ОҢТҮСТІКТЕГІ МАҚТААРАЛ ЖӘНЕ САРЫАҒАШ АУДАНДАРЫН БЕС АУДАНҒА БӨЛУ ЖӘНЕ МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ РЕСМИ АТАУЫНДАҒЫ ӨРКЕСКЕЛ ҚАТЕНІ ТҮЗЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ЕЛБАСЫ ЖАРЛЫҒЫ МЕН ҮКІМЕТ ҚАУЛЫСЫНЫҢ ЖОБАЛАРЫ ЖАРИЯЛАНДЫ!

Өткен аптада, 2018 жылғы 23 ақпанда «Электрондық үкімет» веб-порталында Елбасымыз – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бес ауданға бөліп, бұрынғы Мақтаарал, Жетісай, Асықата, Сарыағаш және Келес аудандарын қалпына келтіру туралы арнайы Жарлығының жобасы жарияланды.

«Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының жобасына Түсіндірме жазбада былай деп жазылған:

Жобаны әзірлеуші-мемлекеттік орган – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі;

«Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының жобасына Түсіндірме жазбаға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев қол қойған.

Жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесі – «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының жобасы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңына (әрі қарай – Заң) сәйкес әзірленді.

Заңның 11 бабына сәйкес, облыстық өкiлдi және атқарушы органдар бiрлескен шешiмiмен:

1) Қазақстан Республикасының Үкiметiне облыс аудандарын құру және тарату, олардың әкiмшiлiк орталықтарын белгiлеу және көшiру туралы ұсыныстар енгiзедi;

2) Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсу бойынша облыс аудандарының шекараларын белгiлейдi және өзгертедi.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 39-3 бабына сәйкес, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында әкімшілік-аумақтық құрылысты өзгерту мәселесі жергілікті қоғамдастық жиындарында талқыланды.

Аталған мәселе қолдауын тауып, хаттамалармен рәсімделіп, қабылданған шешімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Осыған орай, аудандық өкiлдi және атқарушы органдар бiрлескен шешiмдерiмен:

Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында:

1) Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Асықата кентінде орналасқан жалпы алаңы 64435,0 гектар жерді құрайтын Асықата ауданын, әкімшілік орталығы Жетісай қаласында орналасқан жалпы алаңы 55992,0 гектар жерді құрайтын Жетісай ауданын, әкімшілік орталығы Мырзакент кентінде орналасқан жалпы алаңы 64971,0 гектар жерді құрайтын Мақтаарал ауданын;

2) Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Абай ауылында орналасқан жалпы алаңы 345129,0 гектар жерді құрайтын Келес ауданын және әкімшілік орталығы Сарыағаш қаласында орналасқан жалпы алаңы 417074,0 гектар жерді құрайтын Сарыағаш ауданын құру туралы ұсыныстар енгізді.

Жоғарыда аталғандардың негізінде «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының жобасы әзірленді.

Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға әкеліп соқпайды.

Шығындар бюджеттік қаражат есебінен жабылады.

Сіздердің назарларыңызға «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы жобасының мәтінін ұсынып отырмыз:

ЖОБА

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында мынадай әкімшілік-аумақтық бірліктер:

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Асықата кентінде орналасқан Асықата ауданы, әкімшілік орталығы Жетісай қаласында орналасқан Жетісай ауданы, әкімшілік орталығы Мырзакент кентінде орналасқан Мақтаарал аудандары;

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Сарыағаш қаласында орналасқан Сарыағаш ауданы, әкімшілік орталығы Абай ауылында орналасқан Келес аудандары құрылсын.

2. Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданының аумағын бөлу жолымен құрылатын аудандарға – Асықата ауданы, Жетісай ауданы, Мақтаарал ауданы деген атаулар берілсін.

3. Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданының аумағын бөлу жолымен құрылатын аудандарға – Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданы, Сарыағаш ауданы деген атаулар берілсін.

4. Қазақстан Республикасы Үкіметі осы Жарлықтың 1-тармағын жүзеге асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

5. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті

Н. Назарбаев

Астана, Ақорда, 2018 жылғы

Статус: Жария талқылауда

НҚА түрі: Жарлық

Қоғамдық талқылаудың мерзімі: 09/03/2018

https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=1871767

Сонымен бірге 2018 жылғы 28 ақпан күні «Электрондық үкімет» веб-порталында «Оңтүстік Қазақстан облысы Асықата, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының шекараларын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының жобасы жарияланды.

Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган: Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 11 бабының 2-тармақшасына сәйкес, облыстық өкiлдi және атқарушы органдар бiрлескен шешiмiмен Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсу бойынша облыс аудандарының, шекараларын белгiлеу және өзгерту туралы мәселелердi шешедi.

2018 жылы шығындар жергілікті бюджеттерден қарастырылған қаражат есебінен жабылады, 2019 жылы республикалық бюджеттен қосымша қаражатты қарастыруды талап етеді.

Нақты мақсаттар, күтілетін нәтижелердің мерзімі:

Жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту, шекара маңындағы елді мекендерді жалпы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту.

ЖОБА

Оңтүстік Қазақстан облысы Асықата, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының шекараларын белгілеу туралы

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 11-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Асықата, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандарының шекараларын белгілеу жөніндегі «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2018 жылғы 20 ақпандағы №20/237-VI шешіміне және облыс әкімдігінің 2018 жылғы 20 ақпандағы №51 қаулысына келісім берілсін.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

Оңтүстік Қазақстан облысындағы құрылатын аудандардың шекараларының сипаттамасы

1. Қайта құрылатын Сарыағаш ауданының аумағы 417 074 гектарды құрайды, шекаралары мынадай болып белгіленген:

солтүстігіндегі шекара Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласы мен Қазығұрт ауданы әкімшілік бағынысындағы қолданыстағы аумақтардың шекаралар бойымен өтеді;

шығысындағы шекара Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының қолданыстағы шекарасымен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасымен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Қыбрай ауданымен шектесетін Зах каналы арнасы бойымен өтеді;

оңтүстігіндегі шекара Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының жанындағы Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Қыбрай, Ташкент, Занги ата аудандарымен шектесетін Келес өзені арнасы бойымен және әрі қарай Оңтүстік Қазақстан облысы құрамында құрылатын Келес ауданы аумағындағы Біртілек, Ошақты, Бірлік, Жамбыл, Бозай ауылдық округтерінің қолданыстағы шекараларымен өтеді;

батысындағы шекара Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданымен шектесетін Сырдария өзені арнасы бойымен өтеді.

2. Жаңадан құрылатын Келес ауданының аумағы 345 129 гектарды құрайды, шекаралары мынадай болып белгіленген:

солтүстігіндегі шекара Оңтүстік Қазақстан облысында қайта құрылатын Сарыағаш ауданы аумағындағы Әлімтау, Дарбаза, Тегісшіл, Құркелес ауылдық округтері мен Көктерек кентінің қолданыстағы шекараларының бойымен өтеді;

шығысындағы шекара Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасымен шектесетін Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Занги ата мен Янгиюль аудандары шекараларының бойымен өтеді;

оңтүстігіндегі шекара Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасымен шектесетін Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Чиназ ауданының шекарасымен, әрі қарай Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданымен шектесетін Сырдария өзені арнасы бойымен өтеді;

батысындағы шекара Шардара ауданының шекарасымен шектесетін Сырдария өзені арнасы бойымен өтеді.

3. Асықата ауданының аумағы 64 435 гектарды құрайды, шекаралары мынадай болып белгіленген:

солтүстігінде шекара Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының қолданыстағы шекараларының бойымен өтеді;

шығысында шекара Оңтүстік Қазақстан облысының құрылатын Мақтаарал ауданының шекарасымен өтеді;

оңтүстігінде шекара Оңтүстік Қазақстан облысының құрылатын Жетісай ауданының шекарасымен өтеді;

батысында шекара Өзбекстан Республикасы Жызақ облысы Фариш ауданының шекарасымен өтеді.

4. Жетісай ауданының аумағы 55 992 гектарды құрайды, шекаралары мынадай болып белгіленген:

солтүстігінде шекара Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының қолданыстағы шекараларының бойымен өтеді;

шығысында шекара Оңтүстік Қазақстан облысының құрылатын Мақтаарал ауданының шекарасымен өтеді;

оңтүстігінде шекара Өзбекстан Республикасы Сырдария облысы Ақалтын ауданы шекарасы бойымен өтеді;

батысында шекара Өзбекстан Республикасы Жызақ облысы Мырзашөл ауданының және құрылатын Асықата ауданының шекарасымен өтеді.

5. Мақтаарал ауданының аумағы 64 971 гектарды құрайды, шекаралары мынадай болып белгіленген:

солтүстігінде шекара Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданының Шардара су қоймасымен шектеседі;

шығысында шекара Өзбекстан Республикасы Сырдария облысының Сырдария ауданының шекарасымен өтеді;

оңтүстігінде шекара Өзбекстан Республикасы Сырдария облысының Мырзаабад, Ақалтын аудандарының шекарасымен өтеді;

батысында шекара құрылатын Жетісай және Асықата аудандарының шекараларымен өтеді.

Статус: Жария талқылауда 

НҚА түрі: Қаулы 

Қоғамдық талқылаудың мерзімі: 14/03/2018

https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=1874774

Иә, жергілікті өкiлдi және атқарушы органдардың кінәсінен «Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 24 сәуiрдегi №3474 Жарлығында Мақтаарал ауданының тарихи Мақтаарал (Мақта+арал) деген атауы «Мақтарал» деп бір ғана «а» әрпімен өрескел түрде қате жазылып кеткен еді.

Ал қоғамдық талқылауға ұсынылып отырған осы «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының және Үкімет Қаулысының жобаларында осынау өрескел қателіктің түзетіліп, ауданның тарихи атауы «Мақтаарал» деп екі «а» әрпімен жазылуын Елбасымыздың ерекше көрегендігі мен Нұрсұлтан Назарбаев ағамыздың ылғи да халықтың ұсыныс-пікірлерімен санасып отыратын ақыл-парасатының нәтижесі деп ойлаймыз.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

18.06.2018
Екі күннен кейін, 20 маусымда басталатын Ұлттық бірыңғай тестілеу қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры ЖАҚЫП Мырзантай Қожабайұлының sputniknews.kz Интернет-сайтының тілшісі, талантты журналист ТОҚТАМҰРАТ Кенжекейдің сұрақтарына берілген жауаптары
08.06.2018
Осыдан 30 жыл бұрын Эстония халқы өз елдерінің астанасы Таллинн қаласының аты қате жазылып жүр деген мәселе көтеріп, тарихи атаудың о бастағы қалпын сақтауды, сөйтіп бұрын «Таллин» деп бір «н» әрпімен жазылып келген қаланың ресми атының соңына тағы бір «н» әрпін қосып, дұрыс жазуды талап еткені есімізде.
07.06.2018
Оңтүстіктегі, оның ішінде Мырзашөл өңіріндегі барша ағайындарды тарихи Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш және Келес аудандарының қайта қалпына келтірілуімен, Мырзакент кентінің Мақтаарал ауданының орталығы, ал Абай ауылының Келес ауданының орталығы мәртебесін қайта иеленуімен шын жүректен құттықтаймын!