ЖАҢА ЖІКТЕУІШТІҢ ЖОБАСЫНАН «ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС» ЖӘНЕ «БАСПА ІСІ» МАМАНДЫҚТАРЫ ҚЫСҚАРТЫЛМАУЫ ТИІС

Қазақстан Республикасы Білім және министрлігінің және
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің назарына!

«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің zertteushi.kz Интернет-ресурсында және әлеуметтік желіде еліміздің Білім және ғылым министрлігі жасап шыққан Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жіктеуішінің (мамандықтар классификаторының) жаңа жобасы жайындағы пікірімізді бұған дейін де жариялаған едік.

Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымын ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартына сәйкес келтіруді жоспарлап отыр.

Сонымен бірге мамандықтардың жаңа жіктеуішін жедел түрде бекітіп, 2017 жылдың 2 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізу көзделген.

Мамандықтардың жаңа жіктеуішінің жобасында түбегейлі өзгерістерге ұшырап отырған саланың бірі – журналистика бойынша жоғары білімді мамандар даярлау мәселесі.

Өзіміз қызмет істейтін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде болашақ журналистерге мынадай мамандықтар бойынша жоғары білім беріліп келеді (өзіндік ерекшеліктері бар «Саясаттану» мамандығын қоспағанда):

- «5В042200 – Баспа ісі»;

- «5В050400 – Журналистика»;

- «5В051400 – Қоғамдық байланыс».

Қазіргі қолданыстағы мамандықтар жіктеуіші бойынша «5В042200 – Баспа ісі» мамандығы – «Өнер», ал «5В050400 – Журналистика» және «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандықтары – «Әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес» саласына енгізілген.

ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартына сәйкес Білім және ғылым министрлігі жасаған мамандықтардың жаңа жіктеуішінің жобасында «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» атты бөлім өз алдына бөлек жаңа ғылым саласы ретінде көрсетілген. Осы жаңа ғылым саласының ішінде «Журналистика және ақпарат» бағыты бөліп шығарылған.

Біз бұл өзгерісті барынша қолдап-құптаймыз! Өйткені журналистика, ақпарат және коммуникация салаларының қазіргі халықаралық жүйе мен қазақ қоғамы үшін маңызын түсіндіріп жатудың өзі артық болар еді.

Өкінішке қарай, Білім және ғылым министрлігі ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартын басшылыққа алдық деген себеппен қазіргі қолданыста бар «5В042200 – Баспа ісі» және «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандықтарын жойып, мамандықтардың жаңа жіктеуішінің жобасына енгізбей қойған.

Білім және ғылым министрлігінің мұндай өзгерістерімен маман ретінде біз мүлдем келіспейміз!

Еліміздің қазіргі экономикалық салалары мен жұмыс берушілердің қажеттіліктерін сарапқа салып қарасақ, «5В042200 – Баспа ісі» және «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандықтарын бітіріп шыққан жас мамандарға сұраныс жоғары!

Алайда, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі биылғы жылғы ҰБТ мен кешенді тестілеу қарсаңында «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығын таңдап қойған мектеп бітірушілерін шатастырып, біраз әуре-сарсаңға салып қойды. Бұған дейін «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығының таңдау бойынша және бейіндік пәні «География» пәні болып белгіленіп келген болатын.

Білім және ғылым министрлігі «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығының таңдау пәнін биылғы 2015-2016 оқу жылының соңында, мектеп түлектері ҰБТ тапсыруға санаулы күндер ғана қалған кезде, алдын-ала ешқандай да ескерту жасамай, «География» пәнінен «Қазақ (орыс) әдебиеті» пәніне өзгертіп жіберіп, осы мамандыққа құжат тапсыру үшін географияны таңдап қойған мектеп бітірушілері мен олардың ата-аналары арасында ерекше реніш пен түсініспеушілік тудырды.

Осылайша, «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығын таңдап, «География» пәнінен ҰБТ және кешенді тест тапсырып қойған талапкерлер тұйыққа тіреліп, басқа амалдың жоқтығынан, өзге мамандықтарға немесе шығармашылық емтихандары бар «5В042200 – Баспа ісі» және «5В050400 – Журналистика» мамандықтарына құжаттарын ауыстыруға мәжбүр болды.

Бұған қоса Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6М051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығының магистратурасы бойынша арнайы мемлекеттік лицензиясы бар екеніне қарамастан, Білім және ғылым министрлігі біздің ЕҰУ-не «Қоғамдық байланыс» мамандығының магистранттарын білім грантымен оқытуға неліктен бірде-бір орын бермегенін мүлдем түсіне алмадық!

Еліміздің экономикасы үшін «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша жоғары білімді мамандар даярлаудың қажеттілігі мен маңыздылығы туралы дәлелдер жеткілікті.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 8 қаңтардағы №464 Жарлығымен бекітілген «Ақпаратты Қазақстан – 2020» Мемлекеттік бағдарламасының «4. Отандық ақпараттық кеңістікті дамыту» бөлімінің «4) Мемлекеттің қызметін ақпараттық сүйемелдеу» атты тармақшасында былай делінген:

«Мемлекеттің ақпараттық жұмысы азаматтарға ұсынылатын ақпараттың толық, уақтылы және дұрыс қамтамасыз етілуіне баса назар аударылып, қайта қаралатын болады.

Ол үшін бірыңғай мемлекеттік PR-стратегияның шеңберінде мемлекетті ақпараттық сүйемелдеу бойынша бүкіл белсенділікті біріктіру талап етіледі. Ол мемлекет қызметінің жекелеген аспектілерін ілгерілететін, бірақ жиынтығында, мемлекеттік ақпараттық саясат мақсаттарына қол жеткізбейтін көптеген салалық медиа-жоспарларды алмастыруға тиіс. PR-стратегиясы тұрғындардың тыныс-тіршілігінің барлық салаларын қамтитын болады: білім беру, еңбек қызметі, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар, азаматтық құқықтар және т.б.».

Елбасымыздың өзі бекіткен мемлекеттік бағдарламада, сонымен бірге:

- мемлекеттік органдардың баспасөз-қызметтерін толыққанды PR-бөлімшелеріне ауыстыру;

- мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды PR-құралдары арқылы сүйемелдеу;

- БАҚ-тың және қоғамның сұраныстарына баспасөз-қызметтерінің жедел ден қоюын арттыру;

- халықтың Интернет желісі мен ұтқыр коммуникация құралдарына жаппай қолжетімділігін есепке ала отырып, мемлекеттік тапсырыстың құрылымын қайта қарау қажеттігі атап көрсетілген.

Сондай-ақ «Ақпаратты Қазақстан – 2020» Мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың тиісті кәсіптік білімі бар баспасөз қызметі қызметкерлерінің үлесі 2017 жылы – 100% болу қажеттігі туралы мақсат белгіленген.

Бұған қоса Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 7 ақпандағы №101 қаулысымен бекітілген «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңінде Интернеттің әлеуметтік-саяси ықпалын талдау бойынша талдамалық зерттеулер жүргізу және мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу мәселелерін әдістемелік қамтамасыз ету көзделген.

Биылғы жылдың 5 мамыры күні Ақордада өткен кеңес барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа уәкілетті мемлекеттік орган – Ақпарат және коммуникация министрлігін құруды тапсыра отырып:

- қоғамдағы өзекті мәселелерді тез анықтап, тез шара қолдану үшін интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерді қоса алғанда, кез келген формадағы ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізу;

- өзекті тақырыптар мен мәселелер жөніндегі қоғамдық пікірлерді зерттеу, халықтың пікірі мен ақпараттық сұрауларға сараптама жасап, болжам жүргізу;

- мемлекеттік ақпараттық саясатты қолға алу;

- барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық қызметі мен белсенділігін бақылау және үйлестіру; мемлекеттік ақпараттық тапсырыс пен мемлекет бөлген қаржының тиімділігін тексеру және жоспарлау;

- отандық БАҚ-ты экономиканың бір сегменті ретінде дамыту үшін инвестиция мен инновация тарту;

- электронды және баспа БАҚ-тарды қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін отандық ақпараттық өнімдердің сапасын жақсарту: арналардың халықпен қарым-қатынасын жақсарту міндеттерін жүктеген болатын.

Таяуда ғана, 31 тамыз күні әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында жарияланған жазбасында Қазақстан Республикасының ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев мырза да «қазіргі әлемде елдік брендинг мемлекеттің инвестициялық және туристік тартымдылығының деңгейін айқындап, өндіретін тауарларының танымал болуына, халықаралық аренадағы беделіне, тіпті жаһандық еңбек бөлінісінен орын алуына да ықпал ететіні» туралы тұжырымын ұсынды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің http://www.akorda.kz ресми сайты хабарлағанындай, биылғы жылдың 6 қыркүйегінде Елбасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдап, кездесу барысында Мемлекет басшысы тиімді ақпараттық саясат жүргізудің, елдегі медиа кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. «Бүгінде басты міндеттердің бірі – ақпарат кеңістігіндегі түрлі сын-қатерлерге тиімді қарсы тұра білу. Сонымен қатар, халық арасында экономикалық өсімді және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы түсіндіру жұмысын тиісті деңгейде жүргізу қажет», – деді Қазақстан Президенті.

Жоғарыда айтылған «Мемлекеттің қызметін ақпараттық сүйемелдеу», «Бірыңғай мемлекеттік PR-стратегиясын жасау», «Мемлекеттік органдардың баспасөз-қызметтерін толыққанды PR-бөлімшелеріне ауыстыру», «Мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды PR-құралдары арқылы сүйемелдеу», «БАҚ-тың және қоғамның сұраныстарына баспасөз-қызметтерінің жедел ден қоюын арттыру», «Елдік брендинг арқылы мемлекеттің инвестициялық және туристік тартымдылығының деңгейін айқындау» мәселелері – тікелей қазіргі «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша жас мамандар даярлау ісінде жүзеге асырылып отырған ғылыми-педагогикалық және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың негізгі салалары болып табылады.

Сол себепті Білім және ғылым министрлігінің осы саланың мамандарымен мүлдем ақылдаспай, өз бетінше қазіргі қолданыста бар «5В042200 – Баспа ісі» және «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандықтарын жойып, мамандықтардың жаңа жіктеуішінің жобасына енгізбей қойған іс-әрекеті біз үшін мүлдем түсініксіз!

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне арналған біздің ұсыныстарымыз мынадай:

1) ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартына сәйкес жасалған мамандықтардың жаңа жіктеуішінің жобасында «03 – Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» атты бөлім өз алдына бөлек жаңа ғылым саласы ретінде көрсетілуін және осы жаңа ғылым саласының ішінде «032 – Журналистика және ақпарат» бағыты бөліп шығарылғанын барынша қолдап-қуаттаймыз;

2) Мамандықтардың жаңа жіктеуішінің жобасындағы «032 – Журналистика және ақпарат» бағытында көрсетілген мамандықтарды тиісінше бакалавриат, магистратура және PhD докторантурасы бойынша мынадай нұсқада жазуды ұсынамыз:

- «6В032100, 7М032100, 8D032100 – Журналистика;

- «6В032200, 7М032200, 8D032200 – Кітапхана ісі, ақпараттарды өңдеу және архив ісі»;

3) Мамандықтардың жаңа жіктеуішінің жобасындағы «032 – Журналистика және ақпарат» бағытын тиісінше бакалавриат, магистратура және PhD докторантурасы бойынша мынадай мамандықтармен толықтыруды ұсынамыз:

- «6В032300, 7М032300, 8D032300 – Қоғаммен байланыс»;

- «6В032400, 7М032400, 8D032400 – Баспа ісі»;

4) ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартына сәйкес жасалған мамандықтардың жаңа жіктеуішінің жобасына «032 – Журналистика және ақпарат» бағыты бойынша енгізілетін:

- «6В032100, 7М032100, 8D032100 – Журналистика;

- «6В032200, 7М032200, 8D032200 – Кітапхана ісі, ақпараттарды өңдеу және архив ісі»;

- «6В032300, 7М032300, 8D032300 – Қоғаммен байланыс»;

- «6В032400, 7М032400, 8D032400 – Баспа ісі» мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарында мамандар даярлау ісіне Қазақстан Республикасы Білім және министрлігімен бірге Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі де белсене атсалысуы қажет;

5) Мамандықтардың жаңа жіктеуішінің жобасындағы «032 – Журналистика және ақпарат» бағыты бойынша даярланатын мамандарға берілетін академиялық және ғылыми дәрежелер тиісінше «Журналистика және ақпарат бакалавры», «Журналистика және ақпарат магистрі» және «Журналистика және ақпарат PhD докторы» деп аталғаны жөн.

Біздің бұл ұсыныстарымызға Қазақстан Республикасы Білім және министрлігінің және Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің басшылары назар аударады деп ойлаймыз.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

филология ғылымдарының кандидаты (PhD), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

Жаңалықтар

24.04.2017
Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің Телерадиожурналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы мектептер мен колледждердің 2017 жылғы түлектерін «5В051400 – Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша оқуға шақырады!
21.04.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығыеліміздің бастауыш, негізгі орта және жалпы ортабілім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың арасында «БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ҮЗДІК ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫСЫ» аттыРеспубликалықконкурсын жариялайды.Конкурсқа мектеп мұғалімдерінің өздері жүргізетін сабақтарының, тәрбие сағаттарының, құрастырған бағдарламаларының ғылыми-әдістемелік салаларынан жазып, дайындаған ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстары қабылданады.Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі.Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің бірінде жазылған жұмыстарды жіберу керек.
19.04.2017
«Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы колледждер мен мектептердің оқытушылары мен мұғалімдерінің және балалар бақшалары тәрбиешілерінің арасында өздері жүргізетін сабақтарының ғылыми-әдістемелік салаларынан ғылыми, ғылыми-әдістемелік және әдістемелік жұмыстар жазу бойынша Республикалық «ҮЗДІК ПЕДАГОГ – ЗЕРТТЕУШІ» конкурсын жариялайды. Конкурс әрбір оқу жылында жүргізіледі. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған жұмыстар қабылданады.