ЖАСТАР ЖЫЛЫНА АРНАЛҒАН «БАЛАЛАР ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ, БОС УАҚЫТ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ІС-ШАРАЛАР» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі коммерциялық емес ұйымы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 2019 жылды Жастар жылы деп жариялау туралы 2018 жылғы 13 қарашадағы № 784 Жарлығын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Bіlіm jáne Ǵylym!» атты тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде берілген тапсырмаларды орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты бойынша «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» тақырыбындағы әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.

Әлеуметтік жобаның мақсаты – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі дайындаған «Қазақстан Республикасының балалардың мүддесін көздейтін 2030 жылға дейінгі мемлекеттік тұжырымдамасының» жобасына сәйкес балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету; балалардың дене бітімі, интеллектуалды, рухани, адамгершілік тұрғыдан дамына ықпал ететін жағдайларды жасаудың жолдарын ұсыну арқылы балалардың өмір сапасын жақсарту.

Әлеуметтік жобаның міндеттері:

- Балалардың құқықтарын қорғау саласында Қазақстан Республикасының заңнамаларын жетілдіруге үлес қосу;

- Балалық шақты қорғаудың құрылымдық негізгі жүйелерін нығайту;

- Балалардың құқықтарын қорғау саласында мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара ынтымақтастықты қамтамасыз ету;

- Барлық санаттағы балалардың сапалы білім және әлеуметтік қызметтер алуы үшін жағдайларды қамтамасыз ету және өмірдің қиын жағдайына тап болған балалардың құқықтарын қорғау үшін кешенді және жеке жүйелер қалыптастыру, балалардың ақпараттық сауаттылығын қалыптастыру.

Мақсатты топ: білім беру мекемелеріне бармайтын балалар, соның ішінде босқындар мен мигранттардың балалары, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар.

Аталған әлеуметтік жобаны жүзеге асыру барысында «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің сарапшы-мамандары «Білім беру ұйымдарына бармайтын балаларға, оның ішінде босқындар мен мигранттарға мониторинг» атты зерттеу жұмысын жүргізді.

Еліміздің барлық өңірлері бойынша мектептер мен колледждерге бармайтын балалар, оның ішінде босқындар мен мигранттардың балалары, білім беру ұйымдары жоқ елді мекендерден балаларды тасымалдауды ұйымдастыру, демалыс уақытындағы балаларды сауықтырумен, демалыспен және жұмыспен қамту, балалардың жұмыспен қамтылуы және балалардың қосымша білім алуға қажеттілігін айқындау, өңір үшін балалардың девиантты мінез-құлқына ықпал ететін, сондай-ақ білім алуға балалардың құқықтарының бұзылу себептері туралы мәліметтер жинақталып, оған сараптамалық-талдау жасалды.

Жұмыс күші артық өңірлерден шыққан жастарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Петропавл, Өскемен, Қарағанды, Көкшетау, Семей және Павлодар қалаларындағы 15 университетте оқып жүрген, көп балалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 2 мыңға жуық студент-жастармен жүздесулер өткізілді.

Студент-жастарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 359 қаулысымен жаңа редакцияда жазылған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы шеңберінде кадрлар даярлауға арналған бағыты жан-жақты таныстырылды.

Әсіресе, жоғарыда аталған жоба шеңберінде оқуды аяқтаған жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері оқуды аяқтағаннан кейін оқыған өңірінде кемінде үш жыл жұмыс істейтіні, ол жұмыспен өтеу білім беру ұйымы, жұмыс беруші мен білім алушы арасындағы түлекті жұмысқа орналастыру туралы үшжақты шартқа сәйкес жүзеге асырылатыны, жас мамандарды бөлуді, жұмысқа жіберуді және жұмысқа орналастыруды білім беру ұйымдарының жолдамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратыны жөніндегі қағидалар студент-жастарға егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Әлеуметтік жобаны жүзеге асыру барысында «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 Заңының 7-бабында еліміздің жергiлiктi атқарушы органдарына жүктелген балаларға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысу; тәрбие, бiлiм беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, дене тәрбиесi мен спорт, әлеуметтiк қызмет көрсету және отбасын әлеуметтiк қорғау саласында балалар мүдделерiне орай орталық атқарушы органдар айқындаған мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру секілді бала құқықтары кепiлдiктерiн жүзеге асырудағы өкiлеттiктерi қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде анықтамалық материалдар жинақталып, оған талдау жасалды.

Соған орай, Түркістан облысы жергiлiктi атқарушы органдарының балаларға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымды қалай қалыптастырып жатқанына ерекше назар аударылып, мониторинг жүргізілді.

Атап айтқанда, Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты «Облыстық жас туристер станциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған мектеп оқушылары арасындағы жарыстарда балаларға жеткілікті тамақ берілмегендіктен олар аш қалып, малдың қи-тезектерінің үстінде түнеуге мәжбүр болғаны анықталды.

Жоғарыда келтірілген мәліметтер «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 Заңының 19-бабы (Баланың дем алуға және бос уақытын пайдалануға құқығы) талаптары кейбір жергілікті атқарушы органдар тарапынан жеткілікті дәрежеде орындалмайтынын көрсетті.

Осы мәселе бойынша бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Виртуалды қабылдау бөлмесіне хат жолданды.

Сондай-ақ балалардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру сапасын жақсартуға қатысты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Д.Ж. Нөкетаева Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі  А.Ұ. Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Үкімет басшысы өзінің ресми жауабында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыс жалғасатынын және Үкіметтің, уәкілетті орталық және жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында болатынын атап көрсетті.

http://senate.parlam.kz/kk-KZ/dep-requests/details/2198

Қазіргі кезде «2020 – 2023 жылдарға арналған каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Өкімінің жобасы дайындалып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында жарияланды.

http://www.edu.gov.kz/kz/dokumenti/detail.php?ELEMENT_ID=12352&#

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің әлеуметтік жобасы аясында «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» саласындағы заңнаманы жетілдіру үшін жұмыстар жүргізіліп, еліміздің қиыр оңтүстігінің ең түкпіріндегі Мырзашөл өңірінде (Түркістан облысы) орналасқан жалпы орта мектептердің педагогтарымен Қазақстан Республикасындағы балалардың жағдайы туралы баяндама бойынша талқылау өткізілді.

Іс-шара барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымы дайындаған Қазақстандағы балалардың жағдайын талдау туралы баяндаманың «Балалар еңбегі» бөліміндегі Түркістан облысындағы Мырзашөл өңірінде мақта жинау, басқа да науқандық жұмыстар кезінде балалардың мектепке бармай, мақта теру жұмыстарына жегілетіні жөніндегі мәліметтер және білім саласындағы өзге де өзекті мәселелер бойынша қызу пікірталас болды.

Осындай мәселелер бойынша мүдделі уәкілетті мемлекеттік құрылымдарға заңнамаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажеттігі туралы ұсыныстар жолданды.

Атап айтқанда, биылғы жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 359 қаулысымен жаңа редакцияда жазылған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы шеңберінде кадрлар даярлауға арналған бөлімі толық орындалмай қалды.

Мысалы, аталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жаңа редакциясында жұмыс күші артық 6 өңірдің: Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының 9, 11-сыныптарының түлектері жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасына қатысушылар болып табылатыны айқын жазылғанына қарамастан, Шымкент қаласындағы, сондай-ақ Түркістан облысының Жетісай, Шардара, Сарыағаш, Арыс, Түркістан, Кентау қалаларындағы мектептер мен колледждерді бітірген жастар бұл жобаға қатыса алмауына жол берілді.

Бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне нақты ұсыныстар жолданып, соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 27 қыркүйектегі № 425 бұйрығы қабылданып, «Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауды, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша кадрлар даярлауды, еңбек ресурстарын және қысқартылатын жұмыскерлерді қайта даярлауды, «100/200» қағидаты бойынша «Жас маман» жобасы шеңберінде еңбек нарығында сұранысқа ие білікті кадрлар даярлауды, сондай-ақ колледждер мен ЖОО-ларда кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының» жаңа редакциясы бекітілді.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V ҚРЗ Заңындағы «Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау» бойынша заңнамалық қағидалардың іс жүзінде толық жүзеге асырылмай отырғаны туралы ұсыныс жолданды.

Балаларды құқықтық ақпараттандыру мақсатында Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Асықата кентінде, Мақтаарал ауданының Мырзакент және Атакент кенттерінде «Мырзашөл» ақпараттық-білім беру орталығы, «Бала құқықтары» жазғы мектебі құрылып, жұмыс істеді.

«Мырзашөл» ақпараттық-білім беру орталығында жұмыс күші артық өңірлер санатындағы Мырзашөл өңірінің жастары мен олардың ата-аналары арасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы туралы жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің әлеуметтік жобасы аясында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы жөнінде 1 262 мектеп оқушысына, 388 ата-ана мен педагогқа, барлығы – 1 650 адамға ақпараттық кеңес берілді.

Ал «Бала құқықтары» жазғы мектебіне 300 оқушы қатысты.

Әлеуметтік жоба аясында балалар және жасөспірімдермен өзара іс-қимылды ұйымдастырудағы мұражайлардың, кітапханалардың және мәдени-демалыс үлгісіндегі мекемелердің ақпараттық-танымдық, шығармашылық және оқыту қызметін дамыту жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылды.

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің ұсынысымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы № 406 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында туристік саланы дамыту бойынша 2023 жылға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, Түркістан облысы «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту» кластеріне енгізіліп, Түркістан қаласы кластердің орталық нысаны ретінде айқындалып, оған облыстың бірқатар туристік нысандары, оның ішінде Шардара қаласы да кіріп отыр.

