ҮКІМЕТІМІЗ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДІ КҮШЕЙТСЕ ЕКЕН

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туған ой

 

 

2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған Жолдауын «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген тақырыппен жариялап, еліміздің алдағы дамуына қатысты ой-тұжырымдарын айқындап көрсеткен еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында:

«Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.

Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», - деп атап көрсетті. 

Президентіміз қоғамдық келісімді нығайту мақсатында белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санайтынын айта келіп, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек деді.

Сондай-ақ мемлекет басшысының еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа – экономиканы дамытуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс екенін қадап айта келіп, әлеуметтік саладағы бағыттардың ішінде білім беру сапасын жақсартуға баса мән беру керек деп түйіндеген тұжырымдамасын барынша қолдаймыз.

Президентіміз өзінің Жолдауында осыған дейін елімізде тиісті мемлекеттік уәкілетті органдар тарапынан жеткілікті түрде мән берілмей келген мәселелерге – жастарға кәсіптік бағдар беру және дарынды балалармен жүргізілетін жұмысты жүйелі жолға қою қажеттігіне саяси тұрғыдан ерекше назар аударды.

Атап айтсақ:

«Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ.

Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.

Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады.

Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде.

Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет.

Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс.

Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек.

Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады.

Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы.

Сондықтан, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын.

Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек.

Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын.

Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек», - деп Үкіметке тиісті тапсырмалар берді.

Осы орайда, біз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелерді ой елегінен өткізе отырып, Үкімет білім саласындағы үкіметтік емес ұйымдарға барынша қолдау көрсетуі қажет деген ұсынысымызды ортаға салғымыз келеді.

Елімізде «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» арнайы Заң 2001 жылғы 16 қаңтарда қабылданған еді. Аталған Заң коммерциялық емес ұйымдардың құрылуы, қызметi, қайта ұйымдастырылуы және таратылуы тұрғысындағы туындайтын қатынастарға байланысты мәселелерді реттеуге бағытталған.

Заңнамада коммерциялық емес ұйымдар әлеуметтiк, мәдени, ғылыми, бiлiм беру, қайырымдылық, басқару мақсаттарына қол жеткiзу; азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау; даулар мен жанжалдарды шешу; азаматтардың рухани және өзге қажеттiлiктерiн қанағаттандыру; азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, дене шынықтыру мен спортты дамыту заң көмегiн көрсету үшiн, сондай-ақ қоғамдық игiлiктердi және өз мүшелерiнiң (қатысушылардың) игiлiктерiн қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мақсаттарда құрылуы мүмкiн екені атап көрсетілген.

«Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы № 142 Заңының 6-шы бабына сүйенсек, коммерциялық емес ұйымдар мекеме, қоғамдық бiрлестiк, акционерлiк қоғам, тұтыну кооперативi, қор, дiни бiрлестiк, қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалардың бiрлестiгi нысанында және заң актiлерiнде көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкiн.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуірдегі № 36 Заңы жұмыс істейді.

Осы Заңның 1-ші бабының 7) тармақшасында «үкіметтік емес ұйым» ұғымына ол – ортақ мақсаттарға жету үшін азаматтар және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерікті негізде құрған коммерциялық емес ұйым (саяси партияларды, кәсіптік одақтарды және діни бірлестіктерді қоспағанда)» екені жөнінде анықтама берілген.

Алғаш рет «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы 2013 жылғы 14-15 қараша күндері Астана қаласындағы Тәуелсіздік Сарайында өткізілген Қазақстанның VI Азаматтық Форумының аясында ұсынылып, «Мемлекет және үкіметтік емес ұйымдардың өзара қарым-қатынасы мәселелерін заңнамалық қамтамасыз ету» атты секциясында жан-жақты талқыланған еді.

Бұл заңнамалық құжаттың жобасы жан-жақты сарапталып, талқыға салудың ұзақ сатысынан өткізілген соң, осыдан төрт жыл бұрын еліміздің Парламенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 429-V ҚРЗ Заңын қабылдап, оған Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды.

Аталған Заң бойынша бірнеше заңнамалық актілерге, атап айтқанда, 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына, «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» 2005 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Соған сәйкес мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, қор, қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестіктері нысанында, сондай-ақ өзге де ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған коммерциялық емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерi (оқшауланған бөлiмшелерi) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға жыл сайын 31 наурызға дейін үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен өз қызметі туралы, оның ішінде өз құрылтайшылары (қатысушылары), мүлкінің құрамы, ақшаны қалыптастыру көздерi мен жұмсау бағыттары туралы мәліметтерді ұсынады деп белгіленді.

Сондай-ақ «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» 2005 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңының тақырыбы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Заң деп өзгертіліп, аталған Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін болды.

Тиісінше, «мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс» ұғымы жаңа редакцияда жазылып, оған қоса «уәкілетті орган жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі үйлестіру кеңесі», «үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант», «үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттарды іске асыру мониторингі», «үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы», «үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор», «үкіметтік емес ұйымдардың дерекқоры», «үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган» ұғымдары енгізілді.

Шын мәнінде, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 429-V ҚРЗ Заңының қабылдануы үкіметтік емес ұйымдарға қаржылай қолдау көрсету ісіне жаңа жол ашты.

Мысалы, «Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландырудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1192 қаулысымен жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – қоғам) құрылды және ол үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор болып айқындалды.

Аталған Қоғам қызметінің негізгі мақсаты және түрлері үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттар беру және олардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыру болып белгіленді.

Енді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындап отырған, Үкіметіміздің білім саласындағы үкіметтік емес ұйымдарға қандай тұрғыдан қолдау көрсеткені жөн болар еді деген ұсыныс-пікірімізге тоқталсақ.

Біз осыдан он бір жыл бұрын «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесін құрып, білім және ғылым саласындағы коммерциялық емес және үкіметтік емес ұйым ретінде жұмыс істеп келе жатырмыз.

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде қосымша білім беретін білім беру бағдарламаларын, білім саласындағы ақпаратқа қол жеткізу, педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу, әлеуметтік кәсіптік бағдарлау, кәсіптік оқыту, жұмысқа орналастыруда делдалдық көрсету жұмыстарын іске асыруға бағытталған заңды тұлға – коммерциялық емес ғылыми-зерттеу, ғылыми-білім беру, оқыту-кеңес беру, заңдық және құқықтық кеңес беру, редакциялық-баспа ұйымы сипатындағы заңды тұлға ретінде 2008 жылдың 23 желтоқсанында мемлекеттік тіркеуден, 2010 жылдың 12 қарашасында мемлекеттік қайта тіркеуден өткізілген.

Бүгінде «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2019 жылғы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» деген тақырыптағы мемлекеттік грантын ұтып алып, белгіленген жоспар бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Біздің әлеуметтік жобамызға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына шын жүректен шыққан алғысымызды білдіреміз.

Сонымен бірге Үкіметіміз білім саласындағы үкіметтік емес ұйымдарға көрсетілетін қолдауды күшейтсе екен деген өзіміздің өтінішімізді ортаға салғымыз келеді.

Атап айтқанда, жастарға кәсіптік бағдар беру және дарынды балалармен жұмыс жүргізу барысында он жылдан астам уақыт қызмет істеп келе жатқан біздің «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі секілді білім саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың жинақтаған мол тәжірибесін кеңінен пайдаланып, әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік гранттар ұсыну арқылы Үкімет тарапынан кеңінен қолдау көрсетілсе, мұның азаматтық қоғамды дамытуға да, білім беру сапасын арттыруға да ықпалы мен көмегі көп болар еді.

«Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V ҚРЗ Заңы Заңының 1-ші бабының 23) тармақшасында: «әлеуметтік кәсіптік бағдарлау – адамның кәсіптік білімін, дағдыларын, қызығушылықтарын және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіп таңдауда, кәсіп түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсетуге бағытталған өзара байланысқан іс-шаралар кешені», - деген анықтама берілген.

Осы аталған Заңның 11-ші бабына сәйкес әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтерді халықты жұмыспен қамту орталығы көрсетеді.

Заңның «Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау» деп аталатын 18-ші бабында былай делінген:

«1. Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттарын, оралмандарды, сондай-ақ студенттерді, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларын әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жеке адамның кәсіптік білімдерін, дағдыларын, қызығушылықтарын және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіп таңдауда, қызмет түрін ауыстыруда практикалық көмек көрсету және біліктілігін арттыру мақсатында бюджет қаражаты шегінде жүргізіледі.

2. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау:

1) еңбек қызметі, еңбек нарығының жай-күйі, меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша жұмысқа орналастыру немесе кәсіптік оқытудан өту мүмкіндіктері туралы кәсіби ақпарат беруді;

2) адамның жеке-психологиялық сипаттамасының, өмірлік жағдайлары ерекшеліктерінің, кәсіптік білімдерінің, дағдыларының, қызығушылықтарының, денсаулық жағдайының және еңбек нарығындағы қажеттіліктерінің негізінде жұмыс орны мен мамандық таңдауда кәсіби консультацияны;

3) нақты кәсіп (мамандықтар) түрлері және лауазымдар үшін айқындалған біліктілік талаптарына адамдардың сәйкестігін белгілеу арқылы кәсіби іріктеуді қамтиды.

3. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы және мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерін және (немесе) өзге де ұйымдарды тарту құқығымен халықты жұмыспен қамту орталықтары жүргізеді.

4. Халықты жұмыспен қамту орталықтары әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өткен адамдар туралы мәліметтерді еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасында орналастырады».

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 359 қаулысымен жаңа редакцияда жазылған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» 5.3.1 тармақшасында:

«Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыз адамдар, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылған жекелеген санаттар, NEET санатындағы жастар, студенттер, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін жүзеге асырылады.

Кәсіптік бағдарлауды жүргізу тәртібі халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды жүргізу қағидаларында айқындалады», - деп жазылған.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылғы 14 ақпандағы № 8 бұйрығымен жаңа редакцияда жазылған «Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу қағидаларының» 1-параграфында студенттер, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары арасында әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу тәртібі баяндалған.

Ал «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңының 1-тарауы, 1-бабының 29) тармақшасында «кәсіптік бағдар – білім алушының кәсіптік қызығушылықтарына, жеке қабілеттері мен психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және кәсіптік мүмкіндіктер саласында, мамандық пен оқитын орнын еркін және саналы таңдау құқықтарын іске асыруына ақпараттар мен консультациялық көмек беру» екені жазылған.

Өкінішке қарай, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V ҚРЗ Заңы Заңының 18-ші бабының 3-ші тармағындағы «Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы және мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерін және (немесе) өзге де ұйымдарды тарту құқығымен халықты жұмыспен қамту орталықтары жүргізеді», - деген заңнамалық талап қағидасы іс жүзінде орындалмай отыр.

Ақиқатын айтар болсақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 429-V ҚРЗ Заң қабылданып, тиісінше «Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландырудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1192 қаулысымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылып, ол үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор болып айқындалғаннан бері төрт жылдың жүзі өтсе де, үкіметтік емес ұйымдарға грант беруге арналып өткізілген конкурстардың құжаттарына әлі күнге дейін «Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау» атты тақырып енгізілген жоқ.

Сондай-ақ, білім саласындағы нормативтік құқықтық актілердің ешқайсысында білім алушыларға кәсіптік бағдар беру мәселесі реттелмеген, бұл жұмысты беру беру ұйымдарында нақты кім атқаруы керек екені нақты көрсетілмеген.

Біз осы мәселе бойынша Білім және ғылым министрлігіне және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы бірнеше рет өтініштер жазған едік.

https://dialog.egov.kz/blogs/all-questions/470874#answers

https://dialog.egov.kz/blogs/all-questions/476277#answers

https://dialog.egov.kz/blogs/all-questions/479113#answers

https://dialog.egov.kz/blogs/all-questions/479399#answers

Бізге жолдаған ресми хаттарында Білім және ғылым министрлігінің бұрынғы басшылары:

«Оқушылардың мамандық таңдауына көмек беру бойынша, кәсіби бағдарға көмек көрсету білім беру ұйымдарының қызметін ретке келтіру мақсатында министрлік 9-11 сынып оқушыларына бейімдеу күнін өткізу тәртібі министрліктің бұйрығымен (24.03.2016 ж. № 214 ҚР БҒМ бұйрығы) бекітілген. Осы бұйрыққа сәйкес ЖОО мен колледждер айына екі рет 1 академиялық сағаттан кәсіптік бағдарлау жұмыстарын орта білім беру ұйымдарында өткізуде. Бастауыш және негізгі орта білім берудің үлгілік оқу жоспарына «Технология» пәнінің орнына «Көркем еңбек» пәні қосылған. Ол оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар нақты еңбек дағдыларын дамытуға бағытталған.

2013-2017 жылдар аралығында министрліктің қолдауымен «Нұрбағдар» ЖШС республиканың 9-10 сыныптарының оқушылары кәсіптік бағдарлау бойынша тестілеуден өтуде. Тестілеуден өткен балаларға болашақ кәсіпті дұрыс таңдау бойынша кеңестер беріліп отырады. Аталған тестілеу республика мектептерінде кәсіптік бағдарлау міндеттерін іске асыру мақсатында мектеп әкімшіліктері мен психологтарына кәсіптік кеңес беру жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың нарыққа қажетті мамандықтарды таңдауына үлкен үлес қосуда.

Сондай-ақ, кәсіби бағдарлау бойынша оқушылар және олардың ата-аналарымен дөңгелек үстелдер, мектеп психологтарымен және де кәсіптік бағдарлау сұрақтарына жетекшілік ететін оқу ісі жөніндегі директорлардың орынбасарларымен конференциялар, семинарлар өткізіліп, кәсіптік бағдарлау бойынша ұсынымдар беріледі. Сонымен қатар, бүгінгі таңда мектептерде кәсіби бағдар бойынша сынып жетекшілері жүйелі жұмыс жүргізеді», - деген жалпылама жауаптар берген еді.

https://dialog.egov.kz/blogs/all-questions/470874#answers

https://dialog.egov.kz/blogs/all-questions/476277#answers

Өкінішке қарай, «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің жастарға кәсіптік бағдар беру бойынша жасалған әлеуметтік жобалары осыған дейін бірнеше рет ұсынғанымызға қарамастан, жоғарыда аталған уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппай келеді.

Біз 2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылғанындай:

- Оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу, бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы;

- Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау;

- Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкімет Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуі барысында білім саласында жұмыс істеп келе жатқан, тиісті қызмет тәжірибесі мол «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі секілді үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануы тиіс деп ойлаймыз.

Қорыта айтқанда, білім саласындағы үкіметтік емес ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырыс, гранттар мен сыйлықақылардың тақырыптары мен мөлшерін көбейтуді ұсынамыз.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің және «Kásiptik baǵdar» медиабілім ғылыми орталығы» мекемесінің директоры, қауымдастырылған профессор (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD).

 

(Бұл мақаланы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі жариялап отыр).

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

16.09.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Бала құқықтары декларациясының қабылданғанына – 60 жыл, Бала құқықтары туралы Конвенцияның қабылданғанына – 30 жыл толуына орай еліміздің ең қиыр оңтүстігіндегі Мырзашөл өңірінің Асықата кентінде (Түркістан облысы) 2019 жылғы 25 қыркүйекте «Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелері» атты Республикалық конференция өткізуді жоспарлап отыр
13.09.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің мектепке дейінгі ұйымдары (балалар бақшалары), орта білім беру ұйымдары (мектептер), техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары (колледждер) және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (университеттер) педагог қызметкерлері арасында мектеп оқушыларына арналған «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» оқу пәні бойынша білім беру бағдарламасын (одан әрі – Білім беру бағдарламасы) әзірлеу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.
11.09.2019
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі еліміздің орта, кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары (мектептер мен колледждер) оқушылары арасында «БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ» атты тақырыпқа эссе жазу конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды.