ОҢТҮСТІКТЕГІ БЕС АУДАННЫҢ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУІ – ШЫН МӘНІНДЕГІ ТАРИХИ ОҚИҒА!

Иә, Оңтүстіктегі бес ауданның қайта қалпына келтірілуі – шын мәніндегі тарихи оқиға! Кеше, 2018 жылғы 20 ақпан күні өткізілген Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты ХХ сессиясының шешімімен сонау 90-шы жылдардың соңында еліміздегі экономикалық-әлеуметтік жағдайға байланысты Елбасымыздың 1997 жылғы 24 сәуiрдегi №3474 Жарлығымен таратылған Мақтаарал, Жетісай, Асықата, Сарыағаш және Келес аудандарының қайтадан қалпына келтіруі – шын мәніндегі айрықша тарихи оқиға!

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, соңғы жылдары жиі қозғалып келе жатқан осы өңірдегі халқы ең тығыз орналасқан қазіргі Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бөлу және бұрынғы бес ауданды қайта қалпына келтіру туралы мәселе кеше, 2018 жылғы 20 ақпанда өткізілген алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың ХХ сессиясының күн тәртібінде қаралып, депутаттардан қызу қолдау тапты.

Аталған аудандардың қайта бөлінуіне байланысты атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасаған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ә. Өсербаев:

«2018 жылдың 16 ақпанында Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының өкiлдi және атқарушы органдарының аудан аумағын бөлу жолымен аудандар құру, оларға атау беру, әкімшілік орталықтары мен шекараларын белгілеу туралы бiрлескен шешімдері қабылданды.

Осыған орай, Мақтаарал ауданын үш ауданға, яғни, Мақтаарал, Асықата, Жетісай аудандарына, ал Сарыағаш ауданын екі ауданға яғни, Сарыағаш, Келес аудандарына бөліп, бұрынғы аудан орталықтарын қайта қалпына келтіру ұсынылады», - деді.

Сессияда сөз алған Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Сәду Бекенов Мақтаарал ауданы 1997 жылы 24 сәуірде бұрынғы үш ауданды біріктіру нәтижесінде құрылғанын айтып, осынау тарихи ұсынысты Мырзашөл өңірінің жұрты ыстық ықыласпен қабылдап отырғанын жеткізді.

«Мақтаарал ауданы облыстағы халқы тығыз шоғырланған және демографиялық өсімі жағынан жоғары аудан саналады. Мұндағы жалпы халық саны 304 684 адамды құрап отыр. Аудан 182 елді мекеннен, 1 қала, 3 кент және 20 ауылдық округінен құралған. Сондықтан Мақтаарал ауданын үшке бөлу шешімі Елбасыдан қолдау тауып, алдағы уақытта аталған өңірлердің әлеуметтік экономикалық хал-ақуалы жақсара түсетіні сөзсіз. Жыл көлемінде жұмыс тобын құрып, барлық қажетті шараларды жүргізген облыс әкімі Ж. Түймебаевқа ризалығымызды білдіреміз», - деді Сәду Бекенов.

Ал Сарыағаш ауданы 1997 жылы бұрынғы Сарыағаш және Келес аудандарын біріктіру жолымен құрылған. Аталған ауданда бүгінде 326 915 халық тұрады. Аудан аумағы 762203 гектар, 154 елді мекені, 1 қала, 1 кент және 23 ауылдық округінен құралған.

«Бүгінгі ұсынысты тарихи сәт деп бағалауға болады. Аталған аудандарда қазіргі таңда 630 мыңнан астам халық тұрып жатыр. Бұл еліміздегі өзге облыстардың халқымен салыстырғанда едәуір көп саналады.

Енді ұсынысымыз Елбасы тарапынан толық қолдау тауып жатса, екі аудандағы халыққа мемлекеттік қызмет көрсету жүктемесі азайып, әкімшілік аумақтағы барлық бағыттағы жұмыстардың сапасын көтеруге өз септігін тигізеді деп есептеймін», - деді Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев.

Аталған екі ауданда халықтың тығыз орналасу себебінен кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын өз деңгейінде дамыту үшін мемлекет тарапынан берілетін қолдауларды халыққа жеткізу, толық және сапалы қамту мәселелері әлі де бар.

Денсаулық сақтау саласында, атап айтқанда, дер кезінде медициналық көмек көрсету, шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарын аудан орталығындағы ауруханалар мен перзентханаларға жедел жеткізу мәселесі де толық қамтуды қажет етеді.

Жаңа құрылатын аудандарға атау беру мәселесі республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылмақ.

Мақтаарал ауданының әкімшілік орталығы – Мырзакент кенті, Асықата ауданының әкімшілік орталығы – Асықата кенті, Жетісай ауданының әкімшілік орталығы – Жетісай қаласы болып белгіленіп отыр.

Ал Сарыағаш ауданының әкімшілік орталығы – Сарыағаш қаласы, Келес ауданының әкімшілік орталығы ретінде Абай ауылы белгіленді.

http://ontustik.gov.kz/kk/news/oko-da-maktaaral-men-saryagash-audandaryn-bolu-usynyldy

Мақтаарал ауданы әкімдігінің Баспасөз хатшысы Дінмұхамед Аязбековтің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Мақтаарал ауданы бөлінген жағдайда 64435 гектарды құрайтын Асықата ауданы (орталығы Асықата кенті), 55992 гектарды құрайтын Жетісай ауданы (орталығы Жетісай қаласы), 64971 гектарды құрайтын Мақтаарал ауданы (орталығы Мырзакент кенті) құрылады.

Ал халқының саны 20 мыңнан асып, ірі қарқынмен дамып жатқан Атакент кенті Мақтаарал ауданының құрамындағы қала мәртебесін алуы да мүмкін.

(Қайтадан қалпына келтірілетін Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарының орналасу картасы Мақтаарал ауданы әкімдігінің Баспасөз хатшысы Дінмұхамед Аязбековтің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды).

Сондай-ақ біздің осыған дейін әлеуметтік желіде және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған ой-пікірлерімізде, мемлекеттік құзыретті органдарға арнайы жолданған хаттарымызда жүйелі түрде көтеріліп келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – Мақтаарал ауданының ресми атауындағы бұған дейін түсіп қалған екінші «а» әрпінің (1997 жылғы Жарлықта ауданның аты «Мақтарал» деп бір ғана «а әрпімен» өрескел түрде қате жазылып кеткен еді) өз орнын табуы да көңілімізге қуаныш ұялатып отыр!

http://maqtaaral-bilim.kz/b-gingi-ma-taaral/74-ma-taral-ma-ma-taaral-ma-memlekettik-yzmetshiler-antroponim-men-toponim-ekeuini-erezhesi-eki-t-rli-ekenin-azhyrata-almajma

https://dialog.egov.kz/blogs/all-questions/451656

https://www.facebook.com/mzhakyp/posts/1231509030263311

Күнделікті ағымдық қауырт жұмыстарына байланысты әртүрлі сыни пікірлер айтылып, жазылып жатса да, халық тығыз орналасқан, өзіндік өмір сүру мәдениеті қалыптасқан осынау бес ауданның қайта құрылуы үшін көп еңбек сіңірген Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев пен облыстық мәслихат депутаттарының, Мақтаарал және Сарыағаш өңірлеріндегі барлық мемлекеттік қызметшілердің ерекше еңбектерін атап көрсеткен жөн!

Қалың қазақтың жерұйығы, құт мекені – Оңтүстік өңірі өсіп-өркендеп, гүлдене берсін!

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры, Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

18.06.2018
Екі күннен кейін, 20 маусымда басталатын Ұлттық бірыңғай тестілеу қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры ЖАҚЫП Мырзантай Қожабайұлының sputniknews.kz Интернет-сайтының тілшісі, талантты журналист ТОҚТАМҰРАТ Кенжекейдің сұрақтарына берілген жауаптары
08.06.2018
Осыдан 30 жыл бұрын Эстония халқы өз елдерінің астанасы Таллинн қаласының аты қате жазылып жүр деген мәселе көтеріп, тарихи атаудың о бастағы қалпын сақтауды, сөйтіп бұрын «Таллин» деп бір «н» әрпімен жазылып келген қаланың ресми атының соңына тағы бір «н» әрпін қосып, дұрыс жазуды талап еткені есімізде.
07.06.2018
Оңтүстіктегі, оның ішінде Мырзашөл өңіріндегі барша ағайындарды тарихи Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш және Келес аудандарының қайта қалпына келтірілуімен, Мырзакент кентінің Мақтаарал ауданының орталығы, ал Абай ауылының Келес ауданының орталығы мәртебесін қайта иеленуімен шын жүректен құттықтаймын!