МЫРЗАКЕНТ МЫРЗАШӨЛ ТӨРІНДЕГІ КӨРКЕЙГЕН ҚАЛАҒА – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҚҚА АЙНАЛУЫ ТИІС

Елбасымыздың Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Мырзакент кентінде орналасқан Мақтаарал ауданын, әкімшілік орталығы Жетісай қаласында орналасқан Жетісай ауданын құру туралы Жарлығының, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал және Жетісай аудандарының шекараларын белгілеу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобалары «Электрондық үкімет» веб-порталында 2018 жылғы 17 сәуір күні жарияланған еді.

Бүгін, 2018 жылғы 3 мамыр күні осы аталған құжаттардың жобаларын қоғамдық талқылау мерзімі аяқталды.

Қарапайым халық 1997 жылғы 24 сәуірде біріктірілген аудандардың қайта бөлініп, тарихи қалпына келтірілгенін асыға күтіп отыр.

«Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 24 сәуiрдегi №3474 Жарлығына дейін Мырзакент кенті – еліміздің ең қиыр оңтүстігіндегі шеткі нүктесі ғана емес, бұрынғы Мақтаарал ауданының әкімшілік орталығы да болды.

Жалпы Мырзашөл өңірін игеру барысында, ХІХ ғасырдың соңында – ХХ ғасырдың бас кезінде пайда болған ірі елді мекендердің бірі – Мырзакент (бұрынғы Славянка, Славянский) кентінің терең тарихы бар.

Кейбір архивтік мәліметтер бойынша Мырзашөл өңіріндегі Сырдария теміржол стансасына жақын тұста бой көтерген Славянский поселкесі 1914 жылы қалыптасып, өркендей бастады. Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Самарқан облысының әкімшілік-тіркеу хаттамасына қарағанда, Славянский поселкесі алғашқыда 344 түтінге арналып жобаланды.

1915 жылғы 29 желтоқсандағы деректер бойынша Славянский поселкесінде іс жүзінде 302 түтін, ал 1916 жылы 124 үй өмір сүрді.

Самарқан облысының әскери губернаторы Н.С. Лыкошин осы облыстың 2-ші ауданы халықтық училищелер инспекторы М.С. Андреевтің ұсынысы бойынша 1916 жылғы маусым айында Славянский поселкесінде екі кешенді приходское училище ашу жөнінде шешім қабылдады.

Өкінішке қарай, Мырзашөл өңіріндегі тарихи елді мекендердің қатарынан іргелі орын алатын Славянский поселкесі туралы әртүрлі мәліметтер жарияланып жүр. Мәселен, Алматыда 1976 жылы басылып шыққан «Қазақ совет энциклопедиясының» 10-шы томының 191-ші бетінде: «Славянка – қала үлгісіндегі поселке (1967). Іргесі 1910 жылы қаланды. Бұрынғы аты Гавриленко», - деп жазылған.

Энциклопедия авторларының нендей құжатқа сүйеніп, осындай тұжырым жасағаны белгісіз. Шын мәнінде, Гавриленко – поселкенің атауы емес, патшалық Ресейден қазақтың Мырзашөл өңіріне қоныс аударып келген орыс помещиктерінің бірі. Ағайынды Гавриленколар «қоғамға зиянды тап жауы» ретінде ХХ ғасырдың 30-шы жылдары тәркіленген.

Біздіңше, Славянка поселкесі ХХ ғасырдың басында-ақ бой көтеріп, 1900-шы жылдарда-ақ негізі қаланған. Ал 1913-1914 жылдары Славянка поселкесінің атауы ресми түрде қағазға түсіріліп, елді мекен ретінде белгілі бола бастады.

1924 жылғы қараша айының алғашқы күндерінде Сырдария губерниясының аясында Ташқазақ (Ташкент қазағы) уезі құрылған кезде, бұл уездің құрамына алғашқыда саны 17, кейіннен 31-ге жеткен болыстармен бірге оған дейін бұрынғы Сырдария облысының Мырзашөл уезіне қарап тұрған Иіржар және Славянский болыстары да берілген еді.

Славянский (Славянка) поселкесі өткен ғасырдың 30-шы жылдары осы аттас болыстың орталығы, ал еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Мақтаарал ауданының орталығы болып келді.

Ал 1992 жылғы қыркүйек айында Мақтаарал аудандық Кеңесінің сессиясы Славянка поселкесінің ресми атауын Мырзакент кенті деп өзгерту туралы шешім қабылдады.

Ежелден-ақ қалың елдің санасына сіңген, «Мырзашөлде бой көтерген қала» ұғымын білдіретін бұл атауды халық өте жақсы қабылдады.

Бүгінде Мырзакент кентінде 11 мектепке дейінгі білім беру мекемесі, 4 жалпы орта мектеп, 1 кәсіптік-техникалық мектеп, 1 колледж, 1 мәдениет үйі, 2 кітапхана бар.

Қазіргі кезде 15 мың тұрғыны бар Мырзакент кенті қала мәртебесін алуға сұранып тұр.

Осыған орай, «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының 3-ші бабына сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға аумағында өнеркәсiп орындары, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын, халқының жалпы санының үштен екiсiнен астамын жұмысшылар, қызметшiлер және олардың отбасы мүшелерi құрайтын елдi мекендер жататынын ескере келіп, Мырзакент кентіне қала мәртебесі берілуі қажет.

Шекара маңындағы аудандардың ірі қоныстарының бірі екенін ескере отырып, Мырзакент кентіне қала мәртебесі берілген соң, ол еліміздің шағын және моноқалаларының тізбесіне енгізілгені жөн.

Оңтүстік Қазақстан облысы мен Мақтаарал ауданының басшылары осы өңірде туып-өскен ғалымдар мен кәсіпкерлердің, білікті кәсіби мамандардың, басқа да жанашыр азаматтардың белсенді түрде қатысуымен Мырзакент кентінің брендингі бойынша маркетингтік зерттеулер жүргізіп, оның нәтижелерін іс жүзіне асырудың әдіс-тәсілдерін ойластырса дұрыс болар еді.

Иә, Мырзакент Мырзашөл төріндегі көркейген қалаға – Мақтаарал ауданының экономикалық және мәдени орталығына айналуы тиіс!

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

 

Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

24.08.2019
2019 жылғы 21 тамыз күні Мырзашөл өңірінде орналасқан Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Аманкелді атындағы №19 жалпы орта мектебінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің «Балалар құқығы» жазғы мектебі өз жұмысын қорытындылады.
24.08.2019
2019 жылғы 20 тамыз күні еліміздің қиыр оңтүстігінің ең түкпіріндегі Мырзашөл өңірінде орналасқан Түркістан облысындағы Жетісай аудандық Білім бөліміне қарасты «Нұртас Оңдасынов атындағы №14 жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің педагогикалық ұжымымен бірлескен іс-шара өткіздік.
15.08.2019
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің 2019 жылғы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранты аясында Түркістан облысының Мырзашөл өңірінде, яғни Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарында балалар және жасөспірімдермен өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде мұражайлардың, кітапханалардың және мәдени-демалыс үлгісіндегі мекемелердің ақпараттық-танымдық, шығармашылық және оқыту қызметін дамыту мақсатында олардың Қазақстан халқының тарихымен, дәстүрлерімен және рухани қазыналарымен танысуына мүмкіндік жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі.