МАҚТААРАЛДЫ ТҮКПІРДЕ ҚАЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ!

Оңтүстік Қазақстанды екіге бөліп, Мырзашөл, Қызылқұм және Сарыағаш өңірлеріндегі аудандардан Қазақстанның 15-ші облысын құрған жөн

Кеше, 2018 жылғы 10 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және Мақтаарал аудандық мәслихатының келісімі бойынша Мақтаарал ауданының әкімі лауазымына Жамантай Бейсенбаевты тағайындағаны туралы ресми ақпарат жарияланды.

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Мақтаарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевқа:

- Еңбек күші мол Мақтаарал ауданынан еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне қоныстану бойынша жергілікті жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту;

- Мақтаарал ауданының халқын еліміздің солтүстік өңірлерінде шаруашылықпен айналысуға шақыру;

- Осы аталған жұмыстарды Мақтаарал ауданының депутаттарымен бірлесе отырып жүзеге асыру туралы тапсырма беріпті.

Қарапайым халықты өздері өмір бойы тұрып келе жатқан жайма-шуақты Мырзашөл өңірінен саршұнақ аязды күндері көп Сарыарқа даласына көшіре салу оңай шаруа емес!

Оның үстіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 21 желтоқсандағы №858 қаулысымен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2018 жылға арналған өңірлік квотасы 1706 отбасына ғана арналып белгіленген.

Жақында қоныс аударушыларды қабылдауға арналған бұл квотаны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоғарыдағыдай 1706 отбасына деп емес, 7 119 адамға деп өзгертуді ұсынып отыр.

Ал Мақтаарал ауданының халқы ресми деректер бойынша 305 мың адамға жуық.

Әрине, мүмкіндік болып, Үкімет тарапынан қажетті жағдай жасалып жатса, Мырзашөлдегі қалың қазақтың Арқаға көшкені дұрыс!

Алайда Мақтааралдың 305 мың халқының барлығын бірдей еліміздің солтүстігіне көшіру мүмкін бе?!

Бүгінде ашық айтылып, жазылмаса да, жоғары жақта Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіру және Шымкент қаласына республикалық мәртебе беру мәселесі қарастырылып жатқаны белгілі болып отыр.

Біздіңше, Оңтүстік Қазақстанды екіге бөліп, еліміздің ең қиыр күнгей тұсындағы және Сырдария өзенінің орта тұсындағы аудандар мен қалаларды біріктіріп, Қазақстанның 15-ші облысын ашқан өте орынды деп ойлаймыз.

Оңтүстік Қазақстаннан енші алып өз алдына бөлек шығатын бұл жаңа облыстың құрамына мына аудандар мен қалаларды енгізуге болар еді:

- Арыс қаласы (халқы 74 064 адам);

- Мақтаарал ауданы (қайта қалпына келтірілетін Жетісай және Асықата аудандарымен бірге – халқы 304 442 адам);

- Сарыағаш ауданы (қайта қалпына келтірілетін Келес ауданымен бірге – халқы 326 426 адам);

- Шардара ауданы (халқы 78 614 адам).

Жаңадан құрылатын 15-ші облыстың әкімшілік орталығы ретінде Жетісай немесе Шардара қалаларының бірін белгілеу жөн деп ойлаймыз.

Сонда еліміз үшін ерекше стратегиялық саяси-әлеуметтік және экономикалық маңызы бар қиырдағы күнгей өңіріміздегі жалпы тұрғындарының саны 783 546 адам болатын жаңа 15-ші облыс Қазақстанның Өзбекстанмен шектесетін, ары қарай Тәжікстан және Ауғанстан мемлекеттеріне ұласатын шекаралық бөлігін мықты қорғаныс ретінде нықтап, бекемдеп тұратын еді.

Сонда Оңтүстік Қазақстан облысының орталығын Шымкенттен Түркістанға көшіру мәселесі ресми түрде шешімін тапқан жағдайда қазақтың Мырзашөл өңіріндегі ағайындарымыз облыстың жаңа әкімшілік орталығына жету үшін 400 шақырымнан астам жол жүріп, қиналмас еді.

Қалай десек те, АҚШ секілді әлемді билеген алпауыт мемлекет Орталық Азияға көзін тігіп отырған қазіргі күрделі халықаралық жағдайда, Өзбекстан мен Тәжікстанның, ары қарай Ауғанстанның иін тірескен тұсында, аумағы жағынан бар болғаны 176 мың гектар ғана болатын кіп-кішкентай жерде 300 мыңнан астам халық тұрып жатқан, тұрғындарының саны жағынан тұтас бір облысқа сай келетін Мырзашөл өңірі халқының еліміз бойынша ерекше мемлекеттік маңызы бар ірі экономикалық және мәдени орталықтарынан өте алыс түкпірде қалып қоюына жол беруге болмайды!

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

 

Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

29.11.2018
Кеше, 2018 жылғы 28 қараша күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның VIII Азаматтық форумына қатысқанын еліміздің барлық жетекші бұқаралық ақпарат құралдары жедел түрде хабарлап, жазып жатыр. Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының арнайы шақыруымен Президентіміздің азаматтық қоғам белсенділерімен өткізген арнайы кездесуінде біз де болдық. Осы орайда, Елбасымызбен осынау жүздесуден алған әсерімізбен қысқаша бөліскенді жөн көріп отырмын.
26.11.2018
Елі сүйген, елін сүйген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қарашасында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақстанның қиыр оңтүстігінде жатқан Мырзашөл өңірінің игерілу тарихын терең зерттеуге кеңінен жол ашып отыр.
22.11.2018
Біздің Мырзашөл өңірінің тұрғындарына Түркістан облысының жаңа орталығы Түркістан қаласы тым ұзақ, барып-келуге көптеген қиындықтар туғызуда.