МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНІҢ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА БАСТАЛҒАН ТҮБЕГЕЙЛІ БЕТБҰРЫС ЖЕМІСТІ БОЛСЫН!

Қысқаша анықтама: Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Мақтаарал ауданы Білім бөлімінің басшысыЛесхан Мырзаханұлы Қойлыбаев 1973 жылғы 30 наурызда Өзбекстан Республикасында (бұрынғы Киров ауданының Барамбаз елді мекенінде) дүниеге келген. Ұлты қазақ. Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шымкент қаласындағы бөлімін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша 1995 жылы, Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша 2013 жылы аяқтаған.

Лесхан Мырзаханұлы Қойлыбаев еңбек жолын 1990 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Келес ауданына қарасты Ғ. Мұратбаев атындағы мақта кеңшарының жұмысшысы болып бастаған.

1991-2000 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы №32 орта мектептің, Келес ауданындағы М. Горький атындағы орта мектептің, Сарыағаш қаласындағы №2 Ильич атындағы орта мектептің мұғалімі болып жұмыс істеген.

2000-2003 жылдары Сарыағаш қаласындағы №2 А. Сүлейменов (бұрынғы Ильич) атындағы орта мектеп директорының орынбасары, 2004-2006 жылдары Сарыағаш қаласындағы Қ.А. Яссауи атындағы орта мектептің директоры, 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Әкімшілік департаментінің, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің бас маманы, 2008-2009 жылдары Сарыағаш аудандық Білім бөлімінің бас маманы, 2009-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық Білім басқармасының бас маманы лауазымды қызметтерін атқарған.

Білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен марапатталған. Отбасында бес ұл бала мен бір қыз бала өсіріп, тәрбиелеп отыр.

Алдымен азғантай ғана кіріспе. Жасыратын несі бар, өзіміз қайда жүрсек те, қандай қызмет атқарсақ та, туып-өскен, кіндік қанымыз тамған атамекеніміз – Мырзашөл өңірінің білім беру саласындағы жағдайының жақсы болуына, ал мектептер мен мұғалімдердің әдістемелік ізденісінің жоғары деңгейге көтерілуіне іштей тілектес болып жүреміз.

Өкінішке қарай, бұған дейін Мақтаарал ауданы мектептерін бітіруші түлектердің білім көрсеткіштері мен мұғалімдердің білім беру сапасы өте керемет дәрежеде деп айта алмай келдік. Әрине, аудан орталығы Жетісай қаласында орналасқан, жыл сайын ондаған «Алтын белгі» иегерлерін оқытып, тәрбиелеп, қанат қақтырып отырған жекелеген білім беру ұйымдары бар. Алайда, жалпы Мақтаарал ауданы бойынша мектептердің бәрінің деңгейі бірдей жоғары десек, онда сөзіміз шындыққа жанаспайтын еді.

Мырзашөл өңірінің білім әлеміндегі ахуалының осындай ала-құла болуының өзіндік себептері де жоқ емес. Оның басты себептерінің бірі – Мақтаарал ауданы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласынан да, Алматыдан да, Астанадан да өте алыста, ең қиыр оңтүстікте орналасқан. Еліміздің білім және ғылым орталығынан қашықта жатқандықтан, тиісінше қажетті ақпараттар мен жаңалықтар да мұнда дер кезінде, жедел түрде жете қоймайды.

Оның үстіне ресми түрде Мақтаарал ауданында 310 мың адам тұрады деп жазылғанымен, іс жүзінде халықтың саны 400-500 мыңға жетіп жығылады. Сондықтан тұрғындар арасындағы өзара бәсекелестік өте күшті. Алыс ауылдарда тұратын қарапайым халықтың әлеуметтік ахуалы бірдей емес. Жоғары білім алуға екінің бірінің қолы жете бермейді. Әсіресе, аудан орталығы Жетісай қаласынан алыста жатқан ауылдардағы мектептердің білім беру жағдайы ерекше қамқорлықты қажет етеді.

Оған қоса халыққа барынша адал қызмет көрсетуге міндетті кейбір мемлекеттік мекемелердің қызметшілері арасындағы жемқорлық деңгейі тіпті жоғары. Күні кешеге дейін Мақтаарал ауданында: «Өзіңнің білімің, жұмыс істеу қабілетің, ізденісің, т.б. арқылы, ешкімнің қолдауынсыз белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады», - деген қағидаға ешкім де сенбейтін жағдайға жеткен еді. Өйткені қарапайым халықтың арасында: «Жоғары жақта қол ұшын беретін тамыр-танысың, жанашыр туысқаның, ал қалтаңда қаражатың болмаса, оқуға түсу де, қызметке орналасу да мүмкін емес», - деген жазылмаған қағида қалыптасқан-ды.

Әсіресе, Мақтаарал ауданындағы білім беру саласында әбден орнығып қалған жемқорлық әбден шырқау шегіне жеткен болатын.

Осындай жағдайда қалып келген Мақтаарал ауданының білім беру ісінде бір жылға толар-толмас уақытта оң өзгерістер пайда бола бастағанын аңғардық.

Ресми мәліметтерге сәйкес Лесхан Мырзаханұлы Қойлыбаев Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Б» корпусының бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурс өткізу жөніндегі конкурстық комиссиясының қорытынды отырысының 2016 жылғы 11 мамырдағы №34 хаттамасымен Мақтаарал ауданының Білім бөлімінің басшысы лауазымына (E-R-1 санаты) орналасуға оң қорытындысын алған үміткер болып танылды.

Осыған орай, 2016 жылдың мамыр айынан бастап Лесхан Мырзаханұлы Қойлыбаев Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал аудандық Білім бөлімінің басшысы болып қызмет істеп келеді.

Биылғы 2017 жылғы 17-19 қаңтардағы үш күн мерзімде Мақтаарал ауданының бірнеше мектептерінде болып, оқушылармен және мұғалімдермен кездесіп, ашық-жарқын әңгіме құрдық. Осынау жүздесу сәттерінде ұстаздар қауымы мен жергілікті тұрғындар бізге мынадай мәліметтерді жария етіп, жайып салды.

Мектеп мұғалімдерімен және аудан тұрғындарымен кездесу барысында байқағанымыз – Лесхан Мырзаханұлы Қойлыбаев Мақтаарал аудандық Білім бөлімінің басшысы болып конкурс арқылы тағайындалған 2016 жылдың мамыр айынан бастап Мырзашөл өңіріндегі білім беру ісінде түбегейлі бетбұрыс басталған.

Осындай оң өзгерістерді Астанада жүрсек те, өзіміз де сырттай байқап, аңғарып жүрміз:

Біріншіден, Мақтаарал ауданында Білім бөлімінің басшылығымен білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланатын болды. Әлеуметтік желілерде Мақтаарал ауданы Білім бөлімінің, аудан мектептерінің және сол мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің жеке парақшалары ашылды. Білім беру саласындағы осындай ашық жариялылық Мырзашөл өңірінде бұған дейін, бұрын-соңды болған емес.

Екіншіден, Мақтаарал аудандық Білім бөлімінің кейбір әдіскерлерінің мектеп мұғалімдері арасында «Қосымша бұйрық» деп аталып кеткен осыған дейінгі «әдістері» мүлдем тоқтатылған. 2016 жылдың мамыр айына дейін аудан мұғалімдері өздерінің әдістемелік жұмыстардағы жетістіктерін дәлелдейтін құжаттардың көшірмелерін тапсыру, санаттарын көтеру, аттестаттаудан өтуі үшін аудандық Білім бөлімінің базбір әдіскерлеріне арнайы конвертке салып, «Қосымша бұйрық» үшін ақша – пара беріп келген. Егер сол «Қосымша бұйрыққа» арналған тиісті ақысын бермесеңіз, онда қандай жетістіктеріңіз болса да, мұғалімдердің санаттары өсірілмей келген, олар аттестаттаудан өтпей келген, бұл жөніндегі тиісті ұсыныстар жасалмай келген, ресми бұйрықтарға қол қойылмай келген.

Сондықтан аудандық Білім бөлімінің кейбір әдіскерлері мен қызметкерлері мәселені негізінен «Қосымша бұйрық әдісі» арқылы шешіп келгендіктен, олар тиісінше қолдарына қалам ұстап немесе компьютерде отырып жұмыс істеуді ұмыта бастаған.

Мұның басты себебі – аудандық Білім бөлімінің қатардағы қызметкерлерінің атқаратын жұмыстарының ауқымы өте көп және аса ауыр, алайда, олардың жалақыларының мөлшері өте аз болып келген.

2016 жылдың мамыр айынан бастап осындай қолдарына қалам ұстауды ұмытқан кейбір әдіскерлер мен қызметкерлер құжаттар дайындап, мәселені ресми түрде шешуді қолға ала бастаған. Өйткені Мақтаарал аудандық Білім бөлімінің жаңа басшысы әдіскерлік және өзге де бос орындарға сыртқы жақтан басқа адамдарды қабылдауды тоқтатып, ондағы тиісті жүктемелерді осыған дейін жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге бөліп беріп, олардың жалақыларының өсуіне мүмкіндік жасаған.

Үшіншіден, бұған дейін мектеп директоры болып тағайындалатын білім саласының қызметкерлері аудандық Білім бөлімінің басшыларына, ал тиісінше жоғары білімді аудан тұрғындары мектепке мұғалім немесе басқа да қызметкер болып жұмысқа орналасуы үшін мектептердің директорларына қаржылай сый-сияпат беруі «жүйелі дәстүрге» айналып келген. Ондай «ақшалай алғыс» айтпаған адамдар білім саласына ешқандай жағдайда да қызметке қабылданбай келген. Өткен жылдың мамыр айынан бастап аудан бойынша мұндай жағымсыз іс-әрекеттер үзілді-кесілді ауыздықталған.

Төртіншіден, Мақтаарал ауданы мектептерінің директорларын шынайы және ашық конкурс өткізу арқылы тағайындау дәстүрі қалыптастырылған. Бұрынғыдай мектеп директоры лауазымына қол жеткізу үшін аудандық Білім бөлімінің басшыларына арнап алдын-ала «ақшалай алғыс айту» үшін тиісті қаржысын қалтаға салып апару секілді теріс тірліктер түбірімен тоқтатылған. Білім беру ұйымдарын басқаруға қабілетті жас педагог қызметкерлер арасында: «Ешкімге пара бермей-ақ мектеп директоры болып тағайындалуға болады екен ғой», - деген оң сенім пайда болған.

Бесіншіден, Мақтаарал ауданы əкімінің орынбасары Мақсат Жанұзақұлы Жолдасбеков және Мақтаарал ауданы Білім бөлімінің басшысы Лесхан Мырзаханұлы Қойлыбаев мырзалар бірлесе отырып, аудандағы ауылдық округтердің бөліну жүйесіне сәйкес жер-жерде жүздесулер ұйымдастырып, аудандағы барлық 125 мектептің директорларының атқарып жатқан жұмыстары жайындағы есептерін тыңдап шыққан. Осындай кездесулер барысында мектептердегі шешімі табылмай жүрген өзекті мәселелер қарастырылып, тиісті мамандарға, мектеп директорларына хаттамалық тапсырмалар берілген. Сонымен қатар озық мектептердің оқу-әдістемелік және тәлім-тәрбие жұмыстарындағы жаңашыл ұтымды әдіс-тәсілдерімен және өздерінің іс-тәжірибелерімен бөліскен.

Мақтаарал аудандық Білім бөлімін басқаруға Лесхан Мырзаханұлы Қойлыбаев секілді озық ойлы азаматтың келуін Мырзашөл өңірі халқының қуана құптап отырғанын өз көзімізбен көріп, жергілікті тұрғындардың оң, жағымды пікірлерін өз құлағымызбен тыңдап қайттық.

Атап айтсақ: «ҰБТ жүйесін өзгеше бағытта өзгерту, мектепті бескүндік жұмыс аптасына көшіру, бірінші сынып оқушыларын жаңа әдістемелік технологиямен оқыту, үштілділікті енгізу сияқты жаңалықтар, шынын айту керек, қоғамды, ата-аналарды, тіпті ұстаздар қауымының өзін кәдімгідей дүр сілкіндіріп, демін іштерінен алғызып қойған осындай қарбалас сәтте Мақтаарал аудандық білім бөліміне басшылыққа Л. Қойлыбаев деген азаматтың келуі, іске кірісе сала оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы бел шеше күресіп кетуі талайларды ойландырып тастады», - деп жазады Оңтүстік Қазақстан облысының жаңалықтарын жүйелі түрде жариялап тұратын жергілікті http://uakit.kz Интернет-ресурсының тілшісі Сайлау Құлжанұлы.

Жоғарыда аты-жөні аталған әріптесіміздің ақпаратына сүйенсек, мысалы, Л.М. Қойлыбаев Мақтаарал ауданы мұғалімдерінің 2016 жылғы тамыз кеңесінде: «Қазір қоғамда білім мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлықтың көріністері туралы теріс пікір қалыптасқан. Оның кейде шындыққа жанасатыны да өтірік емес», – депті. Қызметіне кірісе салысымен Л.М. Қойлыбаев Мақтаарал ауданының мектептерінде жұмыс істеп жүрген 6 мыңнан астам мұғаліммен жүздесіп, олардың пікірлерін жинақтапты, оларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге, отансүйгіштікке шақырыпты.

«Отансүйгіштік қолына найза алып, қанды шайқасқа шығу емес қой, бүгінгі таңда жемқорлықпен күресу – нағыз отансүйгіштік іс», - депті Мақтаарал аудандық Білім бөлімінің қазіргі басшысы.

Л.М. Қойлыбаев алдымен мектептердегі бақылау мен басшылыққа назар аударған. Мектеп мұғалімдерінің, директорлардың орынбасарларының аудандық Білім бөліміне сабылып келе беруіне тиым салған. Бекітілген, берілетін қажетті есептерді мектепте отырып, электрондық жүйемен ғана тапсыруды міндеттеген. Осыдан кейін өзі мектептерге барып, білім беру ұйымдары басшыларының сабаққа кіру есебін алып отыратын дәстүрді тәжірибеге енгізген.

Мақтаарал ауданы бойынша кейінгі 12 жылда 17 мектептің бірде-бір оқушысы «Алтын белгі» алмаған екен. Осыған орай аудандық Білім бөлімінің жаңа басшысы күн сайын кеңседегі жұмысы басталғанға дейін және одан кейін сол 17 мектепке барып, мұғалімдердің жұмысқа деген ынта-жігерін, құлшынысын оятып отырған.

Мақтаарал ауданы бойынша білім берудің сапасы жөніндегі көрсеткіштері төмен 30 мектепті есепке алып, оларды білім жетілдіру курсынан өткен мұғалімдер қауымдастығының мүшелері болып табылатын үздік ұстаздарға бөліп берген. Ауданның озық білім ұяларының үздік ұстаздарына осы 30 мектептің педагогикалық ұжымдары мүшелерін сілкіндіру, жігерлендіру, білімдерін жетілдіруді басты міндет етіп тапсырған. Бүгінде аудан орталығынан алыс жатқан ауыл мектептеріне тікелей барып, әдістемелік шеберлікті жетілдіру мақсатында көмек беріп жүрген осындай мұғалімдердің жолақысын төлеу үшін арнайы қаражат бөлуді қарастырып жатыр екен.

Сондай-ақ мектептен, сыныптан тыс шараларды өткізгенде жаттандылыққа, бірізділікке салынып, оқушылардың сапалы білім алуына кедергі келтірмеу үшін, мысалы, көңілді тапқырлар сайыстарына сабақтан «3» деген бағасы бар оқушыларды да алғашқы кезде қатыстыра отырып, келесі сатыларға бағасы мен білімін көтермесе, үлгерімі төмен ондай оқушыларды қызықты жарыстарға одан әрі қатыстырмайтын жүйе жасап қойыпты.

Мақтаарал ауданы мектептерінің оқушылары арасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығының құрметіне «Мырзашөлдің мәнерлі жыр мұрасы» атты жас ақындар айтысының өткізілуі де жас дарындарға ерекше шабыт беріп, жас ұрпақтың арасында айрықша серпіліс тудырған.

«Жақсы мұғалім мектептің жүрегі екенін айтып кеткен ұлы Ыбырай Алтынсарин: «Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілген инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды», - депті сол кезде үкіметке жазған баяндамасында... Олай болса, бізге бүгінгі таңда ұрпақты ғана емес, қоғамды тәрбиелейтін, жан-жақты дамыған мәдениетті ұстаздар керек», - дейді Мақтаарал аудандық Білім бөлімінің басшысы Л.М. Қойлыбаев өз сөзінде.

Л.М. Қойлыбаев Мақтаарал ауданының орталығында Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының болуын мектеп оқушылары мен ұстаздары үшінерекше мүмкіндік деп санайды екен. Аудандық Білім бөлімінің басшысы мектеп мұғалімдерімен осы театрда кездесіп, сахнадағы қойылымның алдында жарты сағаттай сөз сөйлеп, спектальден кейінгі серпілістен соң «Театр мәдениеті деген не?» атты тақырыпта шағын шығарма жаздырған.

Мақтаарал аудандық Білім бөлімінің басшысы көктемгі демалыс күндерінде осы Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында оқушылардың өміріне арналған бір көркем дүние қойылса, оның кейіпкерлері болып мектеп оқушыларының өздері кәсіби актерлермен бірге ойнаса деп армандайды екен.

Жергілікті журналистердің жазуынша, Л.М. Қойлыбаев осы қызметке келгелі бері Мақтаарал ауданы мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдері ауысқан. БАҚ қызметкерлері Мақтаарал аудандық Білім бөлімінің басшысынан осындай жағдайдың оған қандай да бір дәрежеде әсері болған-болмағанын сұраған екен.

Сонда Л.М. Қойлыбаев көп ойланбастан: «Асыл дініміз Исламда намаз оқыған кісі әр намазын соңғы рет оқып тұрғандай жауапкершілікпен беріле оқу керектігі жайында талап бар екен. Сол сияқты адам таңертең жұмысқа келгенде де осы қызметке өмірінде бірінші рет келіп тұрғандай сезімде болғаны жөн. Мен бойыма осы мінезді әбден қалыптастырып алғанмын. Білім саласының қызметкерлерінен де осыны талап етемін. Қайда жүрсем де, әлгі мінезімнен бір танған емеспін. Алған бағытым мен идеям тікелей басшыларыммен үйлеспеген жағдайда өтінішімді жазып, қызметтен кетуге дайынмын. Таққа ешқашан таласып, талпынбаймын. «Қызметтен кетіреміз» дегендердің қоқан-лоққысынан да қорқа қоймаймын», - деп жауап беріпті.

Түйін. Ақиқатын айтқанда, мен өз басым Л.М. Қойлыбаев есімді азаматтың атқарып жатқан қызметіне ол Мақтаарал аудандық Білім бөлімінің басшысы болып тағайындалған соң ғана ерекше назар аудара бастадым. Екеуміз де бір-бірімізді жақсы біле бермейміз. Өйткені елімізде білім беру саласында қызмет істеп жүрген адамдар аз емес қой.

Биылғы жылдың қаңтар айында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының аумағында орналасқан бірнеше мектепте өткізілген кездесулерден кейін, Шымкентке қарай жолға шығатын күні таңертең Мақтаарал аудандық Білім бөліміне арнайы барып, Лесхан Мырзаханұлы Қойлыбаев мырзамен жарты сағаттай ғана асығыстау әңгімелесіп үлгердім.

Өйткені ісспарымның мерзімі аяқталғандықтан ат басын Астанаға бұруым керек болатын. Сол секілді Мақтаарал аудандық Білім бөлімінің басшысы Л.М. Қойлыбаев та мектептерге бару үшін қызмет бөлмесінен шығып бара жатқан беті екен.

Бұл азамат менің туысқаным да емес, біздің бір-бірімізге байланысты жеке басымызда қандай да бір өзара мүддеміз де жоқ.

Алайда, Елордамыздан сонау қашықта жатқан Мақтаарал ауданының білім беру саласын басқаруға осындай биік парасатты, өте білікті азаматтардың барғанын көріп-біліп, Мырзашөл өңірінің білім әлемінде басталған осынау түбегейлі бетбұрысты байқап, іштей қатты қуанып, жақсы жұмыстарға ерекше сүйсінгенімізді жасыра алмаймыз!

Еліміздің ұстаздар қауымына жанашырлықпен қарайтын, ал білім беру саласын жандандыра жемісті жұмыс істей білетін осындай азаматтарымызға қолдау көрсету – біздің парызымыз деп білеміз.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD).

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

24.04.2017
Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің Телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы мектептер мен колледждердің 2017 жылғы түлектерін «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша оқуға шақырады!
21.04.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығыеліміздің бастауыш, негізгі орта және жалпы ортабілім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» аттыРеспубликалықконкурсын жариялайды.Конкурсқа мектеп мұғалімдерінің өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады.Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі.Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.
19.04.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы колледждер мен мектептердің оқытушылары мен мұғалімдерінің және балалар бақшалары тәрбиешілерінің арасында өздері жүргізетін сабақтарының ғылыми-әдістемелік салаларынан ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстар жазу бойынша Республикалық «ҮЗДІК ПЕДАГОГ – ЗЕРТТЕУШІ» конкурсын жариялайды. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған жұмыстар қабылданады.