ЕЛБАСЫМЫЗ АЙТҚАН ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ҚАЛА МЫРЗАШӨЛДЕГІ АТАКЕНТ ЖӘНЕ МЫРЗАКЕНТ КЕНТТЕРІНІҢ АУМАҒЫНДА НҰРЛЫКЕНТ ҚАЛАСЫ ДЕП САЛЫНҒАНЫ ЖӨН

Күні кеше, 2018 жылғы 28 желтоқсанда республикалық телеарналар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбатын көрсетті.

Осы кездесуде Президентіміз Н.Ә. Назарбаев Өзбекстан халқының саны 33 миллионды құрағанын, бұл – біздің арамыздағы (Орталық Азиядағы) ең ірі мемлекет болып саналатынын, екі ел арасындағы 1 миллиард АҚШ долларына жетпей жүрген сауда-саттығымыз биыл 3 миллиард болатынын, сауда көлемі 42 пайызға артқанын айта келіп, оны біз болашақта 5 миллиард АҚШ долларына жеткізу мақсатын қойып отырғанымызға ерекше тоқталды.

Осы жөнінде ой бөлісе отырып, Елбасымыз Қазақстан мен Қытай арасындағы «Қорғас» атты үлкен кешен салынып жатқанын, сондай кешен Өзбекстан мен Қазақстан арасында да болады деп санайтынын, екі жақтан өндіріс жасап, ол жерде жаңа қала пайда болуы мүмкін екенін жеткізді.

Біздіңше, Елбасымыз айтқан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы осынау жаңа қала Мырзашөлдегі Атакент және Мырзакент кенттерінің аралығындағы аумақта Нұрлыкент қаласы деп салынғаны жөн.

Ресми мәліметтер бойынша бүгінде Мырзашөл өңіріндегі Атакент кентінде (1998 жылғы 11 тамызға дейін Ильич поселкесі деп аталып келді) – 18 мыңнан астам, ал Мырзакент кентінде – 15 мыңға жуық халық тұрады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Мақтаарал ауданын Өзбекстанмен байланыстырып, жеңіл және жүк көліктерін өткізіп тұрған «Атамекен», «Сырдария» және «Целинный» атты үш шекара бекеті жұмыс істейді.

Бұған қоса Мақтаарал ауданы Өзбекстанның Сырдария және Жызақ облыстарындағы 4 ауданмен шектеседі. Сондай-ақ Мақтаарал ауданының аумағы арқылы Ұлы Жібек жолының бір тармағы іспеттес М-39 «Ташкент – Термез» бағытындағы магистрал дәлізі өтеді.

Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 450 шақырымға жуық қашықтықта жатқан Мақтаарал ауданындағы Атакент және Мырзакент кенттері Қазақстанның ең қиыр оңтүстігінде, Өзбекстанмен тікелей шекаралас орналасқан, сондай-ақ Тәжікстан, ары қарай Ауғанстанның аумақтары да алыс емес, тіпті тиіп тұр деуге болады.

Бұған қоса Атакент және Мырзакент кенттері еліміздің Өзбекстанмен сауда-саттық және өзге де экономикалық және әлеуметтік, саяси қарым-қатынастарымызды одан әрі нығайтуға өте қолайлы тұсында, тоғыз жолдың торабында орналасқан.

Мырзашөлдегі Атакент және Мырзакент кенттерінен Өзбекстанның Сырдария қаласына, ары қарай Ташкент қаласына жету оп-оңай, оған қоса Өзбекстанның басқа өңірлеріне де осы Атакент және Мырзакент арқылы бару барынша қолайлы.

Мұның барлығы еліміздің Өзбекстан Республикасымен және ол арқылы бүкіл Орталық Азия мемлекеттерімен саяси-экономикалық және рухани халықаралық қарым-қатынасын одан әрі жақсарта түсуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі «Мақта шаруашылығы тарихы музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына республикалық мәртебе беріліп, жаңа және кең ғимаратқа көшірілсе, мәдени мұрамыз ретінде осы өңірге туристерді тартуға да жол ашылар еді.

Мырзашөл өңірі халқының игілігі мен жастардың болашағы үшін Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Атакент және Мырзакент кенттерінің негізінде құрылатын облыстық маңызы бар Нұрлыкент қаласында Назарбаев Зияткерлік мектебін және арнайы мемлекеттік университет ашқан жөн.

Ойымызды қысқаша түйіндесек, біздіңше, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алдағы уақытта салынатын жаңа қала қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы Атакент және Мырзакент кенттерінің негізінде, Елбасымыздың халқымыз бен мемлекетіміздің алдындағы ерен еңбегінің құрметіне НҰРЛЫКЕНТ ҚАЛАСЫ болып құрылып, салынғаны дұрыс болар еді.

Келешекте Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алтын көпірге айналатын Нұрлыкент қаласы қазіргі Атакент және Мырзакент кенттерінің негізінде бой көтеретін болса, мұнда жаңа индустриялық өнеркәсіптік, өндірістік жұмыс орындары ашылып, осынау жаңа шаһар арқылы Түркістан облысының құрылуына байланысты облыстың қазіргі әкімшілік орталығынан 500 шақырымдай түкпірде қалып қойған Мырзашөл-Шардара өңірлеріндегі 500 мың халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік ахуалының жақсара түсуіне барынша қолайлы жағдай туып, жаңа Нұрлыкент қаласы Мырзашөлдің экономикалық, рухани және мәдени орталығына айналар еді.


Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

Астана қаласы.


Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

19.04.2019
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға және «Журналистика және репортер ісі» білім беру бағдарламалар тобы бойынша кәсіптік бағдар беруге арналған еркін тақырыптар бойынша «ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» атты шығармалар конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Шығармаларды кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
17.04.2019
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылдың 14-15 сәуір күндері Өзбекстан Республикасына барған алғашқы мемлекеттік сапарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мұқият қарап, қадағалап отырдық.
12.04.2019
Бүгін, 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні «Әлеуметтік-гуманитарлық зиялы қауым өкілдері мемлекеттің қолдауына ие болып отыр ма?» деген сұрақ төңірегінде бір-екі ауыз сөз жазғымыз келеді.