Бүгінгі күні Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандары бойынша арнайы туристік маршруттар әзірленді. Аталған маршруттарға Шардара ауданындағы Жаушықұмтөбе қалашығы, аудандық тарихи-өлкетану музейі, Шардара су қоймасы, Ұзын Ата кесенесі және Сүткент қалашығы, Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы «Мақта шаруашылығы тарихы музейі», Үтіртөбе қалашығы сияқты рухани, тарихи-мәдени нысандары енгізілді.

Мектептер мен колледждер оқушылары арасында «Бала құқықтары» тақырыбы бойынша эссе жазу конкурсы өткізіліп, оған 130-ға жуық жасөспірім өз жұмыстарын ұсынды.

«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 Заңының негізінде бала құқықтары бойынша мектеп бағдарламасының жобасы әзірленді.

2019 жылғы 25 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентінде «Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелері» атты Республикалық конференция өткізілді.

Аталған Конференция Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында 1959 жылғы 20 қарашадағы Бала құқықтары декларациясының қабылданғанына – 60 жыл, 1989 жылғы 20 қарашадағы Бала құқықтары туралы Конвенцияның қабылданғанына – 30 жыл, Женевада 1999 жылғы 17 маусымдағы Халықаралық еңбек ұйымы Бас конференциясының 87-сессиясында Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне тыйым салу және жою жөніндегі шұғыл шаралар туралы конвенция (182-конвенция) қабылданғанына – 20 жыл толуына арналды.

Аталған Республикалық конференцияға орай Үкімет мүшелері, салалық министрліктердің басшылары, сонымен бірге барлық облыстардың және Шымкент қаласының әкімдері өздерінің жылы лебізді құттықтаулары мен сараптамалық тұжырымдамаларын ұсынды.

Конференцияда «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің директоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD) Мырзантай Қожабайұлы Жақып арнайы баяндама жасады.

Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысына:

- Жұмыс берушіні жұмыс істейтін балаларға әлеуметтік салық және әлеуметтік аударымдар төлеуден босату;

- Жұмыс істейтін балаларды табыс салығын төлеуден босату;

- Жұмыс істейтін ата-аналардың бірінің әрбір баласына бір балаға бір ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде салық салынатын жиынтық табысты азайту;

- Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V ҚРЗ Еңбек Кодексінің 26-бабының 1-тармағының (Еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға салынатын тыйымдар және қойылатын шектеулер) 2) тармақшасында көрсетілген он сегіз жасқа толмаған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол берілмейтін ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың, сондай-ақ орындалуы олардың денсаулығы мен имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстардың тізіміне мақта шаруашылығындағы жұмысты қосу жөнінде ұсыныстар жолданды.

«Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелері» атты Республикалық конференцияның өткізілуі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің» жұмысын қайта жандандыруына жол ашты.

Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентінде «Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелері» атты Республикалық конференция өткізіліп жатқан 2019 жылғы 25 қыркүйек күні Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы «Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің» отырысы да өткізілді.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі жүзеге асырған әлеуметтік жоба бойынша мынадай нәтижелерге қол жеткізілді:

- Балалардың құқықтарын қорғау бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Үкіметке ұсыныстар берілді;

- Қосымша білім беру бағдарламаларын меңгеруге тартылған оқушылардың үлесі артты;

- Әлеуметтік жағдайлары төмен, өмірдің қиын жағдайын тап болған, көп балалы отбасыларды қамту деңгейі артты;

- Қоғамда отбасы, бала, ата-ана жауапкершілігі құндылықтарын қалыптастыруға, сондай-ақ балалар және балаларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтың санын төмендетуге үлес қостық;

- Жастар мен балалар, ата-аналар арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасы арттырылды.

 

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің қоғаммен байланыс қызметі.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

02.03.2020
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесі еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға және «Журналистика және репортер ісі» білім беру бағдарламалар тобы бойынша кәсіптік бағдар беруге арналған еркін тақырыптар бойынша «ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» атты шығармалар конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Шығармаларды кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
28.02.2020
«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 293-VІ ҚРЗ Заңының 15-бабының (Педагогтің міндеттері) 1-тармағының 3)-тармақшасы бойынша педагог өзінің кәсіптік шеберлігін, зерттеу, зияткерлік және шығармашылық деңгейін үздіксіз жетілдіруге, оның ішінде біліктілік санаты деңгейін бес жылда бір реттен сиретпей арттыруға (растауға) міндетті.
20.12.2019
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты бойынша Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі коммерциялық емес ұйымының бастамасымен «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» тақырыбында 2019 жылы жүзеге асырылған жұмыстардың қорытындысы туралы бейнебаянды назарларыңызға ұсынамыз.