ОҢТҮСТІК ӨҢІРІНІҢ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ЕЛБАСЫМЫЗДАН МЫРЗАШӨЛДЕ ЖАҢА ОБЛЫС АШЫЛЫП, БҰРЫНҒЫ АСЫҚАТА АУДАНЫ ҚАЙТА ҚҰРЫЛУЫН ӨТІНІП ОТЫР


Оңтүстік өңірі жұртшылығының Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атына жазылған, Мырзашөлде жаңа облыс ашылып, бұрынғы Асықата ауданы қайта құрылуын өтінген хаты Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақорда» резиденциясына жолданды. Мырзашөлдің мыңдаған тұрғыны қол қойған бұл хатта былай деп жазылған:


Қазақстан Республикасының Президенті

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа

010000, Астана қаласы, Сол жағалау,

ҚР Президентінің «Ақорда» резиденциясы


Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!


Сіздің 2019 жылғы 27 ақпан күні өткізілген «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіндегі еліміз бойынша халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған өңірлік саясатты жүзеге асыру мақсатындағы, Қазақстанның әрбір өңірінің стратегиялық тұрғыдан маңызын ескере отырып, Үкіметке берілген өмір сүру сапасы бойынша жетілдірілген өңірлік стандарттарына негізделген еліміздің Жаңа Картасын қалыптастыру қажеттігі туралы тапсырмаларыңызға Түркістан облысындағы Мырзашөл өңірінің жұртшылығы ыстық ықыласпен қызу қолдау білдіріп отыр.

Өзіңіздің 2018 жылғы 5 маусымдағы № 698 Жарлығыңызбен Мақтаарал ауданын бөлу жолымен əкімшілік орталығы Жетісай қаласындағы Жетісай ауданы, əкімшілік орталығы Мырзакент кентіндегі Мақтаарал ауданы құрылғанын, сонымен бірге Сіздің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығыңызбен облыстың ресми атауы Түркістан облысы деп өзгертіліп, өңірдің әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілуін де жергілікті халық ерекше қуанышпен қарсы алды.

Сіздің «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде ұсынған халықты әлеуметтік қолдауды күшейтуге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған шараларыңызды, осы мақсатқа бюджеттен және Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлу туралы Үкіметке берген тапсырмаларыңыз бойынша бұл қаражат аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету ісін күшейту, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының баспана жағдайын жақсарту мүмкіндіктерін арттыру және өңірлерді дамыту саясатын түбегейлі өзгерту секілді маңызды міндеттерді шешуге бағытталуы Мырзашөл өңірінің халқына айрықша құлшыныс сыйлап отыр.

Сондай-ақ 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауыңызда: «Еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізуді қамтамасыз ету қажет», - деп атап көрсете отырып, 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын және Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырған едіңіз.

Осыған орай, Сізге мынадай мәселелер бойынша хат жолдап отырмыз:

1) Өзіңіздің 1997 жылғы 24 сәуiрдегi № 3474 Жарлығыңызбен таратылған Мырзашөл өңіріндегі Асықата ауданын қайта ашу мәселесі қазіргі кезде өте өзекті болып отыр.

2) Сіздің Үкіметке арналған осы тапсырмаңыздағы Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын және Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеу барысында Түркістан облысының әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты халық өте тығыз орналасқан Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Сарыағаш және Келес аудандарының Өзбекстанмен шекарадағы өте алыс түкпірде қалып қоюына байланысты Түркістан облысын екіге бөліп, Мырзашөл, Шардара және Сарыағаш өңірлеріндегі аудандардан еліміздің 15-ші жаңа Мырзашөл облысын құруыңызды өтінеміз.

3) Мырзашөл өңірінің жергілікті халқы Атакент, Мырзакент және Асықата кенттеріне қала мәртебесін беріп, аталған елді мекендерді дамытудың арнайы бағдарламасын жасауды сұрайды.

1. Сіздің 1997 жылғы 24 сәуiрдегi № 3474 Жарлығыңызбен таратылған Мырзашөл өңіріндегі Асықата ауданын қайта ашу туралы өтініш білдіруіміздің себептері мынадай.

