ОҢТҮСТІК ӨҢІРІНДЕГІ ТАРИХИ МАҚТААРАЛ, ЖЕТІСАЙ, САРЫАҒАШ ЖӘНЕ КЕЛЕС АУДАНДАРЫНЫҢ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, АҒАЙЫН!

Оңтүстіктегі, оның ішінде Мырзашөл өңіріндегі барша ағайындарды тарихи Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш және Келес аудандарының қайта қалпына келтірілуімен, Мырзакент кентінің Мақтаарал ауданының орталығы, ал Абай ауылының Келес ауданының орталығы мәртебесін қайта иеленуімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыдан 20 жыл бұрын, 1998 жылдың 1 қарашасы күні мемлекетіміздің қиыр оңтүстігіндегі Жетісай қаласына жасаған ресми іссапары кезінде Мырзашөл аймағының халқы мен жері туралы айтқан:

«...Қазақстанның, қазақтың жүрегі болып саналатын Оңтүстік өңірінде, оның ішінде Мырзашөл халқымен бүгін қуанышты жағдайда кездесіп тұрмын. Бүгін Мақтаарал ауданында бас қосып тұрмыз. Бұл – еңбекпен барлығын табатын елдің жері, өте қиын жұмыстың жері. Суармалы жерді қолдану арқылы мақта мен күріш өсіру – ауыл шаруашылығында ауыр еңбек екенін жұрттың бәрі біледі...

Мақтаарал, Мырзашөл өңірі – өз Отанының не екенін білетін қазақтың ішіндегі бірден-бір өлке. Жұртқа паш етер де осы Оңтүстік өлкесі, соның ішінде Мақтаарал өлкесі. Жаңағы айтып кеткен Оңтүстік Қазақстан, әсіресе, сіздің ауыл – қазақтың жүрегі деген сөз менің жадыма кірді. Мен соны өте жақсы қабылдаймын...

Сіздер өздеріңізді түкпірде жатқан өңірміз деп ойламаңыздар. Мақтаарал өңірін ешуақытта біз естен шығармаймыз», - деген еді.

Елбасымыздың Мырзашөл өңіріне деген ерекше ықылас-ниетін осы жолы да айрықша сезініп отырмыз.

Мырзашөл өңіріндегі барша ағайынға осынау тарихи оқиғаға орай «Құтты болсын!» дегім келеді.

Төменде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылғы 5 маусымдағы № 698 «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» Жарлығының мәтінін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

***

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында мынадай:

1) Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жетісай қаласында болатын Жетісай ауданы, әкімшілік орталығы Мырзакент кентінде болатын Мақтаарал ауданы;

2) Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Сарыағаш қаласында болатын Сарыағаш ауданы, әкімшілік орталығы Абай ауылында болатын Келес ауданы әкімшілік-аумақтық бірліктері құрылсын.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтың 1-тармағын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Президенті Н. Назарбаев

Астана, Ақорда, 2018 жылғы 5 маусым

№ 698

Селтеме:

http://www.akorda.kz/kz/legal_acts/decrees/ontustik-kazakstan-oblysynyn-akimshilik-aumaktyk-kurylysyndagy-ozgerister-turaly

 

Құрметпен,

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

18.06.2018
Екі күннен кейін, 20 маусымда басталатын Ұлттық бірыңғай тестілеу қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры ЖАҚЫП Мырзантай Қожабайұлының sputniknews.kz Интернет-сайтының тілшісі, талантты журналист ТОҚТАМҰРАТ Кенжекейдің сұрақтарына берілген жауаптары
08.06.2018
Осыдан 30 жыл бұрын Эстония халқы өз елдерінің астанасы Таллинн қаласының аты қате жазылып жүр деген мәселе көтеріп, тарихи атаудың о бастағы қалпын сақтауды, сөйтіп бұрын «Таллин» деп бір «н» әрпімен жазылып келген қаланың ресми атының соңына тағы бір «н» әрпін қосып, дұрыс жазуды талап еткені есімізде.
07.06.2018
Оңтүстіктегі, оның ішінде Мырзашөл өңіріндегі барша ағайындарды тарихи Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш және Келес аудандарының қайта қалпына келтірілуімен, Мырзакент кентінің Мақтаарал ауданының орталығы, ал Абай ауылының Келес ауданының орталығы мәртебесін қайта иеленуімен шын жүректен құттықтаймын!