ӨЗ ЕЛІНДЕ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЖЕТІ ЖОҚ БОЛСА, ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫ ҚАЙДА БАРЫП ӨМІР СҮРУІ КЕРЕК?!

Немесе тағы да ғылыми гранттарды бөлудегі әділетсіздіктер жайында

Қазіргі кезде қазақ қоғамында жүріп жатқан 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурсының төңірегіндегі қызу пікірталастарға «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» басым бағыты бойынша ғылыми жоба ұсынған ғалым-әріптестеріміздің басым көпшілігі онша араласпай, үндемей, сырттай бақылап отыр.

Алайда кәсіби журналист және мерзімді баспасөз тарихы, бұқаралық коммуникация, журналистика, бұқаралық ақпарат құралдары, өлкетану, Қазақстан тарихы, отандық мәдениет пен әдебиет, халыққа білім беру және педагогика салалары бойынша отыз жылдай уақыт ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан ғалым ретінде мен өзімнің жанайқайымды ашық жазып, жеткізуді азаматтық парызым деп есептеймін.

Жалпы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 15 қыркүйектегі №569 қаулысымен 7 (жеті) Ұлттық ғылыми кеңестің тізбесі, ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 26 желтоқсандағы №879 қаулысымен осы 7 (жеті) бағыт бойынша Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамы бекітілген.

Осы бағыттардың ішінде XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер салаларынан тұратын «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздерінен» басқа алты бағыттың, әсіресе, «Ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар, жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер» және «Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі» секілді ғылыми бағыттардың ғалымдары ерекше белсенділік танытып, 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру жөніндегі конкурсты өткізу кезінде Ұлттық ғылыми кеңестер мен Ғылым комитеті тарапынан әдейі жасалған әділетсіздіктер туралы жанайқайларын жан-жаққа жазып, жеткізіп жатыр.

Ал жоғарыда айтқанымыздай, «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» басым бағыты бойынша ғылыми жоба ұсынған ғалым-әріптестерімізден мұндай белсенділік байқалмайды, олар ғылым саласында жол беріліп жатқан қазіргі жөнсіздіктерге барынша бейтараптылық танытып, үн-түнсіз отыр.

Басқа ғалымдар үшін ештеңе айта алмаймын. Әркім өзі білер.

Алайда өз басым «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері» ҰҒК мүшелері мен Ғылым комитеті мынадай былықтарды қасақана, әдейі жасап отырған қазіргі жағдайда үндемей отыра алмаймын.

Жанайқайға толы сөздерімді жететін жерлердің бәріне айтып, жазып жатырмын.

Бұған дейін де бірнеше рет жазған едім. Тағы да қайталауыма тура келіп отыр.

Өз басым ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру жөніндегі конкурстарға және білім-ғылым салаларындағы басқа да байқауларға бұған дейін де үнемі қатысып келе жатырмын. Бұған дейін де Ұлттық ғылыми кеңеске мүше болған адамдар ғылымға қарастырылған мемлекеттік ғылыми қаржылай гранттарды өз-өздеріне бөліп алып келді.

Осы орайда, осыдан үш-төрт жыл бұрын ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті ұйымдастырған 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруға арналған конкурстың қалай өткізілгенін еске алайық.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының бұйрығымен бекітілген 2014 жылғы 31 шілдедегі №71-нж «2015-2017 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бойынша өтінімдерді даярлау үшін конкурстық құжаттама» бойынша «Конкурстық іріктеу критерийлері» мынадай болып белгіленген еді:

1. Конкурстық өтінімдер мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың оң қорытындысын алған конкурстық өтінімдер келесі өлшемдер бойынша сұрыпталады:

1.1. тізімді жоғарыдан төмен қарай саралау қағидаты бойынша сараптама қорытындысының жоғары және орта балл алған өтінімдері;

1.2. ғылыми кадрларды, магистрлер мен PhD докторларды даярлауға бағытталған өтінімдер;

1.3. күтілетін нәтижелердің жүзеге асырылуы бойынша әлеуметтік-экономикалық әсері бар жоғары деңгейдегі өтінімдер;

1.4. негізделіп сұратылған қаржыландыру көлемі бар өтінімдер.

Жобаны жүзеге асыру үшін сұралатын қаржы сомасы:

– іргелі ғылыми зерттеулер бойынша – жылына 30 млн. теңгеден;

– қолданбалы ғылым зерттеулер бойынша – жылына 60 млн. теңгеден аспауы қажет.

Осыған орай, 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа менің ғылыми жетекшілігіммен «Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық даму басымдықтарына сәйкес «Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша білім беру саласындағы үздік әлемдік үлгілеріне сай келетін ғылыми кадрлар, магистрлер мен PhD докторларын даярлау жөніндегі қолданбалы зерттеулер» атты ғылыми жоба ұсынған едік.

Аталған конкурс аясында Ұлттық ғылыми кеңес 24 (жиырма төрт) балдан жоғары балл берілген жобаларды ғана қарастырамыз деп айтқанымен, Ұлттық ғылым академиясын басқарып отырған белгілі адамдардың 20 балл алған ғылыми жобалары қолдау тауып, біздің 21 балл қойылған ғылыми жобамыз тіпті қарастырылмай да қалған болатын.

Осы айтылып отырған 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бойынша конкурстың нәтижесіне сол кезде де көпшілік ғылыми қауым наразылық білдіріп, ғылыми гранттарға арналған байқаудың соңы үлкен дау-дамайға ұласқанын ұмыта қойған жоқпыз.

Оның басты себебі – конкурста жеңіп шыққан, яғни тиісті Ұлттық ғылыми кеңестердің оң шешіміне ие болған көптеген ғылыми жобалардың ғылыми жетекшілері – сол Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамына енгізілген мүйізі қарағайдай, белгілі бір қызметте отырған адамдардың өздері, анықтап айтқанда, мемлекеттік білім және ғылым мекемелерінде ірі-ірі қызметтердің тұтқаларын ұстап отырған лауазымды тұлғалардың өздері болатын.

Сонда бұған қарапайым ғылыми қауым: «Бұлардың конкурсты өздері ұйымдастырып, оған өздерінің жетекшіліктерімен жасалған ғылыми жобаларды ұсынып, ақыр аяғында өздерінің жобаларын өздері жеңімпаз етіп шығарғандары қалай?» - деп таң қалып, наразылық білдірген еді.

Алайда, Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері өздерінің қолдарын өздері қалай кессін? Елбасымызға дейін арыз-шағымдарын жолдап, жан-жаққа хат жазған ғалымдар шулап-шулап қойған.

Сол кезде де ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті наразылық білдірген ғалымдарды: «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа ұсынылған ғылыми жобалардың барлығын бірдей қаржыландыруға қаржы жоқ», - деген сылтаумен шығарып салып, керісінше, жұртты шулатқан сол үш жыл бұрынғы жобаларды одан ары қарай қаржыландыруды жалғастырғаны белгілі.

Осыдан біраз уақыт бұрын ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті өз сайтын, яғни ресми Интернет-ресурсын жаңартқаны жөнінде жұртшылықтан сүйінші сұрағаны есімізде.

Қарапайым ғалым-оқытушы ретінде осы жаңалыққа менің түк те ішім жылымайды, бұған мүлдем қуана алар емеспін! Өйткені өздерінің ғылыми жобаларын өздері жеңімпаз деп жариялап, миллиондаған қаржыны өздерінің қалталарына салып алған Ұлттық ғылыми кеңестер мүшелерінің сол кездегі іс-әрекеттері есіме түссе, әлі күнге дейін ішім мұздап сала береді.

Дәл сондай жағдай осы жолы тағы да қайталанды.

Өткен 2017 жылы жарияланған, 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру жөніндегі конкурсқа менің ғылыми жетекшілігім бойынша «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдың білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» басым бағыты бойынша екі ғылыми жоба ұсындық:

Бірінші ғылыми жобамыздың тақырыбы:

«Әлемдік үрдістер аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мазмұнын ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартына және Қазақстан Республикасының Ұлттық қызметтер жіктеуішіне (ҚР ҰЖ 01-2017) сәйкес жаңғырту жағдайындағы кәсіптік бағдар беру жұмысы».

