ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТУГЕ ҮЛЕС ҚОСҚАН БАТЫР ТҰЛҒАЛЫ АҒАМЫЗ ЕДІ...

Түркістан облысындағы Ордабасы аудандық білім бөлімінің

«Мақташы» жалпы орта мектебіне Зиядин Исабековтің есімі берілді

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 4 сәуірдегі № 158 қаулысымен Түркістан облысындағы Ордабасы аудандық білім бөлімінің «Мақташы» жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Зиядин Исабековтің есімі берілді.

Бүгінгі жас ұрпақ біле жүрсін, алдымен Зиядин ағамыздың өмірі мен қызметі туралы қысқаша мәліметтерді ортаға сала кетейік.

Зиядин Қашқынұлы Исабеков 1960 жылғы 6 наурызда Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Бөке ауданында дүниеге келген. 1966-1969 жылдары Шымкент облысы, Бөген ауданындағы «Мақташы» бастауыш мектебінде оқыды, 1969-1976 жылдары осы аудандағы Жамбыл орта мектебінде білім алып, бітіріп шықты.

1977-1982 жылдар аралығында Алматыдағы сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде білім алды.

Зиядин Исабеков ауыр салмақта күресіп, студент кезінің өзінде-ақ күрестің бірнеше түрінен, яғни самбо, дзю-додан КСРО спорт шебері, қазақша күрестен Қазақ КСР спорт шебері болды. Жастар арасында КСРО чемпионы атанды. Ол самбо мен дзю-додан елімізде ең алғашқылардың бірі болып КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы атағын алған білікті бапкер Темірхан Досмұхамбетовтің қол астында тер төкті. 

Университетті тәмамдаған соң ҚазМҰУ-дің аспирантурасында (1984-1986 жж.) оқи жүріп, университеттің Ыстықкөлдегі санаторийінде директор қызметін атқарды.

Зиядин Қашқынұлы жастайынан ұлттық әдебиет пен мәдениетке, тарихқа ерекше көңіл қойып, еліміздің ұлтжанды, отансүйгіш азаматы болды.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін сол кездегі жүйе аспирантурадан шығарып, жұмыстан босатты, қудалауға ұшыратты. Алматыдан Шымкентке келіп, бір жылдай жұмысқа орналаса алмай жүрді. Себебі қайда барса да, Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны алдынан шыға берді.

1987 жылдың соңына қарай М.О. Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтының «КСРО тарихы» кафедрасына оқытушы болып қабылданып, онда 1991 жылға дейін қызмет атқарды. Осы жылдары археология саласымен шұғылданып, Ордабасы ауданында қазба жұмыстарын жүргізді, қазақ-жоңғар соғысының тарихын зерттеді. 

1988 жылдың өзінде-ақ Зиядин Исабеков халықаралық туристік археология жұмыстарын жүргізуге лицензия алды. Соның нәтижесінде алғаш болып американдық ғалымдар, олардан соң француздық ғалымдар елімізге келіп, қазба жұмыстарына қатысты. Сол жұмыстардың жалғасы ретінде өзінің туған жері Ордабасы ауданындағы Сарыарық ауылында тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Н. Подушкиннің жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының «Тарих» мамандығының студенттері жыл сайын археологиялық іс-тәжірибеге барып, біздің заманымызға дейінгі II ғасырдағы Қаңлы мемлекетінің астанасы Битянь қаласының орнын тапты және жазба мәдениеті болғанын әлемдік деңгейде дәлелдеп отыр.

Бұл салада Зиядин Қашқынұлы Исабековтің еңбегі ерекше болғанын атап өтуіміз керек. Осы қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлер Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында ашылған «Ұлы Дала Елі – өркениеттер тоғысында (б.з.д. 100 мың жыл – XII ғасыр)» атты археологиялық көрмеге қойылған.

1991 жылы Түркістан қаласында мемлекеттік университет ашылғанда оған Зиядин Исабеков алғашқылардың бірі болып барды. Сол кездегі аудан орталығы саналған тарихи қалада ашылған жоғарғы оқу орнының ғылым, білім, әсіресе археология ғылымы саласында өркендеуіне өз үлесін қосты.

Зиядин Исабеков 1992 жылы желтоқсан айында сол кездегі Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында тарих ғылымы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

Зиядин Исабеков 1991-1999 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ғылыми-педагогикалық жұмыстармен айналысты, 1995 жылы ашылған Археология және этнология кафедрасының алғашқы меңгерушісі болды.

Сол кезеңде жаңадан құрылған университеттің студенттеріне қазақтың белгілі ғалымдары, академиктер Кемел Ақышев, Оразақ Ысмағұлов, Карл Байпақов, Мадияр Елеуов, Жәкен Таймағамбетов, сондай-ақ Ресейдің   танымал археолог-ғалымдары – тарих ғылымының докторлары, профессор, академиктер А.П. Деревянко, В.Т. Петрин т.б. дәріс беруіне және ғалымдармен бірлесе ғылыми жұмыстар жүргізуіне өз ықпалын тигізді.

