БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСШЫЛАРЫ БІЛІМ САЛАСЫ БОЙЫНША ХАЛЫҚТЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІН НЕГЕ АШЫҚ ТАЛҚЫЛАҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ?

Бізге өткен аптада ҚР Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері телефон соғып, министр Е.К. Сағадиевтің білім және ғылым саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен өткізетін кездесуі 2017 жылғы 27 қазаннан 25 қазанға ауыстырылғанын, оған «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры ретінде біз де шақырылып отырғанымызды және бізге арнайы сөз берілетінін хабарлағанын, алайда, кейіннен аталған министрлікке қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері біздің аты-жөнімізді бұл басқосуға қатысушылардың тізімінен сызып тастағанын осыған дейін әлеуметтік желідегі парақшамызда жазған едік. https://www.facebook.com/mzhakyp

Кеше, 25 қазанда ҚР Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиев Алматы қаласында өткізілген Қазақстан ЖОО ректорлар Кеңесінің кезектен тыс отырысына қатысқандықтан, Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты Азаматтық қоғам істері комитетінің ресми сайтында жарияланған «Орталық мемлекеттік органдар басшыларының азаматтық сектор өкілдерімен халықтың өзекті мәселелерін талқылау бойынша 2017 жылдың 2-ші жартыжылдығындағы тұрақты кездесулер кестесінде» белгіленген білім саласындағы үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Амангелдіқызы Асылова өткізіпті.

Біздің бұл жиынға ҚР БҒМ-нің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қатыстырмай қойғандықтан, осы кездесуде айтқым келген сөздерімізді өзіміздің http://zertteushi.kz/ ресми Интернет-ресурсымызда және әлеуметтік желіде жариялауға мәжбүр болып отырмыз.

Мен тікелей білім саласында 1994 жылдан бері, ал ғылыми-бiлiм беру бағытындағы Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс саласында «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» 2001 жылғы 16 қаңтардағы №142 ҚР Заңы қабылданған уақыттан бері еңбек етіп келе жатырмын.

Дәл бүгінгі күні арнайы заңнама талаптарына сәйкес Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен өз қызметі, т.б. туралы мәліметтерді ұсынған, білім және ғылым бағыты бойынша жұмыс істейтін ұйымдардың саны еліміз бойынша 40-тан аспайды.

Біз ҚР БҒМ-нің назарын мына мәселелерге аударғымыз келеді.

ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 18 қазандағы №594 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар» бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі білім, ғылым және балалардың құқықтарын қорғау салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады, сондай-ақ министрліктің орталық аппараты функцияларына білім беру мәселелері бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды және іске асыруды жүзеге асыру мәселесі де енгізілді.

Ал ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 7 маусымдағы № 132-к бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті туралы ереженің» 24) және 25) тармақшалары бойынша ҚР Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру мен іске асыруды жүзеге асыру және мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық, консультативтік, әдістемелік қолдау көрсету мәселесі ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің функциясына жатады.

Өкінішке қарай, ҚР Білім және ғылым министрлігінің орталық аппараты да, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де білім және ғылым саласындағы ҮЕҰ-мен іскерлік қарым-қатынас орнатуға және өзара бірлесе жұмыс істеуге жеткілікті дәрежеде назар аударып отырған жоқ.

«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР 2002 жылғы 8 тамыздағы №345 Заңы бойынша әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар (15-ші бап) және еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар (16-шы бап).

Біздің елімізде баланың білім алуға құқығын ҚР БҒМ жүзеге асырады, ал баланың қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығын халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.

Сонымен бірге «Білім туралы» ҚР 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңында «Кәсіптік бағдар» деген ұғымға мынадай анықтама берілген:

«Кәсіптік бағдар – білім алушының кәсіптік қызығушылықтарына, жеке қабілеттері мен психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және кәсіптік мүмкіндіктер саласында, мамандық пен оқитын орнын еркін және саналы таңдау құқықтарын іске асыруына ақпараттар мен консультациялық көмек беру» (1-ші бап, 29) тармақша).