Екінші ғылыми жобамыздың тақырыбы:

«Туған жер» жобасының аясында «Түркістан жинағы» (1867-1939) және мерзімді баспасөз материалдары (1917-2017) негізінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерін зерттеу жұмыстарын жүргізу».

Алғашқы ғылыми жобамызға шетелдік сарапшылар жақсы пікір білдірді, ал отандық сарапшы, керісінше, тас-талқан етіп сынап, түкке тұрғысыз етіп тастапты. Қорытынды балл – 22.67. Яғни шетелдік екі сарапшы жоғары балл қойғанымен, отандық бір сарапшы өте төмен балл қойған.

Конкурсқа ұсынған екінші ғылыми жобамыздың тақырыбы:

«Туған жер» жобасының аясында «Түркістан жинағы» (1867-1939) және мерзімді баспасөз материалдары (1917-2017) негізінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерін зерттеу жұмыстарын жүргізу». Қорытынды балл – 19.

Осы екінші ғылыми жобамызға кеңірек тоқталайық.

Шетелдік сарапшылар тіпті Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұсыныстардан туындайтын, Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген және ҚР Білім және ғылым министрлігінің өзі ұсынған «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдың білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» деп аталатын ғылымды дамытудың басым бағытын және «Қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерінің іргелі және қолданбалы зерттеулері», «Туған жер. Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім» атты мамандандырылған ғылыми бағыттардың өздерін «ғылыми бағыттар емес, саяси тақырыптар» деген пікір жазған!

Яғни шетелдік екі сарапшы да Елбасымыз айтып-жазып жүрген «Рухани жаңғыру», «Қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерінің іргелі және қолданбалы зерттеулері», «Туған жер. Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім» деген ұғымдарды «ғылыми бағытқа жатпайды, бұлар саяси мәселелер» деп санап, тиісінше біздің осы екінші жобамызға өте төмен балл қойған.

Ал бұған керісінше, отандық сарапшы «Туған жер» жобасының аясында «Түркістан жинағы» (1867-1939) және мерзімді баспасөз материалдары (1917-2017) негізінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерін зерттеу жұмыстарын жүргізу» деп аталатын ғылыми жобамызды жоғары бағалаған:

«Междисциплинарный подход к изучению истории определенного края, в данном случае регионов Мырзашоль и Кызылкум, очень важен, без него невозможно ее полноценное исследование. Научная новизна проекта состоит в том, что история данных регионов будет исследована авторами проекта на основе современных историографических взглядов. Будет применена современная методологическая база исследований. Научно-обоснованный и очень солидный материал будет получен поэтапно и введен в научный оборот посредством издания серии фундаментальных трудов по истории вышеназванных регионов.

В качестве существенной детали следует отметить широкую доступность полученной информации, благодаря использованию общедоступных источников. Проект сочетает в себе как фундаментальное, так и прикладное направление науки.

Его научная значимость и перспективность для отечественной науки очень важна, т.к. будут опубликованы и систематизированы материалы, представляющие значительный интерес, как для исследователей, так и для самой широкой аудитории читателей.

В целом научный проект инновационный, в результате который будет дополнен серией материалов и исследований по истории и краеведению. В данном контексте научная значимость и практическая ценность результатов вышеназванного проекта достаточно на очень хорошем уровне и они вполне реализуемы.

...Это единственный научный проект, который нацелен на комплексное исследование исторических источников и литературных произведений в контексте истории, а также краеведения в регионах Мырзашоль и Кызылкум», - деп оң баға берген.

http://zertteushi.kz/news_27122017_02

Өз басым жоғарыда аталған, шетелдік және отандық сарапшылардан 22.67 балл алған «Әлемдік үрдістер аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мазмұнын ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартына және Қазақстан Республикасының Ұлттық қызметтер жіктеуішіне (ҚР ҰЖ 01-2017) сәйкес жаңғырту жағдайындағы кәсіптік бағдар беру жұмысы» атты ғылыми жобамыз үшін онша күйіп-піскен жоқпын.

Ал шетелдік сарапшылар «ғылыми бағытқа жатпайды, бұлар саяси мәселелер» деп санап, өте төмен бағалағанымен, ал отандық сарапшы барынша жақсы пікір жазып, жоғары бағалаған, Елбасымыз айтып-жазып жүрген «Рухани жаңғыру», «Қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерінің іргелі және қолданбалы зерттеулері», «Туған жер. Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім» атты қазіргі мемлекеттік тұжырымдарға жан-жақты сай келетін екінші ғылыми жобамызға, жалпы қорытынды бойынша 19 балл қойылса да, грант берілетін шығар деп ерекше үміттендім.

Алайда, «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» Ұлттық ғылыми кеңесі үш сарапшыдан қорытынды 19 балл алған, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасына сай келетін біздің ғылыми жобамызды мақұлдамай тастады.

Бұған керісінше, осы «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері» ҰҒК-тің мүшесі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филологиялық зерттеулер ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Дәуітова Сәуле Батталқызының 19.33 балл алған ғылыми жобасын және біздің ғылыми жобаларымызбен шамалас бағаланған өзге де белгілі адамдардың ғылыми жобаларын мақұлдап, оларды қаржыландыруға ұсынды.

Сонымен бірге тәуелсіз тарапшылар 17.33 – 22 балл аралығында бағалаған мына төмендегі ғылыми жобалар да «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері» ҰҒК тарапынан мақұлданып, қолдау тапты:

AP05133358 Казахский государственный женский педагогический университет Жумагулова Валентина Ивановна – 16 853 501, 38 теңге – 17.33 балл;

AP05134977 Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева Менлибекова Гульбахыт Жолдасбековна – 22 253 501, 38 теңге – 18.67 балл;

AP05133293 Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева Башмаков Анатолий Афанасьевич – 21 832 301,38 теңге – 18.67 балл;

AP05130656 Казахский Национальный Педагогический Университет им. Абая Даутова Сауле Батталовна – 23 577 238,72 теңге – 19.33 балл;

AP05134840 Таразский государственный педагогический институт Кожамжарова Дариякуль Пернешовна – 25 400 827,72 теңге – 20.67 балл;

AP05133562 Кызылординский государственный университет имени Коркыт Ата Дузельбаева Гульшат Берикбаевна – 18 423 581,41 теңге – 21 балл;

AP05134605 Казахский национальный университет имени аль-Фараби Карибаев Берекет Бахытжанович – 24 513 448,72 теңге – 22 балл;

AP05135568 Карагандинский экономический университет Казпотребсоюза Бакишев Кайрат Алиханович – 15 434 021,38 теңге – 22 балл.

Жоғарыдағы мәліметтерден көрініп тұрғанындай, «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері» Ұлттық ғылыми кеңесі біздің 19 балл алған ғылыми жобамызды да, 22.67 балл алған ғылыми жобамызды да мақұлдамай тастады.

Алайда осы «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері» Ұлттық ғылыми кеңесінің мүшесі Кәрібаев Берекет Бақытжанұлының сарапшылардан 22 балл алған ғылыми жобасы аталған ҰҒК мүшелері тарапынан мақұлданып, одан жоғары балл жинаған басқа ғалымдардың ғылыми жобалары қолдау таппауын қалай түсінуге болады?

Мен мұның барлығын барып тұрған әділетсіздік деп есептеймін!

Ғалымдардың наразылықтарын басып, қатты ашуланып жатқан зерттеушілерді алдап-сулап, арқаларынан қағып, шығарып салу үшін Алматыда өткізілген ҚР Ұлттық ғылым академиясының жанындағы Этика жөніндегі кеңеске келсек, «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері» ҰҒК-нің шешіміне байланысты наразылық білдіріп, шағымданған ғалымдар – ғылыми жобалардың ғылыми жетекшілері осы жиналысқа тікелей қатысуы керектігі туралы бізге алдын-ала ешқандай да хабар-ошар айтылған жоқ.

Егер Алматыға, Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Этика жөніндегі кеңесінің отырысына тікелей қатысуымыз қажет екенін бізге алдын-ала ескерткенде, жұмыстан сұранып болса да, Астанадан Алматыға арнайы барып қайтатын едік.

Сол себепті ҚР Ұлттық ғылым академиясының жанындағы Этика жөніндегі кеңесінің бұл жиналысы асығыс ұйымдастырылған, негізгі мақсаты Ұлттық Ғылыми кеңестер мен Ғылым комитетінің былықтарын жуып-шаю үшін ұйымдастырылған іс-шара болды деп есептеймін.

Егер ғылымға бөлінген қыруар қаржыны Ғылым комитеті басшыларының тамыр-таныстары мен Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері өздері өзара бөліп алатын болса, онда:

- Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы не үшін қабылданды?

- Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия не үшін құрылды?

- «Рухани жаңғыру», «Туған жер» деген бағдарламалар не үшін қабылданды?

- Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы не үшін қабылданды?

Бізде осындай сұрақтарға жауап беретін құзыретті мемлекеттік орган бар ма екен өзі?!

Айналайын, Үкімет!

Қазақстан Республикасы Президентінің Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының «Туған жер» жобасына республикалық бюджеттен арнайы бөлініп жатқан қаражат қайда?!

«Туған жер» жобасы бойынша ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізулері үшін республикалық бюджеттен арнайы бөлініп жатқан қаржы қайда?!

Егер ғылымға бөлінген қыруар қаржыны Ғылым комитеті басшыларының тамыр-таныстары мен Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері өздері өзара бөліп алатын болса, онда «Рухани жаңғыру», «Туған жер» деген бағдарламалар не үшін қабылданды?

Өз елінде мемлекетке қажеті жоқ болса, қазақ ғалымдары қайда барып өмір сүруі керек?!

Осындай өзекті сауалдарымызды айтып-жеткізу үшін 2018 жылғы 7 ақпан күні сағат 15.00-де Астанадағы жоғары оқу орындарының бір топ ғалымдары «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың алдын-ала хабарланып, жоспарланған отандық ғылым саласында қордаланған түйткілді мәселелерді шешу, оның ішінде Ұлттық ғылыми кеңес бөлетін гранттарға қатысты мәселелер бойынша кездесуіне қатысу үшін барған едік.

Алайда «Нұр Отан» партиясының Астана қаласы, Д. Қонаев көшесі, 12/1 мекен-жайында орналасқан орталық ғимаратының күзетшілері: «Бұл кездесу өткізілмейтін болды», - деп бізді ішке кіргізбей қойған соң, кері қайтып кеттік.

Егер «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов ғалымдармен кездеспейтін болса, онда бізді несіне әуреледі?

Тағы бір сұрақ:

Ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға 2017 жылы бөлінген 28,6 млрд. теңге қаржының 19 млрд. теңгесі қайда кетті?

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ресми интернет-ресурсында 2017 жылғы 16 тамызда жарияланған ақпаратта:

«2018-2020 жылдарға ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға 28,6 млрд. теңге бөлінді.

Биылғы жылы 7 басым бағыттар бойынша ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға 28,6 млрд теңге бөлінді», - деп жазылған.

http://sc.edu.gov.kz/kz/news/ozge/2018-2020-zhildarga-gilimi-zhobalardi-granttik-karzhilandiruga-286-mlrd-tenge-bolindi_2017-08-16-121000

Ал ҚР БҒМ Ғылым комитетінің ресми интернет-ресурсында 2018 жылғы 1 ақпанда жарияланған келесі бір ақпаратта:

«ҚР БҒМ-ның гранттық қаржыландыруына – 4488 өтінім келген, оның 1096-сы немесе 25%-ы мақұлданды, бөлінген жалпы сома 9 532 210 998, 17 теңге», - деп жазылыпты.

http://sc.edu.gov.kz/kz/news/ozge/okk-de-2018-2020-shi-zhildarga-gilimi-zhane-gilimi-tehnikalik-zhobalar-boiinsha-granttik-zhane-bagdarlamalik-maksatti-karzhilandiruga-baikau-koritindilari-turali-brifing-otti_2018-02-01-204700

Аса құрметті Ғылым комитетінің басшылары, егер расымен де 2018-2020 жылдарға ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға 28,6 млрд. теңге бөлінгені шындық болса, егер 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында гранттық қаржыландыруға мақұлданған ғылыми жобаларға бөлінген жалпы сома 9 532 210 998, 17 теңге болса, сонда 28,6 млрд. теңгенің қалған 19 млрд. теңгесі қайда?

Ғылым комитетінің төрағасы «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері» Ұлттық ғылыми кеңесінің 2018 жылғы 17 қаңтардағы хаттамасын неге 15 күннен кейін, 1 ақпанда бекіткен?

2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» бағыты бойынша ұсынылған ғылыми жобаларды қарастыру жөніндегі Ұлттық ғылыми кеңес отырысының хаттамасы 2018 жылғы 17 қаңтарда жасалған.

Ал бұл хаттаманы бекіту туралы Ғылым комитеті төрағасының №20-нж бұйрығына 2018 жылғы 1 ақпанда ғана қол қойылып, жарияланды.

Ұлттық ғылыми кеңестің отырысының 2018 жылғы 17 қаңтардағы хаттамасы неге сол күні бірден бекітілмеді?

Ғылым комитетінің төрағасы бұл хаттаманы неге арада 15 күннен кейін ғана, 1 ақпанда бекіткен?

Басқа алты ҰҒК-тің төрағалары «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ арқылы ғылыми жобалар қарастырылып жатқан кезде бірнеше рет түсініктеме беріп жатқанда, «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің басшылары неге конкурс қорытындысы толық жарияланғанға дейін ешқандай ақпарат жарияламай, барлық мәліметтерді жасырып, құпия етіп сақтап отырды?

Айтпақшы, ғылыми жобаларға сараптама жасау жұмысын ұйымдастыратын «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-на өздерін-өздері сарапшы ретінде ұсынған кейбір отандық ғалымдар бір-бірімен өзара келісіп алып, өздерінің ғылыми жобаларына өздері жоғары балл қойғызып алатыны да осы жолы байқалып қалды.

Осының барлығы жоғары жақта қолдаушысы мен тамыр-таныстары жоқ, тек қана өздерінің ғылыми қабілеттеріне ғана сенетін ғалымдардың үлкен күдіктерін тудырады.

Әлде мен көп нәрсені түсінбей отырмын ба?

Ғылыми жобаларға жетпей (табылмай) отырған мемлекеттік бюджеттегі қаржының барлығы қайда жұмсалады?

Мұның себебін ҚР БҒМ Ғылым комитетінің басшылары: «Ғылыми жобалардың барлығын бірдей қаржыландыруға қаражат жоқ», - деп түсіндіргісі келіп, қу шөппен ауыздарын сүртіп отыр.

Құдайым-ау, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қолға алуды ұсынған «Туған жер» бағдарламасына орай жасалған біздің жалғыз ғана ғылыми жобамызға жетпей (табылмай) отырған мемлекеттік бюджеттегі қаржының барлығы сонда қайда жұмсалады?

Ғалымдарын, профессор-оқытушылары мен мұғалімдерін бейшара етіп ұстап отырған мемлекет гүлденіп, өсіп-өркендей ме?

Жалпы, әлеуметтік-гуманитарлық зиялы қауым өкілдері мемлекеттің қолдауына ие болып отыр ма?

Жоғарыда баяндалған жағдайлардан кейін Қазақстанға әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар да, осы саланың ғалымдары да қажет емес пе деп ойлап қалады екенсің.

Егер естеріңізде болса, ҚР Білім және ғылым министрлігінің осыдан екі жылдай бұрын жасап шыққан «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау бағыттары жіктеуішінің» жобасына байланысты өткен 2017 жылдың бас кезінде отандық ғылыми-педагогикалық және академиялық ортада үлкен айтыс-тартыс пен дау-дамай туған еді.

http://adebiportal.kz/kz/news/view/2934

Осы жағдайдың әсері мен ықпалы болуы керек, Мемлекет басшысы 2017 жылғы 12 сәуірдегі өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында:

«Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гума­нитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет», - деп жазған болатын.

Біз де Елбасымыз айтқан гуманитарлық зиялы қауым өкілдері қатарына жатамыз.

Алайда өз басымыз ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитеті, басқа да мемлекеттік уәкілетті органдар, өзіміз қызмет істейтін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылары тарапынан гуманитарлық зиялы қауым өкілі ретінде ешқандай да қолдау көрген емеспіз, жасалып жатқан қандай да бір жағдайды да байқамаппыз.

Бізге студенттер мен магистранттарға өткізген күнделікті сабақтарымыз үшін ғана жалақы беріледі, болды.

Ал талапкерлер арасындағы кәсіптік бағдар беру, білім алушыларға тәлім-тәрбие беру, аудиториялардағы дәрістерден қолымыз босаған кездегі ғылыми-зерттеу жұмыстары, тіпті ақылы бөлімдерде оқу ақысын өздері төлеп, білім алып жатқан студенттер мен магистраттарға өткізіп жүрген сабақтарымыз үшін профессор-оқытушыларға ешқандай да қосымша еңбекақы төленбейді.

Ал жанымызды жеп, жүйкемізді жұқартып, көз майымызды тауысып жасаған ғылыми жобаларымыздың нәтижесін төрт-бес ай бойы күттірген, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ерекше ықпалымен өткізілген 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» бағыты бойынша ұсынылған ғылыми жобалар конкурсының нәтижесі анау.

Егер «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері» саласындағы Ұлттық ғылыми кеңестің 6 (алты) бірдей мүшесі өздерінің ғылыми жобаларын өздері мақұлдап, өздерінің ғылыми жобаларын қаржыландыру жөнінде өздері шешім қабылдап отырса, ғылыми гранттар конкурсындағы әділеттілік туралы қандай сөз болуы мүмкін?

Өзіміз жақсы білетін ғылыми гранттар конкурсындағы кейбір «жеңімпаздардың» басым көпшілігі негізінен Ғылым комитеті басшыларының тамыр-таныстары, рулас туыстары, жерлестері және басқа да үлкенді-кішілі бастықтардың төңірегінде жүрген адамдар.

Осындай жағдайдан кейін XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді қалай жүргіземіз?

Егер Елбасымыз ұсынған «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасының «Туған жер» жобасының аясында жасалған ғылыми жобамызға «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері» Ұлттық ғылыми кеңесі мен Ғылым комитеті қарсылық білдіріп отырса, қазіргі осындай жағдайда жастардың бойында отансүйгіштік сезімдерді тәрбиелеуге қатысты жаңа білім беру саясатын қалай қалыптастырамыз?

Үкіметке деген үмітіміз үзілуге шақ қалған және қазақ ғалымдарының ғылыми жобаларын ҚР Білім және білім министрлігіне қарасты Ғылым комитеті қажет етпей отырған қазіргі жағдайда «Сорос-Қазақстан Қоры» секілді шетелдік қаржы көздерінен қаржылай көмек сұрауға мәжбүр болып жүрмейік!

Егер Ғылым комитетіне отандық ғалымдардың ғылыми жобалары қажет болмаса, онда расында да, шетелдерден қолдау іздеуге тура келеді.

Тағы да бір мысал.

Ғылым комитеті ұйымдастырған 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсында Астана мен Алматыдағы іргелі жоғары оқу орындары – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де қызмет істейтін танымал ғалымдардың басым көпшілігінің халықаралық және отандық тәуелсіз сарапшылардан жоғары баға алған ғылыми жобалары мақұлданбай қалды.

Ал Елордадан алыс жатқан облыс орталығындағы мына бір университет қызметкерінің ғылыми жобасы жеңімпаз деп танылыпты:

AP05133562 Кызылординский государственный университет имени Коркыт Ата Дузельбаева Гульшат Берикбаевна – 18 423 581,41 теңге – 21 балл.

Осынау жеңімпаз ғылыми жобамен жан-жақты танысқымыз келеді.

Келесі бір мәліметке назар аударайық.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің ғалымдары 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру жөніндегі осы конкурсқа журналистика, ақпарат және қоғамдық байланыс салалары бойынша 20-ға жуық ғылыми жоба ұсынған болатын.

Өкінішке қарай, халықаралық және отандық тәуелсіз және бейтарап сарапшылар оң пікір жазып, қаржыландыруға ұсыныс бергеніне қарамастан, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің ғалымдары ұсынған бірде-бір жобаны «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» және басқа да басым бағыттар бойынша Ұлттық ғылыми кеңестер мен ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитеті мақұлдаған жоқ.

Осыдан кейін журналистика, ақпарат және қоғамдық байланыс салаларын ғылыми-теориялық және ғылыми-әдістемелік жағынан қалай дамытамыз? Бұл салалар бойынша магистранттар мен PhD докторларын қалай оқытып, даярлаймыз?

Ғылым комитеті ғылымға бөлінген қыруар қаражатты қайда кетіріп жатыр сонда?

Тағы бір өзекті мәселе – жоғары оқу орындары профессор-оқытушыларының ғылыми-зерттеулер жұмыстарын жүргізуге уақыты да, мүмкіндігі де, мемлекет тарапынан ешқандай қолдау да жоқ!

ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында жарияланған «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасында:

«Іргелі және қолданбалы зерттеулердің кешенді және практикалық нәтижелілігін арттыру үшін ЖОО ғылыми әлеуеті тиімді пайдаланылатын болады», - деп жазылыпты.

Жоғары оқу орындарында ғылыми әлеует деген бар ма өзі қазір? Кімді алдап отырмыз?

Профессор-оқытушылардың студенттерге сабақ беруден қолдары босамайды. Таңертеңнен кешке дейін аудиторияларда жүреміз.

Бізге деканаттың лаборанттарынан бастап ректораттағы сабақ кестесін түзетін қатардағы қызметкерлерге дейін барлығы бастық!

Қит етсе, профессор-оқытушылардың үстерінен лаборанттар мен әдіскерлер дереу арыз-шағым жазып, ректорлар мен проректорларға, декандарға жедел түрде жеткізіп тұрады!

Ал үш жылда бір-ақ рет өткізілетін ғылыми жобаларға мемлекеттік гранттар беру конкурсында тек қана Ғылым комитетінің бастықтарына жақын адамдардың ғана ғылыми жобалары жеңімпаз деп танылып, қаражат сондайларға ғана бөлінеді.

Осындай жүйеден кейін жоғары оқу орындарында ғылым қалай дамиды?

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын өркендетеміз деген мақсатпен «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша миллиондаған, миллиардтаған қаражат бөліну үстінде.

Ғылымға бөлінген сол қаржы қайда кетіп жатыр?

Осындай өзекті сұрақтар Ғылым комитетін басқарып отырған адамдарды ойландыра ма екен, өзі?

Сол себепті Ғылым комитетінің басшылары және Ұлттық ғылыми кеңестердің құрамы түгелдей қызметтерінен кетулерін талап етемін!

Ғылым комитетінің басшылары Елбасымыздың «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламаларына қарсы шығып, Президентіміздің идеяларын аяққа таптап, ғылымды тамыр-таныстық, рушылдық, жерлестіктің құрбанына айналдырып отыр!

Ғылым саласын ары да, қолы да таза адамдар басқаруы керек!

Шұғыл түрде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссиясының отырысын өткізуді өтінемін!

Ғылым комитеті басшыларының және Ұлттық ғылыми кеңестердің іс-әрекеттері ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етуі мүмкін екендігін ескере отырып, өзінің құзыреттілігіне сәйкес ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ғылым саласында қалыптасып отырған қазіргі жағдайды Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевқа жедел түрде жеткізуін сұраймын!

Ғылыми ортада қалыптасып отырған бүгінгі ахуалға басқа да мемлекеттік уәкілетті органдар ерекше назар аударуы тиіс!

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры, Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

27.06.2018
Бізге белгілі мәліметтер бойынша, бүгін, 2018 жылдың 27 маусымында Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен министрлік жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтеді. Аталған салалық министрліктің басшысы – Үйлестіру кеңесінің төрағасы бекіткен ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің 2018 жылға арналған жұмыс жоспары бойынша маусым айында ҮЕҰ-дың экономикалық, әлеуметтік, мәдени құқықтар туралы халықаралық пактті іске асыруға қатысуы туралы және балалар мен жастардың ортасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмысты жандандырудағы ҮЕҰ-дың рөлі туралы мәселелер қарастырылуы тиіс.
25.06.2018
Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы мектептер мен колледждердің 2018 жылғы түлектерін «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша оқуға шақырады!
21.06.2018
Осыдан алты жылға жуық уақыт бұрын, 2012 жылдың 15 қарашасынан бастап Астана қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының http://zertteushi.kz/ арнайы Интернет-ресурсы жұмыс істей бастады.