ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ «ТАЛАПКЕР-2017» НАУҚАНЫН РЕТТЕЙТІН РЕСМИ ЕРЕЖЕЛЕРДІ ЕРТЕРЕК ӘЗІРЛЕП ҚОЙҒАНЫ ЖӨН

2016-2017 оқу жылының екі айы да көзімізді ашып-жұмғанша өте шықты. Бүгінде ең алдымен ұл-қыздары мен оқушылары мектеп бітіргелі отырған ата-аналар алаңдаулы, ал ұстаздар қауымының да көңіл-күйлері күпті деуге болады. Еліміздің экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін мамандықтар бойынша өздері таңдаған жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант арқылы оқуға мектептер мен колледждердің үздік түлектері болып табылатын дарынды балаларымыз ғана түссе екен деп тілейміз бәріміз де.

Көп жылғы тәжірибеден түйгеніміз – мектеп пен колледжді бітірейін деп отырған жас түлектерімізге кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ертерек бастап, бұл жұмысты белсенді түрде жүргізуіміз керек.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы заңының» тілімен айтқанда, кәсіби бағдар – «білім алушының кәсіптік қызығушылықтарына, жеке қабілеттері мен психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және кәсіптік мүмкіндіктер саласында, мамандық пен оқитын орнын еркін және саналы таңдау құқықтарын іске асыруына ақпараттар мен консультациялық көмек беру».

Бәрімізге белгілі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2016 жылғы 9 сәуірдегі №501-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілген:

«Мемлекеттік оқу бітіру емтиханы – білім алушылардың орта білім беру курсын аяқтағаны туралы куәландыратын, мемлекеттік үлгідегі құжатты алуы үшін қажетті шарт болып табылатын, орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттау нысаны»;

«Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны».

Аталған өзгерістер мен толықтырулар 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Яғни 2017 жылғы түлектеріміз мектепті бітіргені туралы аттестат алу үшін – мемлекеттік оқу бітіру емтиханын, ал жоғары оқу орнына түсу үшін – Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынағын тапсырады.

Ендеше, «Талапкер-2017» науқанын реттейтін ресми ережелерді де ертерек әзірлеп қойған жөн деп ойлаймыз.

Осыған орай, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне біздің мынадай сұрақтарымыз бар:

1) «Алтын белгi» белгiсi туралы ереже қашан бекітіледі? Мектептерді 2017 жылы бітіретін түлектер үшін «Алтын белгi» белгiсi туралы ережеге қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі?

2) 2017 жылы орта білім беретін мектептерді және колледждерді бітіретін түлектердің бітіру емтихандары қандай пәндерден және қандай жүйемен қабылданады?

3) Мектептер мен колледждерді 2017 жылы бітіретін түлектер үшін «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларында» қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі және жаңа «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидалары» қашан бекітіледі?

4) 2017 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы №65 бұйрығымен бекітілген «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім үшін оқыту мерзімдері және білім беру деңгейлері бойынша кәсіптер мен мамандықтардың тізбесіне» өзгерістер мен толықтырулар енгізіле ме, әлде аталған тізбе қазіргі қалпында қалдырыла ма?

5) 2017 жылы мектептер мен колледждерді бітіретін түлектерге арналған Ұлттық бірыңғай тестілеу және кешенді тестілеу жүргізілетін таңдау пәндері мен бейінді пәндер көрсетілген мамандықтар тізбесі қашан бекітіледі және бұл тізбеге қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі?

6) 2017 жылы мектептер мен колледждерді бітіретін түлектерге арналған Қазақстан Республикасы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтары жіктеуішіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіле ме, әлде бұрынғы жіктеуіш сақтала ма?

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің арнайы Жұмыс тобында қарастырылып жатқан Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандар даярлаудың ғылыми салалары мен бағыттарының жаңа Жіктеуіші қашан бекітіледі және қашан қолданысқа енгізіледі?

7) «Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтары жіктеуіші мен Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі кәсіптер мен мамандықтар жіктеуішінің сәйкестік кестесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіле ме, әлде қолданыстағы бұйрық сақтала ма?

8) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 25 сәуірдегі №153 бұйрығымен бекітілген «Арнайы немесе шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтар тізбесі» сақтала ма, әлде бұл тізбеге өзгерістер мен толықтырулар енгізіле ме?

9) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 25 сәуірдегі №153 бұйрығымен бекітілген «Арнайы немесе шығармашылық емтихандарды өткізу қағидалары» сақтала ма, әлде бұл қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіле ме?

10) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 25 сәуірдегі №153 бұйрығымен бекітілген «Арнайы немесе шығармашылық емтихандарды өткізу қағидаларының» қосымшасы «Арнайы немесе шығармашылық емтихандардың нысаны мен мазмұны» сақтала ма, әлде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіле ме?

11) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы №111 қаулысымен бекітілген «Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидалары» сақтала ма, әлде бұл қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіле ме?

12) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы №111 қаулысымен бекітілген «Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларының» 3-қосымшасы «Арнаулы немесе шығармашылық емтихан өткізілетін мамандықтар тізбесі» және аталған қағидалардың 4-қосымшасы «Арнаулы және/немесе шығармашылық емтихандарды өткізу нысаны» сақтала ма, әлде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіле ме?

Біз Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен осы сауалдарға жауап күтеміз!

Біздіңше, «Талапкер-2017» науқанын реттейтін ресми ережелерді ертерек әзірлеп қоюдың мектептер мен колледждердің түлектері үшін де, ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін де ерекше маңызы бар.

Биылғы 2016 жылдың мектеп түлектері ҰБТ тапсыруға барайын деп отырған кезде біраз түсініспеушіліктер мен қолайсыздықтар туындағаны есімізде.

Оның басты себебі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұлттық бірыңғай тестілеу және кешенді тестілеу жүргізілетін таңдау пәндері мен бейінді пәндер көрсетілген мамандықтар тізбесіне өзгерістер енгізу туралы 2016 жылғы 18 мамырдағы №326 бұйрығы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2016 жылы 26 мамырда №13739 болып тіркелген соң күшіне енген болатын.

Яғни мектеп бітірушілері үшін ҰБТ емтихандары басталуына санаулы-ақ күндер қалғанда біраз мамандықтардың таңдау пәндері өзгеріп кеткен еді. Бұл туралы алдын-ала ешқандай ақпарат берілген де жоқ, ешкімге ескертілген де жоқ.

Соның салдарынан көптеген талапкерлер өздері алдын-ала таңдап қойған мамандықтарына түсе алмай, басқа мамандықтарға құжат тапсыруға мәжбүр болғаны есімізде.

Осындай жағдай 2017 жылы тағы да қайталанбауы үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мектептер мен колледждерді бітірейін деп отырған талапкерлерге арналған қажетті құжаттарды қазірден бастап дайындап, бекітіп қойғаны жөн болар еді.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD).

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

20.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы бастауыш, негізгі орта және жалпы орта мектептердің білім алушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған барлық пәндер бойынша Республикалық «МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСЫ» конкурсын жариялайды. Конкурс жыл бойы өткізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми жоба жұмыстары қабылданады.
18.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» атты Республикалық конкурсын жариялайды. Конкурсқа колледж оқытушыларының өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.
15.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «БАЛАЛАР БАҚШАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» атты Республикалық конкурсын жариялайды. Конкурсқа балалар бақшалары қызметкерлерінің өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.