Аталған Заң бойынша білім алушылардың кәсіптік ұмтылысын қамтамасыз ету білім беру жүйесінің міндеттеріне жатады (11-ші бап, 12) тармақша).

Заң қағидаларына сәйкес жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жеке адамның жалпы мәдениетін қалыптастырудың, жеке адамды қоғамдағы өмірге бейімдеудің міндеттерін шешуге, кәсіпті, мамандықты саналы түрде таңдау мен меңгеру үшін негіз жасауға бағытталған (14-ші бап, 2-ші тармақ).

Ал «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V ҚРЗ ҚР Заңы бойынша: «Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау – адамның кәсіптік білімін, дағдыларын, қызығушылықтарын және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіп таңдауда, кәсіп түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсетуге бағытталған өзара байланысқан іс-шаралар кешені» (1-ші тарау, 1-ші бап, 23) тармақша).

Аталған Заңға сәйкес студенттердің, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының мамандық таңдауына әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жұмысын Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы және мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерін және (немесе) өзге де ұйымдарды тарту құқығымен халықты жұмыспен қамту орталықтары жүргізеді (18-ші бап).

Осы орайда, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен білім және ғылым саласындағы Үкіметтік емес ұйымдардың қарым-қатынасы қандай болуы керек?

Біздіңше мектептердің жоғары сынып оқушылары мен студенттерге білім беру және олардың мамандық таңдауына әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жұмысын белсенді және сапалы жүзеге асыруға білім және ғылым саласындағы ҮЕҰ-дың мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажет. Оған елімізде тиісті заңнама мен нормативтік құқықтық актілер арқылы толық мүмкіндік жасалған.

Мысалы, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» ҚР 2005 жылғы 12 сәуірдегі №36 Заңының 5-ші бабы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, гранттар ұсыну және сыйлықақылар берудің бірінші бағыты: «Білім беру, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу», - деп көрсетілген.

Алайда, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бекіткен үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар беру жоспарында білім және ғылым саласы бойынша бірде-бір жоба тақырыбы көрсетілмеген. Яғни «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» ҚР 2005 жылғы 12 сәуірдегі №36 Заңының 5-ші бабы толық орындалып отырған жоқ.

Үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар беру жоспарындағы білім және ғылым саласы бойынша жобалар конкурсына тек қана осы білім және ғылым саласында жұмыс істейтін ҮЕҰ ғана қатысуы қажет.

Сол себепті ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» ҚР 2005 жылғы 12 сәуірдегі №36 Заңының 4-2-бабында (Мемлекеттік органдардың құзыреті), сондай-ақ ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 13 наурыздағы №236 «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінiң мәселелерi» туралы ҚР Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1111 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысында, басқа да нормативтік құқықтық актілерде белгіленген өзінің құзыреттері мен міндеттерін толық және белсенді жүзеге асырғаны жөн.

Атап айтқанда, ҚР БҒМ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру мен іске асыруды жүзеге асыру, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыратын ҮЕҰ-ға ақпараттық, консультативтік, әдістемелік қолдау көрсету жұмыстарын белсенді түрде атқаруы керек.

Сондай-ақ білім және ғылым саласында белсенді жұмыс істеп жатқан ҮЕҰ-дың өкілдерін ҚР БҒМ-нің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестер құрамына енгізіп, осы саладағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылуы жөніндегі ақпаратты жариялап отыруы тиіс.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V ҚРЗ ҚР Заңы бойынша білім берудің жай-күйі туралы ақпаратқа қол жеткізу шектелуге жатпайды (6-шы бап, 2) тармақша).

Қазіргі кездегі өте өзекті мәселелердің бірі – ҚР БҒМ ҮЕҰ-ды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор болып айқындалған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ грант алушыларды іріктеу мақсатында өтінімдерді бағалау үшін құрған конкурстық комиссияға және сарапшылар тізіліміне және құрамына білім және ғылым саласы бойынша өзінің сарапшыларын ұсынуы қажет.

Дәл бүгінгі күні арнайы заңнама талаптарына сәйкес Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіппен өз қызметі, т.б. туралы мәліметтерді ұсынған, білім және ғылым бағыты бойынша жұмыс істейтін ұйымдардың саны еліміз бойынша 40-тан аспайды екен.

Біз «Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландырудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1192 қаулысымен жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылып, ол Үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор болып айқындалған кезде, бұл ұйымнан үлкен үміт күткен едік.

Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды беруге арналған конкурсқа 2016 жылы «Балалар мен жастардың құқығын қорғау» атты тақырып бойынша жоба ұсынған болатынбыз. Алайда біздің жобамызға мемлекеттік грант берілген жоқ.

Біз «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды беруге арналған 2016 жылғы алғашқы конкурсы әділ және ашық өткізілді деп айта алмаймыз. Осы аталған конкурста біздің ұсынған жобамыз дұрыс бағаланған жоқ деп есептейміз.

Біздің қолымыздағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органдар тарапынан бекітілген Үкіметтік емес ұйымдар үшін 2016 және 2017 жылдарға арналған гранттар беру жоспарына мен әлеуметтік тапсырысқа ұсынылған жобалардың атауларына, қысқаша сипаттамаларына (жобалардың негізгі бағыттарына) қарайтын болсақ, онда білім және ғылым саласы бойынша ешқандай тақырып берілмеген.

Біз үшін мынадай сұрақтардың жауабын білу аса маңызды:

ҚР БҒМ «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ арқылы жыл сайын білім және ғылым саласы бойынша қанша әлеуметтік жоба тақырыбын ұсынды және білім және ғылым саласындағы қанша ҮЕҰ грант жеңіп алды?

ҚР БҒМ «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ арқылы ұсынған әлеуметтік жобалар жоспарындағы білім және ғылым бағыты тақырыптары бойынша белгіленген гранттарды осы салада қызмет істейтін ҮЕҰ-дың жеңіп алуын жан-жақты және толық қадағалап отыр ма?

ҚР БҒМ 2016 жылы «Балалар мен жастардың құқығын қорғау», ал 2017 жылы «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» атты атаулар бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ арқылы ҮЕҰ-ға арналған гранттарды ұтып алған ұйымдар білім және ғылым саласында нақты қандай іс-шаралар атқарғаны туралы есептерін сарапқа салып, қарастырды ма?

ҚР БҒМ өзіне әріптес, білім және ғылым бағыты бойынша жұмыс істеп жатқан ҮЕҰ-дың ұсынған жобалардың сапасы қаншалықты әділ бағаланғаны жөнінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ тарапынан құрылған конкурстық комиссиядан және сарапшылардан есептік ақпарат алып отыр ма?

Біздің пікіріміз – ҚР БҒМ «Білім туралы» ҚР 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Заңында, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» ҚР 2005 жылғы 12 сәуірдегі №36 Заңында, сондай-ақ басқа да нормативтік құқықтық актілерде белгіленген білім және ғылым саласы бойынша белсенді және жемісті жұмыс істеп келе жатқан ҮЕҰ-мен тығыз іскерлік қарым-қатынас орнатуы және сол ҮЕҰ-дың мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы арнайы гранттар мен сыйлықақылар жеңіп алуына барынша мүдделі болуы қажет.

Ақиқатын айтатын болсақ, білім және ғылым саласында қызмет істейтін ҮЕҰ-дың ұсынған жобаларын сапалы түрде сарапқа салуға «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ тарапынан құрылған конкурстық комиссия мүшелерінің және сарапшылар тізіміне енгізілген тұлғалардың көп жағдайда білімі де, деңгейі мен дәрежесі де жетпей жатады.

Біздің ұсынымыз – ҚР Білім және ғылым министрлігі халық пен қоғамның игілігі үшін белсенді жұмыс істеп келе жатқан, білім және ғылым саласындағы Үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен жиі және жүйелі кездесулер өткізіп тұрғаны жөн.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын барынша жандандырып, тұтас қоғаммен – педагогикалық қауыммен, ата-аналармен, оқушы-студенттермен, жалпы жұртшылықпен тығыз байланыс орнатуы тиіс.

Біз, білім және ғылым саласындағы Үкіметтік емес ұйымдар, білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын барынша белсенді жүргізуіміз керек.

Осы орайда, Үкіметтің арнайы қаулысымен ҚР Білім және ғылым министрлігі орталық аппаратының функцияларына осындай жаңа міндеттер жүктеу жоспарланып отырғанын қолдап-қуаттаймыз.

Бұл жобада жазылғанындай, білім беру саласындағы заңнамалық өзгерістерге байланысты қоғамдық пікірді тұрақты және жүйелі түрде зерттеп, оның нәтижелерін күнделікті қызметімізде басшылыққа алып отыруымыз қажет.

Сондай-ақ жаңартылған білім беру міндеттерін жүзеге асыру маңыздылығын жұртшылыққа тұрақты түсіндіріп, осы саладағы жаңалықтармен халықты дер кезінде, жедел түрде хабардар етіп отыру да аса маңызды жұмыс.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің орталық аппараты білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыру барысында осы салада белсенді қызмет істеп жатқан Үкіметтік емес ұйымдармен де тығыз ынтымақтастық орнатып, бірлесе жұмыс істегені жөн.

Біздің ұсынысымыз – ҚР Білім және ғылым министрлігі, облыстық және аудандық Білім басқармалары мен бөлімдері білім саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен, педагогтар қауымының белсенді өкілдерімен тікелей қарым-қатынастық іскерлік байланысты күшейткені жөн.

Білім саласындағы кемшіліктерді бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде өткірірек сынап, ой-пікірлерін қаттырақ айтып, жазатын белсенді оқытушы-мұғалімдерді министрлік пен білім басқармаларының жауы деп санауға болмайды. Өйткені дос жылатып айтады.

Керісінше, белсенді оқытушы-мұғалімдердің басын қосып, білім саласындағы үлкен бір үкіметтік емес ұйым құрып, оның жұмысын заңды түрде қаржыландырудың тетігін ойластырған дұрыс.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық және аудандық Білім басқармалары мен бөлімдерінің құрамына кіретін, білім саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейтін құрылым ашып, еліміздің белсенді педагогикалық қауымдастықтарымен тығыз байланыс орнату қажет.

Білім және ғылым, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесінің 2017 жылға арналған жұмыс жоспарының 8-тармағына сәйкес ағымдағы жылдың қазан айында «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік сатып алу тиімділігін іске асыру туралы» мәселесін қарастыру жоспарланып отырғаны белгілі.

Білім және ғылым, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесінің құрамына білім және ғылым саласында белсенді жұмыс істеп келе жатқан Үкіметтік емес ұйымдардың басшылары да енгізілуі тиіс.

Біздің осы ұсыныстарымызды ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесі де барынша ескереді ғой ойлаймыз.

Қорытып айтсақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі басшыларының 25.10.2017 ж. өткізілген білім саласындағы үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен кездесуіне мені алдымен «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры ретінде шақырып алып, кейіннен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor) болып қызмет істейді екенсіз» деген сылтау-желеумен мені бұл кездесуге қатысушылардың тізімінен сызып тастауларыңызды менің азаматтық ар-ожданымды қорлау және менің намысымды таптау деп есептеймін және ҚР Білім және ғылым министрлігі қызметкерлерінің бұл іс-әрекеттеріне наразылық білдіремін.

Менің осы хатымда көтерілген мәселелер бойынша егжей-тегжейлі және толық жауап берулеріңізді ҚР Білім және ғылым министрлігінен талап етемін.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD).

 

26.10.2017 ж.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

13.12.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «География» пәні бойынша Республикалық «ГЕОГРАФИЯ – МЕНІҢ ТАҢДАУЫМ» атты ғылыми жұмыстар конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Конкурс жыл сайын ұйымдастырылады. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми жоба жұмыстары қабылданады.
11.12.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған барлық пәндер бойынша Республикалық «КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІНІҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСЫ» конкурсын жариялайды. Конкурс жыл бойы өткізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми жоба жұмыстары қабылданады.
08.12.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» атты Республикалық конкурсын жариялайды. Конкурсқа колледж оқытушыларының өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.