, бар болғаны 10-15 центнер мөлшерінде ғана болды.

Киров ауданында ирригациялық құрылыс және Үшінші Тоғай тармағын игеру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс болса, Мақтаарал ауданында 1942 жылы егістік үшін 3 мың алқапты игеру қажет еді.

Осы жағдайларға байланысты, әрі «Сталин жолдастың майдан мен мемлекетке барынша көп астық, ет, шикізат беру жөніндегі нұсқауларын тезірек жүзеге асыру үшін ауылдық Кеңестерге, колхоздарға, совхоздарға және МТС-терге партиялық, кеңестік және шаруашылық басшылықты нығайту мақсатында» Киров және Мақтаарал аудандарын бөліп, соның негізінде Сталин ауданын ұйымдастыру туралы қаулы қабылданды.

Сталин ауданының құрамына Киров ауданының 1-Тоғай МТС-і қызмет көрсететін ауылдық Кеңестер, атап айтқанда, Молотов ауылдық Кеңесі (Киров, Куйбышев, «Ленин жолы», Молотов колхоздары), Калинин ауылдық Кеңесі (Алғабас, Ворошилов, «Қызылту», Карл Маркс, Калинин колхоздары), Аманкелді ауылдық Кеңесі (Маяковский, Жамбыл, «Қазақстанның 20 жылдығы», Жаңадала, Аманкелді колхоздары), Мақтаарал ауданының Қызылабад МТС-і ауылдық Кеңестерінің колхоздары – Қызыл ту ауылдық Кеңесі («Мақталы», «Қызыл жұлдыз», «Социалистік Қазақстан», «Ынталы», «Өнімкер» колхоздары), Прогресс ауылдық Кеңесі (Жамбыл, «Прогресс», «Жаңа жол», «Ең үлгілі», Ахунбабаев, «3-бесжылдық» колхоздары), Сакко-Ванцетти ауылдық Кеңесі (Сакко-Ванцетти, «Диқан», «Қызылабад» колхоздары), сонымен бірге «Мақтаарал» мақта шаруашылығы берілетін болды.

Киров ауданының құрамында 2 және 3-Тоғай МТС-терінің барлық колхоздары, ал Мақтаарал ауданының құрамында Иіржар МТС-і мен Мақтаарал МТС-інің колхоздары қалдырылатын болды.

Жаңадан ұйымдастырылатын Сталин ауданының орталығын Ильич поселкесінде орналастырып, Киров ауданының орталығын – Бағара поселкесінде, Мақтаарал ауданының орталығын – Славянка поселкесінде қалдыру көзделді.

Қазақстан (б)КП Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінен осы қаулыны бекітуді және жаңа ауданды ұйымдастыруға кірісуге рұқсат беруді сұраған бұл құжатқа Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағынтаев пен облыстық партия комитетінің хатшысы Нечаев қол қойды.

Аталған қаулыға қосымша ретінде Қазақстан (б)КП Орталық Комитетінің хатшысы Скворцов пен Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы Оңдасыновтың атына осы мәселе бойынша баяндама хат жолданды.

Онда Киров ауданында – 18 колхоз, 2 МТС, 8542 гектар мақта алқабы; Мақтаарал ауданында – 31 колхоз, 15100 гектар мақталық алқабы, 2 МТС, 1 совхоз (оның ішінде Иіржар МТС-інде – 17 колхоз, Мақтаарал МТС-інде – 14 колхоз, Мақтаарал МТС-іне қарасты Кеңесшіл ауылдық Кеңесінің «Тегістік» колхозында 1941 жылғы 1 қаңтарға дейінгі есеп бойынша 154 үй тұрды, аумағы 2740,19 шаршы метр болды), ал Сталин ауданында – 30 колхоз, 15658 гектар мақталық алқабы, 2 МТС, 1 совхоз болатыны жазылған.

Бұл мәселе Республика Үкіметі мен Компартия Орталық Комитетінде қарастырылды. Соның нәтижесінде, 1941 жылғы 9 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы К. Баймановтан Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағынтаевтың атына жаңа аудан мен оған шектесетін аудандардың аумағы (бұрынғы және жаңа шекараларымен қоса), жаңа ауданның орталығы мен оған берілетін ауылдық Кеңестердің орталықтары көрсетіле отырып, белгіленген картаны жолдау қажеттілігі жазылған №6-99 хат келді.

Аудандардың сұратылып отырған картасы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Запорожецтің қолымен 1941 жылғы 23 желтоқсанда №3-5 хатпен жолданды.

1941 жылғы 27 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы қызметін атқарушы С. Нұрмағамбетов жаңадан Сталин ауданын құру мәселесін қарау үшін қосымша мынадай құжаттар: Киров және Мақтаарал аудандық Кеңестері атқару комитеттерінің аумақтың бір бөлігін Сталин ауданына беру жөніндегі шешімдерін және бөлшектенетін, сондай-ақ жаңадан ұйымдастырылатын ауданның экономикасы, өнеркәсібі, ауыл шаруашылығының бағыттары көрсетілген баяндау хаты, тиісті аудандардың картасын жолдау қажеттігін ескерткен №12-155/31 хаты Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағынтаевтың қолына 1941 жылғы 31 желтоқсанда 84-кіріс нөмірмен тиді.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының талаптарына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесінің Киров ауданы бойынша ұйымдастыру комитетінің 1942 жылғы 14 қаңтарда Бағара селосында өткізілген мәжілісінің №6 шешімі және Мақтаарал аудандық партия комитетінің бюросы мен Мақтаарал аудандық атқару комитетінің 1942 жылғы 17 қаңтарда өткізілген мәжілісінің №10 хаттамасы дайындалды.

Мақтаарал аудандық партия комитетінің бюросы мен Мақтаарал аудандық атқару комитеті жаңадан құрылатын Сталин ауданының орталығын Ильич поселкесінде емес, «Қызылабад» колхозының орталығында орталастыруды ұсынып, «Мақтаарал» мақта шаруашылығын Мақтаарал ауданының құрамында қалдыруды сұрады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті хатшысының міндетін атқарушы Тәжібаевтың 1942 жылғы 20 қаңтарда Қазақ КСР 1942 жылғы 20 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасына жолдаған №3-10 хатында облыстық Кеңестің 1941 жылғы 26 желтоқсандағы №1632 шешімімен Қазақ КСР Қаржы Халық Комиссариатының талаптары шегінде Сталин аудандық Кеңесі мен оның бөлімдерінің контингенті мен еңбек жалақысына арналған қор белгіленіп, оған 43 штаттық бірлік пен жылына 200700 сом қаражат бөлінгенін хабарлады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бюросы мен облыстық атқару комитеті 1942 жылғы 23 қаңтардағы шешімімен өзінің 1941 жылғы 27 қарашадағы №122/1540 қаулысына өзгеріс енгізіп, Сталин ауданына – Молотов, Калинин, Аманкелді ауылдық Кеңестерінің аумағын, Киров ауданына – 15 колхоз, 1-Тоғай тармағының Прогресс, Сакко-Ванцетти ауылдық Кеңестерінің аумағын, Мақтаарал ауданына – 10 колхоз бен Ильич поселкелік Кеңесін және «Мақтаарал» мақта шаруашылығының аумағын беру туралы қаулы қабылдады.

Осындай ұсыныстарды егжей-тегжейлі қарастыра келіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының өкілі С.И. Шалан, Қазақ КСР Жер Халық Комиссариатының өкілі Б.Ғ. Қарашев, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің өкілі Н.П. Коровников құрамына енгізілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы 1942 жылғы 23 қаңтарда Киров және Мақтаарал аудандарын бөліп, соның негізінде жаңадан Сталин ауданын ұйымдастырудың қажеттігі туралы арнайы қорытынды шығарды.

