МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНДЕГІ АСЫҚАТА КЕНТІНДЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЛАЛАР ЕҢБЕГІНІҢ ЕҢ НАШАР ТҮРЛЕРІНІҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТКІЗІЛДІ

2019 жылғы 25 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентінде «Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелері» атты Республикалық конференция өткізілді.

Аталған Конференция Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында 1959 жылғы 20 қарашадағы Бала құқықтары декларациясының қабылданғанына – 60 жыл, 1989 жылғы 20 қарашадағы Бала құқықтары туралы Конвенцияның қабылданғанына – 30 жыл, Женевада 1999 жылғы 17 маусымдағы Халықаралық еңбек ұйымы Бас конференциясының 87-сессиясында Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне тыйым салу және жою жөніндегі шұғыл шаралар туралы конвенция (182-конвенция) қабылданғанына – 20 жыл толуына арналды.

Еліміздің қиыр оңтүстігіндегі кіп-кішкентай аумақта халық өте тығыз орналасқан, негізінен мақта шаруашылығына маманданған ерекше өңір ретінде кеңінен танымал Мырзашөлдегі Асықата кентінде ұйымдастырылған, Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелеріне арналған осынау Республикалық конференцияға орай Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Васильевич Скляр, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетов, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Бидайбекұлы Нұрымбетов, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Руслан Ерболатұлы Дәленов, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев, сонымен бірге барлық облыстардың және Шымкент қаласының әкімдері өздерінің жылы лебізді құттықтаулары мен сараптамалық тұжырымдамаларын жолдады.

Конференцияда «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің директоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD) Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП «Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелері» туралы арнайы баяндама жасады.

Баяндамашы мына мәселелерге ерекше тоқталды:

«Бала құқықтары туралы Конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысы қабылданған.

«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 Заңының 1-бабының 2) тармақшасы бойынша бала – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам.

Аталған Заңның 16-бабында баланың еңбек бостандығына құқығы атап көрсетілген:

1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.

2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.

3. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртiбi және олардың еңбегін реттеудің басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленедi.

4. Баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындауға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.

2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 31-бабында еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас мөлшері белгіленген, яғни он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңының 47-бабының (Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі) 4-тармағы, 2) тармақшасы бойынша ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің оқудан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштастыруға құқығы бар.

2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 31-бабында еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас мөлшері белгіленген, яғни он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңының 47-бабының (Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі) 4-тармағы, 2) тармақшасы бойынша ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің оқудан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштастыруға құқығы бар.

2013 жылдың желтоқсан айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Балалар Қоры «Қазақстандағы балалардың және әйелдердің жағдайын талдау» атты арнайы есеп жариялады.

Бұл талдауда балалардың әл-ауқатына қатысты аймақтардағы соңғы бес жыл ішіндегі ең маңызды зерттеу және талдаудың нәтижелерін пайдаланып, Қазақстандағы балалардың жағдайына шолу берілген.

Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымы және оның даму саласындағы серіктестері 2008 және 2013 жылдар арасында Қазақстандағы балалардың құқықтары саласында өткізген ұлттық және жергілікті шенеуніктермен және тұлғалармен бірқатар сұхбаттардың, әрі негізгі есептерді, зерттеулерді, сауалнамаларды және бағалауларды қарап шығудың нәтижесі.

Аталған осы есептің «Балалар еңбегі» атты бөлімінде мынадай деректер келтірілген:

«Халықаралық Еңбек Ұйымының тапсырысымен жүргізілген зерттеуге сәйкес Қазақстандағы кейбір балалар ауыл шаруашылығындағы балаларға зиянды жұмысқа араласады. Олар көбінесе күніне 10-13 сағат жұмыс істейді.

Балалар еңбегін темекі егу саласында пайдалану деңгейі Алматы облысында жылдам төмендеді.

Алайда, балалар әлі де мақта және көкөніс егу саласындағы жұмысқа араласады. Көкөніс саласында жұмыс істейтіндердің 47 пайызы 15-17 жаста.