Зиядин ағамызбен 1994 жылы таныстым. Ашылғанына үш-ақ жыл болған Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Редакциялық-баспа бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген кезім. Ол кезде ректорат Есімхан алаңындағы қалалық әкімдік ғимаратының қасында еді.

Бір күні түсте түр-тұлғасы мен бітім-болмысы бөлек, қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан атамыздан аумайтын бір кісі: «Інім екенсің. Жасың менен кіші болса да, арнайы амандасып шығайын дедім», - деп жұмыс орныма іздеп келді.

Әңгіменің арасында: «Бұдан былай біреулер ренжітіп жатса, маған айт, кім болса да, өзім сыбағасын беріп, сазайын тартқызамын. Бірақ жұмысыңды жақсы істе, міндетіңді адал атқар. Мына Түркістанды түркі дүниесінің білім-ғылым ордасына айналдыруымыз керек», - деп әзіл-қалжыңы аралас ағалық ақыл-кеңесін айтып кетті.

Университеттің профессор-оқытушылары мен қызметкерлеріне арналған жатақханасында, бір-біріне қарама-қарсы бөлмелерде көрші болып тұрдық. Зиядин ағамыздың үйінде күн сайын қонақ, мүлдем адам үзілмейді, Гүлнәр жеңешеміздің дастарханы жиналмайды,  екі күннің бірінде біз де сондамыз.

Кейінірек баспана алып, жатақханадан «еншімізді алып», өз алдымызға бөлек шығып кеткен кезімізде де, Зиядин ағамыз бала-шағасын ертіп, ылғи да бізді өзі іздеп келіп тұрушы еді. Қасынан тастамай, үнемі өзімен бірге алып жүруге тырысатын.

1997 жылғы 29 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Диссертациялық кеңесінде «Туркестанские ведомости» газетінде патшалық Ресейдің Мырзашөлді отарлау саясатының жазылуы (1870-1917 жылдар)» атты тақырыпта диссертация қорғап келгенімде де мен емес, өзі ғылыми атақ-дәреже алған адамдай жүрегі жарылып, балаша қуанған еді. Келесі жылы басылып шыққан «Мырзашөлім – мырза елім» атты монографиялық еңбегімізге де ғылыми кеңесші болып, қолынан келген көмектерін аямады.

Зиядин Исабеков 1996-1999 жылдары Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанынан археология және этнология ғылыми зерттеу институтын ашып, директоры болған кезде Түркістан өңірінің көне тарихын жаңаша зерттеу мақсатында Қазақстандағы және шет мемлекеттердегі білікті археологтарды, тарихшыларды, этнографтарды жұмысқа тарта білді.

Соның нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан аумағынан бірнеше жаңа археологиялық нысандар зерттелді. Тас дәуірінің Шоқтас, Қошқорған ескерткіштері ашылды.

Зиядин Исабеков ағамыз Түркістан қаласының іргесі қаланғанына 1500 жыл деген дерек дәл емес екенін, қаланың тарихы одан да тереңде жатқанын, тіпті 2000 жылдан әрі асатынын анықтау үшін көп ізденді, көп еңбек етті.

Тіпті 1997 жылы Түркістан қаласына арнайы сапармен келген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевпен арнайы кездескен Зиядин Исабеков осы мәселе бойынша Елбасымызға көптеген тарихи мәліметтерді баяндап берді.

1997 жылы Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Түркістан: кеше, бүгін және ертең» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Зиядин Қашқынұлы Исабеков Қожа Ахмет Ясауи кесенесін күрделі жөндеу кезінде шығарылып тасталған адам мүрделерін, соның ішінде Абылай хан мүрдесін қайта зерттеп, тануға тікелей ұйтқы болды, ғылыми жұмыстардың барлық ауыртпалығын тікелей өзі көтерді.

Осындай зерттеулердің нәтижесінде қазақ халқының ұлы ханы Абылайдың бет-бейнесі анықталды және 1999 жылы белгілі антрополог ғалым, академик Оразақ Ысмағұлов, тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар М. Қожа, А.И. Ысмағұловамен бірлесіп «Абылай хан» атты монографияны жарыққа шығарды.

Ғылыми зерттеулердің қорытындысы бойынша Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде бірнеше халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар өткізіліп, зерттеу нәтижелері ғылыми қауымға жол тапты. Конференция жұмысына Ресей, Бельгия, Жапония, Түркия, Франция, тағы басқа елдердің ғалымдары қатысты.

