МАҚТААРАЛДАҒЫ БІР ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ТАРИХЫ БАР АТАКЕНТ КЕНТІНЕ ҚАЛА МӘРТЕБЕСІН БЕРУ МӘСЕЛЕСІ ОСЫДАН АЛПЫС ЖЫЛ БҰРЫН КӨТЕРІЛГЕН!

Соңғы жылдары жиі қозғалып келе жатқан, еліміздегі халқы ең тығыз орналасқан қазіргі Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бөлу және сонау 90-шы жылдардың соңында еліміздегі экономикалық-әлеуметтік жағдайға байланысты Елбасымыздың 1997 жылғы 24 сәуiрдегi №3474 Жарлығымен таратылған бұрынғы Мақтаарал, Жетісай, Асықата, Сарыағаш және Келес аудандарын қайта қалпына келтіру туралы мәселе 2018 жылғы 20 ақпанда өткізілген алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының ХХ сессиясының күн тәртібінде қаралып, депутаттардан қызу қолдау тапқаны белгілі.

Сонымен бірге қазіргі Мақтаарал ауданындағы Атакент кентіне қала мәртебесін беру қажеттігі жөнінде де ұсыныстар жиі айтылып-жазылып жүр.

Осыған байланысты Мырзашөл өңіріндегі бұрынғы Ильич поселкесі, қазіргі Атакент кентіне қала мәртебесін беру туралы мәселе осыдан алпыс жыл бұрын да көтерілгенін дәлелдейтін тарихи құжаттарды көпшілік қауымның назарына ұсынып отырмыз.

Кеңес үкіметінің кезінде уақыттың ырғағы мен қажеттілігіне қарай, сол тұстағы саяси жағдайға байланысты социализм көсемдері Ильич пен Сталиннің есімдерін жаңадан ұйымдастырылып жатқан ауылдар мен аудандарға беру жаппай үрдіс алды.

1941 жылғы 27 қарашада Қазақстан (б)КП Оңтүстік Қазақстан обкомы мен еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесі атқару комитеті қазіргі ірілендірілген Мақтаарал ауданының аумағында «Жаңадан Сталин ауданын ұйымдастыру туралы» №122/1540-В-44 қаулы қабылдады.

Мырзашөл өңірінде Сталин ауданын құру мынадай қажеттіліктен туды.

Сол жылы Тоғай тармақтарын игеруге келген колхозшылар мен жер аударылған неміс ұлты өкілдерінің есебінен Киров және Мақтаарал аудандары тұрғындарының саны едәуір артты. 1942 жылы егістіктің, әсіресе, мақталық алқаптардың көлемін көбейту көзделді.

Мақта егісінің аумағы Киров ауданы бойынша 18310 гектар, ал Мақтаарал ауданы бойынша 18000 гектар болып бекітілді. Осы екі ауданның мақта өндіру жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы үлес салмағы 34 пайыз болды.

Табиғаттың өте ыңғайлы жағдайына қарамастан, Киров және Мақтаарал аудандарының көптеген колхоздарындағы мақта жинау көрсеткіштері төмен деңгейде, бар болғаны 10-15 центнер мөлшерінде ғана болды.

Киров ауданында ирригациялық құрылыс және Үшінші Тоғай тармағын игеру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс болса, Мақтаарал ауданында 1942 жылы егістік үшін 3 мың алқапты игеру қажет еді.

Осы жағдайларға байланысты, әрі «Сталин жолдастың майдан мен мемлекетке барынша көп астық, ет, шикізат беру жөніндегі нұсқауларын тезірек жүзеге асыру үшін ауылдық Кеңестерге, колхоздарға, совхоздарға және МТС-терге партиялық, кеңестік және шаруашылық басшылықты нығайту мақсатында» Киров және Мақтаарал аудандарын бөліп, соның негізінде Сталин ауданын ұйымдастыру туралы қаулы қабылданды.