Сіздің тапсырмаңызбен Мырзашөл өңірі жұртшылығының талап-тілектері бойынша тиісінше қажетті құжаттар дайындалып, «Электрондық үкімет» веб-порталында 2018 жылғы 23 ақпанда Елбасымыз – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Оңтүстіктегі Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бес ауданға бөліп, бұрынғы Мақтаарал, Жетісай, Асықата, Сарыағаш және Келес аудандарын қалпына келтіру туралы арнайы Жарлығының, ал 2018 жылғы 28 ақпан күні «Электрондық үкімет» веб-порталында тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Оңтүстік Қазақстан облысы Асықата, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының шекараларын белгілеу туралы» қаулысының жобалары жарияланған болатын.

Жоғарыда аталған маңызды ресми құжаттардың жобаларында және ғалымдардың ғылыми сараптамалық ұсыныстарында Мырзашөл өңіріндегі 1997 жылы бір ауданға біріктірілген үш ауданды да – Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарын бұрынғы тарихи қалпына келтіре отырып үш аудан етіп қайта құру – қазіргі уақыт талабы екені, өйткені қажетті ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізу, қадағалау, бақылау, халыққа қызмет көрсету тиімділігі артатыны ерекше атап көрсетілген еді.

Ғылыми сарапшылардың тұжырымдарына сүйенсек, саяси тұрғыдан алғанда, қазіргі таңда бұрынғы Асықата ауданының ашылмай қалуы салдарынан Мырзашөл өңірінің кейбір елді мекендерінде, әсіресе, шалғайда орналасқан аймақтарда экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешудегі оң өзгерістер өте баяу жүргізіліп жатыр.

Халық санының көптігіне байланысты елді мекендерді жедел басқаруда да көптеген қиындықтар туындап отыр. Бұл жағдай, әсіресе, шалғайдағы ауылдардағы әлеуметтік инфрақұрылымдардың жедел дамуына кері әсерін тигізуде. Қазіргі талапқа сай күнделікті атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, бақылап отыру мен қордаланып қалған күрделі мәселелерді дер кезінде, жедел шешуде қолбайлау болатын жағдайлар көбейіп, қиындықтар туғызуда.

Қарапайым халық кейде қажетті анықтамаларды немесе басқа да құжаттарды алу үшін сонау шалғайдағы елді мекендерден әуре-сарсаңға түсіп, қазіргі аудан орталығы Жетісай қаласына қатынауына тура келіп отыр. Бұл ретте жұртшылық аудан орталығына бару үшін алдымен бұрыннан қалыптасқан бұрынғы аудан орталығы Асықата кентіне жетіп, содан кейін ғана Жетісай қаласына қатынап жүр.

Мырзашөл өңірінде тұрып жатқан жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына және аймақтың экономикалық дамуына болжамдық сараптама жасаған ғалымдар мен білікті сарапшы-мамандардың 1997 жылы бір ауданға біріктірілген бұрынғы Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарының үшеуін де қайта қалпына келтіру қажеттігі туралы жоғарыда баяндалған ұсыныстары мен қорытындыларына қарамастан, 20 жылдан астам уақыт бойы сол кездегі экономикалық қиындықтардың салдарынан уақытша бір ауданға біріктірілген Мақтаарал және Жетісай аудандары 2018 жылғы 5 маусымда қайта ашылды да, ал Асықата ауданы құрылмай қалды, тарихи қалпына келтірілмеді.

Осыған байланысты Мырзашөл өңірінің халқы Сізден Өзіңіздің 1997 жылғы 24 сәуiрдегi № 3474 Жарлығыңызбен таратылған Асықата ауданын қайта ашып беруіңізді өтініп отыр.

Егер Мырзашөл өңірін игеру жұмыстары қарқынды жүргізілген тұста – сонау 1940 жылғы 10 қарашадағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының арнайы Жарлығымен құрылған, келесі жылы шаңырақ көтергеніне 80 жыл толатын, өкінішке қарай, 1997 жылы жабылып қалған Асықата ауданы қайтадан құрылатын болса, онда Мырзашөл өңіріндегі аймақтарды басқару жүйесінің сапасы артып, тиісінше мемлекеттік бағдарламалар мен Үкіметтен, облыстан келген тапсырмалардың орындалуына бақылау жасау да жақсара түсер еді.

Асықата ауданының қайта ашылуы Мырзашөл өңіріндегі елді мекендердегі халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін және инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету міндеттерін жедел және сапалы шешуге септігін тигізер еді.

Егер Асықата ауданы қайта құрылатын болса, онда Асықата ауданының құрамына 93 мыңнан астам халықты қамтитын 1 кент (аудан орталығы Асықата кенті), 7 ауылдық округ, 83 елді мекен енгізіліп, ал Жетісай ауданының құрамына 103 мыңнан астам халық, 1 қала (қазіргі аудан орталығы Жетісай қаласы), 6 ауылдық округ, 42 елді мекенді өз алдына бөлек аймақ ретінде басқару жеңілдейтін еді.

Егер Асықата ауданы қайта құрылатын болса, онда Асықата ауданының аумағы 64 435 гектарды, ал Жетісай ауданының аумағы 55 992 гектарды құрайтын еді.

Еліміздің халықаралық дәрежедегі мәртебесі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, Өзбекстан Республикасымен шекаралас аудандарда үш ауданның – Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарының болуы еліміз экономикасының өндірістік және бейөндірістік салаларының алға қарай қарыштап дамуына жаңа серпін беріп, соның нәтижесінде Мырзашөл өңірінің халқы арасындағы жұмыссыздық деңгейін анағұрлым төмендетуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін еді.

Жетісай ауданының әкімшілік орталығы Жетісай ауданында қалатындықтан, қосымша бюджет шығындары орталығы Асықата кенті болатын Асықата ауданын ашуға жұмсалатын еді.

Сізден сонау 1940 жылы құрылып, 1997 жылы жабылып қалған, Түркістан облысының бұған дейінгі басшыларының тікелей кінәсінен ашылмай қалған Мырзашөл өңіріндегі Асықата ауданын қайта құруыңызды сұраймыз.

Асықата ауданы қайта ашылса, Мырзашөл өңірінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жастарымыз жұмыссыздықтан арылып, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайы жақсара түсер еді.

2. Сіздің Үкіметке арналған тапсырмаңыздағы Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын және Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеу барысында Түркістан облысының әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты халық өте тығыз орналасқан Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Сарыағаш және Келес аудандарының Өзбекстанмен шекарадағы өте алыс түкпірде қалып қоюына байланысты Түркістан облысын екіге бөліп, Мырзашөл, Шардара және Сарыағаш өңірлеріндегі аудандардан еліміздің 15-ші жаңа Мырзашөл облысын құру туралы ұсыныс жолдап отырмыз.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіріліп, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 ақпандағы № 74 қаулысымен Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бекітілген.

Үкіметіміз бекіткен Шымкент агломерациясының перспективалық экономикалық әсер ету және әлеуеттік даму аймағындағы елді мекендерінің ауданы:

1) Шымкент қаласы – 38244 га;

2) Сарыағаш қаласы – 2904 га;

3) Леңгір қаласы – 2047 га;

4) Арыс қаласы – 3327 га;

5) Арыс қаласының қалалық әкімшілігі – 8507 га;

6) Бәйдібек ауданы – 30853,3 га;

7) Қазығұрт ауданы – 39701 га;

8) Ордабасы ауданы – 19854 га;

9) Сайрам ауданы – 59067 га;

10) Сарыағаш ауданы – 15192 га;

11) Төлеби ауданы – 45912 га;

12) Түлкібас ауданы – 20550 га құрады.

Шымкент агломерациясы елді мекендеріндегі жердің жалпы алаңы 286158,3 га құрайды. Жобалаудың есептік мерзіміне қарай Шымкент қаласын есепке алғанда қалалық және ауылдық елді мекендердің жалпы ауданы 291080,15 га құрайды.

Сонымен бірге Үкіметіміз халықтың көші-қон ағынын ұстап қалу және агломерация өзегін «жеңілдету» үшін онда өңдеу өндірісі, қызмет көрсету саласы, туристік-рекреациялық кешен объектілерін дамыта отырып, негізгі жоспарлы осьтер бойынша тартылыс орталықтары және контрмагниттер сияқты агломерацияның ірі елді мекендерін дамыту ұсынылған.

Контрмагниттер рөлінде аудандардың мынадай әкімшілік орталықтары анықталды:

1) оңтүстік бағытында – Сарыағаш қаласы (рекреация, туризм, минералды су өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру);

2) батыс бағытында – Арыс қаласы – Қазақстанның ірі теміржол торабы;

3) шығыс бағытында – Т. Рысқұлов ауылы (құрылыс материалдарын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру);

4) елді мекендерді – серіктестерді / халықтың ішкі көші-қонының орталықтарын дамыту: Леңгір қаласы, Ақсу, Қазығұрт, Бадам, Темірлан, Төрткөл, Шаян ауылдары.