Түркістандағы университетте бірге қызмет істеп жүрген кезімізде біздің 1998 жылы басылып шыққан «Мырзашөлім – мырза елім» атты ғылыми монографиялық еңбегімізде келтірілген Түркістан облысындағы Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарының аумақтарындағы рухани, тарихи-мәдени ескерткіштер туралы, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Түркістан өлкесіне зерттеу жұмыстарын жүргізген арнайы ғылыми экспедициялар қазіргі Мырзашөл мен Шардара өңірлерінен Түркістан қаласына дейінгі аралықта тарихи Шардара қала-бекiнiсiнiң, сондай-ақ ежелгi Ұзын Ата, Қысты, Сүткент, Байырқұм, Ешкiлi, Жартөбе, Рабат, Қауған Ата, Артық Ата, Разды Ата, Оқсыз қалаларының қираған орындарын қағазға түсіріп, Қаракөл, Жолбарыс, Көксарай, Шеңгелдi, Балтакөл, Мыңтөбе, Ешкiөлмес, Мұрынбұлақ, Боранжол, Қарақ Ата елдi мекендерi жайында көптеген тарихи деректер жазып қалдырғаны жайындағы мәліметтерге қатты қызығушылық танытқан еді.

Зиядин Исабеков ағамыз тікелей өзі ашып, басқарып тұрған Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы археология және этнология ғылыми зерттеу институтының есебінен демеушілер тауып, Мырзашөл мен Шардара өңірлерінен Түркістан қаласына дейінгі аралықтағы тарихи орындарға археологиялық зерттеу және қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап қойған еді.

Өкінішке қарай, жаны жайсаң, жүрегі кең асыл ағамыз сол арманын жүзеге асыруға үлгере алмай, өмірден ерте кетіп қалды...

Зиядин Қашқынұлы Исабеков 1999 жылы Шымкент қаласында жаңадан ашылған Оңтүстік Қазақстан облысының олимпиада спортшыларын даярлау орталығының директоры болды. Қазақстанның бірнеше саңлақ спортшысын (арасында әлем рекордшылары, мысалы, ауыр атлет Бақыт Ахметов те бар) тәрбиелеп шығарды. Зиядин ағамыздың спортшы шәкірттері әлемнің көптеген елдері мен қалаларында Қазақстанды спорттық жетістіктермен танытты.

1989 жылы құрылған «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі 2005 жылы 16 қарашада Алматыда 1-ші құрылтайын өткізіп, «Желтоқсан» республикалық қоғамдық-патриоттық қозғалысы болып қайта құрылды. Осы құрылтайда «Желтоқсан» қозғалысының үш тең төрағасы сайланды. Олар – Аманжол Нәлібаев, Зиядин Исабеков және Әлібек Мұзафар еді. 

Зиядин Исабеков – 3 монография, 12 оқулық пен оқу-әдістемелік құралдың, 70-ке жуық ғылыми мақалалардың авторы.

Зиядин Исабековтің ғылымға сіңірген еңбектері бағаланбай қалған жоқ. 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің алғыс хатымен және «Үздік жас ғалым» арнайы сыйлығымен, 2000-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды.

Зиядин Исабеков 2005 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының үздік жаттықтырушысы және ауыр атлетикадан «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» атанды.

Сұм ажал Зиядин Исабеков ағамызды 2006 жылғы 04 қаңтарда кенеттен арамыздан алып кетті.

2010 жылы Зиядин Исабековтің 50 жылдық мерейтойына орай Шымкент қаласында еске алу халықаралық турнирі өтіп, «Біз білетін Зиядин» атты естелік кітап жарық көрді.

2019 жылғы 4 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Түркістан облысының кейбір білім беру мекемелерін қайта атау туралы» № 158 қаулысы қабылданды.

Үкіметіміздің осы қаулысымен Түркістан облысындағы Ордабасы аудандық білім бөлімінің «Мақташы» жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бұдан былай Ордабасы ауданы білім бөлімінің «Зиядин Исабеков атындағы жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі деп аталатын болды.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегеніміз, міне, осы. Небары 46 жасында мезгілсіз дүниеден өтсе де, соңында мол рухани мұра қалдырған Зиядин Исабеков ағамыздың жарқын бейнесі жүрегіміздің түкпірінде мәңгі сақталады!

 

Фотосуретте:

1997 жыл, Түркістан қаласы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зиядин Исабеков және Отырар мемлекеттік қорық-мұражайының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Қожаев Түркістан қаласының іргетасы қаланғанына 2000 жылдан астам уақыт толғанын дәлелдейтін деректер табылғанын хабарлап тұр.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің және «Kásiptik baǵdar» медиабілім ғылыми орталығы» мекемесінің директоры.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

07.11.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары (мектептер мен колледждер) оқушылары арасында «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» атты тақырыпқа эссе жазу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.
04.11.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің мектепке дейінгі ұйымдары (балалар бақшалары), орта білім беру ұйымдары (мектептер), техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары (колледждер) және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (университеттер) педагог қызметкерлері арасында мектеп оқушыларына арналған «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» оқу пәні бойынша білім беру бағдарламасын (одан әрі – Білім беру бағдарламасы) әзірлеу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.
28.10.2019
Мырзашөл өңірінде балалар және білім беру саласындағы заң жобалары мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік