ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ, ЖАҢА ЖЫЛҒА ЖОСПАР КӨП!

Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры Мырзантай Қожабайұлы Жақыптың білім беру саласына байланысты 2016 жылы жүзеге асырылған іс-шаралары жайындағы қысқаша есебін оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.

Ең алдымен Елбасымыздың 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2016 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» туралы арнайы ақпарат жариялап, әлеуметтік желідегі достарымызды, білім беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген әріптестерімізді осынау маңызды құжаттың мазмұнымен және негізгі ерекшеліктерімен таныстырдық.

Әлеуметтік желіні пайдаланушы достарымыздың назарын Қазақ қоғамында қызу пікірталас тудырған Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы №442 Жер кодексінің «Жер учаскелерiн беру нормаларына» аударып, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің тұрғындарға жеке тұрғын үй құрылысына тегін 10 сотық жерді беру тәртібі туралы ақпаратын жарияладық.

Кәсіби журналист ретінде Астана қаласында тұратын, 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңінің қатысушылары болып табылатын білім саласының, басқа да бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің 2016 жылы баспаналы болуына үлесімізді қосқанымызды айта кетсек, мұның ешқандай айыбы жоқ шығар деп ойлаймыз.

Астана қаласының «Сарайшық» тұрғын үй кешеніндегі бұл пәтерлер 2011 жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда, ұстаздар мен дәрігерлер асыға күткен тұрғын үйлердің құрылысы әртүрлі себептермен ұзаққа созылып, тіпті тоқтап та қалған күндер болды. Осындай кезде құрылыс басында жиі-жиі барып, жұмыстың тоқтап қалу себептерін анықтап, жүйелі түрде арнайы ақпараттар жариялап, Астана қаласы басшыларынан және тиісті құрылыс компанияларынан мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің кешіктірілмей, тезірек пайдалануға берілуін табандылықпен талап еттік.

Соның нәтижесінде баспаналарын 5-6 жылдай уақыт күтуге мәжбүр болған, негізінен білім беру және денсаулық сақтау салаларында қызмет істейтін 2446 тұрғынның басым көпшілігі 2016 жылы қоныс тойын тойлады.

2016 жылғы жазғы еңбек демалысында жүрсек те, «Ауылдық білім беру ұйымдарын бітірген тұлғалар үшін Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарына қабылдау квотасы белгіленген жоғары арнайы білім беру және бакалавриат мамандықтарының тізбесiн және ұлттық бірыңғай тестілеу және кешенді тестілеу жүргізілетін таңдау пәндері мен бейінді пәндер көрсетілген мамандықтар тізбесіне» байланысты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 18 мамырдағы №326 бұйрығы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2016 жылы 26 мамырда №13739 болып тіркелуіне байланысты талапкерлерге кәсіптік бағдар беру жұмысымен белсенді түрде шұғылдандық.

Атап айтсақ, жоғарыдағы бұйрыққа сәйкес «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығының таңдау пәні «Қазақ әдебиеті» болып бекітілуіне орай (оған дейін «География» пәні болатын) осы пәнді таңдаған және ҰБТ-да жоғары балл жинаған талапкерлерді Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінде «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша, ал жоғары білімді жастарды «6М051400 – Қоғамдық» байланыс» мамандығы бойынша магистратурада білім алуға шақырдық.

Талапкерлер мен олардың ата-аналарын, ұстаздарын «Серпін-2050» немесе «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы шеңберінде оқуға студент қабылдау ерекшеліктерімен таныстырып отырдық.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 21 маусымдағы «Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтары жіктеуіші мен Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі кәсіптер мен мамандықтар жіктеуішінің сәйкестік кестесін бекіту туралы» №316 бұйрығындағы «5В050400 – Журналистика» және «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандықтарына қатысты өрескел қателердің түзетілуіне ықпал еттік.

Талапкерлерді «Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы №109 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 14 шілдедегі №404 қаулысымен таныстырдық.

2016 жылғы талапкерлер үшін тағы бір жаңалықпен бөлістік.

Яғни колледж бітірген соң бір жыл жұмыс істеп, жоғары оқу орнына түскісі келетін талапкерлердің білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде «Алтын белгі» иегерлерінен кейін басым құқығы бар екенін хабарладық. Бұл қағида «Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 14 шілдедегі №407 қаулысында баяндалған болатын.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің мектепке дейінгі білім беру, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларға арналған педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға байланысты түсіндіру хаты Облыстық, Астана және Алматы қалалық Білім басқармаларына жолдануына тікелей ықпал жасадық.

Осы Түсіндіру хатында жазылғанындай, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы №95 бұйрығымен бекітілген «Педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларының» және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарының» талаптарына сәйкес педагог кадрларының біліктілігін арттыру курстарын мемлекеттік мекемелер ғана емес, жеке меншік мекемелер де өткізе алады. Курстар бюджет есебінен тегін де өткізіледі және ақылы түрде де өткізіледі.

Қоғамымызда қызу пікірталас тудырып отырған білім беру ұйымдарының қаражат табу, қаржылай пайда табу мәселесіне орай «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Заңының 37-1-бабы «Жеке педагогтік қызмет», 43-бабы (Білім беру ұйымдарының құзыреті), 47-бабы (Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі), 49-бабы (Ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің құқықтары мен міндеттері), 51-бабы (Педагог қызметкердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі), 63-бабы (Білім беру ұйымдарының ақылы негізде тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) ұсынуы), 64-бабы (Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын дамыту) бойынша түсіндіру ақпараттарын жарияладық.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 шілдедегі №1102 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау ережесі» жайында мәлімет бердік.

2016-2017 оқу жылында Қазақстан Республикасының Жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы Әдістемелік нұсқау хатпен ұстаздар қауымын таныстырдық.

«Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын, сондай-ақ Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 5 шілдедегі №429 бұйрығымен (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2016 жылы 4 тамызда №14065 болып тіркелген) ұстаздар қауымын таныстырдық.

«Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» орай Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымын ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартына сәйкес келтіру мақсатында жасалған Мамандықтардың жаңа жіктеуішіне байланысты алаңдаушылық білдірген пікірлерімізді әлеуметтік желіде және «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияладық.

Қазақстандағы Америка Құрама Штаттары Елшілігінің ұйымдастыруымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасында өткізілген бұқаралық ақпарат құралдарын коммерцияландыру және бәсекеге қабілетті медиастратегиялар мен медиамәтіндер жасау жөніндегі сарапшы Дэвид Эпплфилд мырзамен кездесуге қатысып, өз тұжырымдарымызбен бөлістік.

«Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасын талқылауға белсене қатысып, бұқаралық ақпарат құралдарын біліктілігі жоғары мамандармен қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешудің бір жолы ретінде елімізде журналистика, қоғаммен байланыс, медиакоммуникация, баспа ісі және т.б. мамандықтар бойынша магистрлер мен PhD докторларын даярлау мақсатында Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне тікелей бағыныстағы дербес Ақпарат және медиакоммуникация ұлттық академиясын құруды ұсындық.

БАҚ саласындағы білім беру және ғылыми жұмыстарды жүргізу жүйесі толықтай Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің құзыретіне беру туралы ұсыныс жолдадық.

«Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасында ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ-тың) қызметкерлері дегеніміз кімдер, олар «әнші-жұлдыздар» ма, актерлер ме, әлде журналистер ме деген мәселені анықтап алу туралы ұсыныс жасадық.

«Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» жобасы аясында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі №451-І Заңына мынадай толықтырулар мен өзгертулер енгізуді ұсындық:

- «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі №451-І Заңының «Журналистің құқықтары мен міндеттері» атты 5-тарауының тақырыбын «Журналистің және/немесе бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерінің мәртебесі» деген жаңа редакцияда жазу;

- Заңның осы 5-тарауының аясында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерінің мәртебесін заң бойынша нақтылап, бекіту;

- Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне мемлекеттік немесе азаматтық қызметшілер деген мәртебе беру;

- Мемлекет қоғамдағы журналистің және/немесе бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің ерекше мәртебесін танитынын және кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасайтынын заң бойынша бекіту;

- Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындау;

- Бұқаралық ақпарат құралдары саласының қызметкерлеріне мынадай:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй, оның ішінде қызметтік үй және (немесе) жатақхана;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақы төленетін жыл сайынғы демалыс алудың әлеуметтік кепілдіктерін беру.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына» сәйкес Педагог қызметкердің өтініш берген біліктілік санатына қызметінің сәйкестігін белгілеу үшін сараптама тобының қарауына ұсынылатын құжаттармен таныстырдық.

Жобасы жарияланған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының білім беру саласына қатысты қағидаларымен таныстырдық.

Біздің ұсыныстарымызға орай Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев: «Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің ынтымақтастығы шеңберінде мамандар даярлау мен мамандық тізімдерін анықтау бойынша бірлескен жұмыстар атқару жоспарлануда», - деп жауап берді.

Сонымен бірге баспанаға мұқтаж БАҚ қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі туралы біздің ұсыныстарымызды Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев мырза қолдау білдірді.

Көптеген мектептер мен колледждердегі, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы ең басты өзекті мәселелердің бірі – білім беру ұйымдарының мемлекеттік аттестаттаудан өтуі болып табылады. Білім беру ұйымдары мен педагог қызметкерлердің арасындағы түсініспеушіліктің біраз бөлігі де осы аттестаттау кезінде туындап жатады.

Осыған орай, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Заңының 4-ші бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі «Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау қағидаларын» бекітетіні, «Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 24 желтоқсандағы №1270 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 19 маусымдағы №635 қаулысына сәйкес «Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау ережесі» жаңа редакцияда жазылғаны жайында анықтама бердік.

«Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» бұйрықтың жобасымен, оның ішінде 9 (10) сыныптардың білім алушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары және 11 (12) сыныптардың білім алушылары үшін мемлекеттік бітіру емтихандары қалай өткізілетіні туралы ақпарат жарияладық.

Мамандықтардың жаңа жіктеуішіне байланысты Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне жолдаған хаттарымызға министр Е.К. Сағадиев мырзадан жауап алдық.

Министрдің пікірі бойынша, тар шеңбердегі мамандандыру ісінің жөнсіздігін, керісінше, жан-жақты кеңейтілген негізгі дайындық пен қажетті құзыреттілікті меңгерген әмбебап мамандар даярлаудың маңыздылығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Жаңа жіктеуіштен көптеген мамандықтардың түсіп қалуы бұған дейін болған бағыттар бойынша мамандар даярлауға кедергі келтірмейді деп есептейді Білім және ғылым министрі. Сол арқылы жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларының кеңейтілген аясында еңбек нарығында қажет болып отырған мамандарды даярлауды кеңірек қамтамасыз етуге мүмкіндік берілетін көрінеді.

Мамандықтардың жаңа жіктеуіші Жұмыс тобының мәжілісінде қарастырылып, талқыланыпты және соның нәтижесінде жобаны мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілер қауымдастықтарымен және академиялық қауымдастықпен келісу туралы шешім қабылданыпты.

Ұсынылған ескертулер мен толықтырулар Жіктеуіштің жаңа жобасын түзету барысында ескеріледі екен.

Ұстаздар қауымын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы №95 бұйрығымен бекітілген «Педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларымен» (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2016 жылы 9 наурызда №13420 болып тіркелген) таныстырдық.

Аталған қағидаларға сәйкес біліктілікті арттыру курстарынан өту үшін Астанаға, Алматыға, облыстар мен аудандардың орталықтарына барудың қажеті жоқ. Курс өткізетін ұйымдардың (оның ішінде жеке меншік мекемелердің) өкілдерін мектебіңізге шақырып немесе қашықтан оқу арқылы да өтуге мүмкіндік бар.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Э. Суханбердиева Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне арнайы хат жолдап:

«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Жақып Мырзантайдың хатын қарастырып, төмендегіні хабарлайды.

Аталған кафедра доценті Жақып Мырзантайдың хатында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу үшін ұсыныстар қарастырылған.

Осыған орай, журналистика, ақпарат, қоғаммен байланыс саласы бойынша Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі салалық мемлекеттік орган болып табылатындықтан автордың көтеріп отырған мәселесі өте орынды деп есептейміз.

Жоғарыда аталған заңнамаға сәйкес журналистика, ақпарат, қоғаммен байланыс саласы бойынша кәсіптік стандартын әзірлеу жұмысын тиісінше ақпарат және коммуникациялар саласындағы уәкілетті органның үйлестіруімен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыс берушілермен бірлесе отырып жүргізуі қажет», - деп атап көрсетті.

Білім саласындағы кейбір өткір мәселелер қозғалған «Қағазбастылықтан арылмай...» атты мақаламыз «Қазақ әдебиеті» газетінің 18.11.2016 ж., №47(3525) санында жарияланды.

Біздің «Талапкер – 2017» науқанына байланысты сұрақтарымызға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиев мырзадан бірнеше жауап хаттар алдық.

Осындай хаттардың бірінде былай делінген:

«Құрметті Мырзантай Қожабайұлы! Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) «Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы №111 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасы (бұдан әрі – қаулы жобасы) 2017 жылдың қаңтар айында бекітіледі деп жоспарлануда.

Осы орайда аталған қаулы жобасын іске асыру мақсатында, яғни қаулы жобасы бекітілген соң ҰБТ және кешенді тестілеудің бейінді пәндері көрсетілген мамандықтар тізбесі білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітілетін болады. Сонымен қатар, ҰБТ және кешенді тестілеудің бейінді пәндері көрсетілген мамандықтар тізбесінің жобасы Министрлік сайтына қысқа мерзімде орналастырылатын қосымша хабарлаймыз», - деп жазыпты өзінің жауап хатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиев мырза.

Сонымен, ҰБТ және кешенді тестілеудің бейінді пәндері көрсетілген мамандықтар тізбесі 2017 жылдың алғашқы айларында жарияланатын болды.

Міне, біздің белсене атсалысуымызбен білім беру саласына байланысты 2016 жылы жүзеге асырылған іс-шаралардың бірқатары осындай.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), ф.ғ.к. (PhD).

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

29.06.2017
Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің Телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы мектептер мен колледждердің 2017 жылғы түлектерін «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша оқуға шақырады!
26.06.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған еркін тақырыптар бойынша «ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» атты шығармалар конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Шығармаларды кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
21.06.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «ҚОҒАМДЫҚ БАЙЛАНЫС – ҚАЖЕТ МАМАНДЫҚ» атты еркін тақырыпқа жазбаша эссе конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Эссені кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.