Мемлекеттік комиссия:

- Мақтаарал ауданының құрамында – 13 ауылдық Кеңес пен МТС қызмет көрсететін 36 ұжымшарды, Киров ауданында – 18 ұжымшарды қалдыру;

- Сталин ауданында – Киров ауданының 1-Тоғай тармағының 15 ұжымшары мен Мақтаарал ауданының 5 ауылдық Кеңесінің қызметіндегі «Мақтаарал» мақта шаруашылығын, 10 ұжымшарын беру;

- Мақтаарал ауданының жалпы аумағын – 324654 гектар, Киров ауданының жалпы аумағын – 189878 гектар, ал Сталин ауданының жалпы аумағын – 197826 гектар көлемінде белгілеу;

- Сталин ауданының орталығын уақытша «Мақтаарал» мақта шаруашылығының Ильич поселкесінде орналастыру;

- Сталин ауданының тұрақты орталығы ретінде «Қызыл абад» ауыл шаруашылығы артелінің орталығын ұсыну жөнінде шешімге келді.

Батысты шарпыған соғыс өрті мен еңбек майданындағы адамдардың басына түскен ауыртпалық Мақтаарал және Киров аудандарының тоғайлы далаларын игеру нәтижесінде бой көтерген шаруашылықтар есебінен Сталин ауданын құру мәселесін жедел шешуге мұрша бермеді.

Дегенмен бұл мәселенің илеуі әбден қанып, пісуі жеткен кезде, яғни 1944 жылғы 4 мамырда жаңа аудан бәрібір уық шаншыды.

Бірақ ол аудан Ильич ауданы деп аталды.

Ильич ауданы сол кездегі мемлекет басшыларының 1944 жылғы 8 мамырдағы Жарлығымен Сакко-Ванцетти, Прогресс, Аманкелді, Калинин, Молотов ауылдық Кеңестері мен Ильич поселкелік Кеңесі негізінде құрылды.

Ауданның орталығы – Ильич поселкесі болып белгіленді.

Сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті Исмаил Юсуповты осы Ильич аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп қызметке жіберді.

Ильич ауданының халқы алғашқы жылдардан-ақ мақта өндіруде жоғары табыстарға қол жеткізді. 1945 жылы аудан еңбекшілері мемлекетке мақта тапсырудың жоспарын 115,2 процентке орындады. Жекелеген звено, бригада және шаруашылықтардың көрсеткіштері бұдан да жоғары болды. Ауданға қарасты Киров атындағы ұжымшардың звено жетекшісі О. Жүзжігітов әр гектар мақталықтан 100,5 центнерден өнім жинап, ерекше еңбек ерлігін көрсетті.

1952 жылы Ильич ауданының «Қызыл ту» ұжымшары 351 гектар мақталықтың әр гектарынан 29,2 центнерден өнім жинап, жоспарды 132,7 процент, Абай атындағы ұжымшар 502 гектар мақталықтың әр гектарынан 28 центнер өнім жинап, жоспарды 134 процент орындады.

«Мақтаарал» мақта шаруашылығының Дзержинский атындағы бөлімшесіндегі Қадырқұловтың бригадасы 42 гектар мақталықтың әр гектарынан 39,5 центнерден, «Алғабас» ұжымшарынан Айбековтің звеносы 32 гектар мақталықтың әр гектарынан 43 центнерден мақта өндірді.

Сондай-ақ, Ильич ауданының «ІІІ Интернационал» ұжымшары да 2244 гектар суармалы жері мен мал жайылымы бар көп салалы шаруашылық болды. 1956 жылы мұнда өнімділік 24 центнерге жетті. Мал шаруашылығы да жақсы дамыды. Ұжымшардың қаржылай табысы 1 миллион 535 мың сомды құрады.

Ильич ауданының мақташылары 1961 жылы 30 мың гектар мақталықтың әр гектарынан 25,3 центнерден өнім жинады. Ал В.Н. Куликов басқарған «Мақтаарал» мақта шаруашылығы гектар өнімділігін 35 центнерге жеткізіп, 20301 тонна «ақ алтын» жинады.

Енді келесі құжаттарға назар аударайық.

«Қазақ КСР еңбекшілер депутаттары Ильич аудандық Кеңесі атқару комитетінің қарары.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ильич поселкесі, №224, 20 мамыр, 1957 жыл.

Ильич поселкесін аудандық бағыныстағы қала етіп қайта құру туралы.

Мырзашөл даласын одан әрі игерудің келешегін ескере отырып, Ильич аудандық Кеңесінің атқару комитеті былай деп шешті:

  1. Еңбекшілер депутаттары Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесінің атқару комитетінен Ильич атындағы поселкені аудандық бағыныстағы қала етіп қайта құру туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне ұсыныс жасау сұралсын.
  2. Еңбекшілер депуттаттары облыстық Кеңесінің төрағасы К. Оспанов жолдастың атына жазылған баяндама хат бекітілсін.

Ауатком төрағасы К. Баекенов.

Ауатком хатшысы К. Омаршаев».

Ильич аудандық Кеңесінің атқару комитетінің осы шешіміне қоса тіркеліп, Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесінің атқару комитетіне жолданған хатта Ильич атындағы поселке 1924 жылдың қазан айында Мырзашөл төсіндегі «Мақтаарал» мақта шаруашылығының аумағында ұйымдастырылып, 1926 жылы Ильич поселкелік Кеңесі құрылғаны, 1940 жылдан бері аудан орталығы деп есептелінетіні баяндалған.

1957 жылғы 12 ақпандағы есеп бойынша Ильич поселкесінің тұрғындары 32.907 адамға, аумағы 313 гектарға жеткен. Бұл елді мекен «Мақтаарал» мақта шаруашылығы мен Ильич ауданының орталығы ғана емес, облыстың оңтүстік өңірінің шағын астанасы екендігі ескеріліп, оны қалаға айналдыру көзделген.

Ильич поселкесіне қала мәртебесін беру керектігі өткен ғасырдың 40-шы жылдары үзбей көтерілген, жиі айтылып келген.

Болашақ қаланың аумағын кеңейтіп, көріктендіру үшін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінен мемлекеттік қордан 103 гектар жер бөлу сұралған.

Ал, «Мақтаарал» мақта шаруашылығының директоры В. Куликов 1957 жылғы 28 мамырдағы хатында Ильич поселкесіне облыстық бағыныстағы қала мәртебесін беруді ұсынған.

Осындай қызу талқылаудың нәтижесінде еңбекшілер депутаттары Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесінің атқару комитеті 1957 жылғы 25 шілдеде «Ильич поселкесін аудандық бағыныстағы қала етіп қайта құру туралы» №442 қаулы қабылдады.

Бұл қаулыда:

- Жаңа қаланы Ильич қаласы деп атау;

- Поселкелік Кеңес негізінде Ильич қалалық Кеңесін ұйымдастыру;

- Облыстық жерге орналастыру басқармасына екі апта мерзім ішінде Мақтаарал ауданы жер қорының есебінен Ильич қаласының аумағын кеңейту үшін 100 гектар жер бөлу жөніндегі құжаттарды дайындауды;

- Облыстық құрылыс және сәулет басқармасына Ильич қаласының шекараларын анықтауды және қаланың бас жоспарының сызбаларын әзірлеуді міндеттеу жөнінде шешімге келді.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінен «Казгипрогоспроект» институтына Ильич ауданы мен оның орталығы – Ильич қаласын көркейтудің бас жоспарын жасауды тапсыру, ал Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасынан осы шешімді бекіту сұралды.

Еңбекшілер депутаттары Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы К. Оспанов Ильич поселкесіне аудандық бағыныстағы қала мәртебесін беру мәселесін қолдауды және оны оң шешуді өтініп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Ж.А. Тәшеновтің атына 1957 жылғы 1 тамыз күні №2-13 баяндау хат жолдады.

Ильич поселкесіне қала мәртебесін беруге дайындық жұмыстары сол кезеңнің талаптарынан және экономикалық-әлеуметтік қажеттіліктерден туындаған болатын.

Өйткені 1956 жылғы 6 тамызда КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Мақта өндірісін ұлғайту мақсатында Өзбек және Қазақ КСР-індегі Мырзашөл өңірінің тың жерлерін суландыру және игеру туралы» арнайы қаулысы жарық көрді.

Соған сәйкес Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1956 жылғы 5 қазанда №734 қаулы қабылдады.

Осы екі құжат Қазақстан Компартиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитеті мен еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесі атқару комитетінің 1957 жылғы 23 қаңтарда дәл сондай қаулы қабылдауына ұйытқы болды.

Ильич поселкесін аудандық бағыныстағы қала етіп қайта құру ісі Мырзашөл өңірін өркендетуге арна ашқан осынау үш тарихи құжаттың талаптарынан туған еді.

Өкінішке қарай, неге екені белгісіз, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің 1957 жылғы 25 шілдедегі №442 қаулысы орындалмай қалған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Ж.А. Тәшеновтің атына сол жылғы 1 тамызда жіберілген хатқа жауап келген-келмегені де белгісіз. Өйткені Ильич поселкесіне қала мәртебесін беру туралы архивтік құжаттар топтамасынан бұл ұсынысқа Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Ж.А. Тәшеновтің берген ресми жауап хатын таба алмадық.

Ал Ильич ауданы әкімшілік-аумақтық құрылым ретінде 20 жылға жуық уақыт сақталып, 1963 жылғы 10 қаңтарда таратылды.

Соған қарамастан, қазіргі Мақтаарал ауданындағы Ильич поселкесі жыл сайын өсіп-өркендеп, өрісі кеңейіп, дами берді. Мұндағы теміржол стансасы, көптеген өндіріс орындары және басқа да кәсіпорындар жұмысын тоқтатқан жоқ.

Бұрынғы халық депутаттары Шымкент облыстық Кеңесі атқару комитетінің 1988 жылғы 19 қаңтардағы шешімімен Ильич поселкесінің аумақтық аясы кеңейтілді.

Мақтаарал ауданындағы Бірлік ауылдық Кеңесіне қарасты Панфилов ауылы, «Мақтаарал» мақта шаруашылығының Ильич атындағы бөлімшесінің, ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы мен Мақтаарал ауыл шаруашылығы колледжінің, Мақтаарал ауылдық Кеңесіндегі «Мақтаарал» мақта шаруашылығы орталығының негізінде пайда болған елді мекендер түгелдей халық депутаттары Ильич поселкелік Кеңесінің әкімшілік қызмет көрсетуіне берілді.

Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының және Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң бiрлескен 1998 жылғы 11 тамыздағы №17/209-І «Жекелеген әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң атауын өзгерту туралы» шешiмiмен Мақтаарал ауданындағы Ильич поселкесінің ресми атауы Атакент кентi деп өзгертілді.

Иә, шын мәнінде, Президентіміздің Мырзашөл өңірінің халқы үшін жасап жатқан әкелік қамқорлығы ұшан-теңіз.

Елбасымыз Мырзашөл өңіріне бірнеше рет арнайы іссапармен барды, жергілікті халықтың мұң-мұқтаждарына айрықша көңіл бөліп, өзекті мәселелердің жедел түрде шешілуін өзінің тұрақты бақылауына алып келеді.

Мысалы, 1998 жылдың 27 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Түркістан қаласында болып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы-профессорлар қауымымен өткізген кездесуіне біз де қатысып, Елбасымыздың:

«...Бүгін таңертең ғана біз Оңтүстік Қазақстан облысы үшін күрделі мәселелерді шештік. Сонау Шардарадан, Мақтаарал ауданынан бері қарай өтетін жолдың бәрін Қазақстанның басқаруына алып, елге жақсылық жасап отырмыз. Бұдан былай бұл жерде – ешқандай бөгет, жолда – тосқауыл болмайды. Сондай-ақ Ташкенттен Самарқанға өтетін, Қазақстанның жеріндегі жиырма шақырым жолды оларға бердік. Осылайша, көліктердің тоқтаусыз өтуі қамтамасыз етілді.

Аймақтағы барлық мемлекеттер су мәселесі жөнінде консорциум жасадық. Көксарай су қоймасын салып, бұдан былай сумен жабдықтау ісіндегі тәуелсіздігімізді орнату жайын да ойластырып отымыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды көп ұзамай бастаймыз.

Осындай шаралардың барлығы да Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасын өркендетуге зор пайдасы болады деп ойлаймыз», - деген сөздерін өзіміздің қойын дәптерімізге жазып алған едік.

1998 жылдың 1 қарашасы күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мақтаарал ауданының 70 жылдық мерейтойында Мырзашөл аймағының халқы мен жері туралы айтқан:

«...Қазақстанның, қазақтың жүрегі болып саналатын Оңтүстік өңірінде, оның ішінде Мырзашөл халқымен бүгін қуанышты жағдайда кездесіп тұрмын. Бүгін Мақтаарал ауданында бас қосып тұрмыз. Бұл – еңбекпен барлығын табатын елдің жері, өте қиын жұмыстың жері. Суармалы жерді қолдану арқылы мақта мен күріш өсіру – ауыл шаруашылығында ауыр еңбек екенін жұрттың бәрі біледі...

Мақтаарал, Мырзашөл өңірі – өз Отанының не екенін білетін қазақтың ішіндегі бірден-бір өлке. Жұртқа паш етер де осы Оңтүстік өлкесі, соның ішінде Мақтаарал өлкесі. Жаңағы айтып кеткен Оңтүстік Қазақстан, әсіресе, сіздің ауыл – қазақтың жүрегі деген сөз менің жадыма кірді. Мен соны өте жақсы қабылдаймын...

Сіздер өздеріңізді түкпірде жатқан өңірміз деп ойламаңыздар. Мақтаарал өңірін ешуақытта біз естен шығармаймыз», - деген жүрекжарды сөздері біздің де көңілімізді көтеріп, өне бойымызға ерекше қуат беріп келеді, жанымызды жадыратып, шуақ болып құйылып келеді.

Еліміз тәуелсіздік алған соң, сол кездегі уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 24 сәуiрдегi №3474 Жарлығымен Асықата, Жетiсай және Мақтаарал аудандары таратылып, олардың аумағында әкiмшiлiк орталығы Жетiсай қаласында орналасқан ірілендірілген Мақтарал (ресми құжаттарды дайындаған лауазымды адамдардың салғырттығынан және өрескел қателігінен «Мақтаарал» тарихи атауындағы бір «а» әрпі түсіп қалған) ауданы құрылса, арада 21 жыл өткен соң, Елбасымыздың 2018 жылғы 5 маусымдағы № 698 Жарлығымен Мақтаарал ауданын бөлу жолымен əкімшілік орталығы Жетісай қаласында болатын Жетісай ауданы, əкімшілік орталығы Мырзакент кентінде болатын Мақтаарал ауданы құрылып, тарихи қалпына қайта келтірілді.

Президентіміздің Үкіметімізге 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жасауды жүктеген тапсырмасы бойынша Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасына және Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеу барысында Түркістан облысының әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты халық өте тығыз орналасқан Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Сарыағаш және Келес аудандарының Өзбекстанмен шекарадағы өте алыс түкпірде қалып қоюына байланысты Түркістан облысын екіге бөліп, Мырзашөл, Шардара және Сарыағаш өңірлеріндегі аудандардан еліміздің жаңа 15-ші облысын құрып, оған Елбасымыздың құрметіне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы мәселені қарастыруды ұсынамыз.