Сталин ауданының құрамына Киров ауданының 1-Тоғай МТС-і қызмет көрсететін ауылдық Кеңестер, атап айтқанда, Молотов ауылдық Кеңесі (Киров, Куйбышев, «Ленин жолы», Молотов колхоздары), Калинин ауылдық Кеңесі (Алғабас, Ворошилов, «Қызылту», Карл Маркс, Калинин колхоздары), Аманкелді ауылдық Кеңесі (Маяковский, Жамбыл, «Қазақстанның 20 жылдығы», Жаңадала, Аманкелді колхоздары), Мақтаарал ауданының Қызылабад МТС-і ауылдық Кеңестерінің колхоздары – Қызыл ту ауылдық Кеңесі («Мақталы», «Қызыл жұлдыз», «Социалистік Қазақстан», «Ынталы», «Өнімкер» колхоздары), Прогресс ауылдық Кеңесі (Жамбыл, «Прогресс», «Жаңа жол», «Ең үлгілі», Ахунбабаев, «3-бесжылдық» колхоздары), Сакко-Ванцетти ауылдық Кеңесі (Сакко-Ванцетти, «Диқан», «Қызылабад» колхоздары), сонымен бірге «Мақтаарал» совхозы берілетін болды.

Киров ауданының құрамында 2 және 3-Тоғай МТС-терінің барлық колхоздары, ал Мақтаарал ауданының құрамында Иіржар МТС-і мен Мақтаарал МТС-інің колхоздары қалдырылатын болды.

Жаңадан ұйымдастырылатын Сталин ауданының орталығын Ильич поселкесінде орналастырып, Киров ауданының орталығын – Бағара поселкесінде, Мақтаарал ауданының орталығын – Славянка поселкесінде қалдыру көзделді.

Қазақстан (б)КП Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінен осы қаулыны бекітуді және жаңа ауданды ұйымдастыруға кірісуге рұқсат беруді сұраған бұл құжатқа Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағынтаев пен облыстық партия комитетінің хатшысы Нечаев қол қойды.

Аталған қаулыға қосымша ретінде Қазақстан (б)КП Орталық Комитетінің хатшысы Скворцов пен Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы Оңдасыновтың атына осы мәселе бойынша баяндама хат жолданды.

Онда Киров ауданында – 18 колхоз, 2 МТС, 8542 гектар мақта алқабы; Мақтаарал ауданында – 31 колхоз, 15100 гектар мақталық алқабы, 2 МТС, 1 совхоз (оның ішінде Иіржар МТС-інде – 17 колхоз, Мақтаарал МТС-інде – 14 колхоз, Мақтаарал МТС-іне қарасты Кеңесшіл ауылдық Кеңесінің «Тегістік» колхозында 1941 жылғы 1 қаңтарға дейінгі есеп бойынша 154 үй тұрды, аумағы 2740,19 шаршы метр болды), ал Сталин ауданында – 30 колхоз, 15658 гектар мақталық алқабы, 2 МТС, 1 совхоз болатыны жазылған.

Бұл мәселе Республика Үкіметі мен Компартия Орталық Комитетінде қарастырылды. Соның нәтижесінде, 1941 жылғы 9 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы К. Баймановтан Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағынтаевтың атына жаңа аудан мен оған шектесетін аудандардың аумағы (бұрынғы және жаңа шекараларымен қоса), жаңа ауданның орталығы мен оған берілетін ауылдық Кеңестердің орталықтары көрсетіле отырып, белгіленген картаны жолдау қажеттілігі жазылған №6-99 хат келді.

Аудандардың сұратылып отырған картасы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Запорожецтің қолымен 1941 жылғы 23 желтоқсанда №3-5 хатпен жолданды.

1941 жылғы 27 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы қызметін атқарушы С. Нұрмағамбетов жаңадан Сталин ауданын құру мәселесін қарау үшін қосымша мынадай құжаттар: Киров және Мақтаарал аудандық Кеңестері атқару комитеттерінің аумақтың бір бөлігін Сталин ауданына беру жөніндегі шешімдерін және бөлшектенетін, сондай-ақ жаңадан ұйымдастырылатын ауданның экономикасы, өнеркәсібі, ауыл шаруашылығының бағыттары көрсетілген баяндау хаты, тиісті аудандардың картасын жолдау қажеттігін ескерткен №12-155/31 хаты Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы Сағынтаевтың қолына 1941 жылғы 31 желтоқсанда 84-кіріс нөмірмен тиді.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының талаптарына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесінің Киров ауданы бойынша ұйымдастыру комитетінің 1942 жылғы 14 қаңтарда Бағара селосында өткізілген мәжілісінің №6 шешімі және Мақтаарал аудандық партия комитетінің бюросы мен Мақтаарал аудандық атқару комитетінің 1942 жылғы 17 қаңтарда өткізілген мәжілісінің №10 хаттамасы дайындалды.

Мақтаарал аудандық партия комитетінің бюросы мен Мақтаарал аудандық атқару комитеті жаңадан құрылатын Сталин ауданының орталығын Ильич поселкесінде емес, «Қызылабад» колхозының орталығында орталастыруды ұсынып, «Мақтаарал» совхозын Мақтаарал ауданының құрамында қалдыруды сұрады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті хатшысының міндетін атқарушы Тәжібаевтың 1942 жылғы 20 қаңтарда Қазақ КСР 1942 жылғы 20 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасына жолдаған №3-10 хатында облыстық Кеңестің 1941 жылғы 26 желтоқсандағы №1632 шешімімен Қазақ КСР Қаржы Халық Комиссариатының талаптары шегінде Сталин аудандық Кеңесі мен оның бөлімдерінің контингенті мен еңбек жалақысына арналған қор белгіленіп, оған 43 штаттық бірлік пен жылына 200700 сом қаражат бөлінгенін хабарлады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бюросы мен облыстық атқару комитеті 1942 жылғы 23 қаңтардағы шешімімен өзінің 1941 жылғы 27 қарашадағы №122/1540 қаулысына өзгеріс енгізіп, Сталин ауданына – Молотов, Калинин, Аманкелді ауылдық Кеңестерінің аумағын, Киров ауданына – 15 колхоз, 1-Тоғай тармағының Прогресс, Сакко-Ванцетти ауылдық Кеңестерінің аумағын, Мақтаарал ауданына – 10 колхоз бен Ильич поселкелік Кеңесі мен «Мақтаарал» совхозының аумағын беру туралы қаулы қабылдады.

Осындай ұсыныстарды егжей-тегжейлі қарастыра келіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының өкілі С.И. Шалан, Қазақ КСР Жер Халық Комиссариатының өкілі Б.Ғ. Қарашев, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің өкілі Н.П. Коровников құрамына енгізілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы 1942 жылғы 23 қаңтарда Киров және Мақтаарал аудандарын бөліп, соның негізінде жаңадан Сталин ауданын ұйымдастырудың қажеттігі туралы арнайы қорытынды шығарды.

Мемлекеттік комиссия:

- Мақтаарал ауданының құрамында – 13 ауылдық Кеңес пен МТС қызмет көрсететін 36 ұжымшарды, Киров ауданында – 18 ұжымшарды қалдыру;

- Сталин ауданында – Киров ауданының 1-Тоғай тармағының 15 ұжымшары мен Мақтаарал ауданының 5 ауылдық Кеңесінің қызметіндегі «Мақтаарал» кеңшарын, 10 ұжымшарын беру;

- Мақтаарал ауданының жалпы аумағын – 324654 гектар, Киров ауданының жалпы аумағын – 189878 гектар, ал Сталин ауданының жалпы аумағын – 197826 гектар көлемінде белгілеу;

- Сталин ауданының орталығын уақытша «Мақтаарал» кеңшарының Ильич поселкесінде орналастыру;

- Сталин ауданының тұрақты орталығы ретінде «Қызыл абад» ауыл шаруашылығы артелінің орталығын ұсыну жөнінде шешімге келді.

Батысты шарпыған соғыс өрті мен еңбек майданындағы адамдардың басына түскен ауыртпалық Мақтаарал және Киров аудандарының тоғайлы далаларын игеру нәтижесінде бой көтерген шаруашылықтар есебінен Сталин ауданын құру мәселесін жедел шешуге мұрша бермеді.

Дегенмен бұл мәселенің илеуі әбден қанып, пісуі жеткен кезде, яғни 1944 жылғы 4 мамырда жаңа аудан бәрібір уық шаншыды.

Бірақ ол аудан Ильич ауданы деп аталды.

Ильич ауданы сол кездегі мемлекет басшыларының 1944 жылғы 8 мамырдағы Жарлығымен Сакко-Ванцетти, Прогресс, Аманкелді, Калинин, Молотов ауылдық Кеңестері мен Ильич поселкелік Кеңесі негізінде құрылды.

Ауданның орталығы – Ильич поселкесі болып белгіленді.

Сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті Исмаил Юсуповты осы Ильич аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп қызметке жіберді.

