ЕЛБАСЫ ИДЕЯЛАРЫНЫҢ ЖУРНАЛИСТИКА ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУ МЕН ОҚЫТУДЫ ЖАҢҒЫРТУДАҒЫ ЕРЕКШЕ МАҢЫЗЫ

Елін сүйген, елі сүйген Елбасы

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мырзантай Жақыптың «Мырзашөлім – мырза елім» атты монографиясымен танысып тұрған сәті.

1998 жылдың 1 қарашасында түсірілген тарихи сурет.

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – тарихи тұлға. Ал тарихи тұлғалар біздің мақтауымызға мұқтаж, зәру емес. Керісінше, біз бір ғасырда бір рет қана туатын осынау тарихи тұлғамызбен мақтанамыз. Осы орайда, Елбасы идеяларының журналистика тарихын зерттеу мен оқыту үдерісін жаңғырту ісіндегі ерекше маңызы туралы нақты деректерге негізделген ой-тұжырымдарымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақстан журналистикасының жаңа тарихында Елбасымыздың сөз және баспасөз бостандығын заңдық-құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етудегі еңбегі алтын әріптермен жазылып қалатынын атап көрсеткіміз келеді.

1991 жылдың 28 маусымында «Баспасөз және басқа бұқаралық хабарлама құралдары туралы» Қазақ КСР заңы қабылданды. Алайда, бұл заң жас тұлпарға жабылған ескі жабу сияқты болып жаңа заман журналистикасына жүктелген міндеттермен үйлесе қоймаған болатын. Осыны ескере отырып, Елбасымыз 1995 жылғы 17 наурыздағы және 14 қазандағы Жарлықтарымен осы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізді.

Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары істері жөніндегі Байқаушы кеңес құрылды. Салалық министрлік сөз еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталған елеулі жұмыстар атқарды.

Алайда, баспасөз туралы заң заман ағымына ілесе алмаған күйі қайранға батқан қайықтай, уақыт кемесінің екпініне төтеп бере алмады. Мұның зардабы да аз болған жоқ. Қит етсе, журналистерге жүген салғысы келіп, сотқа сүйрей жөнелетіндер, өз атына айтылған азғантай сынды көтере алмай, миллиондаған теңге өндіріп алудан аянбайтындар қатары көбейді.

Міне, осындай кезде, 1999 жылдың 31 наурызы күні кешкі сағат 18-де Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Парламент депутаттарының алдында сөз сөйлеп, баспасөзді ақиқаттың айнасына емес, қалтасындағы қолайнасына айналдырғысы келетіндерді енді «еркелетіп» қоя алмайтынын, бұқаралық ақпарат құралдарын барынша қолдайтынын ашық айтып, журналистерге жігер мен қуатты күш берді.

1999 жылы республикалық, өңірлік және жергілікті баспасөзде жобасы алдын-ала жарияланып, егжей-тегжейлі талқылаудың нәтижесінде 1999 жылдың 23 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңы қабылданды.

Елбасының бастамасымен елімізде БАҚ қызметін үйлестіріп отыратын мемлекеттік органдар құрылды: Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігі, одан кейін Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттік, кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі деп аталды.

Елбасымыздың есімі мен идеялары журналистика тарихында да ерекше орын алады.

1992 жылдың 30 сәуірі – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев түбі бір туысқан түркі елінің тарихи тұлғаларының бірі, Түркия Республикасының сол кездегі Премьер-министрі Сүлеймен Демирелді қасына ертіп, Түркістан қаласы мен Байқоңырға арнайы ат басын тіреді.

Елбасымыз және Түркия үкіметі басшысының жанында сол сапар кезінде бірге болған журналистер – Қазақстан Республикасы Президенті аппараты Баспасөз қызметінің жауапты қызметкері Шәкизада Құттаяқов, «Түркістан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Дидахмет Әшімханұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі Коммунар Табей, ҚазТАГ-тың тілшісі, кейіннен «Казахстанская правда» газеті бас редакторының орынбасары болған Мұрат Бөлдекбаев, ҚазТАГ-тың фототілшісі А. Павский және біз – республикалық жастар мерзімді басылымының меншікті тілшісі Мырзантай Жақып.

Президенттік ұшақпен алдымен Түркістан қаласына, сосын Байқоңыр ғарыш айлағына бардық. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Сүлеймен Демирелдің бірге талқылап, ортақ шешімдер қабылдаған тарихи сәттерге куә болдық. Біздің «Түркістанда – туыстарымды, Байқоңырда – бауырларымды таптым...» атты мақаламыз сол кездегі жастар газеті «Жас Алаштың» 1992 жылдың 5 мамырындағы №87 нөмерінде жарияланды.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 1991 жылғы 6 маусымдағы №329 Жарлығымен Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті құрылды.

1992 жылы 1 мамырда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Түркия Республикасының Премьер-министрі С. Демирелдің кездесуінде Түркістан университетіне «халықаралық университет» мәртебесі берілді.

«Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті туысқан екі халық арасындағы байланысты нығайтып қана қоймайды, ол белді ғылым шаңырақтарының қатарына қосылады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев осы сапары кезінде.

Ал С. Демирел: «... Ұлы ойшыл бабамыз Қожа Ахмет Ясауиге топырағы бұйырған қасиетті ата қонысымыз – Түркістанда шаңырақ көтерген бұл университет әлемдегі ең озық ғылым мен білім ордаларының біріне айналатынына кәміл сенемін», - деген болатын.

1994 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Журналистика» бөлімі ашылды.

Оқу жоспарына сәйкес 2-3 курс студенттеріне «Түркі елдері журналистикасының тарихы» пәні енгізілді. Осы пәннің мазмұнын жүйелеп, оқу-әдістемелік бағдарламаларын жасау және пәнді оқыту жауапкершілігі бізге жүктелген болатын. 1992 жылдың 20-22 мамырында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Алмағайып әлемдегі түркі тілдес ақпарат құралдары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының аталған пән бойынша студенттерге білім беру барысында көп көмегі тиді.

Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің 1996 жылғы 18 қаңтардағы №11 бұйрығымен «0210 – Журналистика» жоғары білім беру бағыты арнайы мамандық ретінде бекітілді.

1997 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «10.01.10 – Журналистика» мамандығы бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беретін Диссертациялық кеңес құрылып, оның төрағасы филология ғылымдарының докторы, профессор Н.О. Омашев, ал ғалым хатшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып болды.

Бүгінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры лауазымдық қызметтерін абыроймен атқарып отырған Намазалы Омашев ағамыз осы Диссертациялық кеңестің ашылуына өте көп еңбек сіңірді.

Біз 1997 жылғы 29 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы «10.01.10 – Журналистика» мамандығы бойынша К.14.А.01.19 Диссертациялық кеңесінде «Туркестанские ведомости» газетінде патшалық Ресейдің Мырзашөлді отарлау саясатының жазылуы (1870-1917 жылдар)» атты тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты (PhD) ғылыми дәрежесі берілгенін мақтаныш тұтамыз.

Алматыда 1998 жылдың 20-21 қазан күндері «Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындарында ғылымды дамытудың проблемалары» деген тақырыппен ғылым жөніндегі проректорлардың қатысуымен өткізілген Республикалық семинар-кеңесте Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарында ғылымды дамытудың тұжырымдамасы талқыланып, толықтырылып, 1998 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі бекітті.

Аталған тұжырымдамада мемлекет тарапынан қаржыландыруға ұсынылатын іргелі зерттеулердің ғылыми бағыттарының бірі ретінде журналистика саласы, оның ішінде журналистиканың теориялық негіздері мен оған тарихи көзқарас; бұқаралық ақпарат құралдарындағы әдеби жұмыс тәжірибесі; бұқаралық ақпарат процесі мен бұқаралық ақпарат құралдарының әралуан түрлері қызметінің қазіргі жағдайы деген тақырыптар бойынша жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттары белгіленді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 1999 жылдың 25 желтоқсанындағы №139 бұйрығына сәйкес «Журналистика» мамандығы жоғары кәсіби білім мамандықтарының жіктеуіш-тізбесінің мемлекеттік стандартына гуманитарлық бағыт ретінде енгізілуі жас журналистерді оқыту мен тәрбиелеу ісіне жаңа жол ашты.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2000 жылғы 25 наурыздағы №247 нөмірмен бекітіліп, 2001 жылғы 18 мамырдағы №366 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдаудың типтік ережесінің 11-1 тармағына сәйкес «021040 – Журналистика» мамандығына құжат қабылдау және шығармашылық емтихан өткізу құқығы тиісті лицензиясы бар жоғары оқу орындарының өздеріне берілді.

Еліміздің жаңа кезең тарихындағы ендігі елеулі оқиға – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың арнайы Жарлығымен 1998 жылдың – Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы деп жариялануы еді.

Мемлекетіміздің басшысы 1998 жылдың 17 наурызда өткен еліміздің өнер, мәдениет және ғылым саласындағы шығармашылық зиялы қауымының танымал өкілдерімен кездесуінде сөйлеген «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» атты сөзінде:

«...Қазақ тарихында қазақ ұялататын ештеңе жоқ. Біз бірде-бір соғыс өртін бастаған емеспіз. Біз бірде-бір елдің жерін жаулап, даламызға қосып алған емеспіз. Қайта осы мәселеде қапы қалып кеткен тұстарымыз бар. Мұны айтқанда біз көршімізден жер даулағалы тұрған жоқпыз. Қалыптасқан шекараларды қайта қарауға қарсымыз.

...Қазақ тарихы тек осы Қазақстан жерімен шектелмейді. Ресейдің шекаралас облыстарына, Өзбекстанның Бұқара, Жызақ, Ташкент облыстарына, Қарақалпақстанға тарихи, этнологиялық экспедициялар шығару керек. Моңғолиядағы, Қытайдағы, Түркіменстандағы, Ирандағы қазақ диаспорасының фольклорлық мұрасын жазып алу да ойда болсын», - деген болатын.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1998 жылдың 27 наурызында Түркістан қаласында болып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы-профессорлар қауымымен өткізген кездесуіне біз де қатысып, Елбасымыздың:

«...Қазір ғана Ташкенттен келе жатырмыз. Осы жерде Орталық Азия Одақтастығының тағы да бір тарихи бас қосуы болды. Біз болашаққа арналған үндеу қабылдадық. Бұл үндеуде ата-бабаларымыз қалдырып кеткен қасиетті үлгі-өнегені алға тартып, Орталық Азиядағы егемен елдердің арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту, ХХІ ғасырда нағыз интеграциялық бірлік, ынтымаққа апаратын экономикалық байланыстарды күшейту туралы ойларымызды білдірдік.

Өзбекстанмен шекарамыз арқылы әрі-бері өту жайы ылғи да оңай шешілуі үшін екі елдің арасында қалыптасқан қарым-қатынасты өркендете түсуге ерекше назар аудардық.

Мысалы, бүгін таңертең ғана біз Оңтүстік Қазақстан облысы үшін күрделі мәселелерді шештік. Сонау Шардарадан, Мақтаарал ауданынан бері қарай өтетін жолдың бәрін Қазақстанның басқаруына алып, елге жақсылық жасап отырмыз. Бұдан былай бұл жерде – ешқандай бөгет, жолда – тосқауыл болмайды. Сондай-ақ Ташкенттен Самарқанға өтетін, Қазақстанның жеріндегі жиырма шақырым жолды оларға бердік. Осылайша, көліктердің тоқтаусыз өтуі қамтамасыз етілді.

Аймақтағы барлық мемлекеттер су мәселесі жөнінде консорциум жасадық. Көксарай су қоймасын салып, бұдан былай сумен жабдықтау ісіндегі тәуелсіздігімізді орнату жайын да ойластырып отымыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды көп ұзамай бастаймыз.

Осындай шаралардың барлығы да Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасын өркендетуге зор пайдасы болады деп ойлаймыз», - деген сөздерін өзіміздің қойын дәптерімізге жазып алған едік.

Елбасымыздың осыдан он алты жыл бұрын айтылған сөзінде берілген тапсырмалардың бүгінде толық жүзеге асқанына халқымыздың өзі куә.

Жалпы өзімізбен көрші қоныстанған бауырлас елдермен қарым-қатынас мәселесін Президентіміз ешқашан да ұмыт қалдырып көрген емес. Атап айтсақ, 1997 жылдың 5 шілдесінде баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижан және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Халықтан жасыратын ештеңе жоқ» атты сұхбатында Елбасымыз:

«...Жақында Өзбекстан Президенті Ислам Каримов ресми сапармен келді. Онымен әңгіме болғанда жеке мәселелер де көп талқыланды... Мақтааралда тұратын қазақтар Өзбекстанның жерінен басып өтіп, Қазақстанға келуі керек. Өзбекстанның өзі Мақтаарал арқылы, ең үлкен бізге шығатын жолы Қазақстан арқылы өтеді. Сонда енді қалай болады? Біз ана шекарада оларды жібермесек, сендер бізді жібермесеңдер, сонда біздің достығымыз қайда? Осындай-осындай өзекті өткір мәселелер ортаға салынды... Ислам Каримовке рахмет. Көп мәселелер төңірегінде түсіністік, ой бөлістік, ортақ шешімдер жасастық. Бұл жақсылық емес пе?» - деп терең толғанып, парасатты пайым-байлауын айтқанын ұмыта алмаймыз.

Елбасымыздың осынау жарқын сөздері бізге де шығармашылық шабыт беріп, 1998 жылы журналистика тарихы бойынша жинақталған сирек деректер негізінде «Мырзашөлім – мырза елім» атты арнайы монография жазып, жарыққа шығардық.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан он бес жылдан астам уақыт бұрын, 1998 жылдың 1 қарашасы күні мемлекетіміздің қиыр оңтүстігіндегі Жетісай қаласына жасаған ресми іссапары кезінде біздің осы монографиямызбен тікелей өзі танысып, кітаптың ғылыми мазмұнын оң бағалағаны – біз үшін үлкен мақтаныш. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің «Мырзашөлім – мырза елім» атты ғылыми еңбегімізбен танысып тұрып, Оңтүстік өңіріндегі Мақтаарал ауданының 70 жылдық мерейтойында Мырзашөл аймағының халқы мен жері туралы айтқан:

«...Қазақстанның, қазақтың жүрегі болып саналатын Оңтүстік өңірінде, оның ішінде Мырзашөл халқымен бүгін қуанышты жағдайда кездесіп тұрмын. Бүгін Мақтаарал ауданында бас қосып тұрмыз. Бұл – еңбекпен барлығын табатын елдің жері, өте қиын жұмыстың жері. Суармалы жерді қолдану арқылы мақта мен күріш өсіру – ауыл шаруашылығында ауыр еңбек екенін жұрттың бәрі біледі...

Мақтаарал, Мырзашөл өңірі – өз Отанының не екенін білетін қазақтың ішіндегі бірден-бір өлке. Жұртқа паш етер де осы Оңтүстік өлкесі, соның ішінде Мақтаарал өлкесі. Жаңағы айтып кеткен Оңтүстік Қазақстан, әсіресе, сіздің ауыл – қазақтың жүрегі деген сөз менің жадыма кірді. Мен соны өте жақсы қабылдаймын...

Сіздер өздеріңізді түкпірде жатқан өңірміз деп ойламаңыздар. Мақтаарал өңірін ешуақытта біз естен шығармаймыз», - деген жүрекжарды сөздері көңілімізді көтеріп, өне бойымызға ерекше қуат беріп келеді, жанымызды жадыратып, шуақ болып құйылып келеді.

(Елін сүйген, елі сүйген Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мырзантай Жақыптың «Мырзашөлім – мырза елім» атты монографиясымен танысып тұрған сәті бейнеленген, 1998 жылдың 1 қарашасында түсірілген тарихи сурет «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының zertteushi.kz Интернет-ресурсының негізгі бастапқы бетінде жарияланған).

Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы Жарлығымен 2000 жыл Мәдениетті қолдау жылы деп жарияланған болатын. Осы Жарлықтың шапағатымен мәдениет саласының көптеген қызметкерлеріне – өнер адамдарына, журналистерге үй беріліп, баспаналы болғанын да атап өткіміз келеді.

Біз жоғарыда Елбасымыздың есімімен байланысты, тек қана өзіміз көзімізбен көріп, жүрегімізбен сезінген, өзіміз тікелей куә болған, естен кетпес ерекше оқиғаларға ғана қысқаша шолу жасап шықтық. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуындағы тарихи орны туралы терең зерттеулер жүргізу – алдағы уақыттың еншісінде, болашақ жас ұрпақтың үлесінде деп ойлаймыз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үстіміздегі жылдың 17 қаңтарында жарияланған өзінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында:

«Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы.

Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді.

Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық.

Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады.

Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!» - деген болатын.

Елбасымыздың Астананың аппақ қарындай ақ, адал, Есілдің тұнық суындай терең толғанысы – біздің де жүрегімізде жатталып қалды.

Сенімсіз сәуегейлік жасауға ғана шебер әртүрлі саяси-әлеуметтік ағымдар мен топтардың жетегіне еріп, бос сөздің көбігін сапыруға ерік бермейік! Керісінше, Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыру мақсатында нақты жұмыс істеп, барлық күш-қуатымызды мемлекетіміздің мүддесі үшін қызмет етуге жұмсайық, Мәңгілік Еліміздің Мәңгілік Болашағын баянды етуге аянбай тер төгіп жатқан Тұңғыш Президентімізбен бірге халқымыздың әл-ауқатын арттыруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосайық!

 

Мырзантай ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

 

 

29.01.2014 ж.

Жаңалықтар

20.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы бастауыш, негізгі орта және жалпы орта мектептердің білім алушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған барлық пәндер бойынша Республикалық «МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСЫ» конкурсын жариялайды. Конкурс жыл бойы өткізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми жоба жұмыстары қабылданады.
18.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» атты Республикалық конкурсын жариялайды. Конкурсқа колледж оқытушыларының өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.
15.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «БАЛАЛАР БАҚШАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» атты Республикалық конкурсын жариялайды. Конкурсқа балалар бақшалары қызметкерлерінің өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.