ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚТАН АРЫЛМАЙ...

«Қазақ әдебиеті» газетінің (Қазақстан Республикасының әдебиет, мәдениет және өнер апталығы) 2016 жылғы 18-24 қарашадағы №47(3525) санында жарық көрген Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры Мырзантай Қожабайұлы Жақыптың білім беру саласының кейбір өзекті мәселелері қозғалған «Қағазбастылықтан арылмай...» атты мақаласын өз оқырмандарымыздың өтініштері бойынша назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Биыл егемен ел болып, аяғымызға нық тұрып келе жатқанымызға 25 жыл. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейтін тәмсілге жүгінетін мемлекетімізде осы уақыт аралығында жас ұрпаққа сапалы білім, тағылымды тәрбие беру жолында бірталай іс тындырылды. Көп жағдайда әртүрлі сын-ескертулер жиі айтылып, жазылып жатқанына қарамастан, еліміздің Білім және ғылым министрлігінің жалпы үйлестіруімен отандық білім саласында атқарылып жатқан игі істер мен қол жеткізілген жетістіктер аз емес екенін айтуға тиіспіз. Біздіңше, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңында білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық тетіктер жеткілікті деңгейде қамтылған.

Аталған Заңның 8-бабында білім беру саласындағы мемлекеттік кепілдіктер атап көрсетілген. Яғни мемлекет азаматтарымыздың мектепалды, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім, техникалық және кәсіптік тегін білім алуын, сондай-ақ, конкурстық негізде тегін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарымыздың білім алуы кезеңіндегі қаржылай шығыстарын толық немесе ішінара өтейді.

Білім саласында таяу уақытта жүзеге асырылуы тиіс маңызды іс-шаралар белгіленген басты құжаттардың бірі – Президентіміздің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. Мемлекеттік бағдарламада келтірілген мәліметтерге сүйенсек, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2015-2016 жылғы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан әлемнің 140 елінің арасында 42 орынды иеленген. Білім беруді дамыту индексі бойынша көшбасшы елдердің ондығына кіреді екенбіз. Өткен 2015 жылы даму деңгейі жоғары елдердің тобына еніп, әлемнің 188 елінің арасында 56 орынды иеленіппіз.

Елбасы Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік бағдарлама мен Үкіметтің іс-шаралар жоспарында жазылған іс-шаралардың бірі – 2017-2019 жылдардағы желтоқсанда 5 сыныптан бастап үш тілде оқытуды кезең-кезеңмен енгізу, 2016 жылғы IV тоқсанда 5-11 сынып оқушылары үшін жазғы тілдік мектепті ұйымдастыру мәселесін пысықтау, 2018 жылғы I тоқсанда өңірлерде ағылшын тілінде оқытатын сыныптар ашу көзделіп отыр.

Осы мәселе хақында қазір қоғамымызда қызу пікірталас жүріп жатқаны белгілі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ департаментінің директоры Елдос Нұрлановтың айтуынша, үстіміздегі жылы еліміздің барлық аймақтарын қамтыған әлеуметтік зерттеу өткізілген. Оған 2 мыңнан астам жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналары қатысқан.

Мақсатты топтың үштілді білім беруді енгізу жөніндегі пікірін білу ниетімен жүргізілген осы зерттеудің нәтижесі бойынша Қазақстанда ата-аналардың көпшілігі (81%) балаларының ағылшын тілін білгенін қалайды екен. Сұралған оқушылардың тек 15 пайызы ағылшын тілін еркін меңгергенін айтқан. Ата-аналардың 34 пайызы ғана баласының ағылшын тілін игеруіне керекті жағдай туғызып, тілдік курстарға жіберу мүмкіндігіне ие көрінеді. Ал 25 пайызы кадрлардың дайын емес екенін айтып, қарсы пікір білдірген.

Еліміздің білім жүйесіне қатысты біраз талас тудыратын тақырыптар аз емес. Қазіргі кезде көпшілікті толғандырып отырған өзекті мәселенің бірі – ҰБТ-ны реформалауға байланысты. Біздіңше, «Талапкер – 2017» науқанын реттейтін ресми ережелерді ертерек әзірлеп қоюдың мектептер мен колледждердің түлектері үшін де, ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін де ерекше маңызы бар.

Биылғы 2016 жылдың мектеп түлектері ҰБТ тапсырар алдында біраз түсініспеушіліктер мен қолайсыздықтар туындағаны есімізде. Оның басты себебі ҚР Білім және ғылым министрлігінің тестілеу жүргізілетін таңдау пәндері мен бейінді пәндер көрсетілген мамандықтар тізбесіне өзгерістер енгізуі. Яғни мектеп бітірушілері үшін ҰБТ емтихандары басталуына санаулы-ақ күндер қалғанда біраз мамандықтардың таңдау пәндері өзгеріп кеткен еді. Бұл туралы алдын-ала ешқандай ақпарат берілген де жоқ, ешкімге ескертілген де жоқ. Соның салдарынан көптеген талапкерлер өздері күні бұрын таңдап қойған мамандықтарына түсе алмай, басқа мамандықтарға құжат тапсыруға мәжбүр болды.

Жоғарыдағыдай жағдай 2017 жылы тағы да қайталанбауы үшін Білім және ғылым министрлігі мектептер мен колледждерді бітірейін деп отырған талапкерлерге арналған қажетті ресми құжаттарды қазірден бастап дайындап, бекітіп қойғаны жөн болар еді.

Бізді ерекше толғандырып отырған өзекті мәселенің бірі – жоғары білім мамандықтарының жіктеуішіне байланысты. Бұл дегеніміз – мамандықтарының тізімі. Алдымен мамандықтардың жіктеуіш-тізімі жасалып, бекітіледі. Сосын сол жіктеуіш-тізімге сәйкес әрбір мамандықтың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, типтік оқу бағдарламалары түзіледі. Ары қарай осы аталған нормативтік-құқықтық құжаттардың негізінде әрбір мамандық және сол мамандықтардағы пәндер бойынша оқулықтар, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік кешендер, дидактикалық материалдар әзірленеді.

Біз бұған дейін педагогика саласы бойынша кейін қосылған 6 білім мамандығын есептемегенде, осыған дейін барлығы 23 білім мамандығы бойынша білім саласының мамандарын даярлап келдік. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалімдеріміз мектептер мен колледждерде тікелей осы 23 педагогикалық білім мамандығы бойынша сабақ жүргізіп келді.

Енді біздің Білім және ғылым министрлігіміз жоғарыдағы 29 білім мамандығын бір-бірімен біріктіріп, мынадай 8 білім беру бағытына айналдырмақшы:

«6В011100 – Педагогикалық ғылымдар. Педагогика және әдістеме»;

«6В011200 – Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту»;

«6В011300 – Дефектология»;

«6В011400 – Тілдер және әдебиет»;

«6В011500 – Гуманитарлық пәндер»;

«6В011600 – Математика және жаратылыстану»;

«6В011700 – Дене тәрбиесі және бастауыш әскери дайындық»;

«6В011800 – Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану».

Осыған дейінгі 29 педагогикалық мамандық осы 8 білім саласы бағытының ішіне білім беру бағдарламалары (мамандықтары) ретінде енгізіліп отыр. Мысалы, осыған дейін мектептер мен колледждер, жоғары оқу орындары үшін «5В011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті», «5В011800 – Орыс тілі мен әдебиеті», «5В011900 – Шетел тілі: екі шетел тілі», «5В012100 – Қазақ тілінде оқытпайтын мектептедегі қазақ тілі мен әдебиеті», «5В012200 – Орыс тілінде оқытпайтын мектептедегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандықтары бойынша өз алдына бөлек, дербес сала мамандарын даярлау үшін мемлекеттік білім гранттары бөлініп келсе, енді бұдан былай «6В011400 – Тілдер және әдебиет» деп аталатын жалпы білім бағыты бойынша ғана тегін оқуға мүмкіндік болады.

Біздің түсінгеніміз, министрлігіміздің жоспары бойынша болашақта мектептер мен колледждерде жоғарыда аталған 8 білім беру бағдарламасы бойынша жоғары білім алған мұғалімдер жұмыс істейді және мектептер мен колледждерде осы 8 түрлі бағдарламаның құрамына кіретін пәндер оқытылады. Егер министрлігіміздің осы жіктеуіші бекітілетін болса, алдағы жылдардан бастап педагогикалық білім саласына тек осы 8 бағыт бойынша ғана білім гранты бөлінеді деген сөз.

Иә, біз мына жағдайды өте жақсы түсініп отырмыз. Яғни Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымы ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартына сәйкес келтірілетін болады», - деп жазылған.

Осыған байланысты еліміздің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтарының жаңа жіктеуішін ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартымен сәйкестендіру қолға алынып отыр.

Біз Интернеттен «ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандарты» деп аталатын орыс тіліндегі құжатты тауып, мұқият танысып шықтық. Осы құжаттың 6-шы бетінде мамандықтар жіктеуішін, яғни тізімін ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартымен сәйкестендіру дегеніміз – мұны дәлме-дәл және сөзбе-сөз көшіріп алу деген сөз емес екені, ондағы көрсетілген мамандықтарды әрбір мемлекет өзінің ұлттық деңгейінде осы елде оқытуға, білім беруге қолжетімді салалар бойынша барынша толық, нақты қамтамасыз ету үшін сәйкестендіре алатыны жазылған.

Жаңа жоба бойынша тек қана педагогикалық білім саласының мамандықтары ғана қысқартуға ұшырайын деп отырған жоқ. Барлық саладағы мамандықтар мамандар даярлаудың тиісті білім бағдарламалары ретінде топтастырылып, біріктірілмек. Мәселен, қазір біз гуманитарлық ғылымдардың «5В020500 – Филология» және «5В021000 – Шетел филологиясы» мамандықтары бойынша жоғары білімді мамандар даярлап жүрміз. Бұл мамандықтардың таңдау бойынша және бейіндік пәндері – тиісінше қазақ (орыс) әдебиеті, қазақ (орыс) тілі және шет тілі. Осы мамандықтар «Тілдер» атты ғылым бағытының «6В023200 – Әдебиет және лингвистика» деген даярлау бағытына біріктіріліп, тек қана «Филология» деп аталмақшы. Ал «6В023100 – Тілдер (Ана тілі, шет тілі)» мамандар даярлау бағыты ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартында көрсетілсе де, біздің министрлік жасаған жобаға білім беру бағдарламасы (мамандығы) ретінде енгізілмей отыр.

Білім және ғылым министрлігіміз жасаған, алайда ресми түрде жарияланбай, жан-жақты талқылауға ресми түрде ұсынылмай отырған Қазақстан Республикасының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтарының жаңа жіктеуіші тиісті университеттерде тамыз айынан бері талқыланып келеді.

Азамат ретінде де, ата-ана ретінде де, ұстаз ретінде де бізді аталған жаңа жіктеуіштің жобасындағы «Білім» саласы бойынша қазіргі 29 мамандықтың бұлайша 8 педагогикалық білім беру бағытына біріктіріліп, мемлекеттік грант санының елеулі түрде қысқартылайын деп жатқаны ерекше алаңдатып отыр.

Егер педагогикалық мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік білім гранттары қысқаратын болса, онда балалар бақшасындағы тәлім-тәрбие жағдайы, мектептер мен колледждердегі балаларға білім беру деңгейі мен сапасы құлдырайды. Яғни алдағы уақытта мектептер мен колледждердегі сағаттар саны азаяды, тиісінше мұғалімдеріміз қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалуы мүмкін.

Әрине, біз жұртшылықты дүрліктіріп, жоқ жерден дау-дамай туғызғалы отырған жоқпыз. Алайда, мамандықтардың бұлайша біріктіріліп, қысқартылуына барынша байыппен қарауымыз керек және ойланып-толғанып, өзара ақылдасып алып, қоғамдық пікірді мұқият зерттеуден кейін ғана шешім қабылдағанымыз жөн.

Біз жақында осы мәселеге байланысты Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиев мырзаның атына арнайы хат жазған болатынбыз. Оның бізге жолдаған жауабында министрліктің 2016 жылғы 2 маусымдағы №353 бұйрығымен ҚР Техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жіктеуішін қайта қарау бойынша Жұмыс тобының құрамы бекітілгендігі айтылыпты.

«Қазіргі қолданыстағы жіктеуіште бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура бойынша барлығы 598 мамандық бар. Бұл тізімдегі мамандықтар саны еңбек нарығы мен қоғамның қажеттілігіне байланысты жыл сайын артып келеді. Жан-жақты кеңейтілген негізгі дайындық пен қажетті құзыреттілікті меңгерген әмбебап мамандар даярлаудың маңыздылығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Жаңа жіктеуіштің жобасынан көптеген мамандықтардың түсіп қалуы бұған дейін болған бағыттар бойынша мамандар даярлауға кедергі келтірмейді», - делінген екен жауапта. Сол арқылы еңбек нарығында қажет болып отырған мамандарды даярлауды кеңірек қамтамасыз етуге мүмкіндік берілетін көрінеді.

Ерекше айта кететін бір нәрсе, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Қоғаммен байланыс бөлімі немесе Баспасөз орталығы халыққа білім және ғылым саласындағы соңғы жаңалықтарды және болайын деп жатқан өзгерістерді шұғыл түрде хабарлап, дер кезінде түсіндіріп отыруы қажет деп есептейміз.

Дәл қазіргі кезде жұртшылықты толғандырып отырған мәселелердің ішінде ең маңыздылары мыналар:

1) 2017 жылы мектеп бітіретін түлектер қорытынды емтихан мен ҰБТ-ны қалай тапсырады?

2) 2017 жылы ЖОО-да ҰБТ тапсыратын мектеп түлектері үшін мамандықтардың таңдау пәндері неге әлі күнге дейін толық анықталмай жатыр?

2) 2017 жылы қазіргі мамандықтар сол қалпында қалдырыла ма, әлде жаңа жіктеуіштің жобасына сәйкес қысқартыла ма?

Осындай тақырыптар төңірегіндегі министрліктің жоспарлары мен атқарып жатқан іс-шараларын білім саласындағы осынау мемлекеттік уәкілетті органның Қоғаммен байланыс немесе Баспасөз орталығы жедел түрде халыққа жеткізіп отырғаны тиімді болар еді.

Айта берсек, білім және ғылым саласының ағымдағы өзекті мәселелері аз емес. Алайда, белгілі бір ақпарат алу немесе мәлімет сұрау үшін министрлікке қоңырау соқсаңыз, ондағы қызметкерлердің телефон тұтқасын көтеріп, жауап бере қоюы өте қиын.

Әрине, Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкерлері түк бітірмей, қол қусырып отыр деп біржақты теріс пікір айтудан да аулақпыз. Министрлік басшыларының да, қызметкерлерінің де атқарып жатқан ағымдағы жемісті жұмыстарын да жоққа шығара алмаймыз.

Десек те, сол істеп жатқан жұмыстарыңызды және білім саласында жоспарланып отырған өзгерістерді жұртшылыққа дер кезінде хабарлап, қажет болса, түсіндіріп отырсаңыздар, тіпті жақсы болар еді.

Сондай-ақ, білім саласындағы науқаншылдық пен қағазбастылық – ұстаздар қауымын шаршатып, тіпті қажытып жүрген негізгі мәселелердің бірі екенін ерекше айтқымыз келеді. Білім беру жүйесінде ең басты тұлға – білім алушы, яғни оқушы мен студент, одан кейінгі маңызды орында – білім беруші, яғни мұғалім мен оқытушы тұруы тиіс. Басты мақсатымыз – жас ұрпаққа білім берудің сапасын жақсарту болғандықтан, барлық іс-әрекетіміз озық елдердің тәжірибелерін үйрене және үздік әдістемелік технологияларды жетілдіре отырып, ұл-қыздарымызға күн сайын жаңарып жатқан білімнің қайнар көздерін ашуға бағытталуы тиіс.

Ал бізде, керісінше, оқушы мен студенттен, мұғалім мен оқытушыдан басқалардың барлығы – бастық. Таусылмайтын тексерушілерден аяқ алып жүре алмайсыз. Сондағы тексеретіндері – беріліп жатқан білімнің сапасы емес, түрлерін өздері ойлап тапқан және таусылмайтын әртүрлі қағаздар.

Мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындары оқытушыларының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсарту, жалақысын арттыру туралы мәселеге келгенде, ұстаздардың өздерінен басқа ешкім де сөз қозғағысы келмейді. Ал білім беру ісінен кішкентай ғана кемшілікті байқап қалсақ, түймедейді түйедей етіп, педагог қызметкерлерді түгелдей жемқор, алаяқ, т.б. етіп көрсетуге дайын тұрамыз.

Қазіргі қолданыстағы «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Заңының «Педагог қызметкердің мәртебесі» деп аталатын арнайы 7-ші тарауы бар. Осы тараудың 50-ші бабында: «Мемлекет қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасайды», - деп жазылған. Арнайы заңнамамен бекітілген педагог қызметкерлердің қоғамдағы ерекше мәртебесін мойындау және соған сәйкес тиісті әлеуметтік жағдай жасау жөніндегі осы талап іс жүзінде орындалып отыр ма?

Басқа жағын айтпай-ақ қоялық, тіпті Астанадағы мүйізі қарағайдай ұлттық университеттің қауымдастырылған профессорының ай сайын алатын жалақысы жүз мың теңгеден аспайды. Алайда, ректорат пен деканатта отыратын қызметкерлердің оқытушылар мен студенттер аудиторияда отыр ма, жоқ па деп сағат сайынғы тексерулері таусылмайды. Ақылы негізде білім алып жатқан студенттердің оқу ақысы қайда жұмсалып жатқанын ешкім білмейді, оларға білім беріп жүрген оқытушы-профессорларға тиісті үстеме ақы төлеу деген атымен жоқ.

Қорыта айтқанда, жас ұрпақты оқыту үдерісіндегі науқаншылдық пен қағазбастылықты, түрлі орынсыз тексерулерді жоюымыз керек. Ресми басқару орындары педагог қызметкердің әлеуметтік мәртебесін сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде қамтамасыз етуге тиіс. Министрлік өзінің жоспарларын халыққа жедел түрде хабарлап, кез-келген мәселе төңірегінде көпшілікпен ақылдасып отыруы қажет. Олай етпесек, білім саласы мен жас ұрпақтың болашағы бұлыңғыр дей беріңіз.

 

Мырзантай ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының директоры.

 

«Қазақ әдебиеті» газетінің (Қазақстан Республикасының әдебиет, мәдениет және өнер апталығы) 2016 жылғы 18-24 қарашадағы №47(3525) санынан көшіріліп, жарияланып отыр.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

20.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы бастауыш, негізгі орта және жалпы орта мектептердің білім алушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған барлық пәндер бойынша Республикалық «МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСЫ» конкурсын жариялайды. Конкурс жыл бойы өткізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми жоба жұмыстары қабылданады.
18.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» атты Республикалық конкурсын жариялайды. Конкурсқа колледж оқытушыларының өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.
15.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «БАЛАЛАР БАҚШАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» атты Республикалық конкурсын жариялайды. Конкурсқа балалар бақшалары қызметкерлерінің өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.