МЫРЗАШӨЛ ЖӘНЕ ШАРДАРА ӨҢІРЛЕРІН ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА ҚАШАН АЙНАЛДЫРАМЫЗ?

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Өзбекстанға сапарынан кейінгі ой

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылдың 14-15 сәуір күндері Өзбекстан Республикасына барған алғашқы мемлекеттік сапарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мұқият қарап, қадағалап отырдық.

Әсіресе, мемлекетіміздің басшысы айтқан Ташкент қаласындағы «Өзбекстан» халықаралық форумдар сарайында өткізілген Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсіміндегі: «Шұғыл түрде түркі дүниесінің ғана емес, әлемдік мәдениеттің мақтанышына айналған біздің елдеріміздің басты рухани және тарихи орталықтарын бір-бірімен байланыстыратын Түркістан, Самарқанд, Бұхараны бір бағытқа қосатын туристік кластерін ашуға болады деп есептеймін», - деген ұсынысын барынша қолдап-қуаттаймыз.

Осыған орай, Қазақстанның Түркістан және Өзбекстанның Самарқанд, Бұхара қалаларының аралығындағы туристік кластерге Түркістан облысындағы Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарының аумақтарындағы рухани, тарихи-мәдени ескерткіштерді қосуды ұсынамыз.

Еліміздің оңтүстік өңірлеріне баратын шетелдік және отандық қонақтардың ерекше туристік қызығушығын тудыратын осындай маңызды орындар туралы біраз мәліметтерді біз өзіміздің 1998 жылы басылып шыққан «Мырзашөлім – мырза елім» атты ғылыми монографиялық еңбегімізде ортаға салған едік.

Мысалы, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Түркістан өлкесіне зерттеу жұмыстарын жүргізген арнайы ғылыми экспедициялар қазіргі Мырзашөл мен Шардара өңірлерінен Түркістан қаласына дейінгі аралықта тарихи Шардара қала-бекiнiсiнiң, сондай-ақ ежелгi Ұзын Ата, Қысты, Сүткент, Байырқұм, Ешкiлi, Жартөбе, Рабат, Қауған Ата, Артық Ата, Разды Ата, Оқсыз қалаларының қираған орындарын қағазға түсіріп, Қаракөл, Жолбарыс, Көксарай, Шеңгелдi, Балтакөл, Мыңтөбе, Ешкiөлмес, Мұрынбұлақ, Боранжол, Қарақ Ата елдi мекендерi жайында көптеген тарихи деректер жазып қалдырған.

Ұзын Ата кесенесі

Біздің осы ғылыми монографиялық еңбегіміздегі мәліметтерді негізге ала ала отырып, отандық ғалымдарымыз 2004-2005 жылдардан бастап әртүрлі экспедициялар ұйымдастырып, Мырзашөл және Шардара өңірлеріндегі орта ғасырлық Үтіртөбе – Үтірлі (VII-XII ғ.ғ.), Асық Ата, Шардара (ІV-XII ғ.ғ.), Жаушықұм, Сейіттөбе (I-XII ғ.ғ.), Көксу (ІV-XII ғ.ғ.), Сүткент (І-V ғ.ғ.), Байырқұм ежелгі қалаларының орындары мен Ұзын Ата, Мұңлық-Зарлық тарихи кесенелеріне арнайы барып, археологиялық барлау және қазба жұмыстарын жүргізді.

Ойымызды түйіндеп айтсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымдағы № 406 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасының» «Қазақстан Республикасында туризм индустриясын дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері» атты 4-ші бөлімінің «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» деп аталатын 4-ші тармақшасына өзгертулер мен толықтырулар енгізген дұрыс болар еді.

Жоғарыда көрсетілген Тұжырымдамадағы «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластеріне Түркістан қаласы мен Шардара қаласы аралығындағы ежелгі тарихи елді мекендердің орындары мен тарихи кесенелерді, сондай-ақ Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі Мақта шаруашылығы тарихының музейі секілді туристердің қызығушылығын тудыратын орындарды енгізу қажет деп ойлаймыз.

Егер мемлекеттік бюджет есебінен қажетті қаражат бөлініп, тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізілетін болса, тарихи шаһар Түркістаннан Шардара қаласы арқылы Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентіне апаратын жол бойында, Сырдарияның сол жағалауында еліміздің қазіргі заманғы, жоғары тиімді және бәсекеге қабілетті туристік саласын қалыптастыруға мүмкіндік беретін ежелгі тарихи ескерткіштер мен ежелгі елді мекен орындары аз емес.

Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі туризмді дамытуға бағытталған «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластерін Түркістан – Шардара қалалары – Мақтаарал ауданының Мырзакент кенті аралығында жаңа туристік бағытпен толықтырып, осы өңірдегі туризм орындарын инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылыммен дамыту, жол бойындағы туристік нысандарға жетуге жағдай жасау, туристер демалатын жерлердегі қызмет көрсету сапасының деңгейін жақсарту және тағы да басқа мәселелерді шешуге ерекше назар аударылып, көңіл бөлінуі тиіс.

Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған Қазақстанның Түркістан және Өзбекстанның Самарқанд, Бұхара қалаларының аралығындағы туристік кластерге Түркістан облысындағы Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарының аумақтарындағы рухани, тарихи-мәдени ескерткіштерді қосу қажет.

Фотосуреттер Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтынан және Интернет желісінен алынды.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің және «Kásiptik baǵdar» медиабілім ғылыми орталығы» мекемесінің директоры.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

15.07.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2019 жылғы «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» атты тақырыптағы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік грантын ұтып алған болатын.
24.06.2019
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі Түркістан облысының Мырзашөл өңірінде Ақпараттық-білім беру орталығын құруды және «Балалар құқығы» жазғы мектебін ашуды жоспарлап отыр.
21.06.2019
Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Елбасы конференцияда сөйлеген сөзінде еліміздің бірінші басшысы лауазымындағы бүкіл қызметі Қазақстанды дамытуға арналғанын атап өтті.