ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМІЗДІҢ АҚ ОРДАСЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан он жыл бұрын ұсыныс-бастамаларына ақ батасын берген, «Нұрлы көш» бағдарламасының қабылданып, жүзеге асырылуына ұйтқы болған, Қазақ елінің өсіп-өркендеуі үшін күндіз-түні аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген бауырларымызбен мақтануға тиіспіз!

Иә, осыдан он жыл бұрын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 2 желтоқсандағы №1126 Қаулысымен еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынуымен 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы бекітілген еді.

2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы Елбасымыздың 2007 жылғы 28 тамыздағы №399 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасына; Президентіміздің 2006 жылғы 28 тамыздағы №167 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясына және мемлекет Басшысының 2003 жылғы 10 шілдедегі №1149 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес әзірленді.

Бұл бағдарлама этникалық көшіп келушілерді; Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген Қазақстанның бұрынғы азаматтарын; еліміздің қолайсыз аудандарында тұратын Қазақстан азаматтарын ұтымды қоныстандыруды және олардың жайғасуына жәрдемдесуді мақсат етті.

Соған сәйкес 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасының жоғарыда атап көрсетілген мақсатына қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу көзделді:

- Бағдарламаға қатысушыларды экономиканың еңбек ресурстарына және серпінді жобаларды іске асыруға деген қажеттіліктеріне сәйкес қоныстандыруды ынталандыру;

- Бағдарламаға қатысушыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа тетіктерін әзірлеу және іске асыру;

- Тұрғын үй құрылысына және тұрғын үй сатып алуға несие беру жолымен Бағдарламаға қатысушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету;

- Бағдарламаға қатысушылардың тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету;

- Көші-қон үдерістерін реттеудің нормативтік құқықтық базасын жетілдіру.


2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасының осынау мақсат-міндеттерін дер кезінде және сапалы жүзеге асыру үшін барлығы 67 689,6 млн. теңге, оның ішінде қосымша 14 647,9 млн. теңге; ал Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданындағы жылыжай шаруашылығын дамытуға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ есебінен 850,6 млн. теңге қаржы бөлінді.

Осы Бағдарламаны іске асырудың нәтижесінде:

- Этникалық, ішкі және сыртқы көші-қон процестерін реттеуге және оны өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мүддесіне бағындыруға;

- Этникалық және ішкі көшіп-қонушылардың басым бөлігінің өмір сүру сапасын арттыруға;

- Бұрын Қазақстаннан кеткен жоғары білікті мамандардың қайта оралуын ынталандыруға;

- Көшіп-қонушылардың бейімделу және кірігу қиындықтарымен, жұмыссыздықпен және бытырап көшіп-қонумен байланысты әлеуметтік қатерлердің туындауының алдын алуға;

- Ұлттық шоғырлану үдерістерінің одан әрі дамуын, әлеуметтік тұрақтылық пен келісімнің нығаюын, демографиялық ахуалдың жақсаруын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілді.

Бағдарламаға қатысушылар ретінде:

1) Этникалық көшіп келушілер;

2) Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген Қазақстанның бұрынғы азаматтары;

3) Елдің қолайсыз аудандарында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары белгіленді.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясына сәйкес Солтүстік, Оңтүстік және Орталық аумақтық даму осьтері Бағдарламаға қатысушылардың негізгі орналастыру макроаймақтары болып анықталды.

Бағдарламаға қатысушыларды макроаймақтардың ішінде қоныстандыру:

а) Ұлттық және өңірлік деңгейдегі көшбасшы және тірек қалалардың айналасында. Өзіне тән экономикалық мамандануы мен дамыған жергілікті еңбек нарығы бар шағын серіктес қалалар желісін қалыптастыру қарастырылды. Есеп бойынша көшбасшы және тірек қалаларда 45 серпінді жобаны іске асыру үшін кемінде 390 мың қызметкер қажет болатыны есептелді;

ә) Шекараға іргелес елді мекендерде:

- халықтың санын тұрақтандыру үшін;

- шекараға іргелес ірі өңірлердің әкімшілік маңызын арттыру үшін және көршілес мемлекеттердің еңбек күші артық өңірлерінің тарапынан демографиялық қысымның (бытыраңқы сыртқы көші-қон) алдын алу үшін жүзеге асыру көзделді;

б) Даму әлеуеті жоғары және орташа ауылдық елді мекендерде деп белгіленді.

Бұл елді мекендердің әлеуеттік сыйымдылығы Солтүстік аумақтық даму осі бойынша – 342,2 мың адамды, Оңтүстік ось бойынша – 898,6 мың адамды, Орталық ось бойынша – 77,7 мың адамды құрайды деп саналды.

2009-2011 жылдар кезеңінде Бағдарламаға қатысушы 3269 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделді. Қоныс аударушылардың бірыңғай тұруына арналған құрылыстарға ерекше мән берілді.

Бұл ретте Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданында оралмандардың тікелей қатысуымен үлгі қоныстар салу тәжірибесін қолдану көзделді.

Осыған орай, Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданындағы Бағдарламаға қатысушы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен (ары қарай – «ҚТҚЖБ» АҚ) тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт жасасады, тұрғын үй сатып алуға тұрғын үй қарызын алу мақсатында 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін «ҚТҚЖБ» АҚ-тағы есеп шотындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт бойынша ең төменгі қажетті соманы жинақтағаннан және тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт бойынша барлық шарттарды орындағаннан кейін «ҚТҚЖБ» АҚ-қа сатып алынатын тұрғын үй кепілімен жылдық 4,5 %-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша тұрғын үй қарызын алу үшін құжаттарын ұсынады деп белгіленді.

«ҚТҚЖБ» АҚ Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданындағы Бағдарламаға қатысушымен тұрғын үй құрылыс жинағы туралы шарт жасасады, оған сәйкес Бағдарламаға қатысушы тұрғын үй сатып алуға тұрғын үй қарызын алу мақсатында 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін «ҚТҚЖБ» АҚ-тағы есеп шотындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт бойынша ең төменгі қажетті соманы жинақтауды жүзеге асырады және Бағдарламаға қатысушы ең төменгі қажетті соманы жинақтағаннан және тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарт бойынша барлық шарттарды орындағаннан кейін Бағдарламаға қатысушыға сатып алынатын тұрғын үй кепілімен жылдық 4,5 %-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша 15 жылға дейінгі мерзімге тұрғын үй қарызын береді деп жоспарланды.

2009 жылы осы Бағдарлама шеңберінде 2008 жылы «Сарыарқа», «Ертіс» және «Оңтүстік» ӘКК-тың жарғылық капиталына аударылған қаражат есебінен Бағдарламаға қатысушылар қатарынан 1051 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделетін пилоттық жобалар Ақмола облысы Көкшетау қаласының Красный Яр ауылында, Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында және Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданында іске асырылатын болады деп белгіленді.

Стратегиялық бағдарламаларды және өндірістік күштерді аумақтық орналастыру жоспарларын ескере отырып Бағдарламаға қатысушыларды түрлі салаларда – өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында, азаматтық қызметте (білім беру, денсаулық сақтау, басқару, әлеуметтік қызмет көрсету) жұмыспен қамту көзделді. Бұл ретте жұмыспен қамтудың түрлі нысандары: жалдамалы еңбек, шағын және орта бизнеске қатысу пайдаланылды.

Бағдарламаға қатысушылардың тиісті білім, біліктілік деңгейі мен экономиканың белгілі бір секторындағы жұмыс тәжірибесі, ал қажет болған кезде жергілікті атқарушы орган ұйымдастыратын оқуға және қайта оқуға дайын болуы тиіс еді. Бағдарламаға қатысушылар өзінің жеке кәсібін ашуға ниетті болған жағдайда, олардың тиісті машығы мен тәжірибесі, бизнеспен айналысу үшін қажетті белгілі бір қаражаты болу керектігі ескерілді. Шағын және орта кәсіпкерлікті ынталандыру үшін несие беру және өзге де жәрдем көрсету көзделді.

Есеп бойынша Бағдарламаны іске асыру барысында тұтас ел бойынша 30 мың адамды жұмыспен қамту, оның ішінде үштен екісінің экономиканың нақты секторларында – өнеркәсіпте, құрылыс пен ауыл шаруашылығында жұмыспен айналысуы жоспарланды.

Бағдарламаға қатысушыларды көшіруді және бейімдеуді ұйымдастыру үшін ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Ақпараттық түсіндіру жұмыстары:

- Шетелде – Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері, халықаралық ұйымдар арқылы (ақпараттық материалдар тарату, кездесулер, әңгімелесулер, мәдени алмасуды ұйымдастыру және тағы басқалар);

- Елдің ішінде – мемлекеттік орталық және жергілікті атқарушы органдар арқылы (бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен пайдалану негізінде хабардар ету, консультация беру, кездесулер) іске асырды.

Сондай-ақ, Бағдарламаны іске асырудың барысы мен нәтижелерін БАҚ-ты пайдалана отырып кеңінен жариялау қарастырылды.

Бағдарламаны іске асыру:

- Этникалық, ішкі және сыртқы көші-қон үдерістерін реттеуге және оны өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мүддесіне бағындыруға мүмкіндік берді;

- Этникалық көшіп келушілердің және ішкі көшіп-қонушылардың едәуір бөлігінің өмір сүру сапасының артуына қол жеткізілді;

- Қазақстаннан кеткен әртүрлі ұлт азаматтарының елге қайта оралуын ынталандырды;

- Көшіп-қонушылардың бейімделу және кірігу қиындықтарына, жұмыссыздыққа және бытырап көшіп-қонуға байланысты туындауы ықтимал әлеуметтік қатерлердің алдын алды;

- Ұлттық шоғырлану үдерісінің одан әрі дамуын, әлеуметтік тұрақтылық пен келісімнің нығаюын, демографиялық ахуалдың жақсаруын қамтамасыз етті.

Үкіметтің Қаулысымен бекітілген 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында Бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үймен жайластыруға тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы, оның ішінде:

- 2010 жылы Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданында;

- 2011 жылы Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданында пилоттық жобаларды іске асыруға жеңілдетілген ипотекалық кредиттер беру;

- Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданында тәртіп сақтау тірек пункті мен байланыс бөлімшесін салу;

- Шымкент қаласының «Асар» шағын ауданында жылыжай шаруашылығын дамыту көзделді.

Енді мына мәліметтерге назар аударайық.

2008 жылдың 26 маусымында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихи отанына оралған қандастарымызға арналып Шымкент қаласында салынып жатқан «Асар» шағын ауданының құрылыс барысымен танысты.

Президентіміздің осынау жұмыс сапары кезінде бүгінгі таңда оралмандар үшін тұрғын үй мәселесі аса өзекті мәселелердің бірі екені, Шымкенте оларға арнап бір шағын аудан салуға шешім қабылданғаны, «АҚ Ордасы» корпорациясы» ЖШС мердігерлік компаниясы барлық архитектуралық және құрылыстық талаптарға сай келетін 1750 коттедж салуды мақсат етіп отырғаны ерекше атап көрсетілді.

Елбасымыздың Шымкент қаласында салынып жатқан «Асар» шағын ауданының құрылыс барысымен танысуы кезінде жергілікті билік бұл коттедждерге 2800 отбасын орналастыруды көздеп отырғаны, бүгінде құрылысшылар 500 тұрғын үйдің іргетасын қалап, 100 үйдің қабырғасын көтергені, құрылысшылардың баршасы да оралмандар болғандықтан тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 250 доллардан аспайтыны, тұрғын үйлердің жанынан жылыжайлар да салынып жатқаны, онда шағынаудан тұрғындары жемістер өсіріп, оларды сату арқылы өз үйлерінің құнын төлеуге мүмкіндік алатыны айтылды.

Осылайша, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оралмандар үшін тұрғын үй мәселесінің осылайша шешілуін қолдайтындығын танытты.

Шымкенттегі «Асар» шағын ауданы тұрғындарының барлығы да Өзбекстаннан қоныс аударғандар екеніне орай Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің миллионнан астам отандастарымыздың өмір сүріп, еңбек ететін бауырлас мемлекетке олардың алғыстары шексіз болуы тиіс», - деді.

Осы жұмыс сапары кезінде Елбасымыз:

«Қаланы қазақтар басқалардан кем салады деген ой артық-ау.

Шымкенттің шығыс жақ беткейінде маржан тастардай тізіліп, қыздың жиған мүлкіндей шып-шырғасы бұзылмай тұрған «Асар» ауылы осының айқын дәлелі. «Асар» – атажұртқа оралып жатқан, салқар көші тоқтамайтын бауырларымыз салып жатқан ауыл.

Бұл – өте жақсы бастама. Ел мұндай бастамаларды қолдайды. Біз сіздердің тәжірибелеріңізді зерттеп, соның негізінде Ташкентке жақын жерлерде, Тараз, Алматы және Талдықорған түбінде, сол сияқты елдің солтүстік облыстарында осы сияқты қалашықтар салуды бастаймыз. Бұл мәселені мен жеке өз бақылауыма аламын», - деп ерекше ризашылығын білдірді.

Президентіміз мемлекеттің оралмандардың жұмысқа орналасу, олардың кәсіби білім алып, қайта мамандану мәселелерін шешетіндігін айтты.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоныстанушыларды қоныс тойларымен құттықтап, Қазақстанның өркендеуі жолында табысты еңбек тіледі.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2008 жылғы 22 шілдедегі мәліметтері бойынша сол жылы 249 елді мекенде 84 600 отбасы немесе барлық келген оралмандардың 48,4 пайызы тығыз (50 отбасынан астам) орналасқан.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оралмандардың қоғамдық бірлестіктерімен және әкімдіктермен бірлесе отырып мемлекет ұсынған жерде ұйысқан ауылдарды салу қағидасын жүзеге асыру бойынша Шымкент қаласындағы «АҚ Ордасы» корпорацияс» ЖШС Өзбекстан Республикасынан Шымкент қаласына қазақ диаспорасының өкілдері болып табылатын 19 мың адамды көшіріп әкелу жобасын жүзеге асырып жатқанын ерекше атап көрсетті.

2009 жылғы 13 қараша күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев республикалық телеарналар бойынша өткізілген тікелей желідегі сұхбаты барысында дағдарысқа қарамастан «Нұрлы көш» бағдарламасы жалғаса беретін болады деп мәлімдеді.

Елбасымыз осы тікелей желідегі сұхбатында:

«Біз әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашыраған қандастарымызды жинау үшін Тәуелсіздік жылдарынан бері көп әрекет жасап жатырмыз. Соның нәтижесінде 1 млн.-нан астам отандастарымыз елімізге оралып, қауышып, қуанып жатыр. Әр уақытта мен отандастарымызға сол оралмандарға қамқор болу керектігін, қол ұшын беру қажеттігін баса айтып келемін.

Осы мақсатта «Нұрлы көш» бағдарламасын 2011 жылға дейін бекіттік. Бұл бағдарлама өзінің жалғасын табатын болады», - деді.

Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шымкент қаласындағы «Асар» ауылында болғанын, ондағы жағдаймен толық танысқанын атап өтіп, оңтүстіктегі «Асар» ауылы, Алматының түбіндегі «Байбесік» ауылы және Солтүстік Қазақстандағы жаңадан құрылып жатқан оралмандар ауылына тоқтала келе, ондай нысандардың дұрыс дамитындығына сенім білдіріп, осы секілді елді-мекендердің Қазақстанда әлі де бой көтеретін атап өтті.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше ілтипатына бөленген Шымкент қаласындағы «Асар» ауылының құрылысын бастан-аяқ Ибадулла Жантөреұлы Қалыбеков бауырымыз басқаратын «АҚ Ордасы корпорациясы» ЖШС жүргізді.

Бір қызығы сол, осы корпорацияның жұмысын шебер ұйымдастырып, барынша сапалы және жемісті жүргізіп отырған ағайынды Қалыбековтер – Ибадулла Жантөреұлы және Садулла Жантөреұлы – бауырлас ел Өзбекстан мемлекеті басшыларының құрметі мен сеніміне ие болып, бірі ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, ал бірі Сырдария қаласының әкімі лауазымдарында үлкен абыроймен қызмет істеген азаматтар, оларды көрші елде тіпті ешкім маңдайларынан да шетпеген.

Алайда ағайынды Қалыбековтер атақоныс – Қазақ еліне қызмет етуді мақсат етіп, Шымкентке келіп, айлап жатып, арнайы жобалар жасап, көрші елдерден атамекенге қоныс аударғысы келетін ағайындардың тізімдерін жасап, олардың арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, одан Астанаға жол тартып, еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынуымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 2 желтоқсандағы №1126 Қаулысымен бекітілген 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасының қабылдануына үлкен еңбек сіңірген.

Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын, 2016 жылғы 14 қазан күні Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі «Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС-нда болып, серіктестіктің жұмысымен танысты.


Жұмыс сапары кезінде өңір басшысы корпорацияның модульдік үйлер өндіріс зауытында болып, баспана соғудың жаңа тәсілімен танысты. Жылына 1 мың дана үй салуға қауқарлы «Ak Ordasy Duilding» ЖШС-нда 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған.

Зауытты аралау кезінде корпорация төрағасы Ибадулла Қалыбеков осы өңірде американдық тәсілмен салынатын 500 үйдің құрылысын жүргізуді ұсынып, оны қысқа мерзімде және арзан бағаға салуға болатынын, сондай-ақ, баспана маңынан жылыжай салынатынын түсіндірді.

Аталған жобаның тиімділігімен танысқан Жансейіт Түймебаев ұсынысты қолдап, әкімдік тарапынан қажетті көмектің көрсетілетінін, тіпті, мұнда дуальді оқыту жүйесі аясында студенттер жұмыспен қамтылуы керектігін жеткізді.

