АПАТТЫ ЖАҒДАЙДАҒЫ МЕКТЕПТЕРДІ БІТІРІП ЖАТҚАН АУЫЛ БАЛАЛАРЫНЫҢ БІЛІМ ДӘРЕЖЕСІНЕ КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы төрт бірдей мектеп ғимараты құлағалы тұр. Осындай білім ұяларында оқыған оқушылар мен олардың ұстаздарынан ҰБТ-да жоғары ұпай жинауды талап ету арымызға сын емес пе?

Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің сараптамасы негізінде Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданындағы өскелең жас ұрпақты оқытып, білім мен тәлім-тәрбие беріп келе жатқан барлығы 121 жалпыжәне негізгі орта мектептің төртеуінің орналасқан ғимараттары апатты жағдайда екендігі туралы қорытынды берілген.

Тарихы терең өңір

Алдымен аз-кем қысқаша тарихқа тоқталайық.

1924 жылғы маусым айында Б(б)КП Орталық Комитеті Орталық Азия республикаларын ұлттық-мемлекеттік межелеу туралы қаулы қабылдады. Осыған байланысты Сыр бойы қазақтары қалың қоныстанған аймақ Қазақ АКСР-іне қаратылды.

1924 жылғы 12 желтоқсанда бұрынғы Сырдария облысы губернияға айналдырылып, губерния орталығы болып Шымкент қаласы белгіленді де, оның құрамына Ақмешіт, Түркістан, Шымкент және Ташқазақ уездері кірді.

Міне, осы Сырдария губерниясының Ташқазақ (Ташкент қазағы) уезі 1924 жылғы қараша айының алғашқы күндерінде құрылған болатын. Бұл уездің құрамына оған дейін бұрынғы Сырдария облысының Мырзашөл уезіне қарап тұрған Иіржар және Славян болыстары, Самарқан облысының Жызақ уезінен – Атақорған, Қызылқұм, Көктөбе, Қорғантөбе, Пістелітау және Шардара болыстары, бұрынғы Сырдария облысының Ташкент уезінен – Ақжар, Александров, Алтын, Болат, Жетісу, Жаушықұм, Үштаңбалы, Үштөбе (Ақтөбе) және Шарапхана болыстары берілді. Осы Ташқазақ уезінде алғашқыда 17 болыс болса, кейінірек олардың саны 31-ге жетті.

1925 жылдың 10 тамызында Ташқазақ уезінің орталығы Көктерек селосынан – Чичериноға, ал 1926 жылғы 12 қыркүйекте Сарыағашқа көшірілді.

Сырдария губерниялық атқару комитетінің 1925 жылғы 8-9 сәуіріндегі қаулысына сәйкес сол жылғы 15 сәуірде Славян болысы – Иіржар болысына қосылды да, Иіржар болысының орталығы болып Славянка селосы белгіленді.

1928 жылғы 17 қаңтар күні Ташқазақ уезі мен болыстар таратылып, бұрынғы Иіржар болысының негізінде Иіржар ауданы шаңырақ көтерді. Бұл мәселе 1928 жылғы 3 қыркүйекте Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК – БОАК) тарапынан бекітілді. 1928 жылғы 3 қыркүйек – Иіржар (қазіргі Мақтаарал) ауданының құрылған күні.

Қиындықтар мен қайшылықтарға қарамастан Мырзашөлдің қазақ бөлігінде жаңа аудандар мен шаруашылықтар көбейе түсті. БОАК-нің 1930 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен сол жылғы 17 желтоқсаннан бастап бұрынғы Иіржар ауданы енді Мақтаарал ауданы деп атала бастады. Аудан орталығы болып Славянка селосы белгіленді.

Ал, 1931 жылғы 22 мамырда аудан орталығы Қоңырат елді мекеніне ауыстырылды.

1932 жылғы 20 ақпаннан бастап Мақтаарал ауданының орталығы Славянка селосына қоныс аударды. Бұл мәселе БОАК-нің 1932 жылғы 10 наурыздағы қаулысымен бекітілді.

Міне, осы Мақтаарал ауданының Төменгі Қоңырат өндірістік учаскесі 5 ауылдық Кеңестің, 5 қазақ ұжымшары мен 3 жеке сектордың аумағын қамтып жатты.

Осы 5 ауылдық Кеңестің бірі – Тегістік ауылдық Кеңесінің қызмет көрсету аумағы 4 шақырым, аудан орталығына дейінгі қашықтық 26 шақырым болды. Айналмалы пошта байланысы орнатылды. Ауылдық Кеңес құрамында «Тегістік» қазақ ұжымшары болды.