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 450 шақырымға жуық қашықтықта жатқан Мақтаарал ауданының Атакент кенті Қазақстанның ең қиыр оңтүстігінде, Өзбекстанмен тікелей шекаралас орналасқан, сондай-ақ Тәжікстан, ары қарай Ауғанстанның аумақтары да алыс емес, тіпті тиіп тұр деуге болады.

Сондықтан Қазақстанның халықаралық қауіпсіздігіндегі Мақтаарал ауданының қазіргі Атакент кентінің стратегиялық маңызы ескеріле отырып, бұл кентке облыстық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, ол Елбасымыздың құрметіне Нұрлыкент қаласы деп аталғаны жөн.

Жасыратын несі бар, ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының соңғы кезінде осы Мырзашөл өңіріндегі көптеген елді мекендерге ат қою және олардың атын өзгерту жұмыстары тиісті аумақ халқының пікірін ескермей, облыстық мекемелердің тікелей ұсынысымен бекітіліп кетті.

Осындай «қолдан жасалып», ойдан құрастырылған жер атауының бірі – осы Атакент.

Мақтаарал ауданындағы бұрынғы Ильич поселкесінің аты Атакент кенті деп өзгертілгеніне 20 жылдан астам уақыт өтсе де, қарапайым халық көп жағдайда оны әлі күнге дейін Алматы қаласындағы «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығының атымен шатастырып жатады.

Сол себепті Мырзашөл өңірінде тұрып жатқан қарапайым халық арасындағы қоғамдық пікірді ескере отырып, Елбасымыздың ерен еңбегі мен есімі ертеңіміздің тірегі – жастарымыздың жадында мәңгі жатталып қалуы үшін қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінің атын өзгертіп, оған облыстық маңызы бар қала мәртебесін бере отырып, Нұрлыкент қаласы деп өзгертуді ұсынамыз.

Еліміздің жаңа 15-ші Нұрсұлтан Назарбаев облысының орталығы етіп Мақтаарал ауданындағы тоғыз жолдың торабында орналасқан Атакент кентінің негізінде құрылатын облыстық маңызы бар Нұрлыкент қаласын белгілеу дұрыс болар еді.

Мырзашөл өңірі халқының игілігі мен жастардың болашағы үшін Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінің негізінде құрылатын облыстық маңызы бар Нұрлыкент қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебін және арнайы мемлекеттік университет ашқан жөн.

Мақтаарал ауданының қазіргі Атакент кентіндегі «Мақта шаруашылығы тарихы музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына республикалық мәртебе беріліп, жаңа және кең ғимаратқа көшірілсе дұрыс болар еді.

Осындай іс-шаралар Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты іргелі еңбектерінде ұсынылған қоғамдық және тарихи сананы жаңғырту бағдарламалары бойынша Мырзашөл өңірі тұрғындары мен жастарының бойында өз болашағына деген жауаптылықты, жеке бәсекелестікке қабілеттілікті қалыптастырып, ұлттық мәдениетті ілгерілетуге, білімге құштарлыққа, сана ашықтығын – үздік идеялар мен іс-тәжірибелерді қабылдай білуге жол ашуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Үкіметіміз біздің осы ұсынысымызды ескеріп, тиісті шешім қабылдайды деп үміттенеміз.

Фотосуреттер Қазақстан Республикасы Президентінің http://www.akorda.kz/kz ресми сайтынан алынды.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

07.11.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары (мектептер мен колледждер) оқушылары арасында «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» атты тақырыпқа эссе жазу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.
04.11.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің мектепке дейінгі ұйымдары (балалар бақшалары), орта білім беру ұйымдары (мектептер), техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары (колледждер) және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (университеттер) педагог қызметкерлері арасында мектеп оқушыларына арналған «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» оқу пәні бойынша білім беру бағдарламасын (одан әрі – Білім беру бағдарламасы) әзірлеу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.
28.10.2019
Мырзашөл өңірінде балалар және білім беру саласындағы заң жобалары мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік