МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ МЕН ОҚЫТУ САЛАСЫНЫҢ ПЕДАГОГ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Бүгін біздің тақырыбымызға айналып отырған мәселе туралы ой-тұжырымымыз осыдан бір апта бұрын-ақ туындағанымен, оны оқырмандарымызға ұсынудың сәті енді ғана түсіп отырғанына кешірім сұрай келіп, тәуелсіз еліміздің аумағында жарық көріп, таратылатын «Комсомольская правда Казахстан» деген газеттің 2014 жылғы 30 қаңтардағы санында жарық көрген «В детском саду №48 обсудили Послание президента Назарбаева» атты мақала жариялап, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласы педагог қызметкерлерінің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылаған осынау маңызды іс-шараны кекесін мен мазаққа айналдырғанына Сіздердің назарларыңызды аударғымыз келеді.

«Комсомольская правда Казахстан» деп аталатын мерзімді баспасөз басылымында жарық көрген, жоғарыда аталған ақпараттық материалдың мазмұнын қайталап айтып жатпай-ақ, мынадай мәліметтерді ортаға салайық.

Алматы қаласы Білім басқармасының Интернетте тек қана орыс тілінде берілген, қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ ресми сайтынан алынған деректер бойынша «№48 бөбекжай – балалар бақшасы» мемлекеттік қазыналық-коммуналдық кәсіпорны Алматы қаласы, Әуезов ауданы, 10 «А» мөлтек ауданы, Қойшыманов көшесі, 4 «А» үй мекен-жайы бойынша орналасқан.

Аталған мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту кәсіпорнында оның меңгерушісі Арман Абдиханқызы Жакешованың басқаруымен 2014 жылдың 24 қаңтарында ұжым мүшелері Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты  Қазақстан халқына Жолдауын талқылаған.

Бұл іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Әуезов аудандық бөлімшесінің өкілі, Алматы қаласы Білім басқармасының «Н. Островский атындағы зағиптер және көздері нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернаты» мемлекеттік қазыналық-коммуналдық кәсіпорнының директоры Рахмет Баркенұлы Нұрахметов қатысып, осындай мәнді жұмыстары үшін алғыс айтқан.

Міне, осы оқиғаны «Комсомольская правда Казахстан» деген газет кекесінге толы астармен келемеждей отырып хабарлаған және ғаламтордағы әлеуметтік желілердің кейбір керітартпа қолданушылары да мұны іліп алып кетіп, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауын талқылау мәселесін осынсыз сайқымазаққа айналдырып, өздерінің таяз ой-саналары тұрғысынан талқыға салған.

Біз осыған орай шағын журналистік зерттеу жүргізіп, «Комсомольская правда Казахстан» атты мерзімді баспасөз басылымының Интернет желісіндегі http://www.kp.kz/деген сайтындағы ақпараттарға қысқаша шолу жасап көрдік. Аталмыш Интернет-ресурстың құрылтайшылары өз сайттарының бастапқы парағында қазақ халқына, Қазақстанға және басқа да елдерге тиесілі кісі және жер-су аттарын әдейі кіші әріптермен жазған: челахастананазарбаевнаша историяобразованиепутинроссиятелевизортерроризмчиновникижаңаөзен.

Сонда бұл газет қазақ халқы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымызды көздеріне де ілмей, мазақ етіп отыр ғой!

Біріншіден, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында:

«...Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды», - деген болатын.

Екіншіден, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Заңының «Білім беру деңгейлері» атты 12-бабы бойынша Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесі білім беретін оқу бағдарламаларының үздіксіздігі және сабақтастығы принципі негізінде білім беру деңгейлері мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дақамтиды. Мазмұнына қарай мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту да жалпы білім беретін оқу бағдарламаларына кіреді.

Осы Заңның «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары» атты 15-бабына сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары іс-әрекет түрлерінің мектеп жасына дейінгі балалар үшін ерекшеліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының негізінде әзірленеді.

Тиісінше мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары: 1) балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және сауықтыру тұтастығы принциптерін ескере отырып, мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етеді; 2) әр баланың талабын, бейімділігін, қабілеттілігін, дарындылығын іске асыруға және оның даму ерекшеліктері мен денсаулық жағдайын ескере отырып, дара әдіс негізінде оны бастауыш білім берудің білім беру бағдарламасын меңгеруге даярлауға бағдарланады.

Сондай-ақ, мектепке дейінгі оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары оқудың, жазудың, есептеудің және тілдік қатынас тәжірибесінің қарапайым дағдыларын қалыптастырады және бастауыш білім беруді меңгеру үшін бірдей бастапқы жағдайларды жасауды көздейді.

Заңның «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» деген 30-бабының талаптары бойынша алты (жеті) жасқа дейiнгi балаларды мектепке дейiнгi тәрбиелеу отбасында немесе бiр жастан бастап мектеп жасына жеткенге дейін мектепке дейiнгi ұйымдарда жүзеге асырылады. Мектепке дейiнгi оқыту балаларды мектепте оқытуға мектеп алды даярлық түрiнде бес жастан бастап жүзеге асырылады. Мектеп алды даярлық мiндеттi және отбасында, мектепке дейiнгi ұйымдарда, жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, лицейлердiң және гимназиялардың мектеп алды сыныптарында жүзеге асырылады.

Үшіншіден, аталған Заңның «Педагог қызметкерлердің мәртебесі» атты 7-тарауының 50-бабы бойынша білім беру ұйымдарында, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын іске асыратын басқа да ұйымдарда білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқытуға және тәрбиелеуге байланысты білім беру қызметімен айналысатын адамдар педагог қызметкерлерге жатады. Яғни Алматы қаласындағы «№48 бөбекжай – балалар бақшасы» мемлекеттік қазыналық-коммуналдық кәсіпорнының ұжымы педагог қызметкерлер болып табылады.

Ендеше, білім беру саласын жетілдіруге бағытталған Елбасының осы және басқа да тапсырмаларымен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымы болып табылатын Алматы қаласындағы «№48 бөбекжай – балалар бақшасы» мемлекеттік қазыналық-коммуналдық кәсіпорны ұжымының танысуы және оны талқыға салуы – өте орынды, қажетті және қолдап-қуаттауға әбден тұратын жайт емес пе?

Олай болса, еліміздің бұрынғы елордасы және қазіргі ауқымды қаржы орталығы Алматы қаласының орталығын мекен етіп, оңтүстік астанамызда Өтеген батыр көшесі, 21 «А» деген мекен-жай бойынша ойып тұрып орналасып алған «Комсомольская Правда в Казахстане» ЖШС қожайындарының Елбасымызды, Президентіміздің жүргізіп отырған мемлекеттік саясатын және еліміздің педагог қызметкерлерін келемеж бен мазаққа айналдырып отырғаны қалай болды сонда?

Біз сөзімізді осы жерден түйіндеп, ары қарай қорытынды жасауды өздеріңізге қалдырдық, қадірлі оқырмандар!

 

Мырзантай ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

 

05.02.2014 ж.

 

Кез келген материалды пайдалануға «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

24.04.2017
Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің Телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы мектептер мен колледждердің 2017 жылғы түлектерін «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша оқуға шақырады!
21.04.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығыеліміздің бастауыш, негізгі орта және жалпы ортабілім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» аттыРеспубликалықконкурсын жариялайды.Конкурсқа мектеп мұғалімдерінің өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады.Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі.Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.
19.04.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы колледждер мен мектептердің оқытушылары мен мұғалімдерінің және балалар бақшалары тәрбиешілерінің арасында өздері жүргізетін сабақтарының ғылыми-әдістемелік салаларынан ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстар жазу бойынша Республикалық «ҮЗДІК ПЕДАГОГ – ЗЕРТТЕУШІ» конкурсын жариялайды. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған жұмыстар қабылданады.