Аталған «Тегістік» қазақ ұжымшары 1929 жылы құрылды. Ал, Тегістік ауылдық Кеңесі 1932-1937 жылдар арасында жұмыс істеді. Сол ауылдық Кеңес орналасып, оның қызметкерлері жұмыс істеген үй күні кешеге дейін біздің көз алдымызда көне тарихтың куәсіндей болып сол қалпында сақталып келген еді. Амал қанша, кейінірек бұл үй де бұзылған ғимараттардың кейпін құшты.

Тарихы терең мектеп

Міне, осынау «Тегістік» ауылындағы қазіргі екі қабатты мектептің шаңырақ көтеру шежіресі Мырзашөл аймағындағы жаппай сауатсыздықты жою және халыққа білім беру ісін дамытумен тығыз сабақтасып жатыр.

«Тегістік» мектебінің негізін қалаған Шыназбек Бектасұлын жергілікті халық ешқашан ұмытпайды! Үлкен жүректі азамат ретінде елдің есінде қалған Шыназбек Бектасұлы Иіржар болысының «Қызыл тоғай» ауылында 1904 жылы дүниеге келген. Ауыл молдасының жәрдемімен арабша төте жазу бойынша оқып, одан кейін өзі талаптанып, сауатын ашып, 1927 жылы «Қызыл тоғай» ауылдық Кеңесінің негізін алғашқылардың қатарында қалаған. Кейін сол ауылдық Кеңестің төрағасы болып сайланған. 1929 жылы елді сауаттандыру жөнінде орасан зор еңбек етіп, арнайы мектеп ашқан.

1930 жылы Шымкент қаласына барып, бес айлық курста білімін жетілдіріп келген соң, Шыназбек Бектасұлы сол жылдың тамыз айында «Тегістік» бастауыш мектебін ашады. Халық ол кісіні бір ауыздан мектеп директорлығына ұсынып, сайлайды.

Арада бес жыл өткен соң, яғни 1935 жылы «Қызыл тоғай» бастауыш мектебі шаңырақ көтереді де, оған Шыназбек Бектасұлы басшылық етеді.

Екі жылдан кейін аталған білім ұясы ұлғайып, Жамбыл атындағы орталау мектебіне айналады.

Шыназбек Бектасұлы өзінің Қажығали Ыбырайұлы, Айтбай Әлжанұлы, Асқар Құрманәліұлы, Сәрсен Хантөреұлы, Әнуар Елемесұлы секілді әріптестерімен бірге тізе қосып, осында еңбек етеді. Ұлы Отан соғысына қатысады, Шымкенттегі педагогика институтын бітіреді, Мақтаарал аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметін бес жыл бойы атқарады.

Жамбыл атындағы орта мектебінің директоры лауазымының ауыр жүгін 1948 жылы құрметті демалысқа шыққанша абыроймен атқарып, халыққа мінсіз қызмет көрсетеді.

Шыназбек Бектасұлына 1954 жылы «Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі» құрметті атағы беріліп, 1966 жылы «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне таққан.

Міне, Шыназбек Бектасұлы осындай жан болған.

Мақтаарал өңіріндегі бұрынғы Абай атындағы ұжымшардың (қазіргі Жамбыл ауылдық округінің Абай ауылы) тұрғындары «Тегістік» ауылындағы осынау мектепті ұлағатты ұстаздың соңында қалдырған мұрасындай, ескінің көзіндей көруші еді.

Алайда, кешегі кеңестік тоқмейілсу мен тоқырау кезеңінде мектеп үйі жібек құртын өсіретін орынға, сонымен бірге шаруашылыққа мақта жинауға қол ұшын беретін жұмысшылар (жергілікті халық тілімен айтқанда – жәрдемшілер) уақытша тұратын жатақханаға айналдырылды. Кейін бұл аздай, мектеп үйі құлатылып, орны тегістеліп тасталды.

Ұстаз атамыздың жолын қуған туған қызы Раушан Шыназбекқызы Бектасова – осы жолдар авторының қолына «Әліппе» ұстатқан алғашқы ұстазымыз болатын.

«Тегістік» мектебінің ғимараты бұзылған тұста, бастауыш сыныптарда оқып жүрген кезімізде оқушылар үшін басқа лайықты орын табылмағандықтан, жеке меншікке қарасты тұрғын үйлерде, тіпті әлі салынып бітпеген монша үйінің ішінде де оқып, білім алғанымыз әлі күнге дейін көз алдымыздан кетпейді.

Әйтсе де, осынау қасиетті қарашаңырақтан түлеп ұшқан шәкірттер осыдан 85 жыл бұрын «Тегістік» мектебін ашқан ардагер атамызды әрқашан да ардақтап, мақтан етеді. Біз де ол кісінің әруағына әрқашан да басымызды иіп, тағзым етеміз!

Кейінірек, 1976 жылы бұрынғы «Тегістік» мектебінің үйі тұрған жерге жақын жерден білім ұясының екі қабатты басқа ғимараты бой көтерді. Мектепке Шыназбек Бектасұлының есімі берілді.

Бұл ғимарат та қатарынан бірнеше қызметті қоса атқарды. Ол оқу жылы басталған кезде оқушылар сабақ оқитын мектепке айналса, ал жалпы жұртшылық «ақ алтын» – мақта жинау науқанына жұмылдырылған кезде қаладан келген жәрдемшілер жататын жатақханаға айналып келді.

Қырық-елу жыл бойы жөндеу жүргізілмеген, құлап, қирағалы тұрған білім ұялары

Міне, осынау білім мен тәрбиенің алтын ұясы – 1929-1930 жылдары ашылып, 1976 жылы қайта тұрғызылған бұрынғы «Тегістік», қазіргі Шыназбек Бектасов атындағы негізгі орта мектебінің екі қабатты ғимараты апатты жағдайда құлағалы тұр!

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданының http://maktaral.gov.kz/kz/bilim-salasy.html ресми сайтында жарияланған мәліметтер бойынша аудандағы төрт мектептің ғимараттары апатты жағдайда қалып отыр. Олар:

1. Жаңа ауыл ауылдық округінің Атақоныс (Жаңа ауыл) ауылындағы Рудаки атындағы жалпы білім беру орта мектебінің ғимараты, ғимарат типі – ыңғайластырылған, 1960 жылы салынған, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қорытындысы – №53, 16.05.2013 жыл.

2. Мақтаарал ауылдық округінің Есентаев елді мекеніндегі (Атакент кенті) Тоқжігітов атындағы жалпы білім беру орта мектебінің ғимараты, ғимарат типі – ыңғайластырылған, 1962 жылы салынған, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қорытындысы – №52, 16.05.2013 жыл.

3. Мақтаарал ауылдық округінің Көкарал ауылындағы (Береке елді мекені) Әл-Фараби атындағы жалпы білім беру орта мектебінің ғимараты, ғимарат типі – ыңғайластырылған, 1976 жылы салынған, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қорытындысы – №54, 16.05.2013 жыл.

4. Жамбыл ауылдық округінің Абай ауылындағы («Тегістік» елді мекені) Шыназбек Бектасов атындағы негізгі орта мектебінің ғимараты,ғимарат типі – ыңғайластырылған, 1976 жылы салынған, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қорытындысы – №51, 16.05.2013жыл.

Мына суреттегі мектептің халі де мүшкіл...

Төменде Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданындағы кейбір мектеп ғимараттарының көріністерін жариялап отырмыз (суреттер мына Интернет-ресурстан алынды: http://kz.otyrar.kz/2013/07/ma%D2%9Btaralda-mektep-salu-da-%D2%9Bymbat-t%D2%B1rady-foto/).

Мектеп мәселесімен бас қосқан жұртшылық.

 

Бұрынғы клубтың – қазіргі мектептің іргетасы 1968 жылы қаланған.

 

Ауыл мектептеріндегі қауіпсіздік ережелерін сақтаудың қазіргі дәрежесі.

 

Терезенің жақтауына ойып жаздым атыңды...

Мектебің, мынау – класың, осында он жыл тұрасың... – №1.

 

Мектебің,мынау – класың, осында он жыл тұрасың... – №2.

 

Мектебің,мынау – класың, осында он жыл тұрасың... – №3.

 

Мектебің,мынау – класың, осында он жыл тұрасың... – №4.

 

Мектебің,мынау – класың, осында он жыл тұрасың... – №5.

 

Ал бұл – бұрынғы клуб, қазіргі негізгі мектептің мұғалімдер бөлмесі. Осында 30 шақты ұстаз сабаққа дайындалып, жоспар құрады.

 

Мұғалімдербөлмесіне бастайтын есік.

Оқушылар мен мұғалімдер ішетін «таза су» көзі.

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданы бойынша 2014 жылы 6 мектепке жаңадан құрылыс жұмыстары жоспарланыпты.Алайда, жоғарыда көрсетілген 4 мектеп бұл тізімде бар ма, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз.

Тиісті мекемелердің есептеуінше, бүгінде бір типтік мектепсалудың құны 490 миллион теңгеден аспау қажетекен. Алайда, мұндай қаржы мемлекеттің қазынасынан арнайы бөлінбесе, қарапайым халықта ондай ақша жоқ. Сондай-ақ, мектеп түлектерінің арасынан да бір кезде өздерін білім нәрімен сусындатқан, тарихы тереңде жатқан мектептің жаңа ғимаратының құрылысын жүргізу үшін қажетті қаражатты қалтасынан шығарып бере салатын миллионерлер да табылмай тұр, өкінішке қарай...

Міне, кеше барлық мектеп бітірушілері үшін үлкен жауапты сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы Білім бөлімінің http://baq.kz/kk/regional_media/post/53859 Интернет-ресурсында жарияланған мәліметтеріне сүйенсек, биыл аудан бойынша 4923 оқушы мектеп бiтiредi. Оның 4282-сi – қазақ тiлiнде, 314-i – орыс тiлiнде, 123-i – өзбек тiлiнде, 204-i – тәжiк тiлiнде оқитындар. ҰБТ-ға қатысуға өтiнiш бiлдiргендер саны – 2671, пайыздық көрсеткiш – 58,1 (яғни, мектеп бітірушілердің жартысына жуығы ҰБТ тапсырмайды немесе жоғары білім алу мүмкіндігі жоқ деген сөз). Ал мемлекеттiк емтихан тапсыратындар – 2252.

Биылғы жылы аудан бойынша «Алтын белгi» белгiсiне үмiткерлер – 164, «Үздiк аттестат» үмiткерлерi – 85.

Соңғы байқау тестiнiң қорытындысы аудан бойынша орташа көрсеткiш – бар болғаны 71,9 балл.

Өткен жылы аудан бойынша ҰБТ-ға 3025 бала қатысқан. Мектеп бiтiрушiлер саны 5085 оқушы (қазақ, орыс тiлдерiнде оқитындар) болған.

Үстіміздегі жылы Мақтаарал ауданында ҰБТ 2-8 маусым аралығындаЫнтымақ ауылдық округіне қарасты«Әден ата»ауылындағы №119 жалпы орта мектебiндеөтіп жатыр.

Аудан бойынша ҰБТ тапсыратын талапкерлердің 2316-сы өңiрлерден арнайы көлiкпен тасымалданады. Олар 2 мезгiл (түскi және кешкi) ыстық тамақпен қамтамасыз етiледi. ҰБТ кезiнде оқушыларға тегiн сусындар берiледi.

Мектеп бітірушілерін тасымалдауға – 3,5 млн., тамақтануға 3,5 млн. теңге, барлығы 7 млн. теңге қаржы жергiлiктi бюджеттен бөлiнiпті.

Қалай ойлайсыздар, халқының саны 300 мыңға жуықтайтын, облыс орталығынан (яғни, қазіргі заманғы дамылсыз дамыған, күн сайын өзгеріп жатқан ғылым-білім өркениетінен десек те болады) 231 шақырым қашықтықта жатқан Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Мақтаарал ауданының жоғарыдағы суреттерде бейнеленген, ғимараттары құлағалы тұрған білім ұяларын бітіріп, тәлім-тәрбие алған жас ұрпақ пен олардың ұстаздарынан Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде жоғары нәтиже, жақсы көрсеткіш талап етуге білім саласын басқарып отырған шенеуніктердің құқығы бар ма?

Алыстағы ауылдарымыздың апатты жағдайдағы мектептерін бітіріп жатқан білімі таяз жас ұрпақтың болашақ тағдыры ел ағаларын толғандырар ма екен?

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасыныңдоценті (of Associate Professor), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының директоры, ғылыми журналдардың бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты (PhD).

 

03.06.2014 ж.

 

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

22.11.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған еркін тақырыптар бойынша «ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» атты шығармалар конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Шығармаларды кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
20.11.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «ҚОҒАМДЫҚ БАЙЛАНЫС – ҚАЖЕТ МАМАНДЫҚ» атты еркін тақырыпқа жазбаша эссе конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Эссені кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
17.11.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «Қазақ әдебиеті» және «Литература» пәндері бойынша «ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІ – ОҚУШЫ КӨЗІМЕН» атты ғылыми жұмыстар конкурсын ұйымдастыратыны туралы хабарлайды. Конкурс жыл сайын өткізіледі.