Мақта егуде жұмысшылардың 42 пайызы 12-14 жастағы балалар және тағы 40 пайызы 15-17 жастағылар болып табылады.

Еңбек күшінің жетіспеушілігі мақта өрістерінде балалардың еңбегі пайдаланылуының басты себебі болып табылады.

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында мақта өсіру табыс табудың жалғыз көзі болып табылады. Балалар жанұяның мақта өрісінде жұмыс істейді және басқа фермерлерге де жалданады, бұл еңбек құқықтары мен балаларды қорғау жөніндегі ұлттық заңнамаға қайшы келеді.

Бұл балалардың көпшілігі кедей жанұялардан шыққан және олар көбінесе жанұядағы жалғыз асыраушы болып табылады.

Қыздар көбінесе үй шаруашылығына (үй тазалау және тамақ пісіру) жақын, ал ұл балалар көкөніс өсіру жұмыстарымен айналысады.

Мақта өсіруде жыныстық ерекшеліктің маңызды рөлі жоқ.

Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін балалар қорғаныш киімдерді сирек киеді және қолайсыз ауа райы жағдайларына, химикаттарға, зиянды жабдықтарға және құралдарға қарсы нашар қорғалған.

Ауыз су ішу, дәретхана пайдалану, тамақ ішу мен демалу орындары және алғашқы көмек көрсету жабдығының болуы шектеулі. Олар лас әрі жоғары температурада жұмыс істейді, көбінесе ауыр жүк көтеруге мәжбүр және демалмай ұзақ уақыт жұмыс істеуі мүмкін.

Сандж зерттеуі кейбір балаларға жәндіктер мен жыландардың шағып алу қаупі төнетінін көрсетті. Балалар бас ауруына, қалжырауға, белдің ауруына және күнге күюге шағым жасайды.

Жұмыс кезінде бақытсыз жағдай орын алғанда балалар өздерімен бірге жұмыс істейтін ата-анасының немесе ересектердің көмегін алады және медициналық көмек шектеулі.

Жұмыс істейтін балалардың мектепке баруы шектеулі.

Зерттеуге қатысқан 12-14 жасар жұмыс істейтін балалардың ішінде 15 пайызы оқи алмайды, ал 11 пайызы жазу білмейді.

Мақта өсіруге қатысатын бала жұмысшылардың 44 пайызы мақта теру мезгілінде мектепке тұрақты түрде бармаған.

Мақта жинау кезінде мектепке бармайтын балалардың ең көбі (57 пайызы) 15-17 жастағы балалар тобы болып табылады.

Оңтүстік Қазақстан облысында мақта теру кезінде (қыркүйектен қарашаға дейін) балалардың көпшілігі мектепке бармайды деген пікір бар, бірақ нақты мәліметті статистика жоқ, себебі мұғалімдер балаларды сабаққа келген деп тіркейді.

Басқа ауыл шаруашылықты аймақтарда балалар мектепке жоғарыда айтылған деңгейде қалдырмайды, көршілес мемлекеттердің маусымдық мигранттарының көптеген балалары оқу жылында оқу жылы барысында жұмыс істейді.

Сондай ақ, мақта теруге қатысатын балалардың өз үй жұмыстарын аяқтауға уақыттары жетпейді, мақта теру даласында жұмыс істейтін балалардың 70 пайызы өздерінің үй тапсырмаларын түнде орындауға мәжбүр болатынын мәлімдеді.

Көптеген балалар да үй тапсырмасынан бұрын орындауы қажет үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындауға міндеттенеді.

Көптеген жұмыс істейтін балалардың қазақстандық емес, Өзбекстан не Қырғызстан сияқты елдерден мигрант жанұялармен бірге келген.

Соңғы кездерге дейін мигранттардың балалары Қазақстанда білім алуы қиындықтар келтіретін. Ата-анасымен бірге маусымдық жұмысқа келген балалар көбінесе сауатсыз, олардың көпшілігі мектепке ешқашан бармаған».

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Балалар Қоры «Қазақстандағы балалардың және әйелдердің жағдайын талдау» атты арнайы есебі 2013 жылдың желтоқсан айында, осыдан алты жыл бұрын жарияланғанына қарамастан, ондағы айтылған мәселелер әлі күнге дейін өте өзекті, аса маңызды деп санаймыз.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 20 шілдедегі «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні Қазақстан Республикасының орындауы туралы екінші кезеңдік баяндаманы бекіту туралы» № 435 қаулысы қабылданған.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне белгіленген тәртіппен Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні Қазақстан Республикасының орындауы туралы екінші кезеңдік баяндаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жіберу жүктелген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 20 шілдедегі № 435 қаулысымен бекітілген «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні Қазақстан Республикасының орындауы туралы екінші кезеңдік баяндамада» Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі комитеттің 2010 жылғы 3-21 мамыр кезеңінде өткен 44-сессиясында берілген қорытынды ескертпелерде берілген ұсынымдарды іске асыру нәтижелері баяндалады.

Баяндамада 27-ші ескертпе ұсынымды іске асыру былайша сипатталған:

- Мемлекет кәмелетке толмағандардың еңбегіне қойылатын заңнамалық талаптарды белгілеп, олардың сақталуын бақылайды;

- Еңбек инспекторлары тексерулер барысында 2016 жылы жұмысқа кәмелетке толмаған балаларды тарту арқылы еңбек заңнамасын бұзудың 17 фактісін анықтаған (Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қ.);

- Мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілер кәмелетке толмағандармен еңбек шартын жасаспайтынын, оларды ата-анасының біреуінің, қамқоршысының, қорғаншысының немесе асырап алушысының жазбаша келісімінсіз жұмысқа тартатынын анықтады;

- Барлық фактілер бойынша жұмыс берушілерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді және олар әкімшілік жауаптылыққа тартылды;

- Халықаралық Еңбек Ұйымының қолдауымен әрбір өңірде жыл сайын 1 және 12 маусым аралығында «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық науқаны өткізіледі;

- «Қазақстан балалары – Нұрлы болашақ» республикалық акциясының шеңберінде 2016 жылғы 1 және 12 маусым аралығында «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» 11-ші ұлттық ақпараттық науқаны (ҰАН) өткізілді;

- Ішкі істер органдарының, білім беру басқармасының өкілдерімен бірлесе отырып, Үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен өңірлерде шұғыл-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Ағымдағы жылы бірнеше рет «Балалар түнгі қалада», «Жұмыспен қамту» шұғыл-профилактикалық іс-шаралар-акциялары өткізілді;

- Балалар еңбегінің ең жаман түрлерін жою бойынша жұмыстағы елеулі нәтиже Қазақстанда темекі өсіруді балалар еңбегі пайдаланыла отырып, өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдары тізімінен алып тастау болып табылады (ақпарат көзі: АҚШ-тың Еңбек жөніндегі мемлекеттік департаментінің есебі);

- Қазақстан Республикасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге әсер етуші экономикалық тетіктерді қолдана отырып, балалар еңбегінің ең жаман түрлерін барынша азайту тәжірибесі бар. Мәселен, «Филип Моррис Қазақстан» компаниясы фермерлермен (шаруа қожалықтарымен) жасаған келісімшарттарында Алматы облысының темекі плантацияларында балалар және мәжбүрлі еңбекке жол бермеу шарттарын көздеген;

- Оңтүстік Қазақстан өңірінде де балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес бойынша ұқсас тетікті қолдану жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда Оңтүстіктегі 8 ауданның (Мақтаарал, Сарыағаш, Шардара, Отырар, Ордабасы, Бәйдібек, Кентау, Арыс) Білім бөлімдері, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдері, Балалар құқықтарын қорғау басқармасы, аумақтық кәсіподақтар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында Еңбекті заңсыз пайдалану фактілерін жою бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандум жасалды.

Қазақстанда көшеде өмір сүретін балалар жоқ. Елімізде халықаралық стандарттарға сай институционалдық және заңнамалық деңгейде бала құқықтарын қорғаудың ұлттық моделі қалыптастырылды.

Елімізде балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, негізінен мақта шаруашылығына маманданған Мырзашөл өңірінде кәмелет жасына толмаған балалардың мектепке барып, білім алудың орнына алқаптарға барып жұмыс істеп, мақта теру науқанына қатысуы сирек болса да, кездесіп қалатыны құпия емес.

Балаларды қыркүйек айында басталатын мақта теру жұмыстарына жегу олардың денсаулығына аса ауыр зардабын тигізумен бірге, сапалы білім алуына да барынша кедергі келтіретіні – әбден дәлелденген ащы ақиқат.

Сондықтан елімізде мектеп оқушылары мен кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге білім беру ұйымдарындағы сабақтарына жібермей, мақта тергізу әрекеттеріне заң бойынша тиым салу қажет.

Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысына мынадай ұсыныстар жолданды:

- Жұмыс берушіні жұмыс істейтін балаларға әлеуметтік салық және әлеуметтік аударымдар төлеуден босату;

- Жұмыс істейтін балаларды табыс салығын төлеуден босату;

- Жұмыс істейтін ата-аналардың бірінің әрбір баласына бір балаға бір ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде салық салынатын жиынтық табысты азайту;

- Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V ҚРЗ Еңбек Кодексінің 26-бабының 1-тармағының (Еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға салынатын тыйымдар және қойылатын шектеулер) 2) тармақшасында көрсетілген он сегіз жасқа толмаған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол берілмейтін ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың, сондай-ақ орындалуы олардың денсаулығы мен имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстардың тізіміне мақта шаруашылығындағы жұмысты қосу;

- Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандары орналасқан Мырзашөл өңіріне арналған «Дарынды балалармен жұмыс жөніндегі өңірлік ғылыми-практикалық орталық» ашу;

- Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде Түркістан облысы білім басқармасына қарасты «Мақтаарал ауданының дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесін ашу;

- Мақтаарал ауданындағы Атакент және Жетісай ауданының Асықата кенттерінде тиісінше химия-биология және физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін ашу;

- Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі Мақта шаруашылығы тарихы музейіне арнап жаңа ғимарат салып, музейге Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты республикалық мәртебе беру;

- Мақтаарал ауданының Атакент кентіндегі Мақтаарал аграрлық колледжіне Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты жоғары оқу орны мәртебесін беру.

Конференцияда көтерілген мәселелер бойынша ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысын өткізді.

Конференцияға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі ретінде Түркістан облыстық Полиция департаменті Криминалды полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Ғалымжан Саттарұлы Қуашбаев, Атырау қалалық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Нургуль Нысанбаевна Масакаева, Атырау қалалық білім бөліміне қарасты жалпы білім беретін №9 Ш. Уәлиханов атындағы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зульфат Избасовна Акмурзиева, Шымкент қаласы әкімдігінің Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының Қорғаншылық пен қамқоршылық дамыту бөлімінің бас маманы Алия Алеухановна Утебаева, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Шералы Оспанәліұлы Қаныбеков, Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының тәрбие бөлімінің басшысы Самат Тілеулиев, Түркістан облысы, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жанұзақұлы Жолдасбеков, Түркістан облысы, Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсынбай Азратұлы Мырзалиев, Жетісай аудандық білім бөлімі Әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Разия Орынбасарқызы Исаева, Жетісай және Мақтаарал ауданындағы жалпы білім беру ұйымдарының басшылары, барлығы 300-ге жуық адам қатысты.

Конференцияға жиналған қауым осындай іс-шараларды халық тығыз қоныстанған Мырзашөл өңірінде тұрақты түрде жүйелі өткізіп тұру қажет деген ұйғарым жасады.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

29.11.2019
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты бойынша Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі коммерциялық емес ұйымы Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданы әкімдігімен және Мақтаарал ауданының Білім бөлімімен бірге «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» тақырыбы бойынша 2019 жылы жүзеге асырылған жұмыстардың қорытындысына арналған іс-шаралар ұйымдастырды.
27.11.2019
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («серпін») жобасымен білім алып жүрген студент-жастар арасында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік
07.11.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары (мектептер мен колледждер) оқушылары арасында «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» атты тақырыпқа эссе жазу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.