Жоғарыда атап көрсетілген ресми құжаттан көріп отырғанымыздай, Үкіметіміз бекіткен Шымкент агломерациясының перспективалық экономикалық әсер ету және әлеуеттік даму аймағындағы елді мекендерінің аумақтарына қазіргі Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандары енгізілмеген.

Біз Елбасымыздың бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы шешімін жан-тәнімізбен қолдаймыз.

Алайда жергілікті тұрғындар арасында «Еліміздің ең қиыр күнгей түкпіріндегі Мырзашөл өңірі мен Шардара ауданының халқы үшін облыс орталығының Түркістан қаласына көшірілуі қаншалықты тиімді?» деген сауалдың туындап отырғаны да өте орынды деп есептейміз.

Кейбір деректер бойынша халқының саны 500 мың адамнан асып жығылатын Мырзашөл өңіріндегі қазіргі Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінен Шымкентке дейінгі қашықтық – 250 шақырым. Ал Түркістан қаласы Шымкенттен 170 шақырым қашықтықта орналасқан. Облыс орталығы Түркістанға көшірілген соң 500 мыңдай халық тұратын Мырзашөл өңіріндегі ағайындарымыз, яғни Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарының тұрғындары Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығына барып-келу үшін Шымкент және Шардара қалалары арқылы 1000 шақырымға жуық жол жүруіне, кемінде екі күнді тек жолға сарп етулеріне тура келіп отыр.

Жергілікті халықтың Мақтаарал және Жетісай аудандарынан Түркістан қаласына Шардара және Отырар аудандары мен Арыс қаласының аумақтары арқылы барып-келуіне мұндағы жергілікті маңызы бар жолдарымыз дайын ба?

Мырзашөл өңірінде тұрып жатқан жергілікті тұрғындарды Сарыағаштан Түркістанға апаратын темір жол қатынасы, жолаушыларды тасымалдайтын пойыздардың жүру жағдайы қандай?

Жоғарыда аталған Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының халқы Түркістан облысының жаңадан бекітілген ресми әкімшілік орталығынан тым қашықта, өте алыс түкпірде қалып қойып отыр.

Қазіргі таңда Мырзашөл өңірі халқының Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығына барып-келуі барынша қиындап кетті.

Бүгінде қайта қалпына келтірілген Мақтаарал және Жетісай аудандарының әкімдеріне еңбек күші мол Мырзашөл өңірінен еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне қоныстану бойынша жергілікті жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту; өңірдің халқын еліміздің солтүстік өңірлерінде шаруашылықпен айналысуға шақыру; осы аталған жұмыстарды жергілікті мәслихаттардың депутаттарымен бірлесе отырып жүзеге асыру туралы тапсырма берілген.

Бірақ қарапайым халықты өздері өмір бойы тұрып келе жатқан жайма-шуақты Мырзашөл өңірінен саршұнақ аязды күндері көп Сарыарқа даласына көшіре салу оңай шаруа емес!

Оның үстіне қоныс аударушыларды қабылдаудың 2019 жылға арналған өңірлік квотасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 916 қаулысымен 7 771 адам деп белгіленген.

Ал Мырзашөл өңірінде тұрақты тұрып жатқан жергілікті халықтың саны бейресми деректер бойынша 500 мыңнан асып жығылады.

Әрине, мүмкіндік болып, Үкімет тарапынан қажетті жағдай жасалып жатса, Мырзашөлдегі қалың қазақты Арқаға көшірген дұрыс!

Алайда Мырзашөлдегі 500 мың тұрғынның барлығын бірдей еліміздің солтүстігіне көшіру мүмкін бе?!

Біздіңше, қазіргі Түркістан облысын екіге бөліп, еліміздің ең қиыр күнгей тұсындағы және Сырдария өзенінің орта тұсындағы аудандар мен қалаларды біріктіріп, Қазақстанның 15-ші Мырзашөл облысын ашқан өте орынды деп ойлаймыз.

Түркістан облысының әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне және Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылуына байланысты қазақтың Мырзашөл өңірінің еліміз үшін саяси-экономикалық және стратегиялық тұрғыдан ерекше маңызы бар екенін ескере отырып, шекара маңындағы елді мекендерді жалпы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту және жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының негізінде қазіргі Мақтаарал, Жетісай, Шардара және оған іргелес жатқан басқа да қала, аудандарының аумағында өз алдына дербес Мырзашөл облысын құру қажет.