Ильич ауданының халқы алғашқы жылдардан-ақ мақта өндіруде жоғары табыстарға қол жеткізді. 1945 жылы аудан еңбекшілері мемлекетке мақта тапсырудың жоспарын 115,2 процентке орындады. Жекелеген звено, бригада және шаруашылықтардың көрсеткіштері бұдан да жоғары болды. Ауданға қарасты Киров атындағы ұжымшардың звено жетекшісі О. Жүзжігітов әр гектар мақталықтан 100,5 центнерден өнім жинап, ерекше еңбек ерлігін көрсетті.

1952 жылы Ильич ауданының «Қызыл ту» ұжымшары 351 гектар мақталықтың әр гектарынан 29,2 центнерден өнім жинап, жоспарды 132,7 процент, Абай атындағы ұжымшар 502 гектар мақталықтың әр гектарынан 28 центнер өнім жинап, жоспарды 134 процент орындады.

«Мақтаарал» кеңшарының Дзержинский атындағы бөлімшесіндегі Қадырқұловтың бригадасы 42 гектар мақталықтың әр гектарынан 39,5 центнерден, «Алғабас» ұжымшарынан Айбековтің звеносы 32 гектар мақталықтың әр гектарынан 43 центнерден мақта өндірді.

Сондай-ақ, Ильич ауданының «ІІІ Интернационал» ұжымшары да 2244 гектар суармалы жері мен мал жайылымы бар көп салалы шаруашылық болды. 1956 жылы мұнда өнімділік 24 центнерге жетті. Мал шаруашылығы да жақсы дамыды. Ұжымшардың қаржылай табысы 1 миллион 535 мың сомды құрады.

Ильич ауданының мақташылары 1961 жылы 30 мың гектар мақталықтың әр гектарынан 25,3 центнерден өнім жинады. Ал В.Н. Куликов басқарған «Мақтаарал» кеңшары гектар өнімділігін 35 центнерге жеткізіп, 20301 тонна «ақ алтын» жинады.

Енді келесі құжаттарға назар аударайық.

«Қазақ КСР еңбекшілер депутаттары Ильич аудандық Кеңесі атқару комитетінің қарары.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ильич поселкесі, №224, 20 мамыр, 1957 жыл.

Ильич поселкесін аудандық бағыныстағы қала етіп қайта құру туралы.

Мырзашөл даласын одан әрі игерудің келешегін ескере отырып, Ильич аудандық Кеңесінің атқару комитеті былай деп шешті:

1. Еңбекшілер депутаттары Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесінің атқару комитетінен Ильич атындағы поселкені аудандық бағыныстағы қала етіп қайта құру туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне ұсыныс жасау сұралсын.

2. Еңбекшілер депуттаттары облыстық Кеңесінің төрағасы К. Оспанов жолдастың атына жазылған баяндама хат бекітілсін.

Ауатком төрағасы К. Баекенов.

Ауатком хатшысы К. Омаршаев».

Ильич аудандық Кеңесінің атқару комитетінің осы шешіміне қоса тіркеліп, Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесінің атқару комитетіне жолданған хатта Ильич атындағы поселке 1924 жылдың қазан айында Мырзашөл төсіндегі «Мақтаарал» мақта шаруашылығының аумағында ұйымдастырылып, 1926 жылы Ильич поселкелік Кеңесі құрылғаны, 1940 жылдан бері аудан орталығы деп есептелінетіні баяндалған.

1957 жылғы 12 ақпандағы есеп бойынша Ильич поселкесінің тұрғындары 32.907 адамға, аумағы 313 гектарға жеткен. Бұл елді мекен «Мақтаарал» кеңшары мен Ильич ауданының орталығы ғана емес, облыстың оңтүстік өңірінің шағын астанасы екендігі ескеріліп, оны қалаға айналдыру көзделген.

Ильич поселкесіне қала мәртебесін беру керектігі өткен ғасырдың 40-шы жылдары үзбей көтерілген, жиі айтылып келген.

Болашақ қаланың аумағын кеңейтіп, көріктендіру үшін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінен мемлекеттік қордан 103 гектар жер бөлу сұралған.

Ал, «Мақтаарал» кеңшарының директоры В. Куликов 1957 жылғы 28 мамырдағы хатында Ильич поселкесіне облыстық бағыныстағы қала мәртебесін беруді ұсынған.

