ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ МАМАНДЫҚТАРЫН ҚЫСҚАРТУ – БОЛАШАҒЫМЫЗҒА БАЛТА ШАБУ!

Педагогикалық білім мамандықтарының жіктеуіші дегеніміз – сол мамандықтардың тізімі. Алдымен мамандықтардың жіктеуіш-тізімі жасалып, бекітіледі. Сосын сол жіктеуіш-тізімге сәйкес әрбір мамандықтың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, типтік оқу бағдарламалары түзіледі. Ары қарай осы аталған нормативтік құқықтық құжаттардың негізінде әрбір мамандық және сол мамандықтардағы пәндер бойынша оқулықтар, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік кешендер, дидактикалық материалдар әзірленеді.

Бүгінде бізде жіктеуіштегі педагогикалық білім саласы тобы бойынша мынадай мамандықтар бар:

«5В010100 – Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу»;

«5В010200 – Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі»;

«5В010300 – Педагогика және психология»;

«5В010400 – Бастапқы әскери дайындық»;

«5В010500 – Дефектология»;

«5В010600 – Музыкалық білім»;

«5В010700 – Бейнелеу өнері және сызу»;

«5В010800 – Денешынықтыру және спорт»;

«5В010900 – Математика»;

«5В011000 – Физика»;

«5В011100 – Информатика»;

«5В011200 – Химия»;

«5В011300 – Биология»;

«5В011400 – Тарих»;

«5В011500 – Құқық және экономика негіздері»;

«5В011600 – География»;

«5В011700 – Қазақ тілі мен әдебиеті»;

«5В011800 – Орыс тілі мен әдебиеті»;

«5В011900 – Шетел тілі: екі шетел тілі»;

«5В012000 – Кәсіптік оқыту»;

«5В012100 – Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті»;

«5В012200 – Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті»;

«5В012300 – Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану».

Жоғарыда аталған осы 23 педагогикалық білім мамандығына биылғы жылы тағы да мынадай 6 мамандық қосылды:

«5В012500 – Химия-Биология»;

«5В012600 – Математика-Физика»;

«5В012700 – Математика-Информатика»;

«5В012800 – Физика-Информатика»;

«5В012900 – География-Тарих»;

«5В013000 – Тарих-Дінтану».

Кейін қосылған 6 мамандықты есептемегенде, барлығы 23 педагогикалық білім мамандығы бойынша жоғары оқу орындарында білім саласының мамандарын, яғни мектептер мен колледждердің мұғалімдерін, университет оқытушыларын даярлап келдік. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалімдеріміз мектептер мен колледждерде тікелей осы 23 педагогикалық білім мамандығы бойынша сабақ жүргізіп келе жатыр.

Енді еліміздің Білім және ғылым министрлігі жоғарыдағы 29 педагогикалық білім мамандығын бір-бірімен біріктіріп, оларды мынадай 8 педагогикалық білім мамандығына айналдырмақшы:

«6В011200 – Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың тәрбиеші-педагогтарын даярлау»;

«6В011300 – Пәндік мамандануы жоқ мұғалімдер даярлау»;

«6В011400 – Дефектологтар даярлау»;

«6В011500 – Тілдер мен әдебиет бойынша мұғалімдер даярлау»;

«6В011600 – Гуманитарлық пәндер бойынша мұғалімдер даярлау»;

«6В011700 – Жаратылыстану ғылымдары пәндері бойынша мұғалімдер даярлау»;

«6В011800 – Дене тәрбиесі және әскери дайындық бойынша мұғалімдер даярлау»;

«6В011900 – Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану бойынша мамандар даярлау».

Біздің түсінгеніміз, Білім және ғылым министрлігінің жоспары бойынша болашақта мектептер мен колледждерде жоғарыда аталған 8 педагогикалық білім мамандығы бойынша жоғары білім алған мұғалімдер ғана жұмыс істейді және мектептер мен колледждерде осы 8 түрлі пән ғана оқытылады. Егер Білім және ғылым министрлігінің осы жіктеуіші бекітіліп кететін болса, келесі жылдан бастап педагогикалық білім саласына тек қана осы 8 мамандық бойынша білім гранты бөлінеді деген сөз.

Ия, біз мына жағдайды өте жақсы түсініп отырмыз.

Яғни Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымы ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартына сәйкес келтірілетін болады:

1) 6-деңгей (БСХС 6) – бакалавриат және оның баламасы;

2) 7-деңгей (БСХС 7) – магистратура және оның баламасы;

3) 8-деңгей (БСХС 8) – докторантура және оның баламасы», - деп жазылған.

Осыған байланысты еліміздің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтарының жаңа жіктеуішін (жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымы) ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартымен сәйкестендіру қолға алынып отыр.

Біз Интернеттен «ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандарты» деп аталатын орыс тіліндегі құжатты тауып, мұқият танысып шықтық. Осы құжаттың 6-шы бетінде мамандықтар жіктеуішін, яғни тізімін ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартымен сәйкестендіру дегеніміз – мұны дәлме-дәл және сөзбе-сөз көшіріп алу деген сөз емес екені, ондағы көрсетілген мамандықтарды әрбір мемлекет өзінің ұлттық деңгейінде осы елде оқытуға, білім беруге қол жетімді салалар бойынша барынша толық, нақты қамтамасыз ету үшін сәйкестендіре алатыны жазылған.

Ендеше, неге біз еліміздің ұлттық деңгейдегі мамандықтар жіктеуішін, яғни тізімін ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартымен сәйкестендіре отырып, қазіргі қолданылып жүрген, жоғарыда аталған 29 педагогикалық білім мамандығының барлығын да қалдырмаймыз?

Жаңа жоба бойынша тек қана педагогикалық білім саласының мамандықтары ғана қысқартуға ұшырап отырған жоқ.

Қазіргі кезде біз гуманитарлық ғылымдардың «5В020500 – Филология» және «5В021000 – Шетел филологиясы» мамандықтары бойынша жоғары білімді мамандар даярлап келе жатырмыз. Бұл мамандықтардың таңдау бойынша және бейіндік пәндері – тиісінше қазақ (орыс) әдебиеті, қазақ (орыс) тілі және шет тілі.

Жаңа жобада осы мамандықтар «Тілдер» деген даярлау бағытына біріктіліп, былай жазылған:

«6В023100 – Тілдерді (ана тілін, шет тілін) оқыту»;

«6В023200 – Әдебиет және лингвистика».

Бұл мамандықтар қай тілде оқытылатыны анық көрсетілмеген. Сонда біздің қазіргі «Қазақ филологиясы» мамандығы қайда кетеді?

Сонымен бірге бірнеше жылдан бері жоғары білімді мамандар даярланып келе жатқан «Қоғаммен байланыс» және «Баспа ісі» мамандықтары да жіктеуіштің жаңа жобасынан түсіп қалыпты. Бұл – өз алдына бөлек әңгіменің тақырыбы.

Бізге жетіп жатқан әртүрлі хабарларға қарағанда, Білім және ғылым министрлігі жасаған, алайда әлі күнге дейін ресми түрде жарияланбай отырған және жан-жақты талқылауға ресми түрде ұсынылмай отырған Қазақстан Республикасының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтарының жаңа жіктеуіші (мамандықтар классификаторы) тиісті университеттердің Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі бірлестіктерінде алдағы бір айдың ішінде талқыланатын көрінеді.
Сосын жаңа жіктеуіш келісу үшін мүдделі министрліктерге жіберіледі екен.

Қазақстан Республикасының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтарының жаңа жіктеуіші (мамандықтар классификаторы) 2016 жылдың соңына дейін бекітіліп, 2017 жылдың 2 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілмекші.

Білім және ғылым министрлінің жоспары осындай. Сонда біздің бұл мәселені талқылауға бір-ақ ай уақытымыз бар екен.

Елімізде педагогикалық білім саласы бойынша балабақшалар мен мектептер, колледждер мен университеттер үшін жоғары білікті мамандар даярлаудың теориялық және тәжірибелік мәселелерін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, облыс орталықтарындағы педагогикалық институттар, сондай-ақ Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жүзеге асырып келеді. Педагогика ғылымы саласының білікті ғалымдары мен мамандарынан мұндай асығыстыққа бармауларын сұраймыз!

Азамат ретінде де, ата-ана ретінде де біздің пікіріміз мынадай – Қазақстан Республикасының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтарының жаңа жіктеуішіндегі (мамандықтар классификаторындағы) педагогикалық білім саласы бойынша қазіргі 29 мамандықтың бұлайша 8-ақ мамандыққа біріктіріліп, қысқартуына мүлдем жол беруге болмайды!

Егер осылай жасайтын болсақ, балалар бақшасындағы тәлім-тәрбие жағдайы, мектептер мен колледждердегі балаларға білім беру деңгейі мен сапасы мүлдем құлдырайды!

Егер осылай жасайтын болсақ, алдағы уақытта мектептер мен колледждердегі сағаттар саны мүлдем азаяды, тиісінше мұғалімдеріміз қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалуы да әбден мүмкін!

Әрине, біз жұртшылықты дүрліктіріп, жоқ жерден дау-дамай туғызғалы отырған жоқпыз.

Алайда, ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартымен сәйкестендіреміз деген желеумен Қазақстан Республикасының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтарының жаңа жіктеуішіндегі (мамандықтар классификаторындағы) педагогикалық білім саласы бойынша қазіргі 29 мамандықтың бұлайша 8-ақ мамандыққа біріктіріліп, қысқартылуын – кешіруге болмайтын үлкен қателік деп есептейміз!

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

филология ғылымдарының кандидаты (PhD), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

20.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы бастауыш, негізгі орта және жалпы орта мектептердің білім алушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған барлық пәндер бойынша Республикалық «МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСЫ» конкурсын жариялайды. Конкурс жыл бойы өткізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ғылыми жоба жұмыстары қабылданады.
18.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» атты Республикалық конкурсын жариялайды. Конкурсқа колледж оқытушыларының өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.
15.09.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «БАЛАЛАР БАҚШАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» атты Республикалық конкурсын жариялайды. Конкурсқа балалар бақшалары қызметкерлерінің өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.