СЫРДЫҢ САҢЫЛАҚ ҚЫЗЫ

Суретте: экономика ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Баязитова Шарбан Дәкішқызы

Өмір көші жақсы мен жайсаңды жолында қалдырып, тарих тегершігімен алға жылжып келеді. Адам баласы дәстүрді нысана етіп, өнегені өрістетіп, өткенді бағдар етеді. Біреу ерте, біреу кеш жақыны мен жарқын істерін соңына қалдырып, бақилыққа аттанады. Келместің кемесін мініп, ортамыздан алыстаған біз білетін, біз танитын әр адам санамызда мәңгі тұрақтап қалады.Осындай өзінің өнегелі өмір жолында шуағын төгіп, шамшырақ болған, өнерімен ізгілік пен адамдықтың дәнін сепкен аяулы жан Баязитова Шарбан Дәкішқызын мен де ешқашан ұмытпақ емеспін. Көңілі – көктем, жаны – жаз, пейілі – берекелі күздей жомарт, ниеті наурыздың ақша қарындай таза апайымыз көңілімізге қимас сезім, орны толмас өкініш, қабырғамызды қайыстырар қайғы жүктеп, бақи дүниеге аттанды...

Адамдар арасындағы қарым-қатынаста адамгершілік, әдеп-инабат үрдістерінің терең тамырлануына өлшеусіз үлес қосқан осынау жанның қасында жүргенімді, сыйласқанымды, сырласқанымды мақтан тұтамын әрі сағынышпен еске аламын.

Мен апаймен танысып, кейін туысып кеттім. Менің түсінігімде туыстық – көрген тәрбиесі, алған нәрі, бұрынғыдан қалған мирас – мұрасы бір, бір ағаштың бұтақтарындай көп тамырлы бәйтерекке ұқсайды. Бұл рухани бірлік сонау менің студент кезімнен нәр алыпты.

Ол еңбеккер, жәй еңбеккер емес, қайраткер, оқымысты ғалым, ұстаз. Әрі осының бәріне үйдің де, түздің де шаруасын қатар тындырып, үлгеріп жүрген қоғамның белсенді қайраткері. Күрделі жұмысымен қатар, ғылыммен айналысуға да уақыт тауып, өмірінің әрбір сәтін бағалады. Осы орайда оның басшы ұстаз, ғалым ұстаз қасиеті дараланды. Ортасына сыйлы болды.

Адамның бақыты деген сірә осындай еңбекқорлықтан, содан алған абыройдан құралатын болса керек. Адамда арман көп, таусылмайды, оның да арманы көп болған болар, бірақ ол бақыттымын деп толық айта алды деп ойлаймын...

Қазақ дүниетанымы «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Кеше ғана арамызда жайраңдап, жарқылдап жүрген, бүгін көңіл төрінде азаматтық келбеті сақталып, жүрегімізде жылы жүзі мен ісі, сөзі жатталған, жанына жақын тартып, айрықша ақылын айтып, шапағатын шашқан тұлғасы асқақ, мәдениеті биік ғалым, ұстаз, 70-ке жуық ғылыми еңбектердің авторы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Баязитова Шарбан Дәкішқызының пайымы мен парасаты, мәуелі мәдениеті, өміршең өнегесі бәрімізге үлгі-өнеге.

Халықаралық мінберлерден дәріс оқып, заман ағымына сай жеке жоғарғы оқу орнын қалыптастырып, оны Қазақ – Қытай академиясы сияқты халықаралық жоғары оқу орны дәрежесіне дейін жеткізу тек қана рухы биік, мұқалмас жігер иесіне ғана лайық іс дер едім. Ел дамуының бағытын айқындап, келешек ел бастар азаматтарын тәрбиелеуге бел шешіп кірісті. Оны және алыстағы қаржылық ресурсы жоғары қалалардан не облыс орталығынан бастамай, өз туған жерінің адал перзенті ретінде Сыр жастарын тәрбиеледі. Қызығы мен қуанышы, қайраты мен жігері, сенімі мен үміті, арманы мен мақсаты мол белесті жастық атты бекетте қаншама адаммен танысып, сол адамдардың өмірінде ұмытылмас із қалдырып, бүкілболмыс-бітімімен, кісілік келбетімен, ақыл-парасатымен өнеге тұтатын жанға айналды.

Ақыл, қайрат, жүрекке төрелік айтып, жөнге салатын ғылыммен айналысу ізгі ниетті, асыл мұратты, қажыр-қайратты қажет етері хақ. Сол қиындыққа мойымай, ғылымның ең қиын және жаңа саласы экономика мен басқаруды терең зерттеп, экономика ғылымының докторы атану тек Сырдың қайратты қызы Шарбан апайдың мақсаткерлігі мен еңбекқорлығының жарқын көрінісі іспеттес.

Еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне10 жыл», Қызылорда облысыныңдамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Қызылорда облысына – 70 жыл», Қызылорда қаласының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Қызылорда қаласына – 190 жыл» және т.б. медальдарымен марапатталды.«Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы – 2009» мемлекеттік грантының иегері атанды.Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Отбасы және әйелдер» жөніндегі Ұлттық комиссиясының ұйымдастырып өткізген «Қанатты әйел» атты І Республикалық кәсіпкер әйелдер жәрмеңкесінің, «Әйел басқаратын ең үздік мекеме» атты Республикалық конкурсының «Білім» аталымы бойынша жеңімпазы атануы оның өлшеусіз еңбегінің кішкене ғана өтеуіндей.

Ата-бабадан келе жатқан қатаң қағида, рухани өсиет – достыққа адалдық. Достықтың нәрі – оның қадіріне жете білу. Ол үшін Абай атап көрсеткендей: «Достыққа достық – қарыз іс». Ақжарқын көңілі мен ақ адал пейілінің арқасында дос та жинады, достарын туысқа да айналдырды. Қаншама қиыншылық пен өмір тосқан «тосын сыйларды» саралай жүріп, ұл-қыз сүйді. Ұрпақ жалғасып, сүйсінтіп, немере келіп, шаңырақты шаттыққа бөледі. Өрісі кеңейіп, құда-жегжат атанды. Бірақ ешқашан бармын деп тасынбады, жоқпын деп жасымады. Үлкендерін ұлықтады, кішілерін қызықтады, отбасы дәстүрін дәріптеді, ұрпағын ұлағат тұтты, ең бастысы, барына қанағат етті.

Биікке, алға жарқырай құлаш ұратын, алғаусыз, риясыз көңілменжан-жағына шуақ шаша шарықтайтын кезеңде жаныңды түсінер, ісіңе сүйсінер, қуанышыңды бөлісер, қайғыңа ортақтасар, сырыңды тыңдап ақыл қосар, асыл адам, адал ұстаз тапқаныма Аллаға мың да бір шүкірлік етемін.

Он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген ағылшын діндары Чарльз Хеддон Спруджен: «Өз есіміңді мәрмар тасқа емес, адамдардың жүрегіне жаз»,- деген екен. Шарбан апайдың ғибраттты ғұмыры ағайын-туыс, бауырлары мен бірге өскен, бірге оқыған достарының, жора-жолдастардың, қызметтес әріптестерінің, құда-жегжаттарының, оны көрген, білген адамдардың жүрегінде мәңгілікке жазылып қалғаны анық.

Сарабдал сағыныш пен марқайған мақтаныш әруақыт жүрегімде қатар өріліп, еске алар аяулы жанның екінші ғұмырының баянды болуын тілеймін. Шәкірттері мен туыстары, достары мен отбасы барда оның жарқын бейнесі өшпек емес, қайта жылдар өтіп алыстаған сайын жарқырап, біздің өмір жолымызға бағдар болар нұрға айналатынына сенемін.

«Адам өмірі ұзақтығымен емес, мазмұндылығымен өлшенеді», - десек, Шарбан Дәкішқызының небәрі елу екі жас қысқа ғұмырында жасаған жақсылықтары мен жасампаз істері оның келесі ғұмырына сәуле шашары сөзсіз.

Дарын БИМАНОВ,

Шиелі аудандық Білім бөлімінің бас маманы,

Шиелі кенті, Шиелі ауданы, Қызылорда облысы

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

22.11.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған еркін тақырыптар бойынша «ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ» атты шығармалар конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Шығармаларды кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
20.11.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың шығармашылық жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «ҚОҒАМДЫҚ БАЙЛАНЫС – ҚАЖЕТ МАМАНДЫҚ» атты еркін тақырыпқа жазбаша эссе конкурсын өткізетіні туралы хабарлайды. Эссені кез-келген еркін тақырыпта жазып, жолдауға болады. Конкурс жыл сайын өткізіледі.
17.11.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері және мектептердің оқушылары арасында олардың ғылыми жоба жұмыстарын жазу белсенділігін арттыруға арналған «Қазақ әдебиеті» және «Литература» пәндері бойынша «ӘДЕБИЕТ ӘЛЕМІ – ОҚУШЫ КӨЗІМЕН» атты ғылыми жұмыстар конкурсын ұйымдастыратыны туралы хабарлайды. Конкурс жыл сайын өткізіледі.