Осындай қызу талқылаудың нәтижесінде еңбекшілер депутаттары Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесінің атқару комитеті 1957 жылғы 25 шілдеде «Ильич поселкесін аудандық бағыныстағы қала етіп қайта құру туралы» №442 қаулы қабылдады.

Бұл қаулыда:

- Жаңа қаланы Ильич қаласы деп атау;

- Поселкелік Кеңес негізінде Ильич қалалық Кеңесін ұйымдастыру;

- Облыстық жерге орналастыру басқармасына екі апта мерзім ішінде Мақтаарал ауданы жер қорының есебінен Ильич қаласының аумағын кеңейту үшін 100 гектар жер бөлу жөніндегі құжаттарды дайындауды;

- Облыстық құрылыс және сәулет басқармасына Ильич қаласының шекараларын анықтауды және қаланың бас жоспарының сызбаларын әзірлеуді міндеттеу жөнінде шешімге келді.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінен «Казгипрогоспроект» институтына Ильич ауданы мен оның орталығы – Ильич қаласын көркейтудің бас жоспарын жасауды тапсыру, ал Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасынан осы шешімді бекіту сұралды.

Еңбекшілер депутаттары Оңтүстік Қазақстан облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы К. Оспанов Ильич поселкесіне аудандық бағыныстағы қала мәртебесін беру мәселесін қолдауды және оны оң шешуді өтініп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Ж.А. Тәшеновтің атына 1957 жылғы 1 тамыз күні №2-13 баяндау хат жолдады.

Ильич поселкесіне қала мәртебесін беруге дайындық жұмыстары сол кезеңнің талаптарынан және экономикалық-әлеуметтік қажеттіліктерден туындаған болатын.

Өйткені 1956 жылғы 6 тамызда КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Мақта өндірісін ұлғайту мақсатында Өзбек және Қазақ КСР-індегі Мырзашөл өңірінің тың жерлерін суландыру және игеру туралы» арнайы қаулысы жарық көрді.

Соған сәйкес Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1956 жылғы 5 қазанда №734 қаулы қабылдады.

Осы екі құжат Қазақстан Компартиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитеті мен еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесі атқару комитетінің 1957 жылғы 23 қаңтарда дәл сондай қаулы қабылдауына ұйытқы болды.

Ильич поселкесін аудандық бағыныстағы қала етіп қайта құру ісі Мырзашөл өңірін өркендетуге арна ашқан осынау үш тарихи құжаттың талаптарынан туған еді.

Өкінішке қарай, неге екені белгісіз, Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің 1957 жылғы 25 шілдедегі №442 қаулысы орындалмай қалған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Ж.А. Тәшеновтің атына сол жылғы 1 тамызда жіберілген хатқа жауап келген-келмегені де белгісіз. Өйткені Ильич поселкесіне қала мәртебесін беру туралы архивтік құжаттар топтамасынан бұл ұсынысқа Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Ж.А. Тәшеновтің берген ресми жауап хатын таба алмадық.

Ал Ильич ауданы әкімшілік-аумақтық құрылым ретінде 20 жылға жуық уақыт сақталып, 1963 жылғы 10 қаңтарда таратылды.

Соған қарамастан, қазіргі Мақтаарал ауданындағы Ильич поселкесі жыл сайын өсіп-өркендеп, өрісі кеңейіп, дами берді. Мұндағы теміржол стансасы, көптеген өндіріс орындары және басқа да кәсіпорындар жұмысын тоқтатқан жоқ.

Бұрынғы халық депутаттары Шымкент облыстық Кеңесі атқару комитетінің 1988 жылғы 19 қаңтардағы шешімімен Ильич поселкесінің аумақтық аясы кеңейтілді.

Мақтаарал ауданындағы Бірлік ауылдық Кеңесіне қарасты Панфилов ауылы, «Мақтаарал» кеңшарының Ильич атындағы бөлімшесінің, ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы мен Мақтаарал ауыл шаруашылығы колледжінің, Мақтаарал ауылдық Кеңесіндегі «Мақтаарал» кеңшары орталығының негізінде пайда болған елді мекендер түгелдей халық депутаттары Ильич поселкелік Кеңесінің әкімшілік қызмет көрсетуіне берілді.

Еліміз тәуелсіздік алған соң, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 24 сәуiрдегi №3474 «Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының кейбiр мәселелерi туралы» Жарлығымен Асықата, Жетiсай және Мақтаарал аудандары таратылып, олардың аумағында әкiмшiлiк орталығы Жетiсай қаласында орналасқан Мақтарал (ресми құжаттарды дайындаған лауазымды адамдардың салғырттығынан және өрескел қателігінен «Мақтаарал» тарихи атауындағы бір «а» әрпі түсіп қалған) ауданы құрылғаны белгілі.

Ал Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының және Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң бiрлескен 1998 жылғы 11 тамыздағы №17/209-І «Жекелеген әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң атауын өзгерту туралы» шешiмiмен Мақтаарал ауданындағы Ильич поселкесінің ресми атауы Атакент кентi деп өзгертілді.

2018 жылғы 23 ақпанда «Электрондық үкімет» веб-порталында жарияланған Елбасымыз – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бес ауданға бөліп, бұрынғы Мақтаарал, Жетісай, Асықата, Сарығаш және Келес аудандарын қалпына келтіру туралы» арнайы Жарлығының жобасы жарияланғаны белгілі.

https://legalacts.egov.kz/application/npa/1871767/1

Осыған орай біз:

«Қазақстанның халықаралық қауіпсіздігін ойласақ, Мақтаарал ауданындағы Атакент кентіне қала мәртебесі берілгені жөн.

Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласынан 240 шақырымға жуық қашықтықта жатқан Мақтаарал ауданының Атакент кенті Қазақстанның ең қиыр оңтүстігінде, Өзбекстанмен тікелей шекаралас орналасқан, сондай-ақ Тәжікстан, ары қарай Ауғанстанның аумақтары да алыс емес, тіпті тиіп тұр деуге болады.

«Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының жобасына Мақтаарал ауданындағы Атакент кентіне облыстық бағыныстағы қала мәртебесін беру туралы тармақ қосуды өтінеміз!», - деген ұсынысымызды ортаға салған едік.

https://www.facebook.com/mzhakyp/posts/1640390982708445?pnref=story

https://legalacts.egov.kz/application/npa/1871767/1

2018 жылғы 15 наурыз күні Қазақстан Республикасы Президентінің «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» Жарлығының жобасын дайындаушы лауазымды тұлғалардан «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы:

«Жоба Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының (әрі қарай – Заң) талаптарына сәйкес әзірленді.

Заңның 3-бабына сәйкес, облыстық маңызы бар қалалар, оларға iрi экономикалық және мәдени орталықтар болып табылатын, дамыған өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымы бар және халқының саны 50 мың адамнан асатын елдi мекендер жатады.

Ал, аудандық маңызы бар қалалар, оларға аумағында өнеркәсiп орындары, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын, халқының жалпы санының үштен екiсiнен астамын жұмысшылар, қызметшiлер және олардың отбасы мүшелерi құрайтын елдi мекендер жатады.

Осыған сәйкес, Атакент кентіне облыстық бағыныстағы қала мәртебесін беру туралы тармақ қосу мәселесі жоғарыда аталған талаптарға сәйкес болған жағдайда, Заңда белгіленген тәртіпте қаралады», - деген түсіндірме жауап алдық.

https://legalacts.egov.kz/application/npa/1871767/1

Иә, Мырзашөл өңіріндегі Атакент кентіне қала мәртебесін беру – қазіргі уақыттың талабы.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

 

Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

29.11.2018
Кеше, 2018 жылғы 28 қараша күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның VIII Азаматтық форумына қатысқанын еліміздің барлық жетекші бұқаралық ақпарат құралдары жедел түрде хабарлап, жазып жатыр. Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсының арнайы шақыруымен Президентіміздің азаматтық қоғам белсенділерімен өткізген арнайы кездесуінде біз де болдық. Осы орайда, Елбасымызбен осынау жүздесуден алған әсерімізбен қысқаша бөліскенді жөн көріп отырмын.
26.11.2018
Елі сүйген, елін сүйген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қарашасында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақстанның қиыр оңтүстігінде жатқан Мырзашөл өңірінің игерілу тарихын терең зерттеуге кеңінен жол ашып отыр.
22.11.2018
Біздің Мырзашөл өңірінің тұрғындарына Түркістан облысының жаңа орталығы Түркістан қаласы тым ұзақ, барып-келуге көптеген қиындықтар туғызуда.