Мұнан соң, жұмысшы топ серіктестіктің көлемі 12 гектар болатын көкөніс жылыжайларын аралап, ондағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру технологиясын көрді. Негізінен, қызанақ пен қияр өсірумен айналысатын еншілес компания өнімдерін Шымкенттен бөлек, Қарағанды мен Астанаға саудалайды. Өнімдердің голландиялық және израильдік сұрыптары жайқалған жылыжайларды аралау барысында корпорация жетекшілігі тарапынан айтылған Оңтүстіктегі жылыжай кластерін дамыту ұсынысы да аймақ басшысынан қолдау тауып, таяу арада облыста тәжірибе алмасу семинарын ұйымдастыру туралы келісім жасалды.

Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған топ «Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС-нің газоблок шығаратын зауытында болып, көкөніс сақтау қоймасын аралады. Сондай-ақ, полиэтилен өнімдерін шығару зауытын көріп, корпорацияның еншілес компаниясы құрылысын жүргізген көпқабатты үйдің сапасын бақылады.

Анықтама үшін айта кетейік, нарықта кейінгі 10 жылдан астам уақыттан бері жұмысын жандандырып келе жатқан «Ақ Ордасы корпорациясының» түрлі салалар бойынша жұмыс істеп келе жатқан 20-ға жуық еншілес компаниясы бар.

«Жақында Қытай еліне барып, аумағы 300 гектар жерді алып жатқан көлік шығаратын зауыттарында болдым.

Қытайда қазіргі заманғы техника мен технологияның дамығаны соншалықты, 100 гектарының үстін жауып тастаған. Осы жердің 50 гектарына сырттан жан баласын кіргізбейді екен. Сол зауыттың ішін көрсем деп қатты армандадым.

Қуанышыма орай, сол зауытқа кіру бақыты маған бұйырды. Кірген кезімде көзіме тек екі адам ғана түсті. Шыққан кезімде тағы бір екі адамды көрдім. Болды. Басқа ешкім жоқ. Қараңыз, осындай алып зауыттың ішінде төрт-ақ жұмысшы жұмыс жасап жатыр. Қалған жұмыстарының барлығын техника жасайды.

Міне, ғылым мен білімнің арқасы. Бір жағынан қорқасың. Бір жағынан еліңнің ілгері дамуына өз үлесіңді қосасың.

Біз де осындай білімді ұрпақ тәрбиелеп шығуымыз керек. Елдің келешегі – жас ұрпақтың қолында. Олардың білім алуын толық қамтамасыз етіп, жастайынан еңбекке баулысақ, нәтижесін өзіміз көреміз, - дейді «АҚ Ордасы корпорациясы» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Ибадулла Қалыбеков бауырымыз.

Осыдан он жыл бұрын, 2008 жылдың 26 маусымында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихи отанына оралған қандастарымызға арналып Шымкент қаласында салынып жатқан «Асар» шағын ауданының құрылыс барысымен танысып, «АҚ Ордасы» корпорациясы» ЖШС мердігерлік компаниясының барлық архитектуралық және құрылыстық талаптарға сай келетін коттедждер қалашығын салу жөніндегі ниет-мақсаттарына ақ батасын беріп, сәттілік тілеген еді.

Міне, осынау «Асар» шағын ауданы бүгінде шырайлы Шымкентке сән беріп, ажарын ашып тұр. Ал ағайынды Қалыбековтер басқаратын «АҚ Ордасы» корпорациясы» ЖШС-нің қызмет аясы бұрынғыдан да кеңейіп, бүгінде еншілес компанияларының саны 20-ға жуықтап қалған.

Қазақ елінің өсіп-өркендеуі үшін күндіз-түні аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген осындай бауырларымызбен мақтануға тиіспіз!


Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

Астана қаласы.


Жаңалықтар

10.10.2019
Алматы облысының ұстаздар қауымы балалардың 90%-ын қосымша біліммен қамтамасыз етіп, еліміз бойынша орташа көрсеткіштен те жоғары нәтижеге қол жеткізді
09.10.2019
Біз – Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі білім және ғылым саласындағы коммерциялық емес ұйым ретінде құрылған 11 жылдан бері Алматы облысы білім басқармасының Қарасай ауданындағы «Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Әл-Фараби атындағы арнаулы гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатып, өзара шығармашылық байланыста бірлесе жемісті жұмыс істеп келе жатырмыз.
27.09.2019
2019 жылғы 25 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентінде «Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелері» атты Республикалық конференция өткізілді.