Бүгінгі Түркістан облысынан енші алып өз алдына бөлек шығатын осы жаңа Мырзашөл облысының құрамына мына аудандар мен қалаларды енгізуге болар еді:

- Қазығұрт ауданы (халқы 107 496 адам);

- Сарыағаш ауданы (қайта қалпына келтірілген Келес ауданымен бірге – халқы 326 426 адам);

- Мақтаарал ауданы (қайта қалпына келтірілген Жетісай ауданымен бірге – халқы 304 442 адам);

- Шардара ауданы (халқы 78 614 адам);

- Арыс қаласы (халқы 74 064 адам);

Барлығы – 891 042 адам.

Жаңадан құрылатын 15-ші Мырзашөл облысының әкімшілік орталығы ретінде Жетісай (халқы – 48 750 адам), Шардара (халқы – 30 500 адам) қалаларының немесе Атакент кентінің (халқы – 18 мыңнан астам адам) бірін белгілеу жөн деп ойлаймыз.

Сонда еліміз үшін ерекше стратегиялық саяси-әлеуметтік және экономикалық маңызы бар қиырдағы күнгей өңіріміздегі жалпы тұрғындарының саны 891 042 адам болатын жаңа 15-ші Мырзашөл облысы Қазақ елінің Өзбекстанмен шектесетін, ары қарай Тәжікстан және Ауғанстан мемлекеттеріне ұласатын шекаралық бөлігін мықты қорғаныс ретінде нықтап, бекемдеп тұратын еді.

Сонда қазақтың Мырзашөл өңіріндегі ағайындарымыз Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығы Түркістан қаласына жету үшін 500 шақырымға жуық жол жүріп, қиналмас еді.

Иә, Қазақстанның мемлекеттік шекара сызығын анықтау және белгілеу жұмыстары жүргізілген кезде Мақтаарал және Жетісай аудандары үш жағынан Өзбекстан аумағының қоршауында, ал төртінші тұсы Шардара су қоймасымен түйісетін тұйық жағдайда қалып қойғаны белгілі.

Осылайша, бүгінде Мақтаарал және Жетісай аудандары Қазақстанның негізгі аумақтық жерінен түкпірде, басқа мемлекеттердің қоршауында, Тәжікстан мен Ауғанстанның шекараларына өте таяу жатқан жартылай анклав (жартылай эксклав) ахуалында жатқаны жергілікті халықты ерекше алаңдатып отыр.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 16-18 қаңтарында Америка Құрама Штаттарында ресми сапары кезінде Қазақстан мен АҚШ «C5+1» диалогы сияқты өңірлік ынтымақтастық форматтарын пайдалану арқылы Орталық Азиядағы ортақ сын-қатерлерге төтеп беруге дайын екені, бұл ретте болашақта Ауғанстанның «C5+1» жобаларына қатысуы да құпталғаны белгілі.

Осы кездесуде АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанмен стратегиялық әріптестікте АҚШ пен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынасқа, Ауғанстандағы АҚШ әскеріне көрсетілетін көмекке ерекше назар аударған еді.

Міне, АҚШ секілді әлемді билеген алпауыт мемлекет Орталық Азияға көзін тігіп отырған қазіргі күрделі халықаралық жағдайда, Өзбекстан мен Тәжікстанның, ары қарай Ауғанстанның иін тірескен тұсында, аумағы жағынан бар болғаны 176 мың гектар ғана болатын кіп-кішкентай жерде 500 мыңға жуық халық тұрып жатқан, тұрғындарының саны жағынан тұтас бір облысқа сай келетін Мырзашөл өңірі халқының еліміз бойынша ерекше мемлекеттік маңызы бар ірі экономикалық және мәдени орталықтарынан өте алыс түкпірде қалып қоюына жол беруге болмайды!

Қазіргі күрделі халықаралық жағдайда, Өзбекстан мен Тәжікстанның, ары қарай Ауғанстанның иін тірескен тұсында, аумағы жағынан бар болғаны 176 мың гектар ғана болатын кіп-кішкентай жерде 500 мыңнан астам халық тұрып жатқан, тұрғындарының саны жағынан тұтас бір облысқа сай келетін Мырзашөл өңірі халқының еліміз бойынша ерекше мемлекеттік маңызы бар ірі экономикалық және мәдени орталықтарынан өте алыс түкпірде қалып қоюы айрықша алаңдатып отыр!

3. Мырзашөл өңірі жергілікті халқының Атакент, Мырзакент және Асықата кенттеріне қала мәртебесін беріп, аталған елді мекендерді дамытудың арнайы бағдарламасын жасау жөніндегі өтініші.

Мырзашөл өңірінің жергілікті халқы Сізден мынадай мәселеге де назар аударуыңызды сұрап отыр.

Ресми мәліметтер бойынша бүгінде Атакент кентінде – 18 мыңнан астам, Мырзакент кентінде – 15 мыңға жуық, Асықата кентінде – 12 мыңнан астам халық тұрады.

Осыған орай, «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының 3-ші бабына сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға аумағында өнеркәсiп орындары, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын, халқының жалпы санының үштен екiсiнен астамын жұмысшылар, қызметшiлер және олардың отбасы мүшелерi құрайтын елдi мекендер жататынын ескере келіп, Мырзакент, Атакент және Асықата кенттеріне қала мәртебесі берілсе, дұрыс болар еді.

Мырзашөл өңірінің халқы Сізден Өзіңіз «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Үкіметке берген тапсырмаларыңыз бойынша әлеуметтік салаға, оның ішінде шағын және моноқалаларды дамыту үшін жыл сайын бөлінейін деп отырған 10 миллиард теңге қаржыдан Мырзакент, Атакент және Асықата кенттеріне қала мәртебесін беріп, аталған елді мекендерді дамытуға да тиісінше қаражат бөлінуін сұрап отыр.

Біздіңше, Үкіметіміз бен Түркістан облысының әкімдігі мәселенің осы жағын ойластырып, Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандары халқының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын жақсарту жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдағаны дұрыс.

Атап айтқанда, Үкіметіміз:

- Түркістан қаласы мен Мырзакент кенті аралығындағы автожолды жедел түрде жөндеп, Шардара арқылы теміржол құрылысын қолға алғаны жөн;

- Шардара және Жетісай қалалары, Асықата және Атакент кенттері арқылы өтетін Түркістан қаласы мен Мырзакент кенті аралығындағы инфрақұрылымды жақсартуы тиіс.

Үкіметте Оңтүстік өңіріндегі Мырзакент, Атакент, Асықата кенттері мен Шардара қаласын дамыту жөнінде арнайы кеңес өткізгені дұрыс болар еді.

Бұған қоса Сіздің 2019 жылғы 27 ақпан күні өткізілген «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Үкіметке берген арнайы тапсырмаңызбен 2025 жылға дейін облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін қосымша бөлінетін 350 миллиард теңге қаржыдан Мырзашөл өңірін Шымкент және Түркістан қалаларын байланыстыратын жолдарды жөндеуге қаражат қарастырылса екен дейді жергілікті жұртшылық.

Сондай-ақ Мырзашөл өңірінің тұрғындары ауыл халқының тұрмысын жақсарту мақсатында әзірленетін «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру үшін қарастырылып отырған 2019-2021 жылдарға арналған 90 миллиард теңге кө­леміндегі қаржыдан Мырзашөл өңірінің алыс ауылдарын көркейтуге де тиісінше қаражат үлесі бөлінуін өтінеді.

Мырзашөл өңірінің тұрғындары Өзіңіздің – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халық үшін жасап жатқан барлық бастамаларыңыз бен салиқалы саясатыңызға ерекше қолдау білдіре отырып, осы өтінішті аяқсыз қалдырмай, шешіп береді деп үміттенеді.


Мырзашөл өңірі жұртшылығының Өзіңізге деген ерекше үлкен құрметі мен ыстық ықыласын және өтініштерін жеткізуші:


Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,


Мырзашөл өңірінің игерілу тарихын зерттеуші ғалым, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

Жаңалықтар

20.05.2019
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Үкіметтік емес ұйымдар дерекқорында арнайы тіркелген «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі құрылтайшы болып табылатын «Зерттеушi – Исследователь – The Researcher» ғылыми журналының 2019 жылғы №5(157) санының электрондық нұсқасы дайындалып, журналдың аталған нөмірі zertteushi.kz интернет-ресурсына орналастырылатынын хабарлаймыз.
29.04.2019
Еліміздің басты партиясы «Nur Otan» мен билік орындары Түркістан облысының орталығынан 500 шақырымдай түкпірде қалып қойған Мырзашөл өңірінде тұрып жатқан жарты миллион халықтың мұң-мұқтажына қашан көңіл бөледі?!
25.04.2019
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 4 сәуірдегі № 158 қаулысымен Түркістан облысындағы Ордабасы аудандық білім бөлімінің «Мақташы» жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Зиядин Исабековтің есімі берілді.