ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ, НҰРЫ ТАСЫСЫН!

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мырзаның жүзеге асырған жақсы жұмыстарының бірі жайында

Осыдан бір ай бұрын, 2017 жылғы 28 желтоқсанда Елбасымыз «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының №128-VI ҚРЗ Заңына қол қойды.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі осы Заңның алғашқы тұжырымдамаларын жариялаған кезде аталған саланы ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеп жүрген тәжірибелі ғалым және кәсіби журналист ретінде өзімнің ой-пікірлерімді министр Дәурен Абаев мырзаның атына бірнеше рет жолдаған едім.

Ендігі кезекте азаматтық қоғам өкілдерінің белсене қатысуымен Парламентімізде егжей-тегжейлі талқылаудан өтіп, Елбасымыздың қолымен бекітілген аталған Заңның қолданысқа енгізілгеніне тура бір ай мерзім өтуіне орай өз көзқарасымды білдіргенді жөн көрдім.

Кезінде әртүрлі жағдайларға байланысты Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мырзаның атына мен де біраз сыни пікірлер айтып, әлеуметтік желіде жариялаған болатынмын.

Әрине, жұмыс қызып жатқан жерде қоғам өкілдері тарапынан министрлерге бағытталған сын-ескертулер де қоса жүретіні белгілі.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын!» дегендей, Дәурен Абаев мырзаның тікелей бастамасымен жүзеге асырылған көптеген жақсы жұмыстардың арасындағы өзіме ерекше ұнаған тек біреуінің ғана нәтижесі жайында айтып, жазбасам, ақиқатқа қиянат болар деп ойлап отырмын.

Менің жеке көзқарасым бойынша Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мырзаның осы қызметтегі ең үлкен жетістіктерінің бірі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының №128-VI ҚРЗ Заңы қабылдануы дегім келеді.

Бұл Заңның өзім өте жақсы қабылдап, қатты ұнатып отырған жақтары ретінде мына тұстарын ерекше атап өткім келеді:

Аталған Заң аясында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің негізгі қағидаттары» атты 2-1-баппен толықтырылуы өте дұрыс болды деп есептеймін.

Атап айтсақ, бұл бапта «Бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің негізгі қағидаттары»:

«1) объективтілік;

2) заңдылық;

3) анықтық;

4) адамның және азаматтың жеке өмірін, ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу болып табылады», - деп жазылуын бірден-бір орынды заңнамалық қағида ретінде қабылдаймын.

Өйткені бізде кейінгі кезде шынайы жағдайды мүлдем бұрмалап, «өтірікті – шындай, шынды – құдай ұрғандай» етіп, мүлдем басқаша жеткізетін, ешқандай кінәсі жоқ азаматтарға қара күйе жағудан жалықпайтын бұқаралық ақпарат құралдары көбейіп кетті. Енді сондай БАҚ құрылтайшылары мен қызметкерлерінің ойлануына, заңнама аясында жұмыс істеуіне тура келеді.

Сондай-ақ ширек ғасыр уақытқа жуық журналистика және ақпарат, қоғамдық байланыс салаларының мамандарын даярлау, оларға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде жұмыс істеп келе жатқан кәсіби журналист-оқытушы ретінде өз басым «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының «Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше)» атты 18-3-баппен толықтырылуын өте орынды және қазіргі заман талаптарына толық жауап беретін заңнамалық қағида деп есептеймін.

Енді биылғы жылдан бастап «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының «Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше)» атты жаңа 18-3-бабына сәйкес:

- Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда, ведомстволарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарда (Мемлекеттік күзет қызметін қоспағанда) мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мәселелер бойынша ақпарат таратуды жүзеге асыратын, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға тағайындалады не уәкілетті бөлімше құрылады;

- Дербес құрылымдық уәкілетті бөлімше және (немесе) штаттық лауазым Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген штат саны лимиттерінің шегінде құрылады, сондай-ақ мемлекеттік органның бірінші басшысына тікелей бағынады;

- Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген, штат саны жиырма бес адамнан аз мемлекеттік органдарда осы баптың 2-тармағында белгіленген функциялар мемлекеттік орган қызметкерлерінің біріне негізгі функционалдық міндеттерінен босатылмай жүктеледі.

Яғни мемлекет қаржыландырылатын барлық құрылымдарда бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынас жасап отыратын арнайы департаменттер, басқарламалар, бөлімдерде қоғамдық байланыс, ақпарат және бұқаралық ақпарат құралдары салаларының кәсіби мамандары жұмыс істейтін болады.

Нақтылап айтсақ, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының «Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше)» атты жаңа 18-3-бабының 2-ші тармағы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше) мынадай негізгі функцияларды атқаратын болады:

1) ақпарат пайдаланушыларға мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мәселелер бойынша анық және қажетті ақпаратты беру;

2) бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбаттар, түсіндірмелер, жарияланымдар әзірлеуге жәрдемдесу;

3) журналистерді және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдерін уақытша немесе тұрақты аккредиттеуден өткізу, сондай-ақ оларға мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мәселелер бойынша ақпаратты неғұрлым толық және кеңінен тарату үшін жәрдемдесу;

4) лауазымды адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз конференцияларын, брифингтерін, сұхбаттары мен кездесулерін ұйымдастыру;

5) интернет-ресурстың қызметін техникалық қамтамасыз ету, оны кешенді реконструкциялау, дизайнын жетілдіру, жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу мәселелері бойынша ұсыныстарды әзірлеу және енгізу;

6) ақпарат пайдаланушылардан келіп түсетін сұрау салуларға уақтылы жауаптар дайындау;

7) мемлекеттік органның және (немесе) оның бірінші басшысының интернет-ресурсында ақпаратты орналастыру;

8) таратылуына Қазақстан Республикасының заңдарында немесе заңды күшіне енген сот актілерінде тыйым салынған немесе өзге де түрде шектеу қойылған ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мәселелер бойынша ақпаратты барынша ашуға ықпал ететін өзге де функциялар.

Осы бапқа жаңадан енгізілген 6-шы тармақта жазылғанындай, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше) мемлекеттік орган жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік органның штат саны бойынша (штаттық кестесінен) қысқартылуға (алып тасталуға) жатпайды.

Түсінікті тілмен айтсақ, мемлекет қаржыландыратын мекемелер мен ұйымдардың басқа лауазымдық штаттары қысқартылып жатса да, олардың БАҚ-тармен жұмыс істейтін департаменті, басқармасы, бөлімі және ондағы қызметкерлері өздерінің қызметтік-лауазымдық орындарын сақтап қалады деген сөз.

Мемлекет қаржыландыратын мекемелер мен ұйымдар жойылған немесе таратылған жағдайда ғана тиісінше олардың БАҚ-тармен қарым-қатынас жөніндегі тиісті уәкілетті қызметкерлері мен бөлімшелері өз қызметін тоқтатуы мүмкін.

Бұған қоса «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 43-бабының 3-тармағы 11-3) тармақшамен толықтырылуы өте орынды болды деп ойлаймын.

Енді бұдан былай білім беру ұйымдарының құзыретіне балалардың денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпаратқа қол жеткізуін шектеуге арналған, байланыс операторларының көрсетілетін қызметтерін пайдалана отырып, білім алушылардың, тәрбиеленушілердің Интернетке қол жеткізуін қамтамасыз ету функциясы да жатады.

Яғни мектептер мен колледждер, университеттер, басқа да білім беру ұйымдары он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған балаларды теріс пиғылдағы ақпарат көздерінен қорғауға міндетті.

Әрине, Елбасымыз осыдан тура бір ай бұрын қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 28 желтоқсандағы №128-VI ҚРЗ Заңының азаматтарымыз бен еліміз үшін өзектілігіне толық талдау жасау – алдағы күндердің еншісінде.

Осыған орай, қазіргі ақпараттық қоғамымызда ерекше маңызы бар осынау өте қажет және өзекті Заңның құқықтық қағидаларына сәйкес мынадай ұсыныстарымызды ортаға салғымыз келеді:

1) Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі арқылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі барлық педагогикалық мамандықтардың бакалавриаттары мен магистратураларына балалардың денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпаратқа қол жеткізуін шектеуге арналған, байланыс операторларының көрсетілетін қызметтерін пайдалана отырып, білім алушылардың, тәрбиеленушілердің Интернетке қол жеткізуін қамтамасыз ету мәселесіне байланысты «Білім саласындағы ақпаратқа қол жеткізу» атты арнайы пән енгізілсе;

2) Мемлекет қаржыландыратын барлық мекемелер мен ұйымдардың қазіргі қажеттіліктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өзара бірлесіп, 2018-2019 оқу жылынан бастап Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алғашқы тәжірибе ретінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде бакалавриаттарды, магистранттарды және PhD докторанттарын оқытып, даярлайтын «Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл» атты арнайы мамандық (білім беру бағдарламасы) ашылса дейміз.

Біздіңше, барлық педагогикалық мамандықтардың бакалавриаттары мен магистратураларына «Білім саласындағы ақпаратқа қол жеткізу» атты арнайы пән енгізу және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бакалавриаттарды, магистранттарды және PhD докторанттарын оқытып, даярлауға арналған «Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл» атты арнайы мамандық (білім беру бағдарламасын) ашу мәселесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы №827 қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға арналған қаржылық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға әбден болады деп ойлаймыз.

Біздің осы ұсыныстарымызды Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ескерусіз қалдырмайды деп үміттенеміз.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры, Астана қаласы.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

18.06.2018
Екі күннен кейін, 20 маусымда басталатын Ұлттық бірыңғай тестілеу қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры ЖАҚЫП Мырзантай Қожабайұлының sputniknews.kz Интернет-сайтының тілшісі, талантты журналист ТОҚТАМҰРАТ Кенжекейдің сұрақтарына берілген жауаптары
08.06.2018
Осыдан 30 жыл бұрын Эстония халқы өз елдерінің астанасы Таллинн қаласының аты қате жазылып жүр деген мәселе көтеріп, тарихи атаудың о бастағы қалпын сақтауды, сөйтіп бұрын «Таллин» деп бір «н» әрпімен жазылып келген қаланың ресми атының соңына тағы бір «н» әрпін қосып, дұрыс жазуды талап еткені есімізде.
07.06.2018
Оңтүстіктегі, оның ішінде Мырзашөл өңіріндегі барша ағайындарды тарихи Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш және Келес аудандарының қайта қалпына келтірілуімен, Мырзакент кентінің Мақтаарал ауданының орталығы, ал Абай ауылының Келес ауданының орталығы мәртебесін қайта иеленуімен шын жүректен құттықтаймын!