БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫ ӨЗІНІҢ БӘСЕКЕЛЕСІ ДЕП ЕМЕС, ӘРІПТЕСІ ДЕП ТАНЫП-БІЛГЕНІ ЖӨН

Немесе министр Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиев мырзаның білім және ғылым саласындағы азаматтық қоғам өкілдерімен жоспарланған кездесуі өткізіле ме?

Біздің бір жақсы жаңалығымыз бар. ҚР Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиев мырза келесі аптада, 2017 жылғы 27 қазанда білім және ғылым саласындағы Үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен кездесу өткізуі тиіс. Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты Азаматтық қоғам істері комитетінің ресми сайтында жарияланған «Орталық мемлекеттік органдар басшыларының азаматтық сектор өкілдерімен халықтың өзекті мәселелерін талқылау бойынша 2017 жылдың 2-ші жартыжылдығындағы тұрақты кездесулер кестесінде» осылай деп жоспарланған.

Дәл бүгінгі күні арнайы заңнама талаптарына сәйкес Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен өз қызметі, т.б. туралы мәліметтерді ұсынған, білім және ғылым бағыты бойынша жұмыс істейтін ұйымдардың саны еліміз бойынша 40-тан аспайды екен.

Білім және ғылым саласында жұмыс істеп келе жатқан осындай Үкіметтік емес ұйымдардың бірі – біздің «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесі. Біздің ұйым заңнама талаптарына сәйкес ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Үкіметтік емес ұйымдар дерекқорына жыл сайын өзінің қызметі жөніндегі мәліметтерін ұсынып отырады және қосымша білім беретін білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, білім саласындағы ақпаратқа қол жеткізу, педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу, әлеуметтік кәсіптік бағдарлау, кәсіптік оқыту, жұмысқа орналастыруда делдалдық көрсету жұмыстарын іске асыруға бағытталған коммерциялық емес ұйым болып табылады.

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесі ҚР Әділет министрлігінде заңды тұлға ретінде 2008 жылдың 23 желтоқсанында мемлекеттік тіркеуден, 2010 жылдың 12 қарашасында мемлекеттік қайта тіркеуден өткізілген.

Ресми түрде білім және ғылым салалары бойынша 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз.

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің осы уақыт ішінде атқарылған негізгі жұмыстарына қысқаша шолу жасай кетсек:

- 2010 жылы Алматы қаласында ҚР Тұңғыш Президенті қоры ұйымдастырған «Интеллектуалды жасампаз қоғам: білім және жаңа технологиялар» атты тақырыпта өткізілген «Әлеуметтік идеялар мен жобалар – 2010» жәрмеңкесіне қатысып, жоба ұсындық;

- 2013 жылдың 14-15 қарашасында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған Қазақстанның VІ Азаматтық форумының жұмысына қатыстық;

- 2013 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Мемлекет және Үкіметтік емес ұйымдардың өзара қарым-қатынасы мәселелерін заңнамалық қамтамасыз ету» атты тақырыпта өткізілген «Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылауға белсене қатыстық;

- 2013 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған Қазақстанның VІ Азаматтық форумының аясында өткізілген «Таным» конкурсына қатыстық;

- 2014 жылдың 17 қазанында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсы өткізген «Халықаралық ынтымақтастық және ТМД елдеріндегі Үкіметтік емес ұйымдар қызметімен тәжірибе алмасу» атты Халықаралық конференцияға қатыстық;

- 2014 жылдың 22 қазанында Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының Қауымдастығы ұйымдастырған «Әлеуметтік кәсіпкерлік» атты Республикалық конференциясына қатысып, арнайы баяндама жасадық;

- 2014 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстанның Азаматтық Альянсы өткізген Қазақстандағы Үкіметтік емес ұйымдар қызметін ең жақсы жария еткен журналистер мен блогерлер арасындағы конкурсқа қатыстық;

- 2014 жылы «Қазақстандағы Үкіметтік емес ұйымдар: қысқаша тарихы, қазіргі жағдайы және болашағы» атты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, оның нәтижелерін «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің Интернеттегі http://zertteushi.kz/ ресми сайтында жарияладық;

- «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің Интернеттегі http://zertteushi.kz/ ресми сайтында «Үкіметтік емес ұйымдар» атты арнайы бөлім аштық;

- 2015 жылдың 14 мамыры күні Алматы қаласында өткізілген ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры «Ынтымағы мен бірлігі жарасқан Қазақстан» атты тақырыпта әлеуметтік идеялар мен жобалардың республикалық конкурс-жәрмеңкесіне қатысып, жобамызды ұсындық;

- ҚР Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2016 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы», сонымен бірге білім және ғылым саласына байланысты нормативтік құқықтық актілер туралы арнайы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік;

- Талапкерлерді, олардың ата-аналары мен ұстаздарын «Серпін-2050» немесе «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы шеңберінде оқуға студент қабылдау ерекшеліктерімен таныстырып отырдық;

- ҚР Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 21 маусымдағы «Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтары жіктеуіші мен Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі кәсіптер мен мамандықтар жіктеуішінің сәйкестік кестесін бекіту туралы» №316 бұйрығындағы «5В050400 – Журналистика» және «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандықтарына қатысты қателердің түзетілуіне ықпал еттік;

- ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің мектепке дейінгі білім беру, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларға арналған педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға байланысты түсіндіру хаты Облыстық, Астана және Алматы қалалық Білім басқармаларына жолдануына тікелей ықпал жасадық;

- Қоғамымызда қызу пікірталас тудырып отырған білім беру ұйымдарының қаражат табу, қаржылай пайда табу мәселесіне орай «Білім туралы» ҚР 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Заңының тиісті баптары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.

Сонымен бірге 2016-2017 оқу жылында:

- ҚР жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы әдістемелік нұсқау хатпен ұстаздар қауымын таныстырдық;

- Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Әл-Фараби атындағы №8 арнаулы гимназиясының 11 сынып оқушыларымен және ұстаздар қауымымен кездесу өткізіп, кәсіптік бағдар жұмысын жүргіздік;

- Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының 11 сынып оқушыларымен кәсіптік бағдар жұмысын жүргіздік;

- Жамбыл облысының Шу қаласындағы №10 Шу колледжінің студент-жастарымен және педагогикалық ұжымымен жүздесіп, кәсіптік бағдар жұмысын жүргіздік, педагогтардың біліктілігін арттыру курстарын өткіздік;

- Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының Білім бөлімімен бірге аудан мектептерінің жоғары сынып оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізіп, ата-аналармен және ұстаздар қауымымен кездесулер өткіздік;

- Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кәсіптік бағдар жұмысын, ал профессор-оқытушыларымен біліктілікті арттыру курстарын жүргіздік;

- ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №919 қаулысымен бекітілген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы», ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.

Сондай-ақ жыл сайын:

- Талапкерлер мен ата-аналар арасында мамандық таңдау, ұлттық бірыңғай тестілеу және кешенді тестілеу тапсыру, мемлекеттік білім грантының берілу ерекшеліктері, т.б. мәселелер бойынша;

- Мектептердің оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ олардың ғылыми жетекшілері арасында ғылыми жобалар мен ғылыми жұмыстар жазудың;

- Жоғары оқу орындарының магистратурасына түскісі келетін талапкерлер мен магистратурада білім алып жүрген магистранттар арасында магистрлік диссертация жазудың және ғылыми журналдарда ғылыми мақалалар жариялаудың ерекшеліктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келе жатырмыз.

Бұған қоса ҚР Білім және ғылым министрлігіне және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ҚР жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымын және мамандықтар жіктеуішін ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартына сәйкес келтіру және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің 2017 жылғы 11 мамырдағы №130-од бұйрығымен бекітіліп, 2018 жылдың 01 қаңтарынан бастап енгізіліп отырған ҚР Ұлттық қызметтер қызметтер жіктеуішіне (ҚР ҰЖ 01-2017) сәйкес бағыттар бойынша мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін зерттеу, экономика салаларындағы еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру және орналастыру мәселелері бойынша «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің атынан өзіміздің ұсыныстарымызды тұрақты түрде жолдап отырамыз.

Аталған іс-шаралар туралы толық ақпараттар «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің Интернеттегі http://zertteushi.kz/ және http://maqtaaral-bilim.kz/ атты ресми сайттарында және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларымызда тұрақты түрде жарияланып келеді.

Ерекше атап көрсететін мәселе – «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесі жоғарыда аталған іс-шаралардың барлығын өзінің және құрылтайшының жеке қаражаты есебінен жүргізіп келе жатыр.

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесі құрылғалы бері коммерциялық емес/үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеу жөніндегі және өзара іс-қимыл саласындағы тиісті мемлекеттік уәкілетті органдар және басқа да ұйымдар тарапынан ешқандай қолдау көрген емеспіз.

Біз «Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландырудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1192 қаулысымен жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылып, ол Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор болып айқындалған кезде, бұл ұйымнан үлкен үміт күткен едік.

Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды беруге арналған конкурсқа 2016 жылы «Балалар мен жастардың құқығын қорғау» атты тақырып бойынша жоба ұсынған болатынбыз. Алайда біздің жобамызға мемлекеттік грант берілген жоқ.

Біз «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды беруге арналған 2016 жылғы алғашқы конкурсы әділ және ашық өткізілді деп айта алмаймыз. Осы аталған конкурста біздің ұсынған жобамыз дұрыс бағаланған жоқ деп есептейміз.

Сонымен бірге «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің ұсынған өкілі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды беру конкурсы аясында сарапшылық комиссиясына да енгізілген жоқ. Алайда, соған қарамастан осы сарапшылық комиссиясының қазіргі құрамында Үкіметтік емес ұйымдар саласында бір күн де жұмыс істеп көрмеген кейбір адамдар жүр.

Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік гранттар беру конкурсының ұйымдастырылуы мен өткізілуінің ашықтығы мен әділдігі біздің тарапымыздан қаншалықты күдік тудырып отырса, оның сарапшылық комиссиясының құрамын жасақтау ісінде де соншалықты бізге түсініксіз тұстар бар.

Ақиқатын айтқанда, 2016 жылғы мемлекеттік гранттарды беруге арналған конкурстан кейін Үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстары мен ұсынылған жобалары дұрыс және әділ бағаланады деген біздің үмітіміз мүлдем үзілгендей әсерде болған едік.

Дегенмен Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 13 қыркүйектегі №329 Жарлығымен мемлекет пен азаматтық сектордың, яғни Үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган ретінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, оған ішкі саяси тұрақтылық, мемлекеттік жастар саясаты, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру мен іске асыру мәселелері жүктелуі біздің сеніміміз бен үмітімізді қайта оятты.

Сол себепті біз кеше, 2017 жылғы 19 қазан күні ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов мырзамен арнайы кездесіп, осындай ой-пікірлерімізді ашық айттық.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне біздің ұсынысымыз – Үкіметтік емес ұйымдардың ұсынатын жобаларын қарастыратын сарапшылық комиссиясына «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басшыларының тамыр-таныстарын немесе мемлекеттік грантқа қалай да қол жеткізуге қызығушылығы бар белгілі бір мүдделі топтардың басшыларын емес, шын мәнінде Үкіметтік емес ұйымдар саласында көп жылдық іс-тәжірибесі бар, лайықты азаматтарды енгізген жөн.

Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды беруге арналған конкурстар бұрмаланбай, барынша әділ өткізілуі қажет. Мемлекеттік гранттар қағаз жүзіндегі немесе тиісті қаржыны қалай да әйтеуір «игеру» мақсатын көздейтін уақытша ұйымдарға емес, шын мәнінде елімізге, қоғамға пайдалы іспен, қарапайым халықтың мүддесі үшін, жанашырлықпен жұмыс істейтін үздік Үкіметтік емес ұйымдардың сапалы жобаларына берілсе дұрыс болар еді. Бұл конкурс жеңімпаздары алдын-ала анықталып, белгіленіп, тағайындалып қойылған, тек қана белгілі бір топтардың өкілдеріне ғана арналған жасанды «конкурсқа» айналмауы тиіс.

Өкінішке қарай, осыған дейін өткізілген Үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттар беруге арналған конкурстарда білім және ғылым бағыты бойынша арнайы салалық тақырыптарға мүлдем тапсырыс берілген жоқ.

Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган болып табылатын ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі сол ұйымдардың қызметіне олардың Интернеттегі ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланған шынайы ақпараттар арқылы тұрақты түрде мониторниг жүргізіп отырса деген тілегіміз бар. Сонда ғана олардың қайсысы жасанды ұйымдар екені, ал қайсысы қарапайым халыққа, мемлекетіміз бен қоғамға іс жүзінде қызмет істеп жатқан ұйымдар екені өзінен-өзі белгілі болар еді.

Біздің кеше, 2017 жылдың 19 қазанында өткізілген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов мырзамен жүздесуіміздің барысында білім және ғылым бағытындағы қазіргі өзекті мәселелер бойынша «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің мынадай арнайы жобалары бар екенін де ортаға салдық:

- Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілген Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасына сәйкес «Туған жер» жобасын іске асыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;

- Жоғары білімі бар азаматтарға, студенттерге, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауда, қызмет түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда ақпараттық-түсіндіру тұрғысынан көмек көрсету мақсатында әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жүргізу;

- Қазіргі кезде ҚР Парламентінің Мәжілісінің қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын талқылауға қатысу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Сонымен бірге біздің мынадай ұсыныстарымыз бар:

- ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Үкіметтік емес ұйымдар үшін гранттар беру жоспарын бекіткен кезде білім және ғылым саласы қызмет бағыты бойынша арнайы тақырыптық жобаларға тапсырыс жасау арқылы ерекше назар аударса;

- ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі халық пен қоғамның игілігі үшін белсенді жұмыс істеп келе жатқан, білім және ғылым саласындағы Үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен жиі және жүйелі кездесулер өткізіп тұрса;

- Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттар және сыйлықтар беру конкурсы барынша ашық және әділ өткізілсе дейміз.

Жоғарыда жазғанымыздай, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты Азаматтық қоғам істері комитетінің ресми сайтында жарияланған «Орталық мемлекеттік органдар басшыларының азаматтық сектор өкілдерімен халықтың өзекті мәселелерін талқылау бойынша 2017 жылдың 2-ші жартыжылдығындағы тұрақты кездесулер кестесі» бойынша ҚР Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиев 2017 жылғы 27 қазанда білім және ғылым саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен кездесу өткізуі жоспарланып отыр.

Біз министр Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиев мырзаның Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган алдын-ала белгілеген білім және ғылым саласындағы азаматтық қоғам өкілдерімен өтуі тиіс осы кездесуі міндетті түрде болады деп үлкен үміт күтеміз.

Өйткені ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 18 қазандағы №594 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі орталық аппаратының функцияларына білім беру мәселелері бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды және іске асыруды жүзеге асыру ісі де жүктелген.

Сондай-ақ ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 25 мамырдағы №294 қаулысымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілген.

Егер осы Заң жобасы қабылданатын болса, онда ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуірдегі №36 Заңының 4-2-бабы бойынша мемлекеттік орган ретінде Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган, яғни ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды, іске асыруды, іске асырылу мониторингін және оның нәтижелерін бағалауды жүзеге асыруы тиіс болады.

Ендеше, ҚР Білім және ғылым министрлігі білім және ғылым саласында тұрақты және жүйелі жұмыс істейтін Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іскерлік қарым-қатынасты нығайтып, өзара бірге және бірлесе жұмыс істеп, азаматтық қоғам өкілдері болып саналатын осындай ұйымдарды өзінің бәсекелесі деп емес, әріптесі деп танып-білгені жөн деген тілегіміз бар.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD).

Астана қаласы.

 

20 қазан, 2017 жыл.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

22.11.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған еркін тақырыптар бойынша «ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» атты шығармалар конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Шығармаларды кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
20.11.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «ҚОҒАМДЫҚ БАЙЛАНЫС – ҚАЖЕТ МАМАНДЫҚ» атты еркін тақырыпқа жазбаша эссе конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Эссені кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
17.11.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «Қазақ әдебиеті» және «Литература» пәндері бойынша «ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІ – ОҚУШЫ КӨЗІМЕН» атты ғылыми жұмыстар конкурсын ұйымдастыратыны туралы хабарлайды. Конкурс жыл сайын өткізіледі.