ҮКІМЕТ МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІН ДАМЫТУ ҮШІН ҚАРЖЫ БӨЛУІ ҚАЖЕТ

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 938 қаулысымен «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» бекітілген еді. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 13 мамырдағы № 277 қаулысымен жоғарыда аталған «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылды.

Атап айтқанда, жаңа редакциядағы «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» «I. Құрылыс», оның ішінде «Әкімшілік ғимараттар», «Тұрғын үй», «Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым», «II. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық», оның ішінде «Сумен жабдықтау және су бұру», «Газбен жабдықтау», «Электрмен жабдықтау», «Жылумен жабдықтау», «Тұрғын үйлерді жаңғырту», «III. Білім беру», «IV. Денсаулық сақтау», «V. Халықты әлеуметтік қорғау», «VI. Мәдениет», «VIІ. Спорт», «VIII. Көліктік инфрақұрылым», «IX. Қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтық қорғау», «X. Ауыл шаруашылығы», «XІ. Кәсіпкерлік», «XІI. Туризм», «XІІI. Басқалар» атты бөлімдерге бөлінген, барлығы 116 ұйымдастырушылық және іске асыру іс-шараларынан тұрады.

Жаңа редакциядағы «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарын» жүзеге асыру үшін қаржыландыру көзі ретінде 2019-2024 жылдарға республикалық бюджеттен – 543 006 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 110 042 млн. теңге, жеке инвестициялардан – 529 647 млн. теңге, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүйесінен – 53 920 млн. теңге, барлық жиыны – 1 236 615 млн. теңге қаражат қарастырылған.

Осыған дейін біз бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты бейресми мәліметтер бойынша 500 мыңға жуық халық тұрып жатқан Мырзашөл өңірінің жаңа облыс орталығынан 400 шақырымнан астам қашықтықта қалып қоюына байланысты жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мәселелерін шешуді сұрап, Елбасымыздың, Қазақстан Республикасы Президентінің, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігінің, басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың аттарына бірнеше рет ұсыныс хаттар жолдаған едік.

Бізге келген ресми жауап хаттарда Мырзашөл өңірін дамытуға, аймақтың жергілікті халқының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған нақты шешімдер қабылданатыны туралы ақпараттар берілген болатын.

Алайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 13 мамырдағы № 277 қаулысымен жаңа редакцияда жазылған, жоғарыда аталған «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарында» Мырзашөл өңіріне қатысты бір ғана іс-шара көрсетілген.

Яғни бұл кешенді жоспардың бір ғана іс-шарасы – № 25 «Сарыағаш, Мақтаарал және Шардара аудандарын электрмен жабдықтау үшін 220/110/10 кВ «Қызыл әскер» қосалқы станциясынан электр жоғары вольтті екі желісін салу» туралы іс-шарасы ғана Мырзашөл өңіріне тікелей бағытталған.

Сарыағаш, Мақтаарал және Шардара аудандарын электрмен жабдықтау үшін 220/110/10 кВ «Қызыл әскер» қосалқы станциясынан электр жоғары вольтті екі желісін салу үшін 2019 жылға – республикалық бюджеттен 500,0 млн. теңге, 2020 жылға – республикалық бюджеттен 1 249,3 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 180,0 млн. теңге қарастырылған.

Біз Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 13 мамырдағы № 277 қаулысымен жаңа редакцияда жазылған «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына» толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, 500 мыңға жуық халық тұратын Мырзашөл өңірін дамытуға қаржы бөлінуі қажет деп есептейміз.

Атап айтсақ:

- Мақтаарал ауданында Мырзашөл өңіріне арналған «Дарынды балалармен жұмыс жөніндегі өңірлік ғылыми-практикалық орталық» ашу;

- Мырзакент кентінде Түркістан облысы білім басқармасына қарасты «Мақтаарал ауданының дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесін ашу;

- Атакент кентінде химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін ашу;

- Асықата кентінде физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін ашу;

- Атакент кентіндегі Мақта шаруашылығы тарихы музейіне арнап жаңа ғимарат салып, музейге Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты республикалық мәртебе беру;

- Атакент кентіндегі Мақтаарал аграрлық колледжіне Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты жоғары оқу орны мәртебесін беру;

- Мырзашөл өңіріндегі Мырзакент, Атакент және Асықата кенттерін дамыту, сондай-ақ Түркістан қаласынан Шардара қаласы арқылы, сонымен бірге Шымкент қаласынан Атакент, Асықата кенттері мен Жетісай қаласы арқылы Мырзакент кентіне апаратын тасжолдарға сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінгені жөн.

Қорыта айтсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 13 мамырдағы № 277 қаулысымен жаңа редакцияда жазылған «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына» толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, 500 мыңға жуық халық тұратын Мырзашөл өңірін дамытуға қаржы бөлінуі қажет.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің директоры.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Жаңалықтар

10.10.2019
Алматы облысының ұстаздар қауымы балалардың 90%-ын қосымша біліммен қамтамасыз етіп, еліміз бойынша орташа көрсеткіштен те жоғары нәтижеге қол жеткізді
09.10.2019
Біз – Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі білім және ғылым саласындағы коммерциялық емес ұйым ретінде құрылған 11 жылдан бері Алматы облысы білім басқармасының Қарасай ауданындағы «Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Әл-Фараби атындағы арнаулы гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатып, өзара шығармашылық байланыста бірлесе жемісті жұмыс істеп келе жатырмыз.
27.09.2019
2019 жылғы 25 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентінде «Қазақстандағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу мәселелері» атты Республикалық